"Ветеринария саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 545 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1714 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1511 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2013 № 1511 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Ветеринария саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 545 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 22, 251-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ветеринария саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған ветеринария саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген ветеринария саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң, бірақ 2012 жылғы 30 қаңтардан ерте емес қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң     
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1714 қаулысына   
қосымша       

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2011 жылғы 28 маусымдағы
№ 545 қаулысымен  
бекiтiлген     

Ветеринария саласындағы қызметке
қойылатын біліктілік талаптары

      1. Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қойылатын біліктілік талаптары:
      1) заңды тұлғаның штатында (кемінде бір ветеринар дәрігер немесе фельдшер) «ветеринарлық медицина», «ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білімі және (немесе) «ветеринария» мамандығы бойынша техникалық және кәсiптік (колледж) білімі бар мамандардың (бірінші басшы қол қойған және ұйымның мөрімен бекітілген тегі, аты, әкесінің атын қамтитын жиынтық кесте);
      2) жеке тұлғада «ветеринарлық медицина», «ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi білімінің және (немесе) «ветеринария» мамандығы бойынша техникалық және кәсiптік (колледж) білімінің;
      3) жеке меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі өндірістік үй-жайлардың (өндірістік үй-жайға құқық белгілейтін құжаттардың немесе жалға алу шартының салыстыру үшін түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда нотариалды расталған көшірмелері) болуын қамтиды.
      2. Ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндiру бойынша ветеринария саласындағы қызметтің кіші түрін жүзеге асыру кезінде қосымша:
      1) ветеринариялық препараттарды өндіруді және бақылауды регламенттейтін нормативтік-техникалық құжаттамалардың (ветеринариялық препараттарды өндіру жөніндегі нұсқаулық, өндірушінің басшысымен бекітілген, ветеринария саласындағы уәкілетті органмен келісілген, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен тіркеуден өткізілген, өндірілетін немесе сатылатын ветеринариялық препараттарға арналған техникалық шарттар, ветеринариялық препараттарды қолдану жөніндегі басшылық, микроорганизмдердің өндірістік және бақылау штаммаларының паспорты);
      2) «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тексеруден және (немесе) калибрлеуден өткен, өндірілетін ветеринариялық препараттардың техникалық шарттарына сәйкес ветеринариялық препараттар өндіруге арналған технологиялық, өлшеу және сынау жабдықтарының болуы талап етеді.
      3. Жануарлардан алынатын өнімдер мен шиізаттарды ветеринариялық-санитарлық сараптау жөніндегі ветеринария саласындағы қызметтің кіші түрін жүзеге асыру кезінде қосымша сынау әдістерін регламенттейтін нормативтік құжаттардың (стандарттар, әдістемелік нұсқаулар), сондай-ақ «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тексеруден және (немесе) калибрлеуден өткен, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарға ветеринарлық-санитарлық сараптау жүргізуге арналған өлшеу, сынау жабдықтарының болуы талап етіледі.