РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл шарт Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 15 желтоқсанда Астана қаласында жасалған 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы туралы шарт бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 1172 қаулысымен
бекітілген
2010 жылғы 9 желтоқсандағы Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы туралы
ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Орталық банкі,
2010 жылғы 9 желтоқсандағы Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімнің (бұдан әрi – Келісім) 5-бабының ережелерін негізге ала отырып,
Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыру өкілеттіктеріне ие мемлекеттік органдары, атқарушы билік органдары мен Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері (бұдан әрi – валюталық бақылаудың уәкілетті органдары) арасындағы валюталық бақылау саласындағы ынтымақтастықтың қажеттілігін тани отырып,
валюталық заңнаманы бұзуға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында іс-қимыл жасай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жалпы ережелер
1. Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының валюталық заңнаманы бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыру мақсатындағы ынтымақтастығы осы Шарттың мәні болып табылады.
2. Осы Шартта пайдаланылатын терминдер Келісімде, Кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген мәндерде қолданылады.
3. Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері осы Шарт күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде валюталық бақылаудың уәкілетті органдары туралы, олардың ресми атауларын, мекенжайларын және өзге де ресми деректемелерін көрсете отырып, бір-бірін жазбаша хабардар етеді.
4. Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының ресми атауы немесе өзге де ресми деректемелері өзгерген жағдайда Келісімге қатысушы тиісті мемлекеттің үкіметі Келісімге қатысушы басқа мемлекеттердің үкіметтерін көрсетілген өзгерістер туралы дереу хабардар етеді.
2-бап
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы
1. Валюталық бақылаудың уәкілетті органдары:
1) мыналар:
валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының валюталық заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру саласындағы практикасы туралы;
құқықтық сипаттағы, оның ішінде валюталық бақылау саласындағы заңнама туралы, валюталық бақылау саласындағы заңнаманың өзгерістері туралы, сондай-ақ валюталық бақылауды ұйымдастыру мәселелері бойынша;
Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық заңнамасының сақталуын бақылау жүйесін құру және оның жұмыс істеуі туралы ақпарат алмасуды;
2) Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық заңнаманы бұза отырып, оның ішінде валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының сұратулары негізінде жүргізілген операциялар туралы ақпарат алмасуды қоса алғанда, Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің валюталық операцияларды жүзеге асыруы кезінде валюталық заңнаманы бұзуының алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша ынтымақтастықты;
3) Тараптардың валюталық бақылау саласындағы өзара мүдделерін қозғайтын проблемалар бойынша бірлескен талдамалық зерттеулер жүргізуді;
4) жұмыс топтарын құруды, тәжірибе алмасуды және кадрларды оқытуды қоса алғанда, ынтымақтастық процесінде туындайтын мәселелер бойынша практикалық көмек көрсетуді;
5) мынадай:
Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операциялар бойынша ақшалай қаражат төлемдері мен аударымдарының көлемдері туралы;
Келісімге қатысушы бір мемлекет резиденттерінің Келісімге қатысушы басқа мемлекеттің уәкілетті ұйымдарында ашқан шоттарының саны туралы статистикалық ақпарат алмасуды ұйымдастыруды жүзеге асырады.
2. Осы Шартты іске асыру үшін валюталық бақылаудың уәкілетті органдары тұрақты негізде ақпарат беруді қоса алғанда, нақты бағыттар бойынша өзара іс-қимыл тәртібі туралы хаттамаларға қол қояды.
3-бап
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының сұратулары бойынша ақпарат алмасу
1. Тараптар сұратуды жіберу мен орындаудың мынадай тәртібін айқындайды:
1) сұрату жазбаша нысанда немесе мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы берілуі тиіс.
Кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайларда телефон байланысы арқылы берілген ауызша сұрату қабылданады, алайда ол дереу жазбаша нысанда расталуы тиіс.
Мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану кезінде,сондай-ақ алынған сұратудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына қатысты күмән туындаған кезде сұратылатын валюталық бақылаудың уәкілетті органы растауды жазбаша нысанда сұрата алады;
2) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу шеңберінде ақпарат алуға сұрату мыналарды қамтуы тиіс:
сұратушы валюталық бақылаудың уәкілетті органының атауы; сұратылатын валюталық бақылаудың уәкілетті органының атауы;
қажет болған кезде растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілген істің нақты мән-жайының қысқаша сипаттамасы;
сұратушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес құқық бұзушылықты жіктеу;
сұратуды орындау үшін қажетті басқа да мәліметтер;
3) ақпарат алуға сұрату және оған жауап орыс тілінде жасалады.
2. Осы Шарттың шеңберінде алынған ақпаратты үшінші тарапқа беру қажет болған жағдайда осы ақпаратты берген валюталық бақылаудың уәкілетті органының жазбаша келісімі талап етіледі.
3. Сұрату оны сұратушы валюталық бақылаудың уәкілетті органының сұратушы Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген іс жүргізу мерзімдерін сақтау мүмкіндігі ескеріліп орындалады.
Сұратылатын валюталық бақылаудың уәкілетті органы, егер бұл сұратуды орындау үшін қажет болса, нақтылау тәртібімен қосымша ақпаратты сұратуға құқылы.
4. Сұратуды орындау мүмкін болмаған кезде сұратылатын валюталық бақылаудың уәкілетті органы бас тарту себептерін көрсете отырып, сұратушы валюталық бақылаудың уәкілетті органын бұл туралы хабардар етеді.
5. Валюталық бақылаудың уәкілетті органдары осы Шартты өз мемлекетінің аумағында орындауға байланысты шығыстарды көтереді.
Қосымша шығыстарды талап ететін сұратулар алынған жағдайда, валюталық бақылаудың уәкілетті органдары оларды қаржыландыру туралы мәселені өзара уағдаластық бойынша қарайды.
4-бап
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының өзара практикалық көмек көрсету тәртібі
Практикалық көмек көрсету:
валюталық бақылаудың уәкілетті органдары өкілдерінің жұмыс сапарларын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
семинарлар мен консультациялар жүргізу;
әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және олармен алмасу жолымен жүзеге асырылады.
5-бап
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл қағидаттары
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдары өзара іс-қимылды заңдылық, өзаралық, жеделділік және құпиялылық қағидаттары бойынша жүзеге асырады.
Осы Шартты орындауға байланысты мәселелер бойынша валюталық бақылаудың уәкілетті органдары бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
Валюталық бақылаудың уәкілетті органдары және олардың лауазымды тұлғалары өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде өздеріне мәлім болған банктік, салық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға міндетті.
Осы Шарттың шеңберінде валюталық бақылаудың уәкілетті органдары арасындағы құжаттар мен ақпарат алмасу банктік, салық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны бұзу болып табылмайды.
6-бап
Осы Шартқа өзгерістер енгізу тәртібі
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.
7-бап
Тараптар арасындағы дауларды реттеу тәртібі
Осы Шарттың ережелерін түсіндірумен және (немесе) қолданумен байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.
Егер дауды Тараптар келіссөздер және консультациялар жолымен оларды жүргізу туралы дау Тараптары бірінің даудың басқа Тарабына жіберген ресми жазбаша өтініші берілген күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда дау Тараптарының оны шешудің тәсіліне қатысты өзге уағдаластығы болмаған кезде, дау Тарабының кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына қарау үшін береді.
8-бап
Осы Шарттың күшіне енуі
Осы Шарт 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап уақытша қолданылады.
Осы Шарт депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Шарт Келісімнің қатысушылары болған басқа да мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Шартқа қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Шарт депозитарий қосылу туралы құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2011 жылғы 15 желтоқсанда Астана қаласында бір түпнұсқа дана орыс тілінде жасалды.
Түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық банкі үшін
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін Ұлттық Банкі үшін
Ресей Федерациясының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Орталық банкі үшін