Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастырын жүргізу қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 желтоқсандағы № 1454 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 21 шілдедегі № 552 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.07.2015 № 552 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 53) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2010 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1454 қаулысымен  
бекітілген     

Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік
кадастрын жүргізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 53) тармақшасына сәйкес әзірленген Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі - мемлекеттік кадастр) жүргізу тәртібін белгілейді.
      2. Мемлекеттік кадастрды жүргізу Жер қойнауының мемлекеттік қорының жағдайын есепке алу жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
      3. Мемлекеттік кадастрды жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүргізеді.

2. Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік
кадастрын жүргізу тәртібі

      4. Мемлекеттік кадастр және минералдық шикізатты қайта өңдеу туралы мемлекеттік кадастр есепке алу паспорттары (бұдан әрі - Паспорт) түрінде ресімделетін, минералдық шикізатты өндіру мен өңдеудің жиналатын қалдықтарының жай-күйі және пайдалану туралы жүйеленген, кезеңділігімен толықтырылатын және нақтыланатын біріздендірілген қысқаша мәліметтердің жиынтығын білдіреді.
      Мемлекеттік кадастр сақтаудың сандық және сапалық көрсеткіштері, тау-кен техникалық және экологиялық жағдайлары көрсетіле отырып, техногендік минералдық түзілімдердің типтері мен түрлерін сипаттайтын үйме объект бойынша мәліметтерді қамтиды.
      5. Техногендік минералдық түзілімдер мемлекеттік кадастрда есепке алуға жатады.
      6. Паспорттар индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін Техногендік минералдық түзілімдердің мемлекеттік кадастрын жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес толтырылады.
      7. Паспорттарды меншік нысанына және жұмыстарды қаржыландыру көздеріне қарамастан, жыл сайын барлық жер қойнауын пайдаланушылар:
      кен орындарын игеру кезінде қалдықтар жинақталған;
      пайдалы қазбалар байытылғанда және минералдық шикізатты металлургиялық тұрғыдан бөлген;
      игерудің жаңа технологиялық жобалары бекітілген жағдайда жасайды.
      Жер қойнауын пайдаланушы паспортты төрт данада жасайды және жыл сайын 15 ақпаннан кешіктірмей бастапқы есепке алу материалдарына негізделген жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептіліктің арнаулы нысандарын уәкілетті органға ұсынумен бір уақытта: екеуін - уәкілетті органның өңіраралық департаментіне (одан әрі - ӨД), үшіншісін - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді, төртіншісін жер қойнауын пайдаланушы өзінде сақтайды.
      ӨД паспорттарды тексергеннен кейін бір данасын уәкілетті органға жібереді.
      8. Уәкілетті орган келіп түскен Паспорттарды мемлекеттік кадастрге енгізеді және:
      мемлекеттік кадастрдың материалдарын жинауды, есепке алуды, жүйелеу мен сақтауды;
      есептеу техникасын пайдалана отырып, мемлекеттік кадастрдың деректерін өңдеудің автоматтандырылған жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін және оның негізінде жер қойнауын пайдаланушыларға анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.