Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 мамырдағы № 439-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
           Президенті                            Н. Назарбаев

Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 11-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы
      экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге және валюта-қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағында тауарлардың, қызмет көрсетулердің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге жәрдемдесе отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарының сыртқы сауда және инвестициялық операциялардағы рөлін арттыру және көрсетілген валюталардың өзара айырбасталуын қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде валюталық саясатты үйлестіру жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын тани отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы әрбір мемлекеттің экономикалық ерекшелігін ескере отырып, тең құқықтық және өзара пайда алу қағидаттарына сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      «осы Келісімге қатысушы мемлекеттің резиденті» - осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бірінің осы мемлекеттің валюталық заңнамасына сәйкес резиденті;
      «осы Келісімге қатысушы мемлекеттің резидент емесі» - осы Келісімге қатысушы мемлекет болып табылмайтын мемлекеттің резиденті;
      «үшінші ел» - осы Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекет немесе заңды құзыры;
      «валюталық шектеулер» - валюталық операцияларға тікелей тыйым салудан, көлемдерін, санын және жүргізу мерзімдерін, төлем валютасын лимиттеуден, оларды жүргізуге арналған арнайы рұқсаттарды (лицензияларды) алуға, жүргізілетін валюталық операция сомасының бір бөлігін, бүкіл сомасын немесе бүкіл сомасына еселі соманы резервтеуге талаптар белгілеуден көрінетін заңнамамен белгіленген шектеулер, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында шоттар ашуға және жүргізуге байланысты шектеулер;
      «ырықтандыру шаралары» - нәтижесі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің  резиденттері  арасындағы  валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің резидент еместерімен операцияларға қатысты валюталық шектеулерді бәсеңдету немесе жою болып табылатын шаралар.
      Осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін жасалатын халықаралық шарттарда оларды орындау үшін өзге де қажетті терминдер пайдаланылуы мүмкін.

2-бап

      Тараптар валюталық саясатты мынадай қағидаттардың негізінде әзірлейді және жүргізеді:
      1) Тараптар валюталық саясатты кезең-кезеңімен және ықпалдасу ынтымақтастығының қалыптасқан макроэкономикалық қажеттіліктеріне сәйкес келетіндей көлемде қалыптастыру мен жүргізудің тәсілдерін үйлестіруді және жақындатуды жүзеге асырады;
      2) Тараптар валюта саласындағы ықпалдасу процестерін дамыту, валюталық саясатты үйлестіру мен келісу үшін ұлттық және мемлекетаралық деңгейде қажетті ұйымдастыру-құқықтық жағдайлар жасайды;
      3) Тараптар валюта саласында ықпалдасу процестерінің дамуына теріс әсер етуі мүмкін іс-қимылдарды қолданбайды, ал оларды еріксіз қолданған жағдайда мұндай іс-қимылдардың салдарларын барынша азайтуға тырысады;
      4) Тараптар осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекеттің ішкі валюта нарығында, сол сияқты халықаралық валюта нарықтарында Тараптардың ұлттық валюталарына деген сенімді арттыруға бағытталған экономикалық саясатты жүргізеді.

3-бап

      Келісілген валюталық саясатты жүргізу мақсатында Тараптар мынадай шаралар қабылдайды:
      1) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарының осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің өзара есеп айырысуларында пайдаланылуын кеңейтуді қамтамасыз ету үшін ұлттық валюталардың айырбастау бағамының саясатын (бұдан әрі - бағамдық саясат) үйлестіру;
      2) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің шетел валютасын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің банктері арқылы шектеусіз сатып алу және сату мүмкіндігі үшін жағдайлар жасау арқылы ұлттық валюталарының төлем балансының ағымдағы және күрделі баптары бойынша шектеусіз айырбасталуын қамтамасыз ету;
      3) Тараптардың ұлттық валюталарының өзара тікелей бағалар белгілеуіне жағдайлар жасау және қамтамасыз ету;
      4) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің сыртқы экономикалық қызметіне қатысушылар арасында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарымен өзара есеп айырысулар жүргізуді қамтамасыз ету;
      5) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы өзара саудаға кедергі келтіретін ұлттық валюталардың ресми айырбастау бағамдарының көптігіне жол бермеу;
      6) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерінің биржа нарығында қалыптасқан бағамның негізінде не ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты кросс-бағамдарының негізінде ұлттық валюталарының ресми бағамдарын белгілеуі;
      7) бағамдық саясаттың іс-шараларын әзірлеу және үйлестіру мақсатында өзара консультациялар жүргізу;
      8) валюта нарығының жай-күйі және даму перспективалары туралы жүйелі негізде ақпарат алмасу;
      9) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ықпалдасқан валюта нарығын қалыптастыру;
      10) әрбір Тараптың осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын және өз мекемесі мемлекетінің заңнамасына сәйкес осы Тараптың резиденттері болып табылатын банктерге жасалған қолайлы режимнен кем емес құқықтық режим жағдайында банкаралық конверсиялық операцияларын жүргізу үшін валюталық операцияларды жүзеге асыру құқығына ие банктердің өз ұлттық валюта нарығына кіруін қамтамасыз етуі;
      11) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің банктеріне осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің корреспонденттік шоттарындағы ұлттық валюталарындағы өздеріне тиесілі қаражатты үшінші елдердің валюталарына еркін конверсиялау құқығын беру;
      12) ұлттық валюта нарықтарының өтімділігін одан әрі дамыту және арттыру;
      13) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктерінің валюталық активтерін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарына, оның ішінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына орналастыру үшін жағдайлар жасау;
      14) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер арасында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері арасындағы өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту негізінде төлеу-есеп айырысу қатынастарының тетігін жетілдіру.

4-бап

      Валюталық құқықтық қатынастарды реттейтін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамалары мен Тараптардың нормативтік құқықтық актілерін жақындастыру және ырықтандыру шараларын қабылдау мақсатында Тараптар төмендегілер туралы келісті:
      1) Тараптар тиімді экономикалық кооперацияға кедергі келтіретін валюталық операцияларға және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында орналасқан банктерде шоттар ашуға немесе жүргізуге қатысты валюталық шектеулерді біртіндеп жоюды қамтамасыз етеді;
      2) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резидент еместерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттер аумағында орналасқан банктерде шоттар, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің үшінші елдерде орналасқан банктерде шоттар ашу немесе жүргізу тәртібіне қатысты келісілген тәсілдерді айқындайды;
      3) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің олардың банк шоттарына міндетті түрде аударылуға тиіс ақша қаражатын репатриациялауға қойылатын талапқа қатысты тәсілдерді әзірлеу тұрғысында ұлттық егемендікті сақтау қағидатына сүйенеді;
      4) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің оларға қатысты валюталық шектеулер қолданылмайтын резиденттерінің арасында жүзеге асырылатын валюталық операциялардың тізбесін айқындайды;
      5) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында орналасқан банктеріндегі банк шоттарын пайдаланбай есеп айырысуларды жүзеге асыру құқығын қоса алғанда, валюталық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттерінің қажетті көлемін келісіп айқындайды;
      6) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің олардың банк шоттарына міндетті түрде есептелуі тиіс ақша қаражатын репатриациялау жөніндегі талаптардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді;
      7) Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің және резидент еместерінің қолма-қол ақша қаражатын және бағалы қағаздарды Кеден одағының бірыңғай кеден аумағы шегінде құжаттандырылған нысанда еркін өткізуін қамтамасыз етеді;
      8) Тараптар валюталық операцияларды есепке алу және бақылау талаптарының үйлесімділігін қамтамасыз етеді;
      9) Тараптар валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларын және валюталық реттеу органдарының актілерін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы нормалардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді.

5-бап

      Осы  Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы:
      1) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің бақылаушы және құқық қорғау органдарының осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнамаларының сақталуын бақылау саласындағы практикасы туралы;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнамаларының сақталуына бақылау жүйесін жетілдіру және оның жұмыс істеуі жөніндегі шаралар туралы ақпарат алмасу;
      2) осы Келісімге қатысушы мемлекеттер резиденттерінің валюталық операцияларды жүзеге асыруы кезінде заңнаманы бұзуын анықтау жөніндегі ынтымақтастығы;
      3) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылау саласындағы өзара мүдделерін қозғайтын проблемалар бойынша бірлескен талдамалық зерттеулер жүргізу;
      4) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің валюталық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығының өзге де мәселелері бойынша өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады.

6-бап

      1. Осы Келісімге қатысушы әрбір мемлекет (егер ахуал экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешілуі мүмкін болмаса) ерекше жағдайларда валюталық шектеулерді бір жылдан аспайтын мерзімге енгізуге құқылы.
      2. Ерекше жағдайларға:
      1) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру кезінде экономикалық және қаржылық ахуалдың нашарлауына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың туындауы;
      2) оның салдарынан алтын-валюта резервтері жол берілетін деңгейден азаюы мүмкін төлем балансындағы ахуалдың теріс дамуы;
      3) ырықтандыру шараларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттің қауіпсіздік мүдделеріне зиян келтіруі және қоғамдық тәртіпті қолдауға кедергі келтіруі мүмкін жағдайлардың туындауы;
      4) мемлекеттің валюта бағамының күрт ауытқулары жатады.
      3. Валюталық шектеулерді енгізу туралы хабарламаларды Тараптың бірі басқа Тараптарға осындай шектеулер қолданысқа енгізілген сәттен бастап 15 күннен кешіктірмей жібереді.

7-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру:
      1) осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті уәкілетті органдарының осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды келісу мақсатында консультациялар жүргізуі;
      2) осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін жекелеген жағдайларда тиісті халықаралық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылады.
      2. Тараптар осы Келісімнің 3-5-баптарының ережелерін іске асыру үшін халықаралық шарттарға қол қоюдың мынадай мерзімдерін айқындады:
      1) осы Келісімнің 3-бабы бойынша осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері арасындағы шарттарға қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін;
      2) осы Келісімнің 4-бабы бойынша осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері мен орталық (ұлттық) банктері арасындағы шарттарға қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін;
      3) осы Келісімнің 5-бабы бойынша осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері мен орталық (ұлттық) банктері арасындағы келісімдерге қол қою - 2011 жылғы қыркүйекке дейін.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелері олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндірумен және (немесе) орындаумен байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.
      Егер дауды бір дауласушы тараптың басқа дауласушы тарапқа бағыттап келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап алты ай ішінде олар арқылы дауласушы тараптар реттей алмаса, онда дауласушы тараптар арасында оны шешудің тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде, кез келген дауласушы тарап бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жібере алады.

11-бап

      Осы Келісім депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті алған, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлаған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім 2003 жылғы 19 қыркүйектегі Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру туралы келісімнің және 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шарттың қатысушылары болған басқа да мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 9 желтоқсанда бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                      Қазақстан                Ресей
    Республикасы                  Республикасы            Федерациясы
        үшін                          үшін                   үшін

      Осы арқылы осы мәтін 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында: Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукашенко, Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті Д.А. Медведев қол қойған Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісім түпнұсқасының толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатындығын куәландырамын.
      Төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

Тігілген, қол
қоюмен және мөрмен
расталған барлығы
9 парақ

      ЕурАзЭҚ Интеграциялық
      Комитетінің Хатшылығы Құқықтық
      департаментінің басшысы                    B.C. Князев
      13.12.2010 ж.

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің отырысында мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылған Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы Келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Төрағаның орынбасары                       Д. Ақышев

      Тігілген, қол
қоюмен және мөрмен
расталған 8 парақ

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Валюталық саясаттың келісілген принциптері туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Н. Сәкенов