Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1324 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 11 тамыздағы № 670 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.08.2023 № 670 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 08.07.2022 № 467 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшері белгіленсін.

      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 1324 қаулысымен
бекітілді

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 10.06.2020 № 365 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды (бұдан әрі – материалдық қамсыздандыру) төлеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 08.07.2022 № 467 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Материалдық қамсыздандыру Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын әрі дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар мынадай спортшылар мен жаттықтырушыларға:

      1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға;

      2) осы Қағидалардың 2-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға төленеді.

      Бір спортшыны дайындағаны үшін материалдық қамсыздандыру бір жаттықтырушыға төленеді. Спортшы осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген белгіленген талаптарды қайталап орындаған жағдайда материалдық қамсыздандыру басқа жаттықтырушыға да төленеді.

      3. Материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бюджеттік бағдарламалары арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.

2-тарау. Спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру төлеуді жүзеге асыру тәртібі

      4. Материалдық қамсыздандыруды алуға құқығы бар адамдар (бұдан әрі – өтініш берушілер) мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) спортшылар:

      осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      еңбек кітапшасы не дене шынықтыру және спорт саласындағы жиырма жылдық еңбек өтілін растайтын төменде санамаланған құжаттардың кез келгені:

      тоқтатылған күні мен негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;

      жұмыс берушінің еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын актілерінен үзінділер;

      жұмыскерлерге жалақы беру ведомосынан үзінділер;

      жұмыс беруші қол қойған және оның мөрімен (бар болса) расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);

      жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама;

      Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы мен жүлдегері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлерi бойынша әлем чемпионы атағын растайтын жарыстар хаттамасының көшiрмесі;

      2) жаттықтырушылар:

      осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      еңбек кiтапшасы не жаттықтырушының жиырма жылдық жұмыс өтілін растайтын төменде санамаланған құжаттардың кез келгені:

      тоқтатылған күні мен негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;

      жұмыс берушінің еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын актілерінен үзінді көшірмелер;

      жұмыскерлерге жалақы беру ведомосынан үзінділер;

      жұмыс беруші қол қойған және оның мөрімен (бар болса) расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);

      жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама;

      жұмыс орнынан (егер жаттықтырушы өтініш берген кезде жұмыс істемеген жағдайда – Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінен, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетінен немесе спорт түрі бойынша республикалық және (немесе) өңірлік аккредиттелген спорт федерациясынан) өзінің Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы мен жүлдегері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлерi бойынша әлем чемпионы атағын жеңiп алған спортшының шын мәнiнде жаттықтырушысы болып табылатынын растайтын анықтама;

      өзі жаттықтырған спортшының Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы мен жүлдегері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы атағын растайтын жарыстар хаттамасының көшірмесі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 08.07.2022 № 467 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Ұсынылған құжаттарды қарау мерзімі – өтініш берілген сәттен бастап он жұмыс күні.

      6. Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мерзімдерде материалдық қамсыздандыруды төлеу немесе төлеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Уәкілетті орган қабылданған шешім туралы өтініш берушілерге жазбаша түрде хабарлайды.

      7. Материалдық қамсыздандыруды төлеу өтініш берушілердің Қазақстан Республикасының шегінде екінші деңгейдегі банктегі жеке шотына материалдық қамсыздандыруды аудару жолымен жүргізіледі.

  Спортшылар мен
жаттықтырушыларға
өмір бойы ай сайынғы материалдық
қамсыздандыруды төлеу қағидаларына
қосымша
  Нысан

      Кімге ______________________________________ (дене шынықтыру және спорт саласындағы ___________________________________________ уәкілетті орган басшысының лауазымы, ___________________________________________ тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) кімнен _____________________________________ (өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) ___________________________________________ мекенжайы бойынша тұратын өтініш берушінің ЖСН_______________________

Өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуге өтініш

      Маған _________________________________________________________________________________ (себебі көрсетіледі) _______________________________________________________________________________________ байланысты өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді сұраймын. Маған тиесілі соманы _________________________________________________________________________________ _________________________________________________________________________________ (банктің аты, банктің есептік шоты, өтініш берушінің жеке шотының нөмірі көрсетіледі) _____________________________________________________________________ аударуды сұраймын.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1._________________________________________________________________________________

      2. _________________________________________________________________________________

      3.__________________________________________________________________________________

      4.__________________________________________________________________________________

      5.__________________________________________________________________________________

      Өтініш берушінің қолы _____________________________

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 1324 қаулысына
1-қосымша

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы
материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшері

      1. Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру (бұдан әрі – материалдық қамсыздандыру) мынадай мөлшерде (бұдан әрі – мөлшер) төленеді:

      1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 08.07.2022 № 467 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы мөлшердің 1-тармағында көрсетілген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамсыздандыру алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамсыздандыру тек бір негіздеме бойынша ең жоғары мөлшерде төленеді.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 1324 қаулысына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру түрінде өмір бойы төлем төлеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 желтоқсандағы № 1247 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 46, 512-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 9 желтоқсандағы № 1247 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 26 ақпандағы № 141 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 19, 149-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 тамыздағы № 914 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 51, 702-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, жергілікті атқарушы органдар дене шынықтыру және спорт саласында көрсететін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 118 қаулысының 2-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 8, 78-құжат).