Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебесін беру қағидасы мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 қаңтардағы № 33 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 маусымдағы № 426 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.06.2015 № 426 қаулысымен.

      «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру қағидасы мен шарттары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2011 жылғы 26 қаңтардағы
№ 33 қаулысымен    
бекітілген      

Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру қағидасы мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем  және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру қағидасы мен шарттары (бұдан әрі - Қағида) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру шарттары

      2. «Академиялық» мәртебесі өз саласында жетекші болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениеті мен өнерін қалыптастыруға, дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан және мынадай талаптарға сай келетін мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға беріледі:
      кемінде жиырма бес жыл тұрақты және тиімді қызметті жүзеге асырады;
      өз қызметінде кәсібилікті, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізеді;
      талантты жас кадрларды анықтауды және тәрбиелеуді жүзеге асырады;
      шығармашыл қызметкерлерінің кемінде сексен пайызы мәдениет пен өнер саласындағы жоғары білімі бар мамандардан құралған кәсіби білікті құрамы бар;
      шығармашыл қызметкерлерінің кемінде кемінде жиырма бес пайызы КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған және шығармашыл қызметкерлерінің ішінде жиырма бес пайызы республикалық және халықаралық конкурстар мен фестивальдардың лауреаттары мен дипломанттары болып табылады;
      жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына кемінде екі жүз спектакльді көрсетуді жүзеге асырады немесе жылына кемінде алпыс концерт өткізеді.

3. «Академиялық» мәртебесін беру тәртібі

      3. Республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) «Академиялық» мәртебесін беру туралы қолдаухат ұсынады.
      Қолдаухатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) «Академиялық» мәртебесін беруге ұсыну туралы мемлекеттік мәдениет ұйымы, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжым қызметкерлерінің жалпы жиналысының хаттамасынан үзінді көшірме;
      2) дипломдарының көшірмелері қоса берілген мәдениет пен өнер саласындағы жоғары білімі бар шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
      3) КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
      4) Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесін көрсететін мемлекеттік мәдениет ұйымының, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымның қызметі туралы анықтама;
      5) қызметі туралы республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардың көшірмелері (кемінде он жарияланым);
      6) мәдениет саласындағы іс-шараларға (республикалық және халықаралық маңызы бар конкурстарға, фестивальдарға) қатысқанын және (немесе) жүлделі орындар алғанын куәландыратын құжаттардың көшірмесі.
      4. Қолдаухаттар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде уәкілетті органның мекен жайына жіберіледі. Көрсетілген мерзімнен кешіктіріп жіберілген қолдаухаттар келесі жылы қаралады.
      5. Қолдаухаттарды қарау үшін уәкілетті орган арнайы комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      6. Комиссия көрнекті мәдениет пен өнер қайраткерлерінен қалыптасады. Комиссияның құрамы мен ережесін уәкілетті органның басшысы бекітеді.
      7. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды болып саналады.
      8. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
      9. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.
      10. Уәкілетті орган Комиссияның ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 қарашаға дейін мемлекеттік мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізеді.
      11. «Академиялық» мәртебесі уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.