"Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 694 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 23-24, 137-құжат) мынадай өзгерiс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекiтiлген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларында:

      7-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мына:

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасы болған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары;

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасы болған кезде осы тармақшаның екінші абзацында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелері басқаратын Қазақстан Республикасының делегациясы шет елге шыққан кезде авиатасымалдаушыға арнайы рейстердің шығыстары өтеледі;".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев