«2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Заңының 13, 21және 22-баптарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2010 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттердің бекітілген сомасын аударуды;
2) облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану мониторингін қамтамасыз етсін.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
1) бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің уақтылы және нысаналы пайдаланылуын;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 25 қаңтарға дейінгі мерзімде осы қаулымен бекітілген Ереженің 5-тармағында көзделген ақпаратты беруді;
3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейін бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 5 наурыздағы
№ 177 қаулысымен
бекітілген
1. Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары
бюджеттерінің білім беруге 2010 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі
1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің білім беруге 2010 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану ережесі облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді мынадай республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша пайдалану тәртібін айқындайды:
011 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
013 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кәсіптік лицейлер үшін шетелдік ағылшын тілі оқытушыларын тартуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
029 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жаңадан іске қосылатын білім беру объектілерін ұстауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
048 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне негізгі орта және жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелердегі физика, химия, биология кабинеттерін оқу жабдығымен жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
058 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелерде лингафондық және мультимедиалық кабинеттер құруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
071 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне «Өзін-өзі тану» кабинеттері үшін жабдықтарды сатып алуға арналған ағымдағы нысаналы трансферттер»;
072 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне «Өзін-өзі тану» пәні бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын, біліктілікті арттыру институттарын оқу материалдарымен қамтамасыз етуге арналған ағымдағы нысаналы трансферттер»;
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.07.30 N 767 Қаулысымен.
2. Ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды бірыңғай ұйымдастырушы болып әрекет етеді.
4. Мемлекеттік білім беру жүйесінде «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
5. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар 25 қаңтарға дейінгі мерзімде лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарын, «Өзін-өзі тану» кабинеттері үшін жабдықтарды соңғы алушыларды айқындайды және оларды пайдалану мониторингін жүзеге асырады.
6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім беру саласындағы атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне тоқсан сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күніне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгілеген нысан бойынша лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді, физика, химия, биология кабинеттерінің оқу жабдықтарын, «Өзін-өзі тану» кабинеттері үшін жабдықтарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың жасалуы және орындалуы туралы есептерді ұсынады.
7. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерде келтірілген айлар бойынша ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлуге сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді айдың алғашқы 5 жұмыс күнінде (қаңтар айының 25-күнінен кешіктірмей) аударуды жүргізеді.
8. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне:
1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын, біліктілікті арттыру институттарын «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқу материалдарымен қамтамасыз етуге, лингафондық және мультимедиалық кабинеттерді құруға, физика, химия, биология кабинеттерін, «Өзін-өзі тану» кабинеттерін оқу жабдықтарымен жарақтандыруға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады;
2) жаңадан іске қосылатын білім беру объектілерін ұстауға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қабылдау комиссиясы бекіткен білім беру объектілерін пайдалануға беру актілері ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады;
3) кәсіптік лицейлер үшін шетелдік ағылшын тілі оқытушыларын тартуға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек шарттары негізінде жүзеге асырылады.
Ағымдағы нысаналы трансферттер күрделі шығыстарды қоспағанда, жаңадан іске қосылатын білім беру объектілерін ұстауға байланысты ағымдағы шығыстарға бөлінеді.
9. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жарты жылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне нәтижелер туралы келісімдерге сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкілікті нәтижелер туралы есеп береді.
10. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне тікелей және түпкілікті нәтижелерге нақты қол жеткізу туралы жарты жылдықтың қорытындылары бойынша есептілікті ағымдағы жылғы 30 шілдеден кешіктірмей, жиынтық есепті келесі қаржы жылының 1 ақпанынан кешіктірмей береді.