"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы мен "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қарашадағы № 766 қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы оған "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" акционерлік қоғамын қосу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы қызметінің түрлері:

      1) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсарту;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік Медетші банкіне республикалық бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан берілген кредиттерді қайтару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;

      3) бұрын республикалық бюджеттің қаражаты есебінен берілген кредиттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдіктері жөніндегі міндеттемелерді орындауға бағытталған қаражат бойынша берешекті республикалық бюджетке өндіріп алу;

      4) мемлекет кепiлдiк берген қарыздарға және мемлекеттік қарыздарға қызмет көрсету;

      5) дебиторлық берешекті өндіріп алу;

      6) оңалту рәсімдерінде қатысу;

      7) салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің), төлеушінің иелігіндегі шектелген мүлікті және (немесе) мемлекеттік кірістер органдары ұстаған тауарларды сату болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      5. "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" акционерлік қоғамының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 желтоқсандағы № 1316 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 16 қарашадағы
№ 766 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 21-15-жол алып тасталсын.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 217-15-жол алып тасталсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 22, 205-құжат):

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" акционерлік қоғамы" деген 1-тармақ алып тасталсын.