«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қарашадағы N 1958 Қаулысы

      Ескерту. Заңның жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2011.10.18 N 1189 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы Атом энергиясын пайдалану туралы

      Осы Заң адамдардың денсаулығы мен өмірін, олардың мүлкін сақтау, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізі мен принциптерін айқындайды және ядролық қаруды таратпау режимін, атом энергиясын пайдалану кезінде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) алу деңгейі - физикалық шаманың сандық мәні, осы мән кезінде немесе осы мәннен төмен болғанда атом энергиясын пайдалану объектілері бақылаудан шығарылады;
      2) атом энергиясын пайдалану объектілері - иондаушы сәулелену көздері, радиоактивті материалдар, радиоактивті қалдықтар және пайдаланылған ядролық отын, радиациялық қондырғылар, электрофизикалық қондырғылар, ядролық қондырғылар, көліктік қаттау жиынтықтары мен ядролық материалдар;
      3) атом энергиясын пайдалану объектілерімен жұмыс істеу - атом энергиясын пайдалану объектілерін дайындау, пайдалану, қолдану, сақтау, көму немесе кәдеге жарату кезінде олармен жасалатын қол және (немесе) автоматтандырылған операциялардың, іс-әрекеттердің жиынтығы;
      4) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалану - атом энергиясын пайдалану объектілерін мақсатты пайдалану бойынша жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым қолда бар лицензияның негізінде жүзеге асыратын әкімшілік, шаруашылық және инженерлік-техникалық қызмет;
      5) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау - уәкілетті органның өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
      6) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік қадағалау - уәкілетті органның өз құзыретінің шегінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігіне бағалау жүргізу жолымен ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
      7) иондаушы сәулелену көздері - радиоактивті заттар, аппараттар немесе құрамында радиоактивті заттары бар аппараттар немесе құрылғылар, сондай-ақ иондаушы сәулелену шығаратын немесе оны шығаруға қабілетті электрофизикалық аппараттар немесе құрылғылар;
      8) көліктік қаттау жиынтығы - тасымалдау кезінде радиоактивті құрамды толық орналастыру мен ұстап тұру үшін қажетті элементтердің жиынтығы;
      9) көмуге арналған қойма - ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдайлар кезінде пайдаланылған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған арнайы ядролық немесе радиациялық қондырғы;
      10) көмуге арналған қойманы жабу - көмуге арналған қойманы пайдалану мерзімінің аяғында оны жабу, көму және (немесе) бітеу, кез келген байланысты құрылымдардағы қызметті аяқтау және тоқтату жөніндегі қажетті инженерлік-техникалық және ұйымдастыру іс-шараларының құжаттамамен ресімделген кешені;
      11) қондырғыға арналған алаңды таңдау - уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен және техникалық құжаттарымен белгіленетін қауіпсіздік жөніндегі талаптардың негізінде орналастыру алаңын айқындау және ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы жобасының негіздерін айқындау жөніндегі қызмет;
      12) қондырғыны пайдалануға енгізу - ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы құрамдас бөліктері мен жүйелерінің құрылысы аяқталғаннан және қажетті сынақтар жүргізілгеннен кейін оларды жұмыс істейтін жай-күйге келтіру жөніндегі құжаттамамен ресімделетін қызмет;
      13) қондырғыны пайдаланудан шығару - ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдалануды тоқтату және қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны бақылаудан босату жөніндегі қызмет;
      14) объектіні кейіннен кәдеге жарату - күрделі құрылыстың (үйдің, ғимараттың, кешеннің) пайдаланылуы (пайдалану, қолдану) тоқтатылғаннан кейін кәдеге асатын элементтерін (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені;
      15) өмірлік цикл кезеңдері - ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыны орналастыру алаңын таңдау, жобалау және құрастыру, салу, пайдалануға енгізу, пайдалану, пайдаланудан шығару немесе көмуге арналған қойманы жабу кезеңдері;
      16) пайдаланушы ұйым - қолда бар лицензияның негізінде атом энергиясын пайдалану объектісін мақсатты пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      17) пайдаланылған ядролық отын - ядролық реакторда сәулеленген және одан біржола аластатылған ядролық отын;
      18) пайдаланылған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды көму - пайдаланылған ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды алу ниетінсіз олардың көмуге арналған қоймаға орналастырылуы;
      19) радиоактивті заттар - құрамында шоғырлануы, үлестік немесе жиынтық (толық) белсенділігі алу деңгейінен асатын радионуклидтер бар кез келген агрегаттық жағдайдағы шығу тегі табиғи немесе техногендік кез келген материал;
      20) радиоактивті қалдықтар - одан әрі пайдалану көзделмейтін радиоактивті заттар, ядролық материалдар немесе радионуклидтік көздер;
      21) радиациялық қауіпсіздік - атом энергиясын пайдалану объектісінің қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі, оның кезінде белгіленген нормаларға сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаға немесе пайдаланушы ұйымның қызметкерлеріне, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсер шектеледі;
      22) радиациялық қауіптілік санаты - онымен жұмыс істеген кезде немесе пайдалану немесе мүмкін болатын авария жағдайында халық және (немесе) қоршаған орта үшін оның радиациялық қауіптілігі дәрежесі бойынша атом энергиясын пайдалану объектісінің сипаттамасы;
      23) радиациялық қондырғы - оған жататын ғимараттарды, құрылыстар мен жабдықты қоса алғанда, радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;
      24) радиациялық қатер - сәулелену нәтижесінде, оның зардаптарының ауырлығын ескере отырып, адамның өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келу мүмкіндігі;
      25) радионуклидтік көз - құрамында радиоактивті заттары бар, оны пайдалы қолдану үшін арнайы жасалған немесе қандай да бір қызмет түрінің жанама өнімі болып табылатын иондаушы сәулелену көз;
      26) сақтау пункті - ядролық материалдарды, ядролық отынды, радиоактивті заттарды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды сақтауға арналған арнайы ядролық немесе радиациялық қондырғы;
      27) тиісінше пайдаланбау - атом энергиясын пайдалану объектілерімен Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұза отырып жұмыс істеу;
      28) уәкілетті орган - атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      29) физикалық қорғау - адамдардың атом энергиясын пайдалану объектісіне рұқсатсыз кіруінің алдын алу жөніндегі ұйымдастыру және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесі;
      30) электрофизикалық қондырғы - оған жататын барлық ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда, иондаушы сәулелену туындататын немесе туындатуға қабілетті арнайы қондырғы;
      31) ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - ядролық және радиациялық авариялардың алдын алуға және атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйымның қызметкерлері, халық және қоршаған орта үшін негізсіз радиациялық қатерді болдырмауға бағытталған жобалау, техникалық және ұйымдастыру шараларының кешені;
      32) ядролық материалдарды және радиоактивті заттарды тасымалдау-ядролық материалдарды және радиоактивті заттарды, ядролық отынды осы үшін арнайы жабдықталған кез келген түрдегі көлік құралының көмегімен тасымалдау;
      33) ядролық қауіпсіздік - атом энергиясын пайдалану объектісінің қасиеттері мен сипаттамаларының жай-күйі, бұл жағдайда ядролық авариялардың мүмкін еместігі белгілі бір ықтималдықпен қамтамасыз етіледі;
      34) ядролық қондырғы - оған жататын ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда, ядролық материалдармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын арнайы қондырғы;
      35) ядролық материалдар - бөлінетін (ыдырайтын) ядролық заттардан тұратын немесе оларды жаңғыртуға қабілетті материалдар;
      36) ядролық отынды, ядролық заттарды, радиоактивті материалдарды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды сақтау - олармен одан әрі жұмыс істеу үшін алу мүмкіндігі көзделетін ядролық отынды, ядролық заттарды, радиоактивті материалдарды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттеріне уақытша орналастыру;
      37) ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларды жобалау - атом энергиясы мен оның құрамдас бөліктерін пайдалану объектісіне арналған сызбаларды, графикалық және мәтіндік материалдарды, инженерлік, экономикалық, сметалық есептерді, қосалқы есептерді, техникалық шарттарды қоса алғанда, сәулет, құрылыс, конструкторлық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі қызмет;
      38) ядролық физикалық қауіпсіздік - атом энергиясын пайдалану объектілеріне және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, қаскүнемдік, рұқсатсыз кіру, заңсыз беру немесе олармен жұмыс істеу немесе басқа да заңға қарсы әрекеттер фактілерінің алдын алуға, оларды анықтауға және (немесе) оларға ден қоюға бағытталған ұйымдастыру және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі;
      39) ядролық экспорт (импорт) - ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтарды, қондырғыларды, ядролық материалдар шығару кезінде қолданылатын технологияларды, иондаушы сәулелену көздерін, өнімдерді, қосарлы қолдану жабдықтары мен тиісті технологияларды, оларды өндірумен байланысты жұмыстар мен қызметтерді Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету (Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелу).

      2-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнама

      1. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. Атом энергиясын пайдалану саласындағы
мемлекеттік реттеу

      3-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік
             реттеу

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу:
      1) алу деңгейлерінен жоғары атом энергиясын пайдалану объектілеріне;
      2) атом энергиясын пайдалану объектілеріне жататын жабдықтарды дайындауға, олармен жұмыс істеуге, монтаждауға, баптауға, пайдалануға, атом энергиясын пайдалану объектілерін өңдеуге, қайта өңдеуге, дезактивациялауға, кейіннен кәдеге жаратуға, радиациялық ластанған аумақтарды қайта культивациялауға байланысты технологиялық процестерге;
      3) ядролық және радиоактивті заттарды, ядролық отынды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды тасымалдау процестеріне;
      4) бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және ядролық жарылыстар жүргізу нәтижесінде ластанған басқа да аумақтарда қызметті жүзеге асыру процестеріне;
      5) радиациялық және ядролық қауіпсіздікті сараптау процестеріне;
      6) атом энергиясын пайдалану кезіндегі қызметтің қауіпсіздігі үшін жауап беретін пайдаланушы ұйымның қызметкерлерін, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаларды даярлау мен аттестаттау процестеріне қатысты қолданылады.
      2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы объектілер ерекше реттеу мен қала құрылысын регламенттеу объектілері болып табылады.

      4-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік
             реттеудің міндеттері және қағидаттары

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттері қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын тиімді қорғау, атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздік деңгейін, ядролық қаруды таратпау режимін ұстап тұру, атом энергиясын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарды жетілдіру болып табылады.
      2. Атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметті жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік реттеу мына принциптерге негізделеді:
      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеудің міндеттілігі;
      2) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің атом энергиясын пайдаланудың басқа аспектілерінен басымдығы;
      3) атом энергиясын пайдалану объектісі қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылаудың міндеттілігі мен үздіксіздігі;
      4) халыққа және қоршаған ортаға атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігі мен әсері туралы ақпараттың қол жетімділігі, объективтілігі және уақтылылығы;
      5) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың, пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің, сондай-ақ қондырғылар орналасқан аудандарда тұратын және (немесе) еңбек қызметін жүзеге асыратын халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету;
      6) экологиялық қауіпсіздікті, халықтың өмір сүруі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      7) жеке және заңды тұлғалардың денсаулығына, өмірі мен мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға атом энергиясын пайдалану объектілерінің радиациялық әсері келтірген зиянды толық өтеу;
      8) қоршаған ортаға нормативтен жоғары радиациялық немесе өзге де әсерге жол бермеу;
      9) жеке және заңды тұлғалардың атом энергетикасы саласын дамыту тұжырымдамаларын, бағдарламаларын, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заң жобалары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін талқылауға және қабылдауға қатысуы;
      10) басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарын Қазақстан Республикасының аумағына көмуге жол бермеу.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында заңды және жеке тұлғалардың атом қаруын әзірлеу, жасау, өндіру, сынау, сақтау және тарату мақсатында атом энергиясын пайдалану жөніндегі кез келген қызметіне тыйым салынады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) атом энергетикасы мен өнеркәсібін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қолданбалы технологияларды, іргелі және қолданбалы ғылымды дамытудың мемлекеттік саясатын әзірлейді;
      2) атом энергетикасы мен өнеркәсібін дамыту бағдарламасын бекітеді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      3) атом энергиясын пайдалану саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
      4) ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін есепке алудың мемлекеттік жүйелерін ұйымдастыру тәртібін бекітеді;
      5) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және пайдаланушы ұйымның ядролық материалдарды, алу деңгейі төмен иондаушы сәулелену көздерін және радиоактивті қалдықтарды тіркеуі мен есепке алуы тәртібін бекітеді;
      6) атом энергиясын пайдалану объектілерін физикалық қорғау тәртібін бекітеді;
      7) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды, көмуге арналған қоймаларды салу туралы шешім қабылдайды;
      8) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы ядролық немесе радиациялық қондырғыны мерзімінен бұрын пайдаланудан алу туралы шешім қабылдайды;
      9) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау тәртібін бекітеді;
      10) атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптарын бекітеді;
      11) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың, пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің аттестациядан өту тәртібін бекітеді;
      12) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
      13) ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды, ядролық отынды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тәртібін бекітеді;
      14) ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдаланудан шығару тәртібін бекітеді;
      15) жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қадағалаушылар ретінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін қадағалауға қатысуы тәртібін айқындайды;
      16) радиациялық және ядролық қауіпсіздікке сараптама жүргізу тәртібін бекітеді;
      17) ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларды жобалау және салу тәртібін бекітеді;
      18) заңнамалық актілерге және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

      6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;
      3) атом энергетикасы мен өнеркәсібін дамыту бағдарламаларын әзірлейді;
      4) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы және ядролық қаруды таратпау проблемалары бойынша халықаралық ынтымақтастықты, соның ішінде халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарымен атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша техникалық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіруді жүзеге асырады;
      5) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерінің, жыл сайынғы тексеру жоспарларының нысандарын әзірлейді және бекітеді;
      6) атом энергиясын пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
      7) атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады;
      8) халықтың қауіпсіздігіне және (немесе) қоршаған ортаға қауіп төнген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметіне радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы ядролық немесе радиациялық қондырғыны мерзімінен бұрын пайдаланудан алу туралы ұсыныс енгізеді;
      9) ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерінің мемлекеттік есебін жүргізеді;
      10) атом энергиясын пайдалану объектілері үшін алу деңгейлерін бекітеді;
      11) өз құзыретінің шегінде жеке және заңды тұлғалардан жүктелген міндеттерді шешу үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды сұратады және алады;
      12) сараптамалық ұйымдар берген атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жататын есептеу әдістемесін келіседі;
      13) көліктік қаттау жиынтықтарының конструкцияларын бекітеді;
      14) атом энергиясын пайдалану, ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету саласындағы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік жөніндегі зерттеулерді ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      15) пайдаланушы ұйымның атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экспорттық бақылау талаптарын орындауға және (немесе) ядролық қаруды таратпау режиміне қойылатын талаптарды орындауға жауапты қызметкерлеріне, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді;
      16) пайдаланушы ұйымның атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметті жүзеге асыру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экспорттық бақылау талаптарын орындауға және (немесе) ядролық қаруды таратпау режиміне қойылатын талаптарды орындауға жауапты қызметкерлерін, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аттестаттауды жүзеге асырады;
      17) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды арнайы даярлауды ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      18) атом энергиясын пайдалану саласындағы ядролық, радиациялық, және ядролық физикалық қауіпсіздіктің жағдайын бағалауды, ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
      2. Уәкілетті органның лауазымды адамы:
      1) белгіленген тәртіппен атом энергиясын пайдалану объектілеріне кідіріссіз кіруге, олардың қызметін сипаттайтын материалдар мен мәліметтерге қол жеткізуге;
      2) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаларға, пайдаланушы ұйымның қызметкерлеріне, халыққа қауіп төнген немесе қоршаған ортаға залал келтіру қаупі төнген кезде атом энергиясын пайдалану объектісін пайдалануды қауіпсіздік қатерінің туындау себептері жойылғанға дейін тоқтата тұруды талап етуге және (немесе) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы ядролық немесе радиациялық қондырғыны мерзімінен бұрын пайдаланудан алу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаға немесе пайдаланушы ұйымға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқылы.
      3. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының қызметтік міндеттемелерін орындауы уақытында олардың қызметіне кедергі жасауға жол берілмейді.

      7-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік
             бақылау және қадағалау

      1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады. Тексеру «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік қадағалау атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін бағалау нысанында жүзеге асырылады.

      8-бап. Атом энергиясын пайдалану объектісінің
             қауіпсіздігіне бағалау жүргізу тәртібі

      1. Атом энергиясын пайдалану объектісінің қауіпсіздігін бағалауды жылына бір реттен асырмай уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Оның негізінде қауіпсіздікті бағалау жүзеге асырылатын құжаттаманы уәкілетті органға осы баптың 7-тармағының 3) тармақшасына сәйкес атом энергиясын пайдалану объектісін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) пайдаланушы ұйым ұсынады.
      3. Радиациялық қауіптіліктің 1-ші және 2-ші санаттарындағы қондырғылардың қауіпсіздігіне бағалау жүргізу мерзімі қажетті құжаттар тапсырылған күннен бастап алты айдан, ал атом энергиясын пайдаланудың қалған объектілері үшін үш айдан аспауға тиіс.
      4. Жүргізілген қауіпсіздікті бағалау нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды шығарады.
      5. Атом энергиясын пайдалану объектілерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкессіздігі анықталған жағдайда атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) пайдаланушы ұйым уәкілетті орган белгілеген мерзімде қорытындыда көрсетілген ескертулерді жоюға міндетті. Ескертулерді жою қорытындылары бойынша атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе) пайдаланушы ұйым уәкілетті органға ескертулердің жойылғаны туралы хабарлайды және уәкілетті органға атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігіне қайта бағалау жүргізу үшін өтініш білдіреді.
      6. Ескертулер жойылмаған және халыққа және (немесе) қоршаған ортаға қауіп туындаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның және (немесе) пайдаланушы ұйымның атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдаланудан шығаруы, мерзімінен бұрын шығаруы, жабуы туралы ұсыныс енгізеді.
      7. Атом энергиясын пайдалану объектісінің қауіпсіздігін бағалау үшін берілетін құжаттама мыналарды қамтиды:
      1) мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) куәлігінің, салық төлеуші куәлігінің, пайдаланушы ұйымға арналған статистикалық карточканың көшірмелері;
      2) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға үшін жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) атом энергиясын пайдалану объектісінің жобалық құжаттамасы, онда атом энергиясын пайдалану объектісінің ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат болуы қажет.

3-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың атом
энергиясын пайдалану саласындағы құқықтары мен
міндеттері

      9-бап. Жеке және заңды тұлғалардың атом
             энергиясын пайдалану саласындағы құқықтары

      Жеке және заңды тұлғалардың:
      1) сұрау салу бойынша уәкілетті органнан заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, құрылысы белгіленетін, жобаланатын, салынып жатқан, пайдаланылатын және пайдаланудан шығарылатын қондырғылардың қауіпсіздігі туралы ақпарат алуға;
      2) сұрау салу бойынша уәкілетті органнан өздері тұратын немесе еңбек қызметін жүзеге асыратын орындардағы радиациялық жағдай туралы ақпарат алуға;
      3) атом энергиясын пайдалану саласындағы саясатты, заңнамалық актілердің, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жобаларын талқылауға қатысуға;
      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы ұсыныстар енгізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың жобалық құжаттарына қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қатысуға;
      5) атом энергиясын пайдалану объектілерін құру мәселелері және олардың қызметі бойынша қоғамдық экологиялық тыңдаулар ұйымдастыруға және өткізуге қатысуға;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін қадағалауға жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қадағалаушылар ретінде қатысуы тәртібіне сәйкес қоғамдық қадағалаушылар ретінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін қадағалауға қатысуға;
      7) пайдаланушы ұйым белгілеген тәртіппен танысу мақсатында ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларға баруға;
      8) атом энергиясын пайдалану саласындағы атом энергиясын пайдалану объектілерін тиісті пайдаланбау нәтижесіндегі шығындар мен зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтетуге құқығы бар.

      10-бап. Жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясын
              пайдалану саласындағы міндеттері

      1. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
      2. Жеке және заңды тұлғалар пайдаланушы ұйымның аумағында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес қондырғыларды көру және (немесе) басқа да атом энергиясын пайдалану объектілерін қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты пайдаланушы ұйымның лауазымды адамдарының талаптарын орындауға міндетті.

4-тарау. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті
жүзеге асыру шарттары және тәртібі

      11-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы
              қызметті жүзеге асырудың міндетті шарттары

      1. Атом энергиясын пайдалану жөніндегі кез келген қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес иондаушы сәулеленудің зиянды әсерінен пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің, халық денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауды, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін қорғауды қамтамасыз ету шартымен жүзеге асырылады.
      2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет лицензия негізінде жүзеге асырылады. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Атом энергиясын пайдалану объектілеріне олардың өмірлік циклының әр түрлі кезеңдерінде қойылатын қауіпсіздік талаптары тиісті техникалық регламенттерді жазылады. Уәкілетті орган атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым үшін көрсетілген талаптарға сәйкестікті растау әдістері мен тәсілдеріне қатысты ұсынымдарды әзірлейді.
      4. Уәкілетті орган пайдаланушы ұйымның немесе атом энергиясын
пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның өтініші негізінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің өмірлік циклының жекелеген кезеңдерін іске асырар алдында атом энергиясын пайдалану объектілеріне тексеру жүргізеді.

      12-бап. Қондырғылардың радиациялық қауіптілігі санаттары

      1. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғылар мынадай төрт радиациялық қауіптілік санатына бөлінеді:
      1) 1-санатқа авария кезінде санитарлық-қорғау аймағының шегінен тысқары жерде халыққа радиациялық әсер етуі мүмкін және халықты қорғау жөніндегі шаралар талап етілуі мүмкін қондырғылар жатады;
      2) 2-санатқа авария кезіндегі радиациялық әсер өздерінің санитарлық-қорғау аймағының аумағымен шектелетін қондырғылар жатады;
      3) 3-санатқа радиациялық әсері оларды орналастыру алаңымен шектелетін қондырғылар жатады;
      4) 4-санатқа радиациялық әсері атом энергиясын пайдалану қызметін жүзеге асыруға байланысты жұмыс жүргізілетін үй-жайлармен немесе жұмыс орнымен ғана шектелетін қондырғылар жатады.

      13-бап. Қондырғыларды салу және пайдалану

      1. Ядролық қондырғыларды, көмуге арналған қоймаларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды салу туралы шешімді аумағында оларды салу жоспарланатын жергілікті өкілетті органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      2. Радиациялық қауіптілігі 3 және 4-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларды жобалау мен салу тәртібіне сәйкес уәкілетті орган қабылдайды.
      3. Ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыларды салуға тек заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі.
      4. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларды пайдаланушы ұйымының ұйымдық құрылымы мен Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Нормативтік құжаттарының мәлімделген атом энергиясын пайдалану қызметінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін ішкі өкімдік құжаттар жүйесі болуға тиіс.
      5. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларды пайдалану кезінде техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарын орындауды пайдаланушы ұйым қамтамасыз етеді.
      6. Ядролық қондырғыларда ядролық материалдар болған кезде оларды пайдалану кезінде қауіпсіздікті жүзеге асыру мақсатында пайдаланушы ұйым уәкілетті органмен келісім бойынша пайдаланушы ұйым персоналының қатарынан жауапты адамды (инспекторды) тағайындайды, оның міндетіне атом энергиясы пайдаланылатын қызметті жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын, экспорттық бақылау талаптарының орындалуын және (немесе) ядролық қаруды таратпау режимі талаптарының орындалуын бақылау, осындай талаптар мен Шарттардың бұзылуы туралы уәкілетті органды уақтылы хабардар ету, сондай-ақ пайдаланушы ұйымының қондырғыны пайдалануға жататын ішкі рәсімдік және технологиялық құжаттарын келісу кіреді.
      7. Егер атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті техникалық регламенттердің талаптарын орындау қамтамасыз етілмесе, қондырғыны пайдалануға рұқсат етілмейді.

      14-бап. Атом энергиясын пайдалану объектілерін
              физикалық қорғау

      Атом энергиясын пайдалану объектілерін физикалық қорғауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін атом энергиясын пайдалану объектілерін физикалық қорғау тәртібіне сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым қамтамасыз етеді және атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым олардың өмірлік циклының бүкіл мерзімі ішінде жүзеге асырады.

      15-бап. Ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену
              көздерін есепке алу

      1. Алу деңгейі жоғары ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздері Қазақстан Республикасының үкіметі бекітетін ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін есепке алудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру тәртібіне сәйкес мемлекеттік есепке алынуға тиіс.
      2. Ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін есепке алудың мемлекеттік жүйесі ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерінің қолда бар мөлшерін, олардың орналасқан жерлерін анықтауды, жоғалуына, рұқсатсыз пайдаланылуына және ұрлануына жол бермеуді, уәкілетті органдарға, ал халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда халықаралық ұйымдар мен басқа да мемлекеттерге ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерінің болуы мен орын ауыстыруы туралы жедел ақпарат, сондай-ақ көздердің есептен шығарылуы мен көмілуі туралы, көздер мен ядролық материалдардың экспорты және импорты туралы мәліметтер беріп отыруды қамтамасыз етеді.
      3. Алу деңгейі төмен ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін және радиоактивті қалдықтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін алу деңгейі төмен ядролық материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін және радиоактивті қалдықтарды атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның немесе пайдаланушы ұйымның тіркеуі және есепке алуы тәртібіне сәйкес атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым тіркеп, есепке алуға тиіс.
      4. Атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін олардың параметрлерінің мәні алу деңгейінен төмен азайған жағдайда бақылаудан шығару туралы уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы. Уәкілетті орган мұндай өтінішті бір ай мерзімде қарайды.
      Атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның немесе пайдаланушы ұйымның өтінішін қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) өтінішті қанағаттандыру туралы;
      2) мұндай шешім қабылдауды негіздей отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы.
      5. Атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым ядролық материалдардың, иондаушы сәулелену көздерінің және радиоактивті қалдықтардың қозғалысы, теңгерімдік мөлшері, жай-күйі мен нысаны бойынша есепті деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      16-бап. Ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды,
              ядролық отынды, радионуклидтік көздерді,
              радиоактивті қалдықтарды тасымалдау

      1. Ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды, ядролық отынды, радионуклидтік көздерді, радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Бұл ретте осы тәртіпте тасымалдау кезінде мүмкін болатын аварияларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларға қойылатын талаптар белгіленуге тиіс.
      2. Уәкілетті орган техникалық регламенттердің негізінде көліктік қаттау жиынтықтарының конструкцияларын бекітеді.
      3. Ядролық материалдардың немесе пайдаланылған ядролық отынның әрбір жеке тасымалы үшін олардың иесі (жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым) тасымалдау бағдарламасын әзірлейді, онда тасымалдануы белгіленген материалдың түрі және мөлшері, пайдаланылуы болжанатын көліктік қаттау жиынтықтары, тасымалданатын материал, көліктің түрі, тасымалдау бағыты, тасымалға қатысушылар арасында жауапкершілікті бөлу көрсетіледі және ядролық, радиациялық және физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар сипатталады, ол авариялық карточкамен бірге уәкілетті органға беріледі. Авариялық карточкаға енгізілетін мәліметтердің нысаны мен құрамын тасымалдың әрбір жеке түрі үшін уәкілетті орган белгілейді.

      17-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтары
              және ядролық жарылыстар жүргізу нәтижесінде
              ластанған басқа да аумақтар

      1. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын қоса алғанда, бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және ядролық жарылыстар жүргізу нәтижесінде ластанған басқа да аумақтардағы кез келген қызмет лицензиялау туралы заңнамаға сәйкес лицензиялануға тиіс.
      2. Жекелеген ядролық жарылыстар жүргізілген орындар үшін уәкілетті орган радиациялық ластану мәніне сараптама ұйымдастырады, оның нәтижелері бойынша ядролық жарылыстардың нәтижесінде ластанған аумақтардың шекаралары белгіленеді.

      18-бап. Атом энергиясын пайдалану объектілерін
              пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға
              және пайдаланушы ұйым

      1. Ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдаланушы ұйым осындай атом энергиясын пайдалану объектісінің бүкіл өмірлік циклы кезеңінің ішінде, оны бақылаудан шығару-бақылауға алу немесе басқа пайдаланушы ұйымға беру сәтіне дейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      2. Атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға және пайдаланушы ұйым:
      1) атом энергиясын пайдалану объектісінің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
      2) атом энергиясын пайдалану объектісінің жобалау мен пайдалану сипаттамаларының және параметрлерінің қызметті атом энергиясын пайдаланып жүзеге асыру кезіндегі қауіпсіздік, экспорттық бақылау талаптарына және (немесе) ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
      3) жыл сайын уәкілетті органға радиациялық және (немесе) ядролық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы есеп беруге;
      4) уәкілетті органды жүйелердегі, жабдықтағы, құжаттамадағы немесе қызметкерлердегі радиациялық, ядролық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты кез келген өзгерістер туралы хабардар етуге;
      5) уәкілетті органды авариялар мен кез келген оқиға туралы хабардар етуге;
      6) атом энергиясын пайдалану объектісін бүкіл өмірлік циклының ішінде қауіпсіз пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету үшін жеткілікті қажетті ұйымдық, қаржылық, материалдық-техникалық және адами ресурстарға ие болуға;
      7) жобалау сатысынан бастап: қондырғыларды пайдаланудан шығаруға, көмуге арналған қойманы жабуға, радиоактивті қалдықтарды кейін кәдеге жаратуға, көмуге, авариялық жағдайлардың салдарларын жоюға, адамдардың денсаулығы мен өміріне және қоршаған ортаға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне келтірілген зиянды өтеу жөніндегі жұмыстарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын көздеуге;
      8) қондырғының бүкіл өмірлік циклының барлық сатыларында атом энергиясын пайдалануға байланысты қызмет үшін сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларын әзірлеу мен оның орындалуын қамтамасыз етуге;
      9) ядролық материалдарды, алу деңгейі төмен иондаушы сәулелену көздерін және радиоактивті қалдықтарды тіркеу мен есепке алуды қамтамасыз етуге;
      10) барлық өзіне тиесілі атом энергиясын пайдалану объектілерінің тиісті дәрежеде физикалық қорғалуын қамтамасыз етуге;
      11) авариялық дайындық шараларын және аварияға қарсы іс-шараларды, сондай-ақ қызметкерлерге, халыққа және қоршаған ортаға авариялардың жағымсыз салдарларын азайту жөніндегі шараларды әзірлеу мен іске асыруды қамтамасыз етуге;
      12) уәкілетті органның лауазымды адамының жазбаша талабы бойынша қызметкерлердің, халықтың қауіпсіздігіне қатер төндіретін қоршаған ортаға зиян келтіретін атом энергиясын пайдалану объектісін осындай қатердің туындау себептері жойылғанға дейін пайдалануды тоқтата тұруға;
      13) атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде ядролық және радиациялық-қауіпті жұмыстарға жіберілген қызметкерлердің сәулелену дозасының есебін жүргізуге және олардың өтемақы алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге;
      14) атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарға жіберілген қызметкерлерді іріктеуді, дайындауды, біліктілігін қолдауды және уақтылы аттестаттауды жүзеге асыруға;
      15) қызметкерлерді сақтандыру түрлерін, радиациялық тәуекелдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген залал үшін азаматтық жауапкершілікті қамтамасыз етуге;
      16) атом энергиясын пайдалану объектілері өмірлік циклының жекелеген кезеңдерін іске асырар алдында тексеру жүргізу туралы уәкілетті органға өтініш жасауға;
      17) атом энергиясын пайдалану объектісінің қауіпсіздігін бағалауға арналған құжаттаманы уәкілетті органның сұрауы бойынша беруге міндетті.
      3. Пайдаланушы ұйымның басшыларын қоса алғанда, пайдаланушы ұйымның қызметкерлері, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен уәкілетті органда аттестаттаудан өтуге тиіс.

      19-бап. Атом энергиясын пайдалану объектілерімен
              жұмыс істеу

      1. Атом энергиясын пайдалану объектілерімен қауіпсіз жұмыс істеу атом энергиясын пайдалану объектісінің бүкіл өмірлік циклының ішінде қызметтің кез келген түрі үшін көзделуі тиіс.
      2. Атом энергиясын пайдалану объектілерімен жұмыс істеу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген талаптар сақталуға тиіс.

      20-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық
              немесе радиациялық қондырғыны мерзіміне
              бұрын пайдаланудан шығару және көмуге
              арналған қойманы жабу

      1. Қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көмуге арналған қойманы жабудың алдын ала жоспарын оларды жобалау сатысында пайдаланушы ұйым әзірлеуі тиіс.
      2. Қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көмуге арналған қойманы жабудың түпкілікті жоспары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қондырғыларды пайдаланудан шығару тәртібіне сәйкес әзірленеді.
      3. Қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді пайдаланушы ұйым дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырудың басталатын күні мен мерзімі туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстарды толық көлемде орындауды қамтамасыз етеді.
      4. Радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын алу туралы шешімді уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      5. Көмуге арналған қойманы жабу туралы шешімді уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді, ол пайдаланушы ұйымның жабу қауіпсіздігі негізделген өтініші негізінде дайындалады.

5-тарау. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық
қауіпсіздік сараптамасы және олар бойынша
зерттеулер жүргізу

      21-бап. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасы

      1. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасы олар ядролық және (немесе) радиациялық қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
      2. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайды.
      3. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасын мұндай қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы бар тұлғалар жүргізеді. Бұл ретте, атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның немесе пайдаланушы ұйымның өкілі, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғамен немесе пайдаланушы ұйыммен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда тұрған жеке және заңды тұлғалар сарапшы бола алмайды.
      4. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасына құжаттарды атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлға немесе пайдаланушы ұйым тапсырады.
      5. Сараптама жүргізу мерзімі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу ережесінде көрсетілген тізбеге сәйкес сараптама жүргізу үшін қажетті барлық құжаттарды сарапшылар алған күннен бастап үш айдан аспауы тиіс.
      6. Сараптаманың теріс қорытындысын алу сараптамалық қорытындыда көрсетілген барлық ескертулерді жойған атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаны немесе пайдаланушы ұйымды сараптама жүргізу үшін қайта жүгіну құқығынан айырмайды.
      7. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасын қаржыландыру атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғаның, пайдаланушы ұйымның қаражатынан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
      8. Уәкілетті орган сараптаманың қандай да бір түріне арналған әдістемелердің қолданылуын негіздеу және есептер нәтижелерінің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында сараптамалық ұйымдар әзірлеген атом энергиясын пайдалану объектілерінің және атом энергиясын пайдалануға байланысты қызметтің қауіпсіздігіне сараптама жүргізу кезінде қолданатын есептер әдістемесін келіседі.

      22-бап. Радиациялық және ядролық қауіпсіздікке
              сараптама жүргізу объектілері

      Мыналар міндетті радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасына жатады:
      1) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды орналастыру алаңдарын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасы;
      2) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды, көліктік қаттау жиынтықтарын жобалау және пайдалану құжаттамасы;
      3) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды, көліктік қаттау жиынтықтарын қайта жөндеуге арналған жобалау және пайдалану құжаттамасы;
      4) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды, көліктік қаттау жиынтықтарын пайдаланудан шығару жөніндегі жобалау және пайдалану құжаттамасы.

      23-бап. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік
              сараптамасының қорытындысы

      1. Радиациялық және ядролық қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің нәтижелері бойынша қорытынды беріледі.
      2. Сараптаманың қорытындысы сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға болатыны және оның мүмкіндігі туралы тұжырымды қамтиды.

      24-бап. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық
              қауіпсіздік жөніндегі зерттеулер

      1. Атом энергиясын пайдаланатын объектілердің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін зерттеулер:
      1) атом энергиясын пайдалану объектілерінің, атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың, пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізделген талаптарды, нормативтерді, стандарттарды әзірлеуді;
      2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету үшін ұсынымдар әзірлеуді;
      3) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді негіздеуді, тиімді технологияларды әзірлеу мен енгізуді қамтиды.
      2. Мыналар ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы зерттеулердің негізгі бағыттары болып табылады:
      1) атом энергиясын пайдалану объектілерінің сыртқы әсерге орнықтылығын зерттеу;
      2) радиациялық қауіпті айқындау негіздерін әзірлеу;
      3) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық нормаларды, талаптарды талдау;
      4) ядролық және радиациялық қауіпсіздік үшін мақсатты сапа көрсеткіштерін әзірлеуге байланысты зерттеулер;
      5) атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын жеке тұлғалардың, пайдаланушы ұйым қызметкерлерінің және халықтың денсаулығына радиациялық факторлардың шекті әсер ету деңгейлерін айқындау;
      6) ядролық материалдар мен радиоактивті заттар, радиоизотоптық көздер үшін алу деңгейлерінің сандық мәндерін негіздеу;
      7) қоршаған ортаға радиоактивті заттардың эмиссиялары мен төгінділерінің түсуін болдырмайтын және олардан тазалайтын әдістер мен технологияларды әзірлеуге байланысты зерттеулер;
      8) радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу жөніндегі зерттеулер;
      9) ядролық материалдармен жұмыс істеу кезінде қиындықты болдырмауға байланысты зерттеулер;
      10) радиациялық факторлардың халыққа және қоршаған ортаға жағымсыз әсерін болдырмау немесе азайту әдістерін негіздеу;
      11) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиімді технологияларды зерттеу;
      12) көп жылғы қадағалаулар негізінде атом энергиясын пайдалану объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігі жағдайының сандық және сапалық көрсеткіштерін зерттеу;
      13) ядролық және радиациялық қауіпсіздік жағдайын зерттеу;
      14) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі және ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару жөніндегі іс-шаралардың экономикалық тиімділігін және олардың шығындарын бағалау әдістерін әзірлеу;
      15) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындауға байланысты зерттеулер жүргізу;
      16) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
      3. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы зерттеулерді мамандандырылған ұйымдар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган қалыптастыратын өтінімдер бойынша жүргізеді.
      4. Қазақстан Республикасының аумағындағы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы зерттеулерді қазақстандық та, шетелдік те жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес халықаралық ұйымдар жүзеге асыруы мүмкін.
      5. Іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қаржыландыру көздерінен жүзеге асырылады.

6-тарау. Атом энергиясын пайдалану саласындағы
тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты

      25-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы
              тауарлар мен қызметтердің экспорты мен
              импортын жүзеге асыру

      Коммерциялық мақсаттарда беруді, сатуды немесе сатып алуды немесе коммерциялық емес сипатта беруді қамтитын атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

7-тарау. Қазақстан Республикасының атом энергиясын
пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны
үшін жауапкершілік

      26-бап. Қазақстан Республикасының атом
              энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын
              бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      27-бап. Атом энергиясы объектілерін тиісінше пайдаланбау
              салдарынан келтірілген зиянды өтеу

      1. Атом энергиясын пайдалану объектілерін тиісінше пайдаланбау нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
      2. Атом энергиясын пайдалану объектілерін тиісінше пайдаланбауға кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жерді қайта культивациялауға жұмсалған және жердің құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдіктер және жануарлар дүниесіне келтірілген залалды өтеуге міндетті.

8-тарау. Қорытынды ережелер

      28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 83-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 188-құжат; № 8, 52-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті