Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 мамырдағы № 787 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 6 қыркүйектегі № 896 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 861 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 20.11.2019 № 861 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ұлттық басқарушы холдинг, Ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 мамырдағы № 787 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 27-28, 245-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесінде:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "8-1) стратегиялық әріптестер - тапсырыс беруші айқындайтын ұйым, оның ішінде қажетті ресурстарға (интеллектуалдық, ғылыми, әдіснамалық, білім беру, технологиялық, кадрлық) ие және мынадай:

      қазіргі заманғы әдіснамалар мен жаңа технологияларды білім беруге енгізу;

      білім берудің инновациялық мазмұны мен қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

      білім беру қызметі мен оның нәтижелеріне, оның ішінде оқытудың сапасына және оқушылардың білім беру бағдарламаларын меңгеру нәтижелеріне мониторингті, сыртқы бағалауды жүзеге асыру;

      білім беру қызметінің сапасын, балалар мен педагогтарды конкурстық іріктеудің аспаптары мен технологияларын бақылау мен бағалау құралдарын әзірлеу және енгізу;

      оқу үдерісін қамтамасыз ететін кабинеттер мен зертханалар үшін жабдықтарды әзірлеу және өндіру салаларының бірінде немесе бірнешеуінде халықаралық қызмет тәжірибесі бар шетелдік ұйым.";

      18-тармақ мынадай мазмұндағы 56), 57), 58) тармақшалармен толықтырылсын:

      "56) стратегиялық әріптестерден білім және ғылым, білім беру үдерісін әдіснамалық, әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету салаларындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      57) білім беру бағдарламаларының мазмұнына сәйкес шетелдік арнайы оқу және көркем әдебиетті сатып алу;

      58) тапсырыс берушіге "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" құрылысына бөлінген жер учаскелеріндегі құрылыстарды сатып алу және бұзу бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді құрылтайшысы жергілікті атқарушы орган болып табылатын заңды тұлғадан сатып алу.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Осы қаулының 1-тармағының он үшінші абзацы 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов