Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидаларын бекіту және Қазақстан

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 22 шілдедегі № 422 қаулысы.

      "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" 2016 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидасын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 тамыздағы № 924 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 51, 709-құжат);

      2) "Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикiзат тауарларын Кеден одағына кiрмейтiн елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидасын бекiту туралы және "Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 тамыздағы № 924 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 мамырдағы № 628 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 50, 681-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К.Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 22 шілдедегі
№ 422 қаулысымен
бекітілген

Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" 2016 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген.

      Қағидалар бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      бағалы металдар – кез келген күйдегі және түрдегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар (палладий, иридий, родий, рутений және осмий);

      бағалы металдарды өндіру субъектілері – уәкілетті орган бекітетін тізбеде тұрған, Қазақстан Республикасының аумағында бағалы металдарды өндіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары;

      құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарлары – өңделмеген бағалы металдар (оның ішінде, құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металдар), мырыш шөгінділері, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтары, бағалы металдардың кендері мен концентраттары, құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кендері, концентраттары және күлі, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдері;

      өтініш беруші – бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізаттармен операцияларды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқығы бар және арнайы есепте тұрған заңды тұлғалар және (немесе) жеке кәсіпкерлер;

      уәкiлеттi орган – бағалы металдарды өндіруді және бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, зергерлік және басқа да бұйымдардың айналымын реттеу саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауға қолданылмайды.

      4. Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің операцияларына қолданылмайды.

2. Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібі

      5. Бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу (бұдан әрі – әкелу) және Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету (бұдан әрі – әкету) кезінде уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық комиссияның шешіміне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылау рәсімін жүзеге асырады.

      6. Құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кенін, концентраттарын және күлін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын (бұдан әрі – құрамында бағалы металдар бар тауарлар) әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау мыналарды қамтиды:

      1) құрамында бағалы металдар бар тауарлар партиясын ілеспе құжаттамада көрсетілген деректерге, оның ішінде нормативтік-техникалық және (немесе) техникалық құжаттамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру;

      2) құрамында бағалы металдар бар тауарлардың шығарылған көзін айқындау;

      3) әлемдік нарықтағы бағаларды ескере отырып, бағалы металдардың құнын бағалау;

      4) құрамында бағалы металдар бар тауарлармен мәміле жасасу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау;

      5) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдардың және алынатын ілеспе металдардың қамтылуын бақылау.

      7. Құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кенін, концентраттарын, күлін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін өңдеуге әкелу кезіндегі мемлекеттік бақылау мыналарды қамтиды:

      1) бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының шығарылған көзін айқындау;

      2) бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен мәміле жасасу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуына бақылау;

      3) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдардың және алынатын ілеспе металдардың құрамын бақылау.

      8. Әкелу кезінде мемлекеттік бақылаудың нәтижелерін уәкілетті орган:

      1) құрамында бағалы металдар бар тауарлар үшін:

      әкелу кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі нысанында;

      қайта өңдеуге әкелу кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, сондай-ақ тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат нысанында;

      2) құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кенін, концентраттарын және күлін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдері үшін:

      қайта өңдеуге әкелу кезінде – тауарды қайта өңдеу шарты туралы құжат нысанында рәсімдейді.

      9. Мемлекеттік бақылау актісі құжаттарды алған кезден бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ресімделеді және өтініш берушіге беріледі.

      Құжаттар Қазақстан Республикасының "электрондық үкімет" порталы арқылы электрондық құжат нысанында ұсынылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 07.06.2019 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Ұсынылған әкелінетін тауардың құрамындағы бағалы металдар туралы құжаттардың келісімшарт талаптарына және бағалы металдардың құрамы мен қамтылуы бойынша нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкессіздігі анықталған кезде, уәкілетті орган өтінімді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығына (филиалына) (бұдан әрі – Орталық) әкетілетін тауарлардың сынамасына бақылау сынақтарын жүзеге асыру үшін жібереді. Осы мақсатта өтініш беруші әкелінетін тауардың әрбір партиясын әкелу кезінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және нысанда сынамаларды іріктеу туралы актіні жасай отырып, бақылау сынақтарына арналған Қазақстан Республикасының нормативтік техникалық құжаттамасында белгіленген тәртіппен бір өкілдік сынама алады. Уәкілетті органның жазбаша нұсқауы бойынша өтініш беруші алдын ала жасалған шартқа сәйкес орталыққа бақылау сынағы үшін іріктелген сынаманы және сынаманы іріктеу туралы актіні жеткізеді. Бағалы металдардың құрамы мен қамтылуы бойынша бақылау сынақтары орталыққа сынама тапсырылған сәттен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде өткізіледі. Орталық жоғарыда көрсетілген сынаманы мәміле аяқталғанға дейін, бірақ сынама қабылданған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде сақтайды. Уәкілетті орган орталықты мәміленің аяқталғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      Сәйкессіздік болмаған кезде уәкілетті орган көрсетілген бөлімде – "Тауар ұсынылған талаптарға сәйкес келеді" деген жазу жүргізеді және өтініш беруші кедендік декларациялаудан өтеді.

      11. Тауарлар кедендік аумақта қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне орналастырылған кезде өтініш беруші мемлекеттік бақылау актісіне қосымша:

      кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатты (кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне орналастырылған кезде);

      ішкі тұтыну үшін тауарларды қайта өңдеу шарты туралы құжатты (ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне орналастырылған кезде) алады.

      12. Құрамында бағалы металдар бар тауарларды әкету кезінде уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мыналарды:

      1) тауарлардың партиясын ілеспе құжаттамада, оның ішінде нормативтік техникалық және (немесе) техникалық құжаттамада көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі тұрғысынан тексеруді;

      2) әлемдік нарықтағы бағаларды ескере отырып, бағалы металдардың құнын бағалауды;

      3) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдардың шығарылған көзін айқындауды;

      4) тауарлармен мәмілелер жасасу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды;

      5) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдардың және алынатын ілеспе металдардың қамтылуын бақылауды;

      6) бағалы металдардың және алынатын ілеспе металдардың қамтылуы туралы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігін (мүмкін еместігін) және экономикалық тұрғыдан орындылығын (орынсыздығын) тексеруді немесе Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығын немесе мүмкін еместігін тексеруді қамтитын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

      13. Құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кенін, концентраттарын және күлін, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдерін әкету кезінде уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық комиссияның шешіміне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мыналарды:

      1) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының бағалы металдардың шығарылған көзін айқындауды;

      2) тауарлармен мәмілелер жасасу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды;

      3) бағалы металдар мен алынатын ілеспе металдардың қамтылуы туралы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігін (мүмкін еместігін) және экономикалық тұрғыдан орындылығын (орынсыздығын) тексеруді немесе Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығын немесе мүмкін еместігін тексеруді;

      4) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы бағалы металдар және алынатын ілеспе металдардың қамтылуын бақылауды қамтитын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

      14. Әкету кезінде мемлекеттік бақылаудың нәтижелерін уәкілетті орган:

      1) құрамында бағалы металдары бар тауарлар үшін:

      әкету кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, экспортқа берілген лицензия және Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды (бұдан әрі – әкетуге арналған қорытынды) нысанында;

      қайта өңдеуге әкету кезінде – тауардың әрбір партиясына берілген мемлекеттік бақылау актісі, тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат, Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды (бұдан әрі – қайта өңдеуге арналған қорытынды) нысанында;

      2) құрамында бағалы металдары бар түсті металдар кендері, концентраттары және күлдері, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдері үшін:

      әкету кезінде – экспортқа берілген лицензия, Қазақстан Республикасында шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкіндігі (мүмкін еместігі) және экономикалық тұрғыдан орындылығы (орынсыздығы) туралы қорытынды (бұдан әрі – әкетуге арналған қорытынды) нысанында;

      қайта өңдеуге әкету кезінде – тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат, Қазақстан Республикасының аумағында құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды (бұдан әрі – қайта өңдеуге арналған қорытынды) нысанында ресімдейді.

      15. Әкетілетін тауардың әрбір партиясына мемлекеттік бақылау актісін алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) Еуразиялық экономикалық комиссияның шешіміне сәйкес құжаттар немесе олардың көшірмелері;

      2) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға басым құқықты іске асырудан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бас тартқанын растайтын құжат (аффинирленген алтынды әкету кезінде);

      3) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы барлық бағалы металдардың үлестік құрамы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдардың құрамы туралы аккредиттелген сынақ зертханасы берген құжат;

      4) әкетуге арналған қорытындының көшірмесі (тауарды әкеткен жағдайда);

      5) қайта өңдеуге арналған қорытындының көшірмесі (тауарды қайта өңдеуге әкеткен жағдайда).

      Құжаттар Қазақстан Республикасының "электрондық үкімет" порталы арқылы электрондық құжат нысанында ұсынылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 07.06.2019 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Әкетуге не қайта өңдеуге қорытынды алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) тауардың атауы, оның өлшем бірліктеріндегі саны, партия нөмірі көрсетілген өтінім-хат;

      2) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын өндіретін субъектілер үшін – жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың көшірмесі. Бұл ретте егер бұрын осындай құжаттың көшірмесі берілген болса, онда мұндай құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ұсыну талап етілмейді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар басқа да ұйымдар үшін – әкетілетін тауарларға меншік құқығын не тауарларға ие болу туралы тараптардың ниетін растайтын құжат;

      4) сыртқы сауда шартының (келісімшарттың) көшірмесі, оған мемлекеттік және/немесе орыс тілдеріндегі қосымшаның және (немесе) толықтырудың, ал сыртқы сауда шарты (келісімшарты) болмаған жағдайда – тараптардың ниеттерін растайтын өзге де құжаттың көшірмесі. Егер келісімшарт (шарт, келісім) мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде болмаған жағдайда, онда келісімшарттың (шарттың, келісімнің) көшірмесіне өтініш беруші бекіткен және растаған аудармасы (өтініш берушінің лауазымы және күні, қолы мен мөрі көрсетілген) қоса беріледі;

      5) құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы барлық бағалы металдардың үлестік қамтылуы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс бағалы металдар мен ілеспе алынатын металдардың қамтылуы туралы аккредиттелген сынақ зертханасы берген құжат;

      6) бағалы металдарды өндірудің барлық субъектілерінен тауарларды қайта өңдеуден және (немесе) аффинаждаудан бас тартуы немесе уәкілетті орган бекіткен тәртіппен алынған осындай бас тартудың бар екені туралы уәкілетті органның растамасы.

      Уәкілетті орган әкетуге не қайта өңдеуге арналған қорытындыны уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша уәкілетті органға құжаттар ұсынылған кезден бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде береді.

      Әкетуге не қайта өңдеуге арналған қорытындыны уәкілетті орган бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын әкетудің барлық болжамды жылдық көлеміне береді.

      Құжаттар Қазақстан Республикасының "электрондық үкімет" порталы арқылы электрондық құжат нысанында ұсынылады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 07.06.2019 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Мемлекеттік бақылау актісі құжаттарды алған кезден бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ресімделеді және өтініш берушіге беріледі.

      Құрамында бағалы металдар бар тауарларға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті органға тауардың барлық партиясы ұсынылады.

      Құрамында бағалы металдар бар түсті металдар кендеріне, концентраттарына және күлдеріне, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдеріне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тауардың барлық партиясы уәкілетті органға ұсынылмайды.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 07.06.2019 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Әкетілетін тауарға ұсынылған бағалы металдардың қамтылуы туралы құжаттар келісімшарттың және бағалы металдардың құрамы мен қамтылуы жөніндегі нормативтік техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес еместігі анықталған кезде уәкілетті орган өтінімді әкетілетін тауарлардың сынамаларына бақылау сынақтарын жүзеге асыру үшін орталыққа жібереді. Осы мақсаттар үшін өтініш беруші әкелінетін тауардың әрбір партиясын әкелу кезінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысан бойынша сынамаларды іріктеу туралы акті жасай отырып бақылау сынақтарына арналған Қазақстан Республикасының нормативтік техникалық құжаттамасында белгіленген тәртіппен бір өкілдік сынама алады. Уәкілетті органның жазбаша нұсқауы бойынша өтініш беруші алдын ала жасалған шартқа сәйкес орталыққа бақылау сынағы үшін іріктелген сынаманы және сынаманы іріктеу туралы актіні жеткізеді. Бағалы металдардың құрамы мен қамтылуы бойынша бақылау сынақтары орталыққа сынамаларды тапсырған сәттен бастап күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі. Орталық жоғарыда көрсетілген сынаманы мәліме анықталғанға дейін, бірақ сынама қабылданған күннен бастап бір жылдан асырмай сақтайды. Уәкілетті орган мәміленің аяқталғаны туралы орталықты жазбаша түрде хабардар етеді.

      Сәйкессіздік болмаған жағдайда көрсетілген бөлімде "Тауар қойылатын талаптарға сәйкес келеді" деген жазу жазылады және өтініш беруші кедендік декларациялауды жүргізеді.

      19. Әкетуге арналған қорытындыда "Қорытынды нәтижесі" деген жолда мынадай жазу енгізіледі:

      "Қазақстан Республикасында ұсынылған шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың экономикалық тұрғыдан орынсыздығы және мүмкін еместігі расталады", мұндай жағдайда тауар экспорттың кедендік рәсімдерінде кедендік декларациялауға жатады;

      "Қазақстан Республикасында ұсынылған шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың экономикалық тұрғыдан орындылығы және мүмкіндігі расталады", мұндай жағдайда тауар экспорты кедендік рәсімдерде кедендік декларациялауға жатпайды.

      Қайта өңдеуге арналған қорытындыда "Қорытынды нәтижесі" деген жолда мынадай жазу енгізіледі "Қазақстан Республикасында ұсынылған шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы және мүмкін еместігі расталады", мұндай жағдайда тауар кеден аумағынан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімінде кедендік декларациялануға тиіс.

      Әкетуге не қайта өңдеуге арналған қорытындыда "Химиялық құрамы" деген жолда әкетілетін тауардың түйінді сипаттамалары мен ерекшеліктері, оның ішінде зиянды қоспалар мен бағалы металдар қамтылуының ең жоғары және ең аз көрсеткіштері көрсетіледі.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 22.08.2017 № 496 (алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Әкетуге арналған қорытындыда "Қазақстан Республикасында ұсынылған шикізат тауарларынан бағалы металдарды өнеркәсіптік алудың мүмкін еместігі және экономикалық тұрғыдан орынсыздығы расталады" және қайта өңдеуге арналған қорытындыда "Қазақстан Республикасының аумағында ұсынылған шикізат тауарларын қайта өңдеудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы немесе мүмкін еместігі расталады" деген жазбаларды бағалы металдарды өндірудің барлық субъектілерінен тауарларды қайта өңдеуден және (немесе) аффинаждаудан бас тарту немесе осындай бас тартудың бар екені туралы уәкілетті органның растамасы болған кезде уәкілетті орган енгізеді.

      21. Құрамында бағалы металдары бар тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсіміне орналастырылған кезде кедендік декларациялауды жүргізгенге дейін өтініш беруші мемлекеттік бақылау актісіне және қайта өңдеуге арналған қорытындыға қосымша кедендік аумақтан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатты алуы тиіс.

      22. Әкетуге немесе қайта өңдеуге арналған тауарларды мемлекеттік бақылаудан өткізгеннен кейін Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес өтініш берушіде:

      1) құрамында бағалы металдар бар тауарлар үшін:

      тауарлардың экспортына арналған лицензия (әкету кезінде);

      мемлекеттік бақылау актісі;

      кедендік аумақтан тыс тауарларды қайта өңдеудің шарттары туралы құжат (қайта өңдеуге тауарды әкету кезінде);

      2) құрамында бағалы металдар бар түсті металдардың кендері, концентраттары және күлдері, түсті металдар өндірісінің жартылай өнімдері үшін:

      тауарлардың экспортына арналған лицензия (әкету кезінде);

      әкетуге арналған қорытынды (әкету кезінде);

      қайта өңдеуге арналған қорытынды (қайта өңдеуге әкету кезінде);

      кедендік аумақтан тыс тауарларды қайта өңдеудің шарттары туралы құжат (қайта өңдеуге әкету кезінде) болған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары тауарларды кедендік декларациялауды аяқтайды.