Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қою туралы және Қазақстан Республикасы Yкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану тура

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 553 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғұсман Кәрімұлы Әміринге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.11.2013 № 1284 қаулысымен.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 тамыздағы № 830 қаулысы;
      2) «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісімге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 тамыздағы № 830 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қыркүйектегі № 1052 қаулысы.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 30 мамырдағы
№ 553 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және
әкімшілік өзара көмек туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі
      импорт және экспорт кезінде алынатын кедендік баждардың, салықтардың және басқа да кедендік алымдардың дәл есептелуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ кедендік бақылауды ұйымдастыру кезінде тыйым салу және шектеу жөніндегі шараларды тиісінше орындаудың маңыздылығын назарға ала отырып;
      кеден заңнамасын бұзу экономикалық, қоғамдық, мәдени мүдделерге, қоғамның салауаттылығына және сауда мүдделеріне залал келтіретінін назарға ала отырып;
      есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, қауіпті жүктерді, флора мен фаунаның жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлерін және уытты қалдықтарды шекаралар арқылы заңсыз өткізудің қоғам үшін қауіп төндіретінін ескере отырып;
      кеден заңнамаларының қолданылуына және сақталуының қамтамасыз етiлуiне қатысты саладағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттiлiгiн мойындай отырып;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамаларын бұзушылықтың алдын алу жөніндегі және кедендік баждардың, салықтардың және басқа да төлемдердің дәл есептелуін және жиналуын қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жігердің Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi ынтымақтастығының арқасында неғұрлым тиiмдi болуы мүмкiн екендiгiне көз жеткiзе отырып;
      қазiргі уақытта Дүниежүзiлiк кеден ұйымы ретiнде белгiлi Кедендiк Ынтымақтастық Кеңесiнiң тиiсті құжаттарын, атап айтқанда 1953 жылғы 5 желтоқсандағы Өзара әкiмшiлiк көмек туралы ұсынымдарды назарға ала отырып;
      Тараптар қатысушысы болып табылатын, жекелеген тауарларға қатысты тыйым салу, шектеулер және арнайы бақылау әдiстерi жөнiндегi халықаралық нормаларды назарға ала отырып;
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар қолданылады:
      а) «Кеден әкiмшiлiгi»:
      Қазақстан Республикасында – кеден ісі саласындағы уәкілетті орган;
      Корея Республикасында – Корея Кедендік қызметі;
      б) «Кеден заңнамасы» – тыйым салу, шектеу және бақылау жөнiндегi шараларды қоса алғанда, тауарлардың импортына, экспортына, транзитiне және қозғалысына қатысты кеден әкiмшiлiктерi қолданатын және сақтайтын Тараптар мемлекеттерінің нормативтiк құқықтық актiлерінiң жиынтығы;
      в) «Кедендік төлемдер мен салықтар» – Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары өндіріп алатын кедендік баждар, алымдар, салықтар және басқа да төлемдер;
      г) «Кедендiк құқық бұзушылық» – кеден ісі саласындағы кез келген құқық бұзушылық не мұндай бұзуға әрекеттену;
      д) «Тұлға» – кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      е) «Тұлғалар туралы мәлiметтер» – белгiлi бiр немесе белгiленетiн тұлғаға қатысты кез келген деректер;
      ж) «Ақпарат» – электронды тасығыштардағы мәлiметтердi қоса алғанда, кез келген мәлiметтер, құжаттар, баяндамалар, олардың расталған көшiрмелерi немесе кез келген нысанда берiлген басқа да хабарлар;
      з) «Есiрткi құралдары» – 1961 жылғы Есiрткi құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен қоса 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның І және ІІ тiзiмдерінде санамаланған кез келген табиғи немесе синтетикалық заттар;
      и) «Психотроптық заттар» – 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы конвенцияның І, ІІ, ІІІ және VI тiзiмдерiнде санамаланған заттар;
      к) «Прекурсорлар» – есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды өндiру кезiнде пайдаланылатын, 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының І және ІІ тізімдерінде санамаланған бақылаудағы химиялық заттар;
      л) «Сұрау салатын әкiмшiлiк» – жәрдем көрсетуді сұрайтын кеден әкiмшiлiгi;
      м) «Сұрау салынатын әкiмшiлiк» – жәрдем көрсету сұралатын кеден әкiмшiлiгi.

2-бап
Келiсiмнің саласы

      1. Тараптар өздерiнiң кеден әкiмшiлiктерi арқылы осы Келiсiмнiң ережелеріне сәйкес кеден заңнамаларын тиісінше қолдану жөнiнде, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алу, тергеу және жолын кесу жөнiнде бiр-бiрiне әкiмшiлiк жәрдем көрсетеді.
      2. Осы Келiсiмнің шеңберiндегi өзара көмек Тараптарға Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың кеден әкiмшiлiктерiнің құзыреттері шегiнде беріледi.
      3. Осы Келісім қылмыстық істер жөнінде құқықтық көмек беру және көрсету мәселелерін қозғамайды.
      4. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қолданылады.

3-бап
Өзара көмек саласы

      1. Кеден әкiмшiлiктерi бiр-бiрiне сұрау салу немесе өз бастамасы бойынша кеден заңнамасын тиісінше қолдануды қамтамасыз етуде, сондай-ақ кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алуда, тергеуде және жолын кесуде көмектесуi мүмкiн ақпаратты бередi.
      2. Тараптардың бірінің кеден әкiмшiлiгi екінші Тараптың кеден әкiмшiлiгiнiң сұрау салуларын орындау кезiнде өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әрекет етедi.
      3. Сұрау салынатын әкiмшiлiк сұрау салу бойынша өз Тарапының мемлекетінде қолданылатын және кедендiк құқық бұзушылықтарға байланысты тергеулерге жататын кеден заңнамасы мен рәсімдер туралы қажеттi ақпаратты береді.
      4. Тараптардың бірінің кеден әкiмшiлiгі сұрау салу не өз бастамасы бойынша:
      1) кедендiк құқық бұзушылықтарға қарсы күрестiң тиiмдiлiгi расталған жаңа әдiстерiне;
      2) кедендiк құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа үрдiстерiне, құралдарына немесе әдiстерiне қатысты кез келген қолда бар ақпаратты бередi.

4-бап
Техникалық өзара көмек

      Тараптардың кеден әкiмшiлiктерi кеден iсi саласында бiр-бiрiне:
      а) екi кеден әкімшілігі пайдаланатын технологиялармен танысу мақсатында өзара тиімді негізде кеден әкімшіліктерінің қызметкерлерімен және сарапшыларымен алмасуды;
      б) Тараптардың кеден әкімшіліктерінің қызметкерлерiн оқытуды және олардың арнайы дағдыларын жетiлдiруге жәрдемдесудi;
      в) бақылау мен анықтаудың техникалық құралдарын пайдалануда ақпарат және тәжiрибе алмасуды;
      г) кеден заңнамасы мен рәсiмдерiне қатысы бар кәсiби, ғылыми және техникалық деректер алмасуды;
      д) кедендік ақпараттандыру саласында ақпарат және тәжірибе алмасуды қамтитын техникалық өзара көмек көрсетеді.

5-бап
Өзара әкiмшiлiк көмектiң ерекше жағдайлары

      1. Сұрау салу бойынша сұрау салынатын әкiмшiлiк сұрау салатын әкiмшiлікке мынадай:
      а) сұрау салатын Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiн тауарлар сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң аумағынан заңды түрде әкетiлген болып табылатындығы-табылмайтындығы;
      б) сұрау салатын Тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлетiн тауарлар сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң аумағына заңды түрде әкелiнген болып табылатындығы-табылмайтындығы;
      в) сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң аумағына заңды түрде әкелiнген тауарлар орналастырылған кедендік режим туралы ақпарат ұсынады.
      2. Сұрау салу бойынша сұрау салынатын әкiмшiлiк:
      а) сұрау салатын әкiмшiлiкке құқық бұзушылықтар жасағандығы белгiлi немесе оған күдiктi адамдардың сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң аумағына өтуіне, атап айтқанда, келуіне және одан кетуіне;
      б) сұрау салатын әкiмшiлiк сұрау салатын Тарап мемлекетiнiң аумағына заңсыз өткiзiлгендiгiне күдiк тудырушы ретiнде айқындаған тауарлардың өткiзiлуiне және сақталуына;
      в) сұрау салатын әкiмшiлiкте оларға қатысты олардың сұрау салатын Тарап мемлекетiнiң аумағында кеден заңнамасын бұзу мақсатында пайдаланылатындығы туралы мәлiметтер бар көлiк құралдарына ерекше қадағалауды жүзеге асырады.
      3. Кеден әкiмшiлiктерi сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша бір-біріне Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын бұзатын немесе бұзуы мүмкiн, жасалған немесе жасауға дайындалып жатқан әрекеттер туралы ақпарат бередi. Мұндай ақпарат:
      а) қару-жарақтың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш заттар мен ядролық материалдардың;
      б) Тараптардың біреуі үшiн елеулi, тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты бiлдiретiн өнер бұйымдарының;
      в) есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ қоршаған орта мен халықтың денсаулығы үшiн қауiп төндiретiн заттардың;
      г) зияткерлiк меншiк объектiлерiнiң;
      д) жойылып кету қаупi бар жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiнiң, олардың бөлiктерi мен дериваттарының заңсыз айналымы туралы мәлiметтердi қамтиды.
      4. Тараптардың бiрiнің мемлекетінің экономикасына, қоғамдық салауаттылығына және қауiпсiздiгiне, сондай-ақ басқа да өмiрлiк маңызды мүдделерiне елеулі залал келтiруi мүмкiн болатын ерекше жағдайларда, екінші Тараптың кеден әкiмшiлiгi ақпаратты өз бастамасы бойынша дереу ұсынады.

6-бап
Ақпарат

      1. Құжаттардың түпнұсқалары куәландырылған көшiрмелерін ұсыну жеткіліксіз болған жағдайларда ғана сұратылады және алынған түпнұсқалар алғашқы мүмкіндік болған кезде қайтарылуға тиіс.
      2. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде Тараптар алмасатын кез келген ақпарат, оны түсiндiру мен пайдалану бойынша қажетті түсіндірмелермен қоса берілуге тиіс.

7-бап
Мамандар

      1. Сұрау салу бойынша сұрау салынатын Тараптың кеден әкімшілігі өзінің лауазымды тұлғаларына ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салатын Тарап мемлекетінің аумағында кедендік қылмысты тергеу үшін сарапшы ретінде түсуге уәкілеттік бере алады.
      2. Талқылауға қатысу туралы сұрау салуда осы қызметкердің қандай іс бойынша және қандай жағдайда қатысатындығы көрсетілуі қажет.

8-бап
Сұрау салуды беру

      1. Осы Келiсiмнің негiзiнде жүргiзiлген жәрдемдесу туралы сұрау салулар тікелей екінші Тараптың кеден әкiмшiлiгiне жазбаша нысанда ағылшын тілінде ұсынылады және барлық қажеттi құжаттармен, атап айтқанда сұрау салынатын әкiмшiлiкке экспорт және импорт рәсiмдерi кезiнде ұсынылатын құжаттардың көшiрмелерiмен қоса беріледі. Егер жағдай осыны талап етсе, сұрау салу электрондық пошта арқылы берiлуi мүмкiн. Мұндай сұрау салу бiр ай мерзiмде қағаз тасымалдағышта жазбаша түрде расталуы тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағының негiзiнде жүргiзiлген сұрау салулар мынадай ақпаратты қамтиды:
      а) сұрау салушы органның атауы;
      б) сұрау салудың мақсаты мен негіздемесі;
      в) iстiң қысқаша сипаттамасы, нормативтiк құқықтық актілердің тiзбесi, сондай-ақ тергеудің сипаты;
      г) егер олар белгiлi болса, тергеу объектiсi болып табылатын тұлғалардың аттары мен мекенжайлары.
      3. Тараптардың кеден әкiмшiлiктерiнiң белгiлi бiр рәсiмдi өткiзу туралы сұрау салуы сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандырылады.
      4. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде ұсынылатын ақпарат әрбiр кеден әкiмшiлiгi осы мақсаттар үшiн тағайындаған лауазымды адамдарға ғана берiледi. Кеден әкімшіліктері тағайындалған лауазымды адамдардың тiзiмдерiмен алмасады және олар ауыстырылған жағдайда бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

9-бап
Сұрау салуларды орындау

      Егер сұрау салынатын әкiмшiлiкте сұрау салынатын ақпарат болмаған жағдайда, ол өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес осындай ақпаратты алу мақсатында өз мемлекетінің құзыретті органдарына cұpaу салуды жүзеге асырады. Бұл сұрау салулар кедендiк құқық бұзушылыққа байланысты лауазымды адамдар мен құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдардан жауаптар алуды қамтиды.

10-бап
Ақпараттардың құпиялылығы

      1. Осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпаратты, мұндай ақпаратты ұсынған кеден әкімшілігі оны сұрау салатын Тараптың басқа органдары өзге мақсатта пайдалануы мүмкін екендігін жазбаша растаған жағдайларды қоспағанда, тек осы Келiсiмнiң мақсатында және тек кеден әкiмшiлiктерi ғана пайдаланады. Мұндай пайдалану ақпаратты ұсынған кеден әкiмшiлiгi белгiлеген кез келген шектеулерді ескере отырып жүзеге асырылады.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес алынған кез келген ақпарат, екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұқсас ақпарат қамтамасыз етілетін қорғау және құпиялылық дәрежесімен қамтамасыз етіледі.
      3. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тұлғалар туралы мәліметтерді беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап
Ерекшелiктер

      1. Егер сұрау салынатын әкiмшiлiк жәрдем көрсету мемлекеттiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне немесе басқа да маңызды ұлттық мүдделерiне залал келтiруi не өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсiптiк құпияны бұзуы мүмкiн немесе ұлттық заңнамаға қайшы келедi деп санаса, ол көмек көрсетуден толық немесе iшiнара бас тартуы мүмкiн немесе оны жүзеге асыру кезінде белгілi бiр шарттарды талап етуі мүмкiн.
      2. Сұрау салынатын әкiмшiлiк сұрау салуды орындауды жүрiп жатқан тергеуге, талқылауға немесе қудалауға кедергi жасауы мүмкiн деген негiзде кейiнге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау салынатын әкiмшiлiк сұрау салатын әкiмшiлiкпен сұрау салуды орындаудың сұрау салынатын әкiмшiлiк талап етуi мүмкiн мерзiмдерi мен шарттары бойынша консультациялар жүргізеді.
      3. Егер жәрдемнен бас тартылса немесе ол кейiнге қалдырылса, бас тартудың немесе кейiнге қалдырудың себебі көрсетiледi.

12-бап
Шығыстар

      1. Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын сарапшылар мен аудармашыларға төленетін төлемдерді қоспағанда, осы Келісімге сәйкес сұрау салулар бойынша шығыстарды сұрау салынатын тарап көтереді, осы Келісімнің 7-бабын іске асыруға байланысты шығыстарды сұрау салатын әкімшілік өтейді.
      2. Осы Келісімнің 4-бабына сәйкес ұсынылатын техникалық жәрдемдесудің шығыстарының орнын Тараптар мемлекеттерінің кеден әкімшіліктері толтырады.
      3. Осы Келісімді орындауға байланысты барлық басқа шығыстарды егер, мұны Тараптар әрбір оқиға бойынша жеке айқындамаса, өз шығыстары үшін жауапты уағдаласушы Тарап көтереді.

13-бап
Келiсiмдi iске асыру

      1. Кеден әкiмшiлігі кедендік құқық бұзушылықтарды тергеуге және жолын кесуге жауапты адамдардың қажет болған жағдайда, бiр-бiрiмен тура және тiкелей байланыстар орнатуы мен байланыста болуы үшiн шаралар қабылдайды.
      2. Кеден әкiмшiлiктерi осы Келiсiмнiң шеңберiнде осы Келiсiмдi iске асыру үшiн қажеттi одан арғы әрекеттерді келiседi.
      3. Тараптардың арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiруге және қолдануға қатысты туындаған даулар мен проблемалар өзара консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.

14-бап
Басқа халықаралық шарттар

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап
Күшiне енуi және тoқтатылуы

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен кейін отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім бес жыл бойы қолданыста болады, одан кейін, егер Тараптардың бірде бірі ағымдағы кезең өткенге дейін алты ай бұрын өзінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарламаса, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Осыны куәландыру үшін өзінің Үкіметі тиісті дәрежеде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      «___» ____________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                 Корея Республикасының
            Үкіметі үшін                            Үкіметі үшін