"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 шілдедегі № 427 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 620 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 620 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 41-42, 307-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгіленген тәртiппен республикалық бюджеттен "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарына ақшалай сыйлық төлеуге қаражат көздесін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 13 шілдедегі
№ 427 қаулысына
қосымша
 
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 597 қаулысымен
бекітілген

"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары

      1. Осы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру тәртібін айқындайды.

      2. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы (бұдан әрі – сыйлық) жемiстi ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын осы қаулымен бекітілген номинациялар бойынша беріледі.

      3. Сыйлықтың ақшалай мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi жыл сайын белгiлейдi.

      4. Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа дейінгі, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады.

      Сыйлық бір уақытта әр номинация бойынша екіден артық емес ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.

      Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.

      5. Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.

      6. Сыйлық мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жанынан арнайы құрылған "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.

      Комиссия уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органдардың, өз міндеттерін қоғамдық бастамаларда атқаратын шығармашылық одақтардың және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен құралады.

      Комиссия құрамы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және он бес адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүшелерi Комиссия қызметiне алмастыру құқығынсыз қатысады.

      Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.

      7. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру өтінімдерді қабылдау мерзімі басталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын уәкiлеттi органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      8. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау бұл туралы хабарландыру жасалған кезден басталады және сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылғанға дейін үш ай бұрын тоқтатылады.

      9. Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:

      1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;

      2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;

      3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

      4) марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);

      5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақаланың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);

      6) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).

      Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді және Комиссияның қарауына ұсынады.

      10. Комиссияның спектакльдерді, кино және телефильмдерді, көрмелерді қарауын, концерттік бағдарламалар, сондай-ақ музыкалық және әдеби шығармаларды тыңдауын, ізденушінің қызметімен танысуын ұйымдастыру ұсынушы ұйымдарға жүктеледі.

      11. Сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды Комиссия екi кезеңде қарайды.

      Бірінші кезеңде жан-жақты қарау мақсатында Комиссия мүшелерінен мынадай бағыттар бойынша 6 секция құрылады: "Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы", "Әдебиет, театр және кино", "Журналистика және қоғамдық қызмет", "Спорт", "Дизайн және бейнелеу өнері", "Ғылым".

      Секция қызметін Комиссия мүшелерінің ішінен Комиссия төрағасы тағайындаған жетекші басқарады.

      Секция отырысы хаттамамен рәсімделеді, қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды және Комиссияның қорытынды отырысына қарауға беріледі.

      Екiншi кезеңде – Комиссия сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.

      12. Комиссияның сыйлық берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Қажетті дауыс саны болмаған жағдайда, сыйлық берілмейді. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.

      13. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      14. Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыйлық беру туралы қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жарияланады.

      15. Сыйлық алған адамдарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.

      16. Сыйлықтар салтанатты жағдайда беріледі, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.

      17. Лауреаттың төсбелгiсi мен дипломының сипаттамасын Комиссияның төрағасы бекiтедi.

  "Дарын" мемлекеттік жастар
сыйлығын беру қағидаларына
қосымша
 
  Нысан

Тіркеу өтінімі

      1. Тегі _____________________________________________________
      Аты ______________________________________________________

      Әкесінің аты (болған жағдайда) _______________________________

      2. Туған күні _______________________________________________

      3. Ұсынушы ұйымдардың толық атауы _________________________

      ___________________________________________________________

      4. Номинация ______________________________________________

      5. Білімі ___________________________________________________

      6. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы ____________________________

      ___________________________________________________________

      7. Ағымдағы қызметі (кандидаттың жұмыс орны, лауазымы/оқу орны

      ____________________________________________________________

      ____________________________________________________________

      8. Жұмыс өтілі (жұмыс істейтін азаматтарға) _____________________

      9. Тұрғылықты мекенжайы ____________________________________

      10. Байланыс телефоны _______________________________________

      11. Электрондық пошта _______________________________________


      Ұйым басшысы

      ___________________ ________________________________

      (қолы) Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      Мөр қою орны

      20 __ жылғы "___" ____________________