Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы N 1887 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 қыркүйектегі № 735 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.09.2015 № 735 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 19 қарашадағы
N 1887 қаулысымен    
бекітілген      

Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген
көлемін алуын қамтамасыз ету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
      2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарда олардың лицензияда айқындалатын қызметінің бағытына сәйкес тегін көрсетіледі.
      3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне:
      1) жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация;
      2) мыналарды:
      медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі - МСАК);
      медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті (бұдан әрі - КДК) қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек;
      3) уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны (шекті көлемі) шеңберінде - МСАК маманының немесе медицина ұйымының жолдамасы бойынша, төтенше айғақтары бойынша жолдаманың болу-болмауына қарамастан көрсетілетін стационарлық медициналық көмек;
      4) МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
      5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді.

2. Азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген
көлемін алуын қамтамасыз ету тәртібі

      4. Жедел медициналық көмек (бұдан әрі - ЖМК) денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күй туындаған кезде көрсетіледі.
      5. Жедел медициналық көмек көрсету тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілейді.
      6. Санитариялық авиация пациенттің тұрған жеріндегі медициналық ұйымда медициналық жабдықтың немесе тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауы салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету үшін беріледі.
      7. Санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну әр түрлі көлік түрлерімен білікті мамандарды межелі жерге жеткізу не науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.
      8. Санитариялық авиация нысанында медициналық қызмет ұсыну тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      9. МСАК адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер кешенін:
      1) неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді;
      2) инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды;
      3) халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды;
      4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылау болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетіледі.
      10. МСАК көрсететін ұйымдардың қызметі азаматтарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, олардың тұрғылықты және (немесе) бекітілген жері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша құрылады.
      11. МСАК-ты учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, акушерлер, мейірбикелер дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетеді.
      12. МСАК көрсету түрлерін, көлемін, тәртібін, сондай-ақ азаматтарды МСАК ұйымдарына бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      13. МСАК-ты ұйымдастыруды жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
      14. КДК тәулік бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде керсетіледі.
      15. Бейінді маманның КДК көрсетуі МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
      16. КДК көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      17. Стационарлық көмек тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек нысанында ұсынылады.
      18. Стационарларға жатқызу:
      1) МСАК маманының және медициналық ұйымның жолдамасы бойынша;
      2) ЖМК және санитариялық авиация қызметі арқылы;
      3) шұғыл жағдайлар кезінде өздері келгенде жүзеге асырылады
      19. Стационарлық көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      20. Стационарды алмастыратын көмек бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалатын, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде ұсынылады.
      21. Стационарды алмастыратын көмек көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      22. Еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүргізу, сондай-ақ пациентке уақытша еңбекке жарамсыздық парағын және анықтама беру уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жүзеге асырылады.
      23. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.
      24. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      25. Паллиативтік көмек аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы дауасыз науқастарға мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі.
      26. Мейірбике күтімі дәрігердің ұдайы бақылауы талап етілмейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ауруханаларында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
      27. Паллиативтік көмек және мейірбике күтімі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін көрсетіледі.
      28. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      29. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
      1) жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес;
      2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде - белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен мамандандырылған емдік өнімдер тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.