Фильмнің индексі туралы ақпаратқа қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы № 1217 Қаулысы

      «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 28-3-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған фильмнің индексі туралы ақпаратқа қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 28 қазандағы
№ 1217 қаулысымен 
бекітілген     

Фильмнің индексі туралы ақпаратқа қойылатын талаптар

1. Жалпы ережелер

     1. Осы фильмнің индексі туралы ақпаратқа қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 28-3-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында шығарылған және Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау әрі көпшілікке көрсету үшін әкелінген (жеткізілген) фильмдердің индексі туралы ұсынылатын ақпаратқа қойылатын талаптарды айқындайды.
      2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғым пайдаланылады:
      box-қаптама – өнім туралы жарнамалық мәліметтер және оны пайдалану қағидалары орналастырылған фильмнің аналогтық және цифрлық тасығыштарының арнайы қаптамасы.
      3. Осы Талаптардың ережелері фильмге прокаттау куәлігін алған жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
      4. Осы Талаптардың мақсаты балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, эмоциялық және интеллектуалдық дамуына зиян келтіруі мүмкін аудио-көрініс туындыларынан оларды қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      5. Фильмнің индексі сандық және мәтіндік белгілеуден тұрады.
      6. Фильм индексінің мәтіндік белгіленуі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының 21-бабына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде ресімделеді.

2. Кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда көрсетілетін фильмнің индексі туралы ақпарат

      7. Кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда көрсетілетін фильмнің индексі туралы ақпарат «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының 19 желтоқсандағы 2003 жылы Заңының 6 және  11-баптарына сәйкес баспа жарнамасында және өзге де баспа өнімдерінде көрсетіледі.
      8. Барлық жарнамалық баспа өнімдерінде фильмнің индексі туралы ақпарат жеке тікбұрышты бейнемен белгіленеді және мынадай параметрлерде көрсетіледі:
      1) орналасқан орны – баспа өнімінің бетіндегі сол жақтағы төменгі бұрышы (бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау кезінде - жарнамалық модульдің сол жақтағы төменгі бұрышы);
      2) ауданы – баспа өнімі бетінің барлық ауданының жеті пайызынан кем емес (бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау кезінде - жарнамалық модуль ауданының жеті пайызынан кем емес);
      3) түсі – инверсия (қара фонда - ашық қаріппен, ашық фонда - қара қаріппен);
      4) қарпі – негізгі мәтіннің қарпі.
      9. Көрсетілетін фильмнің индексі туралы ақпарат кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де орындардың фойелері мен кассаның маңында орналастырылады.

3. Телевизия эфирінен берілетін фильмнің индексі туралы ақпарат

      10. Телевизия эфирінен берілетін фильмнің индексі туралы ақпарат:
      1) «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының 19 желтоқсандағы 2003 жылы Заңының 6 және 11-баптарына сәйкес баспа жарнамасында және өзге де баспа өнімдерінде;
      2) фильмді көрсету алдында көрсетіледі.
      11. Барлық жарнамалық баспа өнімдерінде фильмнің индексі туралы ақпарат жеке тікбұрышты бейнемен ерекше белгіленеді және мынадай параметрлерде көрсетіледі:
      1) орналасқан орны – баспа өнімінің бетіндегі сол жақтағы төменгі бұрышы (бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау кезінде – жарнамалық модульдің сол жақтағы төменгі бұрышы);
      2) ауданы – баспа өнімі бетінің барлық ауданының жеті пайызынан кем емес (бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалау кезінде - жарнамалық модуль ауданының жеті пайызынан кем емес);
      3) түсі – инверсия (қара фонда - ашық қаріппен, ашық фонда - қара қаріппен);
      4) қарпі – негізгі мәтіннің қарпі.
      12. Фильмді көрсету алдында фильмнің индексі туралы ақпарат мынадай параметрлерде көрсетіледі:
      1) орналасқан орны – қандай да бір ақпаратсыз экранның ортасы;
      2) қарпі – негізгі титрлардың қарпі;
      3) ұзақтығы – үш секундтан кем емес;
      4) дыбыстау тілі – фильм көрсетілетін тіл.

4. Аналогтық және цифрлық жеткізгіштерде таратылатын фильмнің индексі туралы ақпарат

      13. Аналогтық және цифрлық жеткізгіштерде таратылатын фильмнің индексі туралы ақпарат box-қаптамада көрсетіледі.
      14. Box-қаптама фильмнің индексі туралы ақпарат жеке тікбұрышты бейнеде белгіленеді және мынадай параметрлерде көрсетіледі:
      1) орналасқан орны – box-қаптаманың сырт жағындағы сол жақтағы төменгі бұрышы;
      2) ауданы – box-қаптаманың сыртқы жағындағы жалпы ауданының екі пайызынан кем емес;
      3) цифрлық және мәтіндік белгілеудің түсі – қызыл түсті фонда ақ;
      4) қарпі – сандық белгілеу үшін – Impact, мәтіндік белгілеу үшін – Arial.