Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.10.20 № 1192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ереже мынадай мазмұндағы 101-1, 101-2, 101-3-тармақтармен толықтырылсын:
«101-1. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлері ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының кадрларында қалдырыла отырып, Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға (бұдан әрі - халықаралық ұйымдар) қызметке жіберілуі мүмкін.
101-2. Егер ратификацияланған тиісті халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, ішкі істер органдарының қызметкерлерін халықаралық ұйымдарға қызметке жіберу Қазақстан Республикасының Үкіметі актісінің негізінде жүзеге асырылады.
Қызметке жіберілген адамдардың ішкі істер органдарының қызметкерлері мәртебесі сақталады.
Егер ратификацияланған тиісті халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, қызметке жіберілген адамдарға арнаулы атақтар беру осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Халықаралық ұйымдарға қызметке жіберілген адамдарды аттестаттау осы Ережеде ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
101-3. Егер ратификацияланған тиісті халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдарға қызметке жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы төленеді.
Өзге де төлемдер, сондай-ақ қызметке жіберілген адамдарды заттай мүлікпен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын ұстауға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте бір жолғы сипаттағы төлемдер бойынша қызметке жіберілгенге дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақылары есепке алынады.
Қызметке жіберілген адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов