Теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға қойылатын нормативтерді және талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1524 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 21 тамыздағы № 657 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.08.2015 № 657 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы 16-бабының 34) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға қойылатын нормативтер және талаптар бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1524 қаулысымен  
бекітілген      

Теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға қойылатын нормативтер және талаптар 1. Жалпы ережелер

      1. Осы нормативтер және талаптар теңіздегі мұнай операцияларын жүргізу кезінде теңізді тазарту жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға міндетті болып табылады және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабының 34) тармақшасына және 95-бабының 5-тармағына сәйкес жер қойнауын пайдаланушының немесе оның операциялық компаниясының теңіз акваториясында мұнайдың төгілуіне жедел ден қою және оның зардаптарын жою үшін жағдай жасау мақсатында әзірленді.
      2. Мұнайдың төгілуіне байланысты авариялық жағдайлар градациясын ескере отырып, нормативтер үш деңгейде белгіленеді:
      1-деңгей - жұмыстарды жүргізу кезінде теңіз құрылыстарында бар материалдар мен заттардың және құрылыс персоналының көмегімен жойылатын елеусіз төгілу (10 тонна мұнайдан аспайтын);
      2-деңгей - жою үшін жұмыс жүргізілетін жердегі теңіз құрылыстарындағы ресурстар да, жергілікті жағалау қызметтерінің қосымша материалдары, заттары мен персоналы да қажет болатын қалыпты (орташа) төгілу (10 тоннадан 250 тоннаға дейінгі мұнай);
      3-деңгей - мұнайдың төгілуін жою үшін халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, мұнайдың төгілуін жою жөніндегі әр түрлі ұйымдардың материалдары, заттары мен персоналы талап етілетін мұнайдың көп төгілуі (250 тоннадан бастап).
      3. 2-деңгейдегі авариялық жағдайларға:
      отын сақтау резервуарынан немесе бөлу жүйесінен;
      отындық резервуардан немесе баржадан;
      отын тасуға арналған автоцистернадан;
      теңіз құрылысындағы ұңғыманы бұрғылау немесе сынау кезінде уақытша немесе ішінара бақылауды жоғалтқан жағдайда ағу орын алады.
      Мұнайдың төгілу зардаптарын жою кезінде жағалау объектілерінен мұнайдың төгілуін оқшаулау және мұнай жинау үшін қосымша ресурстарды (материалдарды, заттарды) тарту міндетті.
      4. 3-деңгейдегі авариялық жағдайларға:
      ұңғыма бақылауын ұзақ мерзімді жоғалту әсерінен;
      жүзетін отынды резервуардан немесе баржадан;
      отын сақтау резервуарынан немесе бөлу жүйесінен ағу орын алады.
      3-деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою отандық және халықаралық ресурстармен жарақталған кез келген нүктеден материалдар мен заттарды дереу жұмылдыруды талап етеді.

2. Теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға қойылатын талаптар

      5. Талаптар Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде мына мәселелерді ескерген, жұмыстарды жүргізудің есептік табиғат жағдайларына негізделген:
      теңіз деңгейінің ұзақ мерзімді әлеуетті құбылуы;
      теңіз деңгейіне әсер ететін қысқа мерзімді дауылды көтерілу мен қайтулар;
      суы таяз, ортадағы қарашадан сәуірге дейінгі аралықтағы қалыпты (орташа) ауа-райы жағдайындағы қысқы мұз жабыны (0-10 м);
      мұздың әлеуетті қауіпті қозғалысы және теңіз құрылыстарының жанындағы үйінділер;
      жаз және қыс аралығындағы кезеңде температураның күрт өзгеруі;
      жоғары биологиялық өнімділік, әсіресе Орал өзенінің атырабы маңындағы қамыс-қопалы солтүстік жағалау сызықтары мен суы таяз кең көлемді жағалау учаскелерінің бойындағы учаскелер.
      6. Талаптар:
      1) мұнай операцияларын жүргізуге байланысты теңіз құрылыстарында жұмыс істейтін адамдарды жедел құтқаруды;
      2) жобалау құжаттарына сәйкес теңізде мұнай операцияларын жүргізу нәтижесінде оның ластануы жағдайында жер қойнауын пайдаланушылардың теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды тиімді жүргізуін ескереді.
      7. Теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде әр теңіз құрылысында және әр кемеде 10 тоннаға дейінгі көлемдегі мұнайдың төгілуін жоюға жеткілікті, мұнайдың төгілу салдарын қоршау мен жинауға қажетті абсорбенттер мен материалдар орналастырылады.
      8. Алдын ала сақтандыру шаралары ретінде теңіз құрылысында ұңғымаларды сынау кезінде құрлықтағы жер қойнауын пайдаланушының жабдықтау базасынан қосымша материалдар мен заттар жеткізіледі, сынау кезеңінде мүмкін болатын төгілуді оқшаулау мен теңіз бетінен мұнайды алу үшін бондық қоршаулар немесе мұнай жинағыш орнатылады.
      9. Егер мұнайдың төгілген мөлшері оқиға болған жердегі абсорбенттердің мүмкіндігінен асып түссе, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған әр теңіз құрылысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес кең диапазонды диспергенттермен, сондай-ақ мұнайды уақытша сақтау қоймасына жинауға мүмкіндік беретін мұнай жинауға арналған материалдармен, тасымалдау және қауіпсіз жерде жағу үшін пластикалық қапшықтармен немесе герметикалық контейнерлермен (астаулармен) жабдықталады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.01.2013 № 62 Қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Теңізді тазарту жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдар мен заттарға қойылатын нормативтер

      10. Теңізді тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге байланысты, оның ішінде мұнайдың төгілуін жою жөнінде тиімді әрекет ететін міндетті нормативтер:
      1) бекітілген жобалық шешімдерге сәйкес төгілген мұнайды оқшаулау үшін жеткілікті мөлшердегі (теңіз құрылысы периметрінің өлшемі бойынша) бондардың болуы;
      2) жұмыстар жүргізіліп жатқан орындарға барынша жақындатылған жағалау базаларындағы 2-деңгейдегі және 3-деңгейдегі төгілу кезінде кемелерге тіркелген су бетінен мұнайды оқшаулау мен мұнайды қалқып алуға арналған сорғыш заттардан, (жүзбелі маттардан) жасалған мұнай тұтқыш материалдардың болуы;
      3) түрлі ауа-райы жағдайларында кемелердің теңіз құрылысын табуын қамтамасыз ету үшін радиолокациялық бейнелегіштің немесе басқа да материалдардың болуы;
      4) атаулы өнімділігі сағатына 20 тонна мұнайды құрайтын және 2-деңгейдегі және 3-деңгейдегі төгілу үшін жобалық шешімдермен көзделетін кеме бортынан пайдаланатын, су бетінен мұнайды жинауға қажетті қосымша материалдар мен заттардың болуы;
      5) 1 және 2-деңгейлі төгілулерді жою үшін жеткілікті, сондай-ақ өзінің және жағалық ден қою базасынан қосымша күштер мен құралдар келгенге дейін 3-деңгейлі мұнай төгілуін оқшаулауды қамтамасыз ететін материалдардың, заттар мен жабдықтардың отыз минуттық қол жетімділік шегінде болуы;
      6) 1 және 2-деңгейлі мұнай төгілулерін жою үшін жақын жердегі ден қою базасында орналасқан материалдар мен заттарды жабық құрғақ үй-жайда сақтау.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.01.2013 № 62 Қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).