Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі.
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 4-1/582 бұйрығын қараңыз.
«Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мақта нарығына мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 29 қарашадағы
№ 1504 қаулысымен
бекітілген
Мақта нарығына мониторинг жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мақта нарығына мониторинг жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және мақта нарығына мониторинг жүргізудің тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мақта нарығына қатысушылар – шитті мақтаны өндіруге, мақта талшығы етіп бастапқы өңдеуге және мақтаны сатуға қатысушы жеке және заңды тұлғалар;
2) мақта нарығына мониторинг (бұдан әрі – мониторинг) – мақта нарығына қатысушылар жүзеге асыратын мақтаны өндіруді, өңдеуді, сақтауды және өткізуді қоса алғанда, мақта нарығы деректерін жинауға, өңдеуге және талдауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
3) мониторинг объектілері – мақта нарығына қатысушылардағы шитті мақта және оның бастапқы өңдеу өнімдері (мақта талшығы, тұқым, линт, мақта талшығының қалдықтары).
3. Мониторингті мақта саласын дамыту жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Мақта нарығына мониторинг жүргізу тәртібі
4. Мониторинг кезеңдері:
1) деректерді жинау;
2) деректерді өңдеу;
3) деректерді талдау.
5. Мониторинг деректері мыналарды қамтиды:
1) шаруашылық жүргізуші субъектілердің (мақта нарығына қатысушылардың) болуы;
2) мақталық алқаптардың көлемі;
3) өнімділік болжамы;
4) нақты шығымдылық рефакцияны көрсете отырып, іс жүзіндегі және кондициялық салмақ бойынша шитті мақта өндірудің көлемі;
5) барлық санаттағы шаруашылықтарда шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы;
6) мақта өңдеу ұйымдарының, мақта тазалау зауыттарының және мақта қабылдау пункттерінің саны;
7) экспорт режимiнде ресiмделген мақта талшығының салмағы және статистикалық құны.
6. Мақта нарығына қатысушылар «Есеп құжаттарының тізбесі мен нысандарын, мақта қолхаттарын беру арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды сақтау, мақта нарығының мониторингін жүргізу мәселелері бойынша есеп беру мерзімдерін бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 917 қаулысымен бекітілген есеп нысандары (бұдан әрі – есеп нысаны) бойынша айына бір рет, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін ауданның жергілікті атқарушы органына мынадай:
1) мақта нарығына қатысушыларда шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы;
2) мақта өңдеу ұйымдарында шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы;
3) мақта өңдеу ұйымдарындағы шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң сапалық жай-күйі туралы ақпарат береді.
7. Ауданның жергілікті атқарушы органы мақта нарығына қатысушылар ұсынған осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мониторинг деректері бойынша шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң барлық санаттағы шаруашылықтарда болуы және қозғалысы туралы есеп нысаны бойынша ақпараттарды жасайды және оны есепті айдан кейінгі айдың 11-күніне дейін облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынады.
8. Ауданның жергiлiктi атқарушы органы шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң (мақта нарығына қатысушылардың) болуы туралы есеп нысаны бойынша ақпаратты егін егу және жинау жұмыстары аяқталғаннан кейiн күнтізбелік бес күн өткен соң жылына екi рет облыстың жергiлiктi атқарушы органына ұсынады.
9. Мақта нарығына қатысушылардан мақта шығымдылығының болжамы туралы мониторинг деректерін жинауды кейін есеп нысаны бойынша облыстың жергілікті атқарушы органына жиналған ақпаратты бере отырып, ауданның жергiлiктi атқарушы органы жылына бiр рет егін жинау жұмыстары алдында жүргізеді.
10. Облыстың жергiлiктi атқарушы органы аудандардың жергілікті атқарушы органдары берген мониторинг деректерін өңдеуді жүзеге асырады. 11. Шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы деректерді өңдеу барысында облыстың жергiлiктi атқарушы органы ауданның жергілікті органдары ұсынған төмендегі көрсеткіштер бойынша қортынды шығарады:
1) мақта нарығына қатысушыларда есепті онкүндіктің басында және соңында шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы;
2) есепті онкүндікке басқа облыстардан және импорттан жаңа жиналған егіннен шитті мақтаның кірісі;
3) есепті онкүндікке басқа облыстардан және импорттан қайта өңдеуден алынған шитті мақтаның қайта өңдеу өнімдерінің кірісі;
4) басқа облыстарға және экспортқа қайта өңдеуге, тиеп-жөнелтуге есепті онкүндікке шитті мақтаның шығыны;
5) басқа облыстарға және экспортқа тиеп-жөнелтуге облыс ішіндегі есепті онкүндікке шитті мақтаны қайта өнімдерінің шығыны.
Шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы деректерді өңдеу нәтижелері бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органы шитті мақтаның теңгерімін және шитті мақтаны бастапқы қайта өңдеу өнімдерінің теңгерімін жасайды, соның негізінде облыс бойынша барлық шаруашылық санаттарында шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы ақпаратты есеп нысаны бойынша жасайды және оны айына бір рет есепті айдан кейінгі айдың 12-күніне дейін уәкілетті органға жібереді.
12. Шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң (мақта нарығына қатысушылардың) болуы туралы деректерді өңдеу барысында облыстың жергiлiктi атқарушы органы ауданның жергілікті атқарушы органдары ұсынған есептерді есепке қоса берілген шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң (мақта нарығына қатысушылардың) тізімімен салыстырып тексеруді жүргізеді және облыс бойынша ұсынылған ақпаратты жинақтайды.
Шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң (мақта нарығына қатысушылардың) болуы туралы деректерді өңдеу нәтижелері бойынша облыстың жергілікті атқарушы органы есеп нысаны бойынша ақпарат жасайды және жылына екi рет, егін егу және жинау жұмыстары аяқталған соң күнтізбелік он күн өткеннен кейін оны уәкілетті органға жібереді.
13. Мақта шығымдылығының болжамы туралы деректерді өңдеу барысында облыстың жергілікті атқарушы органы аудандардың жергілікті атқарушы органдары берген ақпаратты жинақтайды, мақтаның себілген аудандары бойынша және жинауға жататын аудандар бойынша деректерді қосындылайды, орташа мақта шығымдылығын және облыс бойынша күтілетін жалпы өнімді есептейді.
Мақта шығымдылығының болжамы туралы деректерді өңдеу нәтижелері бойынша облыстың жергілікті атқарушы органы жылына бiр рет егін жинау жұмыстары алдында есеп нысаны бойынша ақпарат жасайды және оны уәкілетті органға жібереді.
14. Уәкілетті орган облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары ұсынған мониторинг деректерін талдауды жүзеге асырады.
15. Барлық шаруашылық санаттарында шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң болуы және қозғалысы туралы мониторинг деректерін талдауды жергілікті атқарушы органдар тиісті деректерді ұсынғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде айына бір рет уәкілетті орган жүргізеді.
Шиттi мақта мен оны бастапқы қайта өңдеу өнiмдерiнiң кірісі және шығынының көлемдері, шиттi мақтаны бастапқы қайта өңдеудің көлемдері бойынша және алынған мақта талшығы, мақта тұқымы, мақта линтi, талшықты қалдықтар саны бойынша деректер сипатталады.
16. Шаруашылық жүргізуші субъектiлердiң (мақта нарығына қатысушылардың) болуы туралы мониторинг деректерін талдауды жергілікті атқарушы органдар тиісті деректерді ұсынғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде уәкілетті орган жүргізеді.
Талдау жасау барысында бұрынғы есепті кезең деректерімен салыстыру бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілер санының ұлғаю не кему серпіні байқалады.
17. Мақта шығымдылығының болжамы туралы мониторинг деректерін талдауды жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпарат бойынша егін жинау жұмыстары алдында жылына бір рет уәкілетті орган жүргізеді.
Талдау жүргізу барысында мақтаның межеленген шығымдылығын қалыптастыруға әсер ететін, орын алған жағдайларға сипаттама беріледі.
18. Республика бойынша мониторинг деректерін талдау үшін есеп нысаны бойынша экспорт режимiнде ресiмделген мақта талшығының салмағы және статистикалық құны туралы кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органнан айына бір рет ақысыз негізде алынатын мәліметтер пайдаланылады.
19. Республика бойынша жиынтық ақпаратта көрсетілген мониторинг деректері уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылады және мақта нарығына қатысушылар үшін қолжетімді болып табылады.