"Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 925 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 24, 180-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер өндіретін электр энергиясына тіркелген тарифтерді және шекті аукциондық бағаларды айқындау тәртібін белгілейді.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аукциондық баға – аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша айқындалған және тиісті шекті аукциондық баға деңгейінен аспайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіретін электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығының сатып алуына арналған баға;

      2) биогаз – ашуы немесе газдануы нәтижесінде биомассадан алынатын метан, көміртегі монооксиді және (немесе) сутегі;

      3) биомасса – биологиялық органикалық қазбалы емес материалдар;

      4) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығының электр энергиясын сатып алу шарты (бұдан әрі – сатып алу шарты) – сатып алушы ретіндегі есеп айырысу-қаржы орталығы мен сатушы ретіндегі энергия өндіруші ұйым арасында жасалатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шарты;

      5) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (бұдан әрі – қаржы-есеп айырысу орталығы) – жүйелік оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын Заңда көзделген тәртіппен орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      7) тіркелген тариф – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер өндірген электр энергиясын Заңда белгіленген тәртіппен есеп айырысу-қаржы орталығының сатып алуына арналған тариф;

      8) уәкілетті орган – жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) шекті аукциондық баға – электр энергиясына аукциондық бағаның ең жоғары шамасы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерінің мынадай түрлерінің әрқайсысы үшін шекті аукциондық бағаларды бекітеді:

      1) күн сәулесінің энергиясы;

      2) жел энергиясы;

      3) судың гидродинамикалық энергиясы;

      4) биогазды пайдалану кезінде алынған энергия.

      Шекті аукциондық бағалар теңгемен бекітіледі.";

      мынадай мазмұндағы 3-тараумен толықтырылсын:

      "3. Шекті аукциондық бағаларды айқындау тәртібі

      16. Бірінші аукциондық сауда-саттықтар үшін шекті аукциондық бағалар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 12 маусымдағы № 645 қаулысымен бекітілген тіркелген тарифтер деңгейінде айқындалады.

      Келесі аукциондық сауда-саттықтар үшін шекті аукциондық бағалар алдыңғы аукциондық сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жеңімпаздың ең жоғары бағасы бойынша айқындалады.

      17. Аукциондық бағалар инфляцияны ескере отырып, жылына бір рет 1 қазанға мынадай формула бойынша индекстеледі:


      Тt+1 = Тt * ТБИ, мұндағы:


      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген азаю жағына қарай толық тиынға дейін дөңгелектеліп индекстелген аукциондық баға;

      Тt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, солар ескерілген аукциондық баға;

      ТБИ – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын индекстеу жүргізілген жылғы 1 қазанның алдындағы он екі айға жинақталған тұтыну бағасының индексі.

      18. Шетелдік валютада кредиттік міндеттемесі бар жобалар үшін, егер ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруі ТБИ-мен салыстырғанда жоғары болса, аукциондық бағалар инфляцияны және ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруін ескере отырып, жылына бір рет 1 қазанға мынадай формула бойынша индекстеледі:


      , мұндағы:


      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген азаю жағына қарай толық тиынға дейін дөңгелектелген, индекстелген аукциондық баға;

      Тt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, солар ескерілген, аукциондық баға;

      ТБИ – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын, индекстеу жүргізілген жылғы 1 қазанның алдындағы он екі айға жинақталған тұтыну бағасының индексі;

      USDt+1 – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша индекстеу жүргізілетін жылғы 1 қазанға айқындалған теңгенің АҚШ долларына шаққандағы ағымдағы құны;

      USDt – индексациялау жүргізілген күннің алдындағы он екі ай кезеңге есептелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша айқындалатын теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа бағамы.

      19. Аукциондық бағаларға индексацияны есептеу және қолдану осы Қағидалардың 12, 13, 13-1 және 14-тармақтарына сәйкес тіркелген тарифтерге жүргізілгенге ұқсас жүргізіледі.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев