Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 мамырдағы № 307 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 208 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.04.2020 № 208 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық пантеон туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 мамырдағы
№ 307 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық пантеон туралы ереже

      1. Осы Ұлттық пантеон туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ұлттық пантеон (бұдан әрі – Пантеон) – мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында негізі қаланған, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылатын қайтыс (қаза) болған тұлғаларды жерлеуге арналған орын.

      3. Пантеон астананың жергілікті атқарушы органының қарамағында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.06.2019 № 396 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Пантеон аумағында:

      1) мемориалдық ғимарат;

      2) "Естелік қабырғасы" монументі бар естелік музейі (XХ-XXІ ғасырлар);

      3) әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар;

      4) құлпытастар;

      5) саябақ және іргелес аймақтар қамтылады.

      5. Пантеон аумағында жерлеуге қайтыс (қаза) болған мынадай тұлғалар жатады:

      1) Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасыларының мүшелері;

      2) Қазақстан Республикасының премьер-министрлері және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары және олардың орынбасарлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшылары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағалары;

      3) министрлер, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;

      4) "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған тұлғалар;

      5) "Алтын қыран", "Отан", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев", үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордендерімен марапатталған азаматтар;

      6) "Кеңес Одағының Батыры", "Социалистік Еңбек Ері" атақтарына ие болған азаматтар;

      7) "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған азаматтар;

      8) Қазақстан Республикасы Президентінің ерекше шешімі бойынша басқа да азаматтар;

      9) Пантеонда жерлеуге жататын тұлғалармен олардың кейін қайтыс болған жұбайлары жерленуі мүмкін.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген қайтыс (қаза) болған тұлғаларды жерлеуді ұйымдастыруды қайтыс (қаза) болған адамның жұбайының, жақын туысқандарының не заңды өкілінің бастамасымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары Пантеонда мәйітті жерлеу үшін мынадай іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырады:

      1) жерлеуге арналған құжаттарды ресімдеу;

      2) қайтыс (қаза) болғанды жерлеу үшін пайдаланылатын қажетті атрибуттарды ұсыну;

      3) Пантеонға қайтыс (қаза) болғанның мәйітін тасымалдау;

      4) жерлеу.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.10.2018 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Діни ғұрыптар мен рәсімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Жерлеу туралы шешім қабылдау кезінде қайтыс (қаза) болғанның еркі немесе жұбайының, жақын туыстарының не қайтыс (қаза) болғанның заңды өкілінің тілегі ескеріледі.

      9. Пантеонда құлпытас құрылыстарын орнату және безендіру бірыңғай нысанда орындалады.

      Өз еркімен жерлеу, жанұялық (рулық) зират құру және қайта жерлеу Пантеонда жүргізілмейді.

      10. Пантеонда қайтыс (қаза) болған туралы мынадай мәліметтерді қамтитын жерлеулерді тіркеу кітабы жүргізіледі:

      1) тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда);

      2) қайтыс (қаза) болғанның Пантеонға келіп түскен және мәйітті жерлеу күндері;

      3) өмірбаяны;

      4) Қазақстан Республикасы алдындағы еңбегі (еңбектері);

      5) өзге мәліметтер.