Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып тастау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 шілдедегі № 739 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 15 қазандағы № 829 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 15.10.2015 № 829 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 262 бұйрығын қараңыз.


      «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 40-1-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып тастау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 24 шілдедегі
№ 739 қаулысымен   
бекітілген      

Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық
субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып
тастау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып тастау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және нарық субъектілерін Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне (бұдан әрі - тізілім) енгізу және одан алып тастау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда Заңда айқындалған ұғымдар қолданылады.

2. Тізілімге енгізу және одан алып тастау тәртібі

      3. Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді монополияға қарсы орган жүзеге асырады. Тізілім монополияға қарсы орган бекітетін нысан бойынша жүргізіледі.
      4. Тізілімді қалыптастыру монополияға қарсы орган мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органмен, қаржылық ұйымдарға қатысты - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісім бойынша бекітетін тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесіне сәйкес монополияға қарсы орган жүргізген тауар нарықтарын талдау нәтижелерінің негізінде жүргізіледі.
      5. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу оған енгізу, одан алып тастау, сондай-ақ тізілімде қамтылған нарық субъектісі туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу жолымен жүзеге асырылады.
      6. Тізілімге тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері Заңға сәйкес енгізілуге жатады.
      7. Тұлғалар тобы тізілімге біртұтас нарық субъектісі ретінде енгізіледі және бұл ретте тұлғалар тобына кіретін, тиісті тауар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалар көрсетіледі.
      8. Тізілімге тұлғалар тобын құрайтын нарық субъектілерін енгізу олардың жалпы санына және әрқайсысының нақты үлесіне байланысты болмайды.
      9. Тиісті тауар нарығына тізілімде тұрған және ұқсас (бірін-бірі алмастыратын) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізетін нарық субъектілерімен тұлғалар тобын құрайтын жаңа нарық субъектілері шыққан жағдайда, мұндай нарық субъектілері тізілімге жаңа (қосымша) талдау жүргізбестен тұлғалар тобының құрамында енгізіледі.
      10. Тұлғалар тобы ішінде олар бойынша тұлғалар тобы тізілімге енгізілген қызмет түрімен айналысатын жаңа нарық субъектілері құрылған жағдайда, аталған нарық субъектілері тізілімге олардың  анықталу фактісі бойынша, бірақ аталған қызметті жүзеге асыру сәтінен бастап енгізіледі.
      11. Нарық субъектісін тізілімнен алып тастаудың негіздері:
      1) заңды тұлғаның, жеке тұлғаның дара кәсіпкер ретінде қызметін тоқтатуы;
      2) нарық субъектісін тізілімнен алып тастау туралы заңды күшіне енген сот шешімі;
      3) нәтижесінде нарық субъектісі Заңға сәйкес белгіленген үстем немесе монополиялық жағдайын жоғалтқан, тиісті тауар нарығында нарық субъектісі үлесінің төмендеуі;
      4) нарық субъектісі үстем немесе монополиялық жағдайға ие қызмет түрін жүзеге асыруды тоқтатуы болып табылады.
      12. Тізілімді бекіту және оған өзгерістер енгізу монополияға қарсы орган басқармасының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      13. Монополияға қарсы органның басқармасы нарық субъектісін тізілімге енгізу туралы шешім қабылдаған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде монополияға қарсы орган оған тізілімнен үзінді көшірме жібереді, нарық субъектісін тізілімнен алып тастаған кезде, осы мерзімде тізілімнен алып тасталғаны туралы оны жазбаша хабардар етеді.
      14. Монополияға қарсы орган қызметін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-1-бабына сәйкес реттелетін нарыққа жататын салаларды жүзеге асыратын нарық субъектісін тізілімге енгізген кезде уәкілетті органдарға тізілімнен үзінді көшірме жібереді. Реттелетін нарық субъектісі тізілімнен алып тасталған кезде уәкілетті органдарды жазбаша хабардар етеді.
      15. Бекітілген тізілім, сондай-ақ оған өзгерістер енгізу ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ монополияға қарсы органның сайтында жарияланады.