"Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 ақпандағы № 45 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 тамыздағы № 661 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.08.2015 № 661 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 205 бұйрығын қараңыз.

      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.
      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.03.2015 № 140 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 4 ақпандағы
№ 45 қаулысымен  
бекітілген     

«Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізу» мемлекеттік
көрсетілетін қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірлеген.
      3. Мемлекеттік қызметті «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
      Өтінімдер қабылдауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті (бұдан әрі – Комитет) жүзеге асырады.
      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беруді көрсетілетін қызметті беруші жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі:
      1) көрсетілетін қызметті алушы құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап күнтізбелік 90 күннен аспайды;
      2) көрсетілетін қызметті алушының құжаттар пакетін тапсыруы үшін рұқсат етілетін ең ұзақ күту ауқыты 1 сағаттан аспайды;
      3) көрсетілетін қызметті алушыға рұқсат етілетін ең ұзақ қызмет көрсету уақыты 30 минуттан аспайды.
      5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: қағаз түрінде.
      6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – қағаз тасымалдағыштағы мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы.
      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 12-тармағында көрсетілген көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсында орналастырылады.
      7. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
      8. Жұмыс кестесі:
      көрсетілетін қызметті беруші: Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 13:00-дан 14:30-ге дейінгі түскі асқа үзіліспен сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін көрсетіледі.
      Комитет: Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 13:00-дан 14:30-ге дейінгі түскі асқа үзіліспен сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін көрсетіледі.
      Қабылдау алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
      9. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес үлгілік нысан бойынша мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі өтінім екі данада ұсынылады.
      Сондай-ақ өтінім үлгісі көрсетілетін қызметті берушінің, Комитеттің осы стандарттың 12-тармағында көрсетілген интернет-ресурстарына орналастырылған.

3. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша орталық
мемлекеттік органның, көрсетілетін қызметті берушілердің және
(немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне
(әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша Комитеттің, көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымдық адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым жазбаша түрде:
      Комитет басшысының не оның міндетін атқарушының атына осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 12-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша;
      көрсетілетін қызметті берушінің басшысының атына осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 12-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша беріледі.
      Шағымды қабылдаған адамның аты-жөні, берілген шағымға жауап алу мерзімі және орны көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің, Комитеттің кеңсесінде тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі мен күні) шағымның қабылданғанын растау болып табылады. Тіркелгеннен кейін шағым жауапты орындаушыны айқындау және тиісті шаралар қабылдау үшін көрсетілетін қызметті берушінің, Комитеттің басшысына жіберіледі.
      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға жүгіне алады.
      Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
      11. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктері ескерілген өзге
де талаптар

      12. Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
      1) Министрліктің: www.edu.gov.kz;
      2) Комитеттің: www.scedu.kz;
      3) көрсетілетін қызметті берушінің: www.ncste.kz интернет-ресурстарында орналастырылған.
      13. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде көрсетілетін қызметті берушінің анықтама қызметі, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
      14. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметтерінің байланыс телефондары: +7 (7172) 74-16-59, +7 (7172) 57-91-31. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777, 1414.

«Мемлекеттік ғылыми-техникалық
сараптама өткізуге арналған 
құжаттарды қабылдау»    
мемлекеттік көрсетілетін  
қызмет стандартына     
қосымша           

нысан

Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге өтінімнің
үлгілік нысаны

      1. Жобаның мақсаттары мен міндеттері [500 сөзден аспайды]
      Бұл бөлімде жобаның мақсаты және жоба мақсатына қол жеткізу тәсілі, оларды іске асыру мен күтілетін нәтижелердің қысқаша түсініктемесімен қоса қойылған міндеттер сипатталады.
      2. Жобаның ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы [500 сөзден аспайды]
      Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) жобаның ұлттық және халықаралық деңгейдегі жаңашылдығы мен маңыздылығы;
      2) жобаны іске асыруға және оның нәтижесін алуға әлеуметтік сұраныс және (немесе) экономикалық және индустриялық мүдделілік.
      3. Зерттеу әдістері [1000 сөзден аспайды]
      Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) жобада пайдаланылатын әдістерді қойылған мақсаттарға қол жеткізу тәсілдерін негіздеу, таңдалған амалдарды негіздеу ретінде сипаттау;
      2) жобаны орындаудың сыни межелері, баламалы жолдары.
      4. Жобаны іске асыру және басқару тобы [2500 сөзден аспайды]
      Бөлім мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) зерттеу тобының құрамын, олардың ұстанымдарын, біліктілігі мен жобадағы жұмыс бағыттарын және жоба кезеңдерін қамтитын жұмыс жоспарын сипаттау;
      2) жобаны іске асырудың әр жылына міндетті түсіндіруді келтіре отырып, жобаның жалпы құнын негіздеу (мың теңгеде);
      3) жобаны іске асыру үшін қолданыстағы материалдық-техникалық базаны сипаттау.
      5. Күтілетін нәтижелер [500 сөзден аспайды]
      Бөлімде мынадай ақпарат көрініс табады:
      1) рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланымдарды жүзеге асыру және жобаның алынған нәтижелерін патенттеу мүмкіндіктері;
      2) күтілетін ғылыми және әлеуметтік-экономикалық әсер;
      3) алынған нәтижелердің қолдануға жарамдылығы;
      4) алынған нәтижелерді мақсатты тұтынушылар;
      5) жұмыс нәтижелерін әлеуетті тұтынушылар, ғалымдар қоғамдастығы және қалың бұқара арасында тарату.
      6. Библиография
      Бөлімде «Жобаның ғылыми жаңашылдығы және практикалық маңыздылығы» деген 2-бөлімде сілтемелері берілген жарияланымдар көрсетіледі.
      Әр жарияланым журналдың толық атауын, басылым нөмірін, шығарылған жылын, бет нөмірлерін, мақаланың толық атауын, мақаланың барлық авторларының есімдерін қамтуы тиіс.