Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 7 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "133", "132-1", "270" деген цифрлар тиісінше "135", "134", "308" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтіні бойынша "оны пайдалану", "сондай-ақ пайдалану", "пайдаланудың арнайы", "көзделген пайдаланудың", "пайдаланудың басқа да нысандары", "адамды пайдалану", "пайдалану мақсатынсыз", "сексуалдық пайдалану", "пайдалану нысандарының", "Адамды пайдалану", "еңбегін пайдалану", "одан әрі пайдалану", "пайдалану барысында", "Пайдалану", "саудаға салу кезінде пайдалану", "оны пайдалануды", "пайдаланатын", "жәбірленушіні пайдалануға", "пайдалануға келісімі", "оны пайдалануға" деген сөздер тиісінше "оны қанау", "сондай-ақ қанау", "қанаудың арнайы", "көзделген қанаудың", "қанаудың басқа да нысандары", "адамды қанау", "қанау мақсатынсыз", "сексуалдық қанау", "қанау нысандарының", "Адамды қанау", "еңбегін қанау", "одан әрі қанау", "қанау барысында", "Қанау", "саудаға салу кезінде қанау", "оны қанауды", "қанайтын", "жәбірленушіні қанауға", "қанауға келісімі", "оны қанауға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Адамды саудаға салуға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды дұрыс әрі біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілікті анықтайтын заңнаманың дұрыс қолданылуы адамның құқықтары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ететініне қылмыстық процесті жүргізуші органдардың назары аударылсын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 128 және 135-баптарында көзделген қылмыстардың объективті жағы адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуды білдіреді және адамды сатып алу-сату немесе адамға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, оны қанау, азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де әрекеттер жасаудан байқалады.

      ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі және ҚК-нің 135-бабының бірінші бөлігі бойынша әрекеттерді саралау үшін осы баптардың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуінің жасалу фактісінің анықталғаны жеткілікті.

      ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша жәбірленушіге қатысты сатып алу-сатуды және өзге де мәмілелер жасауды саралау үшін қанаудың арнайы мақсатының бар болуы талап етілмейді, себебі адам мәмілелердің объектісі болып табылмайды және мұндай мәмілелер оларды жасасқан сәттен бастап жарамсыз деп танылады.

      Жәбірленушіні азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сонымен қатар ҚК-нің 128, 135-баптарында көзделген өзге де іс-әрекеттерді жасау кезінде адамды қанау мақсаты міндетті белгі болып табылады. Адам саудасының құрамы формальды болып табылады және адамға қатысты нақты сатып алу-сату, өзге де мәмілелердің жасалған кезден бастап аяқталды деп есептеледі.

      Адамды саудаға салумен байланысты қылмыстың объектісі адамның бостандығы, оның жеке басының қауіпсіздігі, құқықтары мен заңды мүдделері, ар-намысы мен қадір-қасиеті, тұратын жерін, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау құқығы болып табылады.

      Адамды сатып алу-сатудың немесе оған қатысты өзге де мәмілелерді жасасудың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады. Сондықтан әрекетті ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі бойынша және ҚК-нің 135-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау үшін осындай мәмілелердің қандай мақсатпен жасалғаны маңызды емес.

      Адамды азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу және ҚК-нің 128, 135-баптарында көзделген өзге де іс-әрекеттерді жасау кезінде қылмыстың субъективті жағы тікелей пиғылмен сипатталады, ал қылмыстың мақсаты адамды қанау болып табылады.

      Қылмыстарды жасау тәсілдері – күш қолдану, оны қолдану қатерін төндіру, ұрлау, нұқсан келтіретін мәліметтерді, фото-, бейнематериалдарды тарату қатерін төндіру, бопсалау, параға сатып алу, алдау, билікті теріс пайдалану, материалдық немесе өзге де тәуелділікті пайдалану, жеке басы, отбасы жағдайларын қасақана ауырлату және тағы сол сияқты болуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      3. Адамды сатып алу-сату деп бір тарап (сатушы) басқа тарапқа (сатып алушыға) адамды белгілі бір сыйақы үшін беретін құқыққа қайшы ақылы мәмілені түсінген жөн.

      ҚК-нің 128-бабы бойынша не ҚК-нің 135-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқтыратын өзге мәмілелерге адамды сыйға тартуды (адамды басқа бір адамға тегін беру), айырбастауды (адамды әлденеге айырбастау), алмастыруды (бір адамды басқа бір адаммен ауыстыру), жалға беруді (адамды ақыға уақытша иеленуге және пайдалануға беру), адамды тараптар арасында жасалған мәміле бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің кепілі ретінде қалдыруды, адамды төлем ретінде пайдалануды, адамды қандай да бір мүліктік емес сипатта пайда табу мақсатында беруді және басқаларды жатқызған жөн.

      4. Адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелер жасасуды адам басқа адамдарға берілген сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеген жөн. Бұл ретте адамды сатқаны немесе өзге де мәмілелерді жасасқаны үшін сыйақы алу уақыты маңызды емес.

      Адамның жәбірленушіге қатысты сатып алу-сатумен немесе басқа да мәмілелер жасауымен қатар жезөкшелікпен айналысуға тартуы не пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлығы не осы жәбірленушіні басқа нысандарда қанау мақсатынсыз (мысалы, еңбек етуге, қайыршылықпен айланысуға мәжбүрлеу және басқалар) жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыруы, ұстауы, сот дәлелденді деп таныған әрбір іс-әрекет тиісті баптардың жиынтығы бойынша дербес саралануға тиіс: мәміле жасағаны үшін ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша, жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ҚК-нің 134, 308-баптары бойынша, жеңгетайлық немесе притондар ұйымдастырғаны және ұстағаны үшін ҚК-нің 309-бабы бойынша.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Адамды азғырып-көндіру деп жәбірленушіні қандай да бір жұмыстарды немесе қандай да бір қызметті, соның ішінде, егер оны қанау мақсатымен байланысты болса құқыққа қайшы қызметті атқаруға келісуіне қол жеткізу түсініледі. Азғырып-көндіру тәсілдері әртүрлі: сыйақы жөнінде уәде беру, жұмыс ұсыну, алдау, азғыру, бопсалау, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету және басқалар болуы мүмкін.

      Адамды саудаға салған кезде азғырып көндірудің аражігін жезөкшелікпен айналысуға тартудан аяқталу сәті бойынша ажыратқан жөн: азғырып көндірілген адамның оны қанауды жүзеге асыруға келісімін алған сәттен бастап азғырып көндіру аяқталды деп саналады, жезөкшелікпен айналысуға тарту осы адамды аталған қызмет түріне көндіре алғандығына немесе алмағандығына қарамастан, жезөкшелікпен айналысуға тартуға бағытталған іс-қимылдардың жазылған тәсілдерінің бірі жасалған кезден бастап аяқталды деп саналады.

      Азғырып көндіру кезінде адамның пиғылы жезөкшелікпен айналысуға тартуға ғана бағытталған жағдайда, жасалған іс-әрекет ҚК-нің тиісті 308 немесе 134-баптары бойынша қылмыстық-құқықтық бағалауға жатады, себебі сексуалдық қанау мақсатында азғырып көндіргені және жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңның нормалары ҚК-нің 12-бабының үшінші бөлігінде көзделген бәсекелестік жағдайында болады. Жезөкшелікпен айналысуға тарту және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық ҚК-нің 128, 135-баптарына қатысты арнайы нормалар болып табылатын қанау нысандарының бір түрін білдіреді.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      6. Адамды тасу адамды қанау мақсатында бір жерден екінші жерге, соның ішінде бір елді мекеннің ішінде оның орнын ауыстыруға байланысты қасақана жасалатын іс-әрекетті білдіреді. Бұл ретте көлік түрі, адамды тасымалдау уақыты мен тәсілдері әрекетті саралау үшін маңызды емес. Адамды тасу апарылатын адамды тек оған біреудің ілесуімен жеткізуді ғана емес, сондай-ақ апарылатын жәбірленушіге баратын жеріне дейін жол жүру құжаттарын сатып әперуді, жәбірленушінің ол жерге өз бетімен жетуін білдіреді. Жеткізу жүзеге асырыла бастаған сәттен аяқталды деп есептеледі.

      7. Жәбірленушіні беру деп оны қанайтын адамға тікелей беруді түсінген жөн.

      Өзінің немесе басқа адамдардың адамды қанау мақсатында берген және алған адамдардың іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабының тиісті бөлігі бойынша, ал кәмелетке толмағанға қатысты - ҚК-нің 135-бабының тиісті бөлігі бойынша саралауға жатады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Адамды кейін қанау мақсатымен жасыру деп жәбірленушіні тасымалдау, беру, сатып алу-сату, басқа да мәмілелер жасасу үшін қолайлы сәт басталғанға дейін құқық қорғау органдарынан, туыстары мен басқа адамдардан жасыруды (мысалы, арнайы үй-жайларда жасыру, еркін жүруіне кедергі келтіру, дәрі-дәрмекпен физикалық немесе психикалық белсенділігін төмендету) түсінген жөн. Жасыру жәбірленушінің өзін жасырумен қатар оны табуды қиындататын өзге де іс-әрекеттерден (құжаттарын, сыртқы бейнесін өзгерту және тағы басқалар) байқалуы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. "Адамды қанау" ұғымын ҚК-нің 128, 135-баптарына лайықтап айқындау кезінде ҚК-нің 3-бабының 1-тармағын басшылыққа алған жөн.

      Адам саудасына байланысты істерді қарау кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2000 жылғы 15 қарашада қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 маусымдағы № 37-IV Заңымен ратификацияланғанын ескеру қажет.

      ҚК-нің 128-бабында көзделген қанаудың түрлі нысаны бар (сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбек, қайыршылықпен айналысу және т.б.). ҚК еңбегін қанау немесе қайыршылықпен айналысу сияқты адамды қанау нысандарын жеке арнайы нормаға бөлмейді. Сондықтан жәбірленушіні жезөкшелікпен айналысуға тарту және алынған табыстарды иемденіп алу, сонымен қатар қанаудың басқа да нысандары (мәжбүрлі еңбек және т.б.) арқылы одан әрі қанау үшін жәбірленушіге қатысты сатып алу-сату не өзге де мәмілелерді жасасу жағдайларында мұндай әрекеттер кінәлі адамның бір мақсатқа – жәбірленушіні қанауға қол жеткізу үшін ортақ ниетпен біріккен іс-әрекеттерді жасағанын куәландырады және ҚК-нің 308, 134-баптары бойынша қосымша сараланбастан, ҚК-нің 128 немесе 135-баптарында көзделген бір қылмыс ретінде сараланады.

      Егер ҚК-нің 128-бабының екінші бөлігінде көрсетілген ықпал ету құралдарының кез келгені пайдаланылса, жәбірленушінің жоспарланған қанауға келісімі назарға алынбайды.

      ҚК-нің 135-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жоспарланған қанауға кәмелетке толмаған жәбірленушінің келісімі назарға алынбайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9-1. Клиенттер іздестіруді, сатып алу-сату, айырбас шарттарын және басқа да мәмілелерді жасасу үшін сауда-саттық ұйымдастыруды, оның ішінде телекоммуникация желілерін және тағы сол сияқтыны пайдалана отырып ұйымдастыруды адамды қанау мақсатындағы өзге де іс-әрекеттер деп түсінген жөн.

      Ескерту. 9-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9-2. Адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарағанда, ҚК-нің 152, 153, 156, 395-баптарында көзделген әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық жұмыс беруші мен қызметкердің арасында еңбек құқық қатынастары орын алған және адамды қанау мақсаты болмаған кезде туындайды.

      Ескерту. 9-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Жәбірленушіні жыныстық сипаттағы іс-әрекеттерді жасау (азғындық іс-әрекеттер, порнографиялық түсірілімдер, бейне-клиптер жасау) үшін мәжбүрлеп пайдалану ҚК-нің 128, 135-баптарының диспозициясымен қамтылады және ҚК-нің 134-бабы бойынша не ҚК-нің 308-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі кезінде ҚК-нің 13-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстардың жиынтығы болмайды және іс-әрекет тиісті арнайы норма бойынша саралануға тиіс, сондықтан жезөкшелікпен айналысуға тарту және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық ҚК-нің 128 немесе 135-бабының диспозияцияларында көзделген адам саудасы кезінде сексуалдық қанау жөніндегі әрекеттерге қатысты арнайы нормалар бола тұра, ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша қосымша сараланбастан, ҚК-нің тиісті 134, 308 немесе 309-баптары бойынша саралануға тиіс.

      Соттардың ҚК-нің 309-бабында көзделген притон ұйымдастыру, притонды ұстау және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық дербес әрекет болып табылатындығын және өздігінен жеке-жеке қылмыс құрамын құрайтындығын ескергені жөн. Жезөкшелікпен айналысу үшін притонды ұстамай оны ұйымдастыру не жеңгетайлықпен айналыспай осындай притонды ұстау ғана немесе притонды ұйымдастырмай және ұстамай пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық болуы мүмкін.

      Жеңгетайлық жезөкшелікке жәрдемдесу арқылы пайда түсіріп, жыныстық қызмет көрсететін адаммен келісімге келу негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      11. ҚК-нің 128, 135-баптарында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуі өздеріне қатысты тікелей жасалған адамдарды жәбірленушілер деп таныған жөн. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттер өзіне қатысты жасалған адамға келтірілген зиянды анықтау қажет болған кезде арнайы білімі бар адамдарды тартуға құқылы.

      Қылмыстық процесті жүргізуші органдар жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 47, 96, 97-баптарында, сонымен қатар сот талқылауы ҚПК-нің 98-бабында көзделген шараларды қабылдауға міндетті.

      ҚПК-нің 47-бабына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші органдар жәбірленушінің ішкі мән-жайлары мен жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.

      Жәбірленушілер адам саудасы объектілері ретінде болған жағдайда немесе соның салдарынан қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды құрайтын әрекеттерді жасағаны үшін ҚК-нің 23, 32, 33, 34, 36, 37-баптарында және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 741-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде (мысалы, заңсыз көші-қон, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана кесіп өткені, елден шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны, елде болу ережесін бұзғаны, жалған құжаттарды пайдаланғаны, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны және тағы сол сияқты үшін) жауаптылыққа тартуға жатпайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      12. Адамды саудаға салу екі және одан да көп адамға қатысты бір мезгілде не әртүрлі уақытта жасалуы мүмкін. Кінәлі адамның іс-әрекеттерін қылмыстардың бірнеше мәрте қайталану не екі және одан да көп адамға қатысты жасалу белгілері бойынша саралау кезінде оның ниетінің бағытын, нақты іс-әрекеттерінің сипатын, қылмыстар арасындағы уақытты және жасалған қылмыстың басқа да мән-жайларын негізге алған жөн.

      Әр түрлі уақытта бірнеше жәбірленушілерге қатысты бірыңғай ниетпен қамтылмаған іс-әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша саралауға жатады.

      Кінәлі адамның бірыңғай ниетпен екі және одан да көп адамға қатысты жасаған іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 6-тармағы бойынша және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 5-тармағы бойынша саралауға жатады.

      Адам саудасына байланысты аяқталған қылмысты жасаған, қылмысты жасауға дайындалған және оқталған адамның іс-әрекеттері қылмыстардың жиынтығын құрайды.

      Адам саудасын бірнеше рет жасау белгісі бойынша саралау кезінде ҚК-нің Ерекше бөлігінің дәл сол бiр бабында немесе бабының бөлiгiнде көзделген екi немесе одан да көп іс-әрекеттi жасау қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы деп танылатын ҚК-нің 12-бабының ережелерін ескеру қажет. Осыған байланысты ересек адамға және кәмелетке толмағанға қатысты жасалған қылмыстар бірнеше рет жасауды құрамайды және ҚК-нің 128 және 135-баптарының жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Екі жәбірленушіге, оның ішінде біреуі кәмелетке толмағанға, ал екіншісі ересек адамға қатысты бір пиғылмен жасалған адам саудасы ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы және ҚК-нің 135-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға тиіс.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      12-1. Іс-әрекетті ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 3) және 4) тармақтары және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 3) және 4) тармақтары бойынша саралаған кезде соттар "Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 21 және 23-тармақтарында қамтылған түсіндірмелерді, ал ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы бойынша және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 11) тармағы бойынша саралаған кезде "Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 1 нормативтік қаулысының 9) тармағында келтірілген түсіндірмелерді басшылыққа алғаны жөн.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Кінәлінің әрекетін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 7) тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы бойынша саралау үшін адамның ағзалары мен тіндері іс жүзінде алынған-алынбағанына және пайдаланылған-пайдаланылмағанына қарамастан, адам саудасының транспланттау немесе өзге де пайдалану үшін жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін алу мақсатында жасалғанын анықтау қажет.

      Тірі адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеуге немесе заңсыз алуға байланысты әрекеттер ҚК-нің 128 не 135-бабында көзделген әрекет белгілері болмаған кезде ҚК-нің 116-бабының тиісті бөлігі – қылмыстық заңның арнайы нормасы бойынша дербес саралануға жатады.

      Адамның ағзалары мен тіндерін пайдалану мақсатында жасалған адам өлтіру оның ағзалары мен тіндерінің іс жүзінде алынған-алынбағанына және пайдаланылған-пайдаланылмағанына қарамастан жиынтық ретінде ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 7) тармағы бойынша немесе ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы және ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 12) тармағы бойынша тиісінше сараланады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 8-тармағы, ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 7-тармағы бойынша адамды саудаға салғаны үшін жауаптылық жәбірленушіні алдаған немесе оның сеніміне қиянат жасаған жағдайларда туындайды. Жәбірленуші осының нәтижесінде кінәлі адамның оны сату, оны қанауға бағытталған өзге де мәмілелер мен іс-әрекеттерді жасау ниетімен әрекет жасап жүргенін білмегендіктен еріксіз күйде қалады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Мемлекеттік не мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс істей жүріп өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамның іс-әрекеттерін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 9-тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 8-тармағы бойынша саралаған жөн. Лауазымды адамның адамдарды саудаға салуы осы қылмыстың саралаушы белгісі болып табылады және ҚК-нің 361-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15-1. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстар немесе қоғамға қарсы өзге де іс-әрекеттер жасауға тарту мақсатында сату осы мақсатқа нақты қол жеткізілуіне қарамастан, ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 9) тармағы бойынша сараланады. Егер мақсатқа қол жеткізілсе және кәмелетке толмаған адам қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартылса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 9) тармағында және ҚК-нің 132-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған жәбірленушіге қатысты әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 10-тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 10-тармағы бойынша сараланады.

      Жәбірленушінің материалдық тәуелділікте болуы, мысалы, оның кінәлі адамның асырауында толық немесе ішінара болуынан, кінәлі адамның тұрғын үй-жайында тұруынан байқалуы мүмкін. Жәбірленушінің кінәлі адамға кез келген материалдық емес тәуелділікте болуын (мысалы, отбасылық қатынастар, бағыныштының басшыға, оқушының оқытушыға тәуелді болуы) өзге тәуелділік деп түсіну қажет.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету (жөнелту), Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу (транзит) мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттерді жасау мақсатында адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасып, адамды саудаға салу әрекеттері үшін ҚК-нің 128 және 135-баптарының үшінші бөліктері бойынша жауаптылық көзделеді.

      Егер адамды әкелу немесе әкету, транзиттеу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту белгіленген тәртіпті бұзбай және жалған құжаттарды пайдаланбай немесе үшінші тұлғалардың жарамды құжаттарын алдап пайдаланбай өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылса, аталған әрекеттер ҚК-нің 392-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17-1. Адам саудасын ҚК-нің 394-бабында көзделген заңсыз көші-қонды ұйымдастыру құрамынан ажырату керек.

      Заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың мақсаты адамдарды немесе жеке адамды заңсыз өткізу, ал адам саудасының мақсаты адамды қанау болып табылады.

      Адам саудасы мемлекеттік шекарадан өтумен міндетті түрде байланысты бола бермейді. Ол бір мемлекеттің шегінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру кезінде басқа адамдарды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізуді жүзеге асыратын адам мен өткізілетін жеке тұлғаның арасындағы мәміле өз мақсатына жеткеннен кейін тоқтатылады. Ал адам саудасы сауда құрбанын жеке басының бостандығынан айырумен, оны бағындырумен байланысты. Мұндай мәміле адам саудасы басталатын межелі жерге келгеннен кейін де тоқтатылмайды.

      Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2021 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. Қылмыстық топ - ҚК-нің 3-бабы 24-тармағының түсініктемесіне сәйкес ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғам, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғам, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскериленген құрылым жасаған адамды саудаға салу ҚК-нің 128-бабы төртінші бөлігінің 1-тармағы және 135-бабы төртінші бөлігінің 1-тармағы бойынша сараланады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адамды саудаға салу кінәнің екі нысаны бар қылмыс жасауды көздейтінін ескеру қажет. Абайсыздан жәбірленушінің өліміне не өзге де ауыр салдарға әкеп соққан, ҚК-нің 128-бабында немесе ҚК-нің 135-бабында көзделген әрекеттерді жасау қосымша саралауды талап етпейді.

      Өзге де ауыр зардаптар деп психикалық күйзеліс және басқа да ауыр сырқаттар танылуы мүмкін. Егер жәбірленушіні қанау барысында оған қатысты басқа қасақана қылмыстар жасалса (мысалы: кісі өлтіру, зорлау, АИТВ/ЖИТС-ты, венерологиялық ауруларды жұқтыру, заңсыз аборт жасау және тағы басқалар), онда жасалған әрекет қылмыстар жиынтығы бойынша саралауға жатады.

      20. Адамды қанау мақсатында ұрлау немесе бас бостандығынан заңсыз айыру және адам саудасына байланысты одан кейінгі қылмыстық әрекеттер ҚК-нің 125-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы немесе ҚК-нің 126-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы бойынша және ҚК-нің 128 немесе 135-баптарының тиісті бөліктерімен қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Қанау мақсатында басып алу және кеңістікте зорлап көшіру элементтерісіз жәбірленушіні алдап ұрлау, одан әрі тасымалдау - адамды саудаға салу кезінде қанау мақсатында адамды азғырып көндіруді және тасымалдауды құрайды және тұтастай алғанда жасалған іс-әрекетті ҚК-нің 125-бабының үшінші бөлігінің 2 тармағында көзделген қылмыстық-құқық норманы қолданбастан, ҚК-нің 128-бабының тиісті бөлігі бойынша ғана саралаған жөн.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Б.Бекназаров

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Д.Нұралин