Акцизделетін тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретінде тауарларды әкелу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 25 маусымдағы № 374 қаулысы.

      2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнің (Салық кодексi) 399-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Акцизделетін тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретінде тауарларды әкелу қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 25 маусымдағы
№ 374 қаулысымен
бекітілген

Акцизделетін тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретінде тауарларды әкелу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Акцизделетін тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретінде тауарларды әкелу қағидалары 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнің (Салық кодексi) 399-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және акцизделетін тауарларды қоспағанда, гуманитарлық көмек ретінде тауарларды (бұдан әрі – тауар) әкелу тәртібін айқындайды.

      2. Халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әскери, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, медициналық және дәрілік заттар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік гуманитарлық көмек болып табылады.

      Тасымалдаушы кедендік бақылаудағы тауарларды жеткізетін, тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген тұлға гуманитарлық көмек ретінде тауарларды алушы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құрылған Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия шетелдiк гуманитарлық көмектi алуға және пайдалануға байланысты мәселелер бойынша тиісті ұсыныстарды әзірлеуді жүзеге асырады.

2-тарау. Гуманитарлық көмек ретiнде тауарларды әкелу тәртібі

      3. Гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауар тұтынушы үшін қауіпсіз болуы және Қазақстан Республикасында қолданылатын санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларға және гигиеналық нормативтерге, карантиндік фитосанитариялық, ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарларды әкелу шарттары Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

      4. Қазақстан Республикасының аумағына дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әкелу шарттары денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      5. Гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауар, оны алушыға іс жүзінде беру сәтіне дейiн шетелдiк заңды және жеке тұлғалардың меншiгi болып табылады.

      6. Гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарларға қатысты 2017 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнің 147-бабына сәйкес кедендік операциялар бірінші кезектегі тәртіппен жасалады.

      7. Тауарларды гуманитарлық көмек ретінде әкелу кезінде:

      1) тауарларды гуманитарлық көмек ретінде жолдануын растайтын (оның ішінде шет тілінде жасалған) тауарды жөнелтушінің құжаты немесе гуманитарлық көмек ретінде – өтеусіз негізде тауарды әкелу мақсатын көрсете отырып, тауарды әкелу туралы дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің, немесе халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің растаулары;

      2) шеңберінде тауарларды гуманитарлық көмек ретінде әкелу жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының халықаралық шартының көшірмесі (болған кезде);

      3) тауарларды әкелу мақсаты және оның алушысы туралы, сондай-ақ күшіне енген Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сілтеме туралы (болған кезде) ақпарат қамтылған тауарға ілеспе құжаттар табыс етіледі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 25 маусымдағы
№ 374 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Iзгiлiк көмегi ретiнде тауарлар әкелу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 7 тамыздағы № 1090 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., № 27, 324-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгертулер енгiзу және күшi жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 20 тамыздағы № 1031 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгiзілетін өзгертулердің 60-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 35, 327-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 7 тамыздағы № 1090 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 20 қарашадағы № 1494 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 40, 514-құжат).