Қазақстан Республикасының аумағына жылыжай, полиэтилен және алюминий фольгасын әкелудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 шілдедегі № 769 Қаулысы

      «Мемлекеттік бақылаудың келісілген түрлерін Кеден одағының сыртқы шекарасына ауыстыру жөніндегі жоспарды орындау туралы» Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 19 мамырдағы № 644 шешімін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2009 жылғы 9 маусымдағы Тауарлардың сыртқы саудасы саласындағы лицензиялау ережесі туралы келісіммен бекітілген нысан бойынша:
      1) жылыжай (КО СЭҚ ТН 9406 00 310 0 және 9406 00 800 9 кодтары) әкелуге – осы қаулыға қосымшаға сәйкес олардың мақсатты пайдаланылатынын растайтын қосымша құжаттар ұсынылған жағдайда;
      2) полиэтилен (КО СЭҚ ТН 3901 20 900 0 коды) және алюминий фольгасын (КО СЭҚ ТН 7607 20 100 0 коды) әкелуге – келiсiмшартта әкелiнетiн тауардың мақсатты пайдаланылатыны туралы норма болған жағдайда лицензиялар берудi жүзеге асырсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.12.31 № 1739 Қаулыларымен.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Кедендiк бақылау комитетi Қазақстан Республикасының аумағына жылыжай (КО СЭҚ ТН 9406 00 310 0 және 9406 00 800 9 кодтары), полиэтилен (КО СЭҚ ТН 3901 20 900 0 коды) және алюминий фольгасы (КО СЭҚ ТН 7607 20 100 0 коды) импортын белгiленген тәртiппен кедендiк декларациялауды және олардан кедендiк баж алуды:
      1) Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 27 қарашадағы № 130 шешіміне 5-қосымшаға сәйкес өтпелі кезең ставкалары бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі беретін лицензиялар негізінде;
      2) Кеден одағының бірыңғай кедендік тарифінде көрсетілген кедендік әкелу бажының ставкалары бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі беретін лицензиясыз жүзеге асырсын.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.12.31 № 1739 Қаулыларымен.
      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екі апта мерзімде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Интеграциялық Комитетінің Хатшылығын Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын сыртқы сауда қызметін реттеу шаралары туралы хабардар етсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов
 

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2011 жылғы 3 шілдедегі
№ 769 қаулысына  
қосымша      

КО СЭҚ ТН 9406 00 310 0, 9406 00 800 9 кодтарымен жіктелетін
жылыжай әкелуге лицензия алу үшін өтінім берушілер ұсынатын
қосымша құжаттар

      1. Қаржылық лизинг шарты негізінде жылыжай әкелуге лицензия алу үшін құжаттар:
      1) лизингтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия;
      2) әкелінетін жылыжай жабдықтарына арналған қаржылық лизинг шартының болуы;
      3) әкелінетін жылыжай жабдықтарын қолдануға арналған бизнес-жоспарының болуы;
      4) жылыжай құрылысына арналған жер учаскесінің бар екендігін растайтын құжаттардың болуы (меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында).
      2. Сатып алу-сату шарты негізінде жылыжай әкелуге лицензия алу үшін құжаттар:
      1) әкелінетін жылыжай жабдықтарын қолдануға арналған бизнес-жоспарының болуы;
      2) жылыжай құрылысына жер учаскесінің бар екендігін растайтын құжаттардың болуы (меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында);
      3) әкелінетін жылыжайды мақсатты пайдалану туралы сыртқы экономикалық қызметке қатысушының міндеті.