Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдар саласындағы қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 наурыздағы № 412 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 наурыздағы № 223 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 06.03.2013 № 223 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдар саласындағы қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. «Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін арнайы техникалық құралдар саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және осы қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 23 маусымдағы № 528 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 21, 238-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2012 жылғы 31 наурыздағы 
№ 412 қаулысымен   
бекітілген      

Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы
техникалық құралдар саласындағы қызметке қойылатын
біліктілік талаптары

      1. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдарды (бұдан әрі - АТҚ) әзірлеу, ендіру, жөндеу және өткізу жөніндегі қызмет мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
      1) АТҚ-ны әзірлеу және өндіру;
      2) АТҚ-ны жөндеу және өткізу.
      2. АТҚ саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптары:
      1) жоғарғы техникалық білімі бар маманның;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдалана отырып, мәлімделген қызмет түрі бойынша жұмыс жүргізуге Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары беретін рұқсаттың;
      3) осы біліктілік талаптарының қосымшасына сәйкес ең аз техникалық құралдар мен бақылау-өлшеу жабдықтарының;
      4) біліктілік сынақтың нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын мәлімделген тұлғалардың білім деңгейін бағалаудың болуын қамтиды. АТҚ саласындағы біліктілік сынақтарын тапсыру үшін сұрақтар тізбесін лицензиар белгілейді.
      3. АТҚ-ны әзірлеу және өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін мынадай қосымша біліктілік талаптары белгіленеді:
      1) арнайы бөлінген өндірістік үй-жайдың (жеке меншік құқығы немесе өзгеше заңды негіз болған кезде);
      2) әзірленетін және өндірілген АТҚ-ны сақтау үшін оқшауландырылған үй-жайдың (жеке меншік құқығы немесе өзгеше заңды негіз болған кезде).
      Бұл ретте үй-жайлар:
      1) терезелері темір тормен;
      2) тәуліктік күзет пультіне қосылған күзет және өрттен қорғау сигнализациясы жүйелерімен;
      3) екі құлыпты құрылғысы бар мөрленетін темір есіктермен;
      4) мөрленетін кемінде бір темір шкафпен жабдықталуы тиіс.
      4. АТҚ-ны жөндеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жеке меншік құқығында немесе өзге заңды негіздегі арнайы бөлінген үй-жайдың болуын қамтитын қосымша біліктілік талап белгіленеді.
      Бұл ретте үй-жай;
      1) терезелері темір тормен;
      2) тәуліктік күзет пультіне қосылған күзет және өрттен қорғау сигнализациясы жүйелерімен;
      3) құлыпталатын мөрленетін темір есіктермен;
      4) арнайы техникалық құралдарды, және оларға техникалық құжаттамаларды сақтау үшін мөрленетін кемінде бір темір шкафпен жабдықталуы тиіс.

Жедел іздестіру іс-шараларын    
жүргізуге арналған арнайы техникалық
құралдар саласындағы қызмет түріне
қойылатын біліктілік талаптарына 
қосымша            

Техникалық құралдардың және бақылау-өлшеу
жабдықтарының ең аз қажетті
ТІЗБЕСІ

Р/с

Техникалық құралдардың және бақылау-өлшеу жабдықтарының атауы

1

мультиметр

2

осциллограф

3

вольтметр

4

амперметр

5

жиілік өлшегіш

6

жоғары жиілікті сигналдардың генераторы

7

төменгі жиілікті сигналдардың генераторы

8

ток күші мен кернеуі реттелінетін тұрақты ток көзі

9

реттелінетін айнымалы кернеу көзі (автотрансформатор)

10

өріс индикаторы

11

дәнекерлейтін станция