Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі N 465 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.04.14 № 302 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы (бұдан әрі — Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, орталық атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдар Тұжырымдамада көзделген ережелерді іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын:
      1) осы қаулы қабылданған сәттен бастап екі ай мерзімде белгіленген тәртіппен келісілген көрсетілген Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін;
      2) тиісті шешімдер мен бағдарламалық және жоспарлық құжаттарды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) 3-тармақтан басқа, "Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 ақпандағы N 190 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 9, 107-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 ақпандағы N 190 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 қыркүйектегі N 987 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2004 ж.,N 35, 466-құжат).
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 3 сәуірдегі
N 465 қаулысымен 
мақұлданған    

Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы Кіріспе

      Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы электр энергетикасындағы 2009 жылдан бастап орташа мерзімді кезеңге және келесі жылдарға арналған нарықтық қайта құрудың негізгі бағыттарын айқындау мақсатында әзірленді.
      Электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды жетілдірудің мақсаттары:
      1) электр энергетикасы саласының жұмыс істеу тиімділігін арттыру және жаңа қуаттарды құру мен жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту үшін инвестициялар тартуға жағдай жасау;
      2) электр энергиясының көтерме сауда және бөлшек сауда нарықтарында айқын бәсекелес баға белгілеуді жасау;
      3) нарықтың жұмыс істеуіне қажетті ақпараттық-техникалық инфрақұрылым құру;
      4) электр энергиясы нарығын мынадай жолмен кеңейту:
      қуаты 1 мегаваттан артық өңірлік тарату желілеріне қосылған тұтынушылардың электр энергиясының бәсекелес нарығында жұмыс істеуіне жағдай жасау;
      өңірлік электр станцияларының орталықтандырылған сауда нарығына қатысуына жағдай жасау;
      тиімді теңгерімдеуші нарық құру және электр энергиясының спот-нарығының өтімділігін арттыру;
      5) тұтынушыларды ұзақ мерзімді кезеңде энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің электр энергетикалық әлеуетін қалпына келтіруге және дамытуға инвестициялар тартуға жағдай жасау және қуат нарығын құру;
      6) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі - ТМД), Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ), Бірыңғай Экономикалық Кеңістік елдерінің мемлекетаралық ашық және бәсекелес электр энергетикалық нарығын қалыптастыруға қатысу, шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қосарлас режимде жұмыс істеу.
      Бұл мақсаттарға қол жеткізу энергетикалық кәсіпорындар мен тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін сақтау, нарық субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастардың айқын тетіктерін орнату негізінде Қазақстан Республикасында электр энергиясы нарығының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шаралар кешенін әзірлеуді қажет етеді.

1. Электр энергетикасының қазіргі құрылымы мен жай-күйі

      Электр энергетикасында жүргізілген нарықтық қайта құрулардың нәтижесінде мынадай ұйымдық-технологиялық құрылым қалыптасты:
      1) елу тоғыз энергия өндіруші ұйым электр энергиясын өндіруді және оны көтерме сауда тұтынушыларына және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға сатуды жүзеге асырады. Елу тоғыз энергия өндіруші ұйымның жетеуі ғана Жүйелік оператордың желілеріне, тоғызы Жүйелік оператордың желілеріне және өңірлік электр желілік компаниялары желілеріне (бұдан әрі - ӨЭК), ал қалғандары тек қана ӨЭК желілеріне қосылған. Бұдан басқа, он бір энергия өндіруші ұйым ірі өнеркәсіптік компаниялардың құрамына кіреді және олар үшін электр энергиясын өндіруді және жеткізуді жүзеге асырады;
      2) Жүйелік оператор өңіраралық және мемлекетаралық деңгейдегі желілер бойынша кернеуі 110-500 кВ электр энергиясын беру функциясын, сондай-ақ Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесін (бұдан әрі - Қазақстан БЭЖ-і) жедел-диспетчерлік басқару функциясын атқарады;
      3) жиырма бір өңірлік электр желілік компания кернеуі 0,4-220 кВ желілер бойынша электр энергиясын беруді және бөлуді өңірлік деңгейде жүзеге асырады;
      4) электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда тұтынушылары;
      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (бұдан әрі - ЭЖҰ) электр энергиясын көтерме сауда нарығында және орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алуды жүзеге асырады және оны бөлшек сауда тұтынушыларына, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына және халыққа сатады;
      6) электр қуаты резервтерінің пулы (бұдан әрі - ЭҚР пулы) - нарыққа қатысушылардың өздерінің келісім-шарттық міндеттемелерінің қатысына қарай, олардың электр қуатының авариялық тапшылығын жабуға қажетті электр қуатын резервтеу тетігін қолдайтын, электр энергиясының көтерме саудасына қатысушылар құрған ұйым;
      7) орталықтандырылған сауда нарығының операторы - электр энергиясының спот-сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған саудасын жүзеге асыратын ұйым.
      Қазақстанның бірыңғай электр жүйесі үш: Солтүстік, Оңтүстік және Батыс аймақтарынан тұрады. 2008 жылдың аяғында Ақтөбе энергия торабын Қазақстанның БЭЖ-імен қосатын "Солтүстік Қазақстан - Ақтөбе облысы" 500 кВ өңіраралық электр беру желісі пайдалануға енгізілді.
      2008 жылғы қазанда 500 кВ-тық "Қазақстанның Солтүстігі-Оңтүстігі транзитінің екінші желісі құрылысы" жобасының бірінші кезеңін іске асыру шегінде ұзындығы 248 километр ОҚМАЭС-Шу 500 кВ ӘЖ учаскесі пайдалануға енгізілді. Шу-500 бен ОҚМАЭС ШС қосу энергияға тапшы Оңтүстік аймаққа қосымша 100 МВт беруге мүмкіндік берді. 2009 жылдың аяғында, жобаның толық аяқталуымен, оңтүстік бағытта электр энергиясын беру көлемі 1350 МВт-қа дейін ұлғаяды.
      Электр беру желілерінің өткізу қабілетін шектеудің салдарынан Қазақстанның оңтүстік аймағында күзгі-қысқы кезеңдегі электр энергиясына деген қажеттілік энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының өте жоғары құнымен өз өндірістік қуаттарын пайдалануы арқылы жабылады.
      Елдің қолданыстағы заңнамасымен электр желілеріне кемсітпей еркін қол жеткізу қамтамасыз етілген және шаруашылық жүргізуші субъектілерге электр энергиясын сатып алу бойынша энергия өндіруші ұйымдармен, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде де, дербес шарттар жасасу құқығы берілген.
      Қазақстанда екі деңгейден - электр энергиясының көтерме сауда нарығынан және бөлшек сауда нарығынан тұратын электр энергиясының нарығы құрылған және жұмыс істеуде.
      Электр энергиясын сатып алу-сату және беру бойынша көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы қатынастар:
      1) орталықсыздандырылған нарықта сатып алушылар мен сатушылар арасындағы электр энергиясын сатып алу-сату шарттарымен және орталықтандырылған саудадағы мәмілелермен;
      2) электр энергиясын сатып алушылардың (жекелеген жағдайларда электр энергиясын сатушымен) Жүйелік оператормен электр энергиясын беруге жасасқан шарттарымен ресімделеді. Электр энергиясын өңірлік деңгейдегі электр желісі арқылы беру қажет болған жағдайда ӨЭК-пен шарт жасалады.
      Бөлшек сауда нарығы субъектілерінің арасындағы қатынастар электр энергиясын сатып алу-сату шарттарымен ресімделеді.
      Электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер табиғи монополиялар саласына жатады және олардың тарифін реттеуші орган белгілейді. Қазіргі уақытта электр энергиясын беру тарифтерін айқындау үшін мынадай әдістемелер пайдаланылады:
      1) Жүйелік оператордың электр желілері бойынша электр энергиясын беру үшін аймақтың тапшылыққа тәуелділігіне, аймақ ішінде және аймақтар арасында өткізу қабілеттілігіне қарай аймақтық тарифтер белгіленеді;
      2) ӨЭК-тің электр желілері бойынша электр энергиясын беру үшін жұмсалған шығындардың және нормаланған пайда мен электр энергиясын тиімді босатудың арақатынасы ретінде айқындалатын "кіру" тарифтері белгіленеді.

2. Электр энергиясының нарығындағы проблемаларды бағалау

     Электр энергиясының көтерме сауда нарығы
      Қазіргі уақытта электр энергиясының көтерме сауда нарығы электр энергиясының орталықсыздандырылған нарығы, жүйелі және қосымша қызметтер нарығынан және электр энергиясының орталықтандырылған нарығы секторларында жұмыс істейді. 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап көтерме сауда нарығының төртінші секторы  - "нақты уақыт" режимінде теңгерімдеуші нарық іске қосылды. Бұл нарық 2009 жыл бойы имитациялық режимде жұмыс істейтін болады.
      Орталықсыздандырылған сауда нарығында электр энергиясы нарығының субъектілері келіссөздер немесе тендерлік рәсімдер жүргізу жолымен екі жақты электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады, оларда шарттың қолданылу кезеңінде электр энергиясын жеткізу көлемін келіседі, шарттық бағаны және электр энергиясына ақы төлеудің шарттарын белгілейді. Орталықсыздандырылған сауда нарығының көлемі электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясы жеткізілімдерінің 90 пайызын қамтиды.
      Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы орталықтандырылған сауда алаңы сияқты, онда нарық субъектілері сауда жүйесі арқылы ұзақ, орта мерзімді кезеңге (жыл, тоқсан, ай, апта) арналған сатып алу-сату мәмілелерін, сондай-ақ "бір күн бұрын" режиміндегі спот-мәмілелерді жүзеге асырады. Субъектілердің электр энергиясының нарығына қатысуы, "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ерікті болып табылады. Орталықтандырылған сауда нарығының көлемі электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясы жеткізілімдерінің 10 пайызын қамтиды, оның ішінде "бір күн бұрын" режиміндегі спот-мәмілелердің көлемі 1 пайыздан кем.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 ақпандағы N 190 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасы электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту тұжырымдамасына сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдар 2004 жылдың төртінші тоқсанынан бастап сатыға алынатын электр энергиясының жалпы көлемінің 50 пайызына дейін орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алуға, ал энергия өндіруші ұйымдар тиісті көлемдерді сауда-саттыққа шығаруға тиіс болатын. Сонымен, электр энергиясы нарығының оңтайлы құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік болмады. Нарықтың қазіргі ахуалы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың және тұтынушылардың бәсекелестік нарықтың артықшылығын алу мүмкіндігін шектейді. Спот-нарықтағы электр энергиясына бағаның маусымдық өзгеруінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, күзгі-қысқы кезеңде (бағаның өсу кезеңі) ұзақ мерзімді келісім-шарттарға қол қойып, көктемгі-жазғы кезеңде (бағаның төмендеу кезеңі) нарықтың артықшылығын пайдалана алмайды.
      Электр энергиясы нарықтарының әлемдік дамуын талдауды ескере отырып, оңтайлы құрылым мынадай ара қатынаста қалыптасуы тиіс: электр энергиясының басым бөлігі (90 пайызға дейін) орталықсыздандырылған және орталықтандырылған нарықта еркін сатып алынуы тиіс, 10 пайыз шамасында міндетті түрде спот-нарықта алынуы тиіс. Бұл ретте электр энергиясының 5 пайызына дейін теңгерімдеуші нарықта сатып алынады.
      Орталықсыздандырылған сауда нарығы мен орталықтандырылған сауда  нарығының арасындағы айырмашылық әріптестерді таңдау мен электр энергиясының бағасын анықтау рәсімдеріне байланысты.
      Авариялық қуат резервтерін құру мен ұсыну бойынша ЭҚР пулы қызметінің өтімділігі бұдан былай теңгерімдеуші нарықпен бәсекелесу есебінен төмендейді. Бұл ретте ЭҚР пулы біртіндеп нарықтан кетеді деп күтілуде.
      Электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы шешілмеген, оның одан әрі дамуын тежейтін негізгі проблемалары:
      1) электр энергиясы нарығының оңтайлы құрылымының болмауы;
      2) желі шаруашылығының жеткіліксіз дамуы және Қазақстан аймақтарының арасындағы электр берілісі желілері өткізу қабілетінің шектелулерінен электр энергиясын өндірушілер арасындағы бәсекелестік деңгейінің төмен болуы;
      3) нарық субъектілерінің тым артық реттелетіні;
      4) "бір күн бұрын" режиміндегі орталықтандырылған спот-сауда-саттықта нарық субъектілерінің сауда-саттыққа тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз ететін тетіктің жоқтығы;
      5) өңірлік электр желілері компанияларын электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесінің (бұдан әрі - ЭКЕАЖ) болмауы болып табылады.
      Осыған байланысты Қазақстан электр энергиясының көтерме сауда нарығы Жүйелік оператордың электр желілерінің шегінде аймақтық нарықтарға сегменттеледі және ӨЭК электр желілерінің шекараларында өңірлік нарықтарға сараланады. Көтерме сауда нарығының әрбір сегментінде шын мәнінде 2-ден 5-ке дейін энергия өндіруші ұйымдар өзара бәсекеге түседі және көтерме сауда нарығының әрбір сараланымы өндірушілердің үстемдігін білдіреді.

     Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы
      ӨЭК-тегі электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сату жөніндегі қызмет оны беру жөніндегі қызметтен ажыратылған және ЭЖҰ, оның ішінде электр энергиясына кепілдік беріп жеткізуші ұйымдар (бұдан әрі - ЭКЖ) құрылған. Қазіргі кезде жариялы шарттардың негізінде ЭЖҰ мен ЭКЖ көтерме сауда нарығында электр энергиясын өз бетінше сатып алғысы келмейтін және/немесе оған мүмкіндігі жоқ тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      Әуелде бөлшек саудамен тұтынушыларға электр энергиясын бергені үшін кепілді өнім берушілермен және өзара бәсекеге түсетін ЭЖҰ ұйымдар құру, сөйтіп бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті қамтамасыз ету көзделді. Сонымен бірге ЭЖҰ арасында бәсекелестік құру мүмкін болмады және бөлшек сауда нарығында өңірлік электр желілік компаниялары құрған ЭЖҰ (ЭКЖ) 100%-дық үлесімен үстемдікке ие.
      Жылу энергиясын өндіру табиғи монополия саласына жататын электр және жылу энергиясын құрамдастырылып өндіру электр станцияларының, сондай-ақ электрмен жабдықтау бойынша ЭЖҰ қызметі электр энергиясы нарығында үстем жағдайға ие субъектілері ретінде табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамаға сәйкес реттеледі.
      Осыған байланысты бөлшек сауда нарығындағы өз шешімін қажет ететін негізгі проблемалар:
      1) бөлшек сауда нарығында түпкілікті тұтынушыларға электр энергиясын жеткізу саласындагы ЭЖҰ арасында бәсекелестіктің жоқтығы;
      2) басқа ЭЖҰ-ға электр энергиясын қайта сатуды күштеп таңатын жекелеген ЭЖҰ-ның электр энергиясы нарығындағы қызметі;
      3) өңірлік деңгейде ЭКЕАЖ құрудың аяқталмауы;
      4) тұтынушылар санаты бойынша да, тәуліктік аймақтар бойынша да тариф құру жүйесінің дамымағаны;
      5) тұтынушыларда энергияны есепке алатын заманға сай құралдарының жоқтығы болып табылады.

3. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігі және нарықтың инвестициялық белгілері

      Тұтынушыларды сенімді энергиямен жабдықтау саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасы қысқа мерзімді кезеңде сенімділікті қамтамасыз етуге қойылатын ережелер мен талаптарды қамтиды, яғни мыналарға:
      тұтыну өндірісі үдерістерін теңгерімдеуге қажетті қуат резервтеріне;
      аварияларды және энергетикалық жабдықтар жұмысының технологиялық бұзылыстарын болдырмау және жою үдерістеріне қойылатын талаптар белгіленген.
      Жүйелік оператор мен электр энергетикасы субъектілері пайдаланған, қысқа мерзімді кезеңде энергиямен жабдықтаудың сенімділігі талаптарын орындауды қамтамасыз ететін тетіктер өндірушілерге қосымша пайда табуға мүмкіндік бермейді және инвестициялар тартуға бағалық белгілер бермейді.
      Қазақстанның энергетикалық жүйесі мен нарығының әлемдік озық шетелдік энергия жүйелері мен энергия нарықтарынан айырмашылығы, онда қысқа мерзімді кезеңде энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету талаптары жоқ. Атап айтқанда, Бірыңғай энергетикалық жүйеде тұтынушылардың жүктемесінің қажеттілігін қуат беруші қуаттармен қамтамасыз ету және оның болуы жөніндегі талаптар, сондай-ақ осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін нарық тетіктері.
      Мұндай жағдайда дем беруші қуаттардың жеткілікті деңгейінің болуын қысқа мерзімді кезеңде қамтамасыз ету және инвестициялық белгілер беру толығымен Қазақстанның көтерме сауда нарығында қалыптасатын электр энергиясының құны мен бағасына түседі және "нарық - бағалар - инвестициялар - электр энергиясындағы қажеттілікті жабу - нарық" байланысы арқылы қамтамасыз етіледі.
      Әлемдік тәжірибеде белгілі болғандай, электр энергиясының нарығы инвестициялық белгілер әзірлеу тұрғысынан алғанда неғұрлым баяу болады. Оған мынадай факторлар әсер етеді:
      1) электр энергиясы уақыт бойынша қуаттың интеграцияланған көрсеткіші болып табылады;
      2) энергия жүйесінде жүктеме (сұраныс) тәулік бойы және жыл маусымына қарай уақыт ішінде өзгеріп отырады;
      3) энергия жүйесінде генерация (ұсыныс) энергетикалық жабдықтың жұмыс істеу қуатының толық шамасында тұрақты түрде қатысады.
      Осылайша, инвестицияларды жүзеге асыру үшін инвестициялық белгі мен жеткілікті деңгейде пайда алуға Қазақстан электр энергетикасының субъектілері энергетикалық жабдықтың жұмыс істеу қуатының барлық көлемі іс жүзінде жекелеген сағаттарда ғана емес, жыл маусымына қарамастан, тәуліктің барлық уақытында қажет болған жағдайда ғана қол жеткізіледі және электр энергиясына қойылған бағаның деңгейі инвестициялардың қайтарымдылығы мен пайдалылығын қамтамасыз етеді.
      Осындай ұйымдастыру кезінде электр энергиясы нарығының жұмыс істеуі Қазақстанда өндірістік қуат тапшылығының туындауына алып келді, онда еліміздің экономикасының табысты дамуы үшін электр энергиясын тұтыну өсімімен салыстырғандағы олардың озық өсімі талап етіледі.
      Жоғарыда көрсетілген проблемалар саланың қаржылық тұрақтылығына және инвестициялық тартымдылығына одан әрі дамуына және нарықтық қатынастарының тереңдеуіне мүмкіндік бермейді.
      Бұл ретте ӨЭК-тер мен электр станцияларының негізгі қорларының тозуы сындарлы шегіне жетті, бұл таяу жылдары өте қауіпті салдарға әкеп соғуы мүмкін. Электр станциялары мен электр желілерінің негізгі жабдықтарының орны толтырылмайтын тозуының және істен шығуының алдын алу үшін оларды қалпына келтірудің нақты тетігін құру қажет.
      Осыған байланысты Қазақстанның энергия жүйесінде өндірістік қуатты дамытуды қамтамасыз ету үшін оның өсімін ескере отырып, тұтынылатын жүктеменің барабар жабылуына мыналар қажет:
      1) қолданыстағы активтердің жаңартылуына және жаңа өндіруші және беруші қуаттардың енгізілуіне бағытталған саланың даму стратегиясын және инвестициялық саясатын әзірлеу;
      2) энергиямен сенімді және қауіпсіз жабдықтау жөнінде талаптарды нарық субъектілерінің орындауын қамтамасыз ететін, сондай-ақ нақты инвестициялық дабылдарды беретін нарық тетіктерін әзірлеу және енгізу. Әлемдік практикада осындай тетіктер ретінде алдыңғы қатарлы бәсекелік нарықтарда мыналар пайдаланылады: қуат нарығы, бағалық серпілістермен нарық үлгісі;
      3) тұтынушыларды ұзақ мерзімді кезеңде теңгерімді сенімділік және энергиямен жабдықтау қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлеу және белгілеу;
      4) электр және жылу энергиясын өндіру және беру, техникалық қайта жарақтандыру жоспарларын әзірлеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын нарық субъектілеріне қойылатын талаптар.

4. Электр энергиясының көтерме нарығын дамыту

      Нарықтық қатынастарды одан әрі дамытудың негізгі міндеттері
      Электр энергиясының көтерме нарығын дамытудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1) ұзақ мерзімді кезеңде тұтынушыларды сенімді және қауіпсіз энергиямен жабдықтау бойынша талаптарды белгілеу және осы талаптарды орындауды қамтамасыз етуші қуат нарығын құру;
      2) бәсекелестік деңгейін арттыру және электр энергиясының көтерме нарығының шекарасын кеңейту бойынша жұмыстарды мыналар арқылы жалғастыру:
      аймақ және ӨЭК желілері шегінде электр энергиясының көтерме нарығын сегменттеуге әсер ететін техникалық және экономикалық тосқауылдарды жабу, атап айтқанда:
      Қазақстанның Солтүстігі - Батысы және Қазақстанның Солтүстігі - Оңтүстігі электр беру желілерін салу;
      электр энергиясын өндіруге, "КЕGОС" АҚ және ӨЭК электр желілері бойынша электр энергиясын беруге баға белгілеуді жетілдіру;
      барлық энергия өндіруші ұйымдар мен энергия жабдықтаушы ұйымдар үшін "бір күн бұрын" режимінде орталықтандырылған спот-сауда арқылы электр энергиясын сатудың міндетті нормасын белгілеу;
      орталықтандырылған сауда нарығының операторы базасында Орталық Азия сауда алаңын құру және орталықтандырылған сауда нарығына шектес елдердің электр энергетикасы субъектілерін тарту;
      3) электр энергиясы нарығы субъектілерімен үстем жағдайды теріс пайдаланудың алдын алу бойынша және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына мониторинг және бақылау жүйесін құру;
      4) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығын орталықтандырылған сауда нарығы операторының көрсететін қызметтерінің спектрін кеңейту арқылы дамыту;
      5) электр энергиясы нарығының ақпараттық-техникалық инфрақұрылымын жасау.

5. Нарықтың мақсатты моделі

      Қазақстандық электр энергиясы нарығының перспективалық моделі екі негізгі деңгейді: электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарығын көздеуі тиіс:
      1. Қатысушылары барлық энергия өндіруші компаниялар, 1 МВт астам қосылған қуатымен электр энергиясының тұтынушылары, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар болып табылатын электр энергиясының көтерме сауда нарығы. Көтерме сауда нарығының құрылымы мыналардан тұруы тиіс:
      электр энергиясының орталықсыздандырылған сауда нарығы;
      электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы;
      "нақты уақыт" режиміндегі теңгерімдеуші нарық;
      қуат нарығы;
      жүйелі және қосалқы қызметтер нарығы.
      Әлемдік тәжірибе мен Қазақстанның электр энергиясы нарығындағы жұмысының он жылдық кезеңі электр энергиясын жеткізу-тұтынудың тәуліктік кестесі ұзақ және орта мерзімді келісім-шарттар бойынша электр энергиясының орталықсыздандырылған нарығындағы және орталықтандырылған сауда-саттығындағы нарық субъектілерімен жасалатын 80-90 пайыздан аспайтын мәмілелер есебінен, "бір күн бұрын" режиміндегі спот-сауда-саттықта электр энергиясын 10-15 пайызға дейін міндетті сатып алу-сатудан, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына және қосалқы қызметтер нарығына қатысуымен қалыптасуы тиіс екенін көрсетеді. Бұл тәсіл нарық субъектілеріне электр энергиясын беру-тұтынудың тәуліктік кестесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нарықта жүйелік оператор теңгерімдеуші нарықта есептесу үшін және нарық субъектілеріне орталықсыздандырылған нарықта келісім жасасу кезінде бағдар ретінде пайдаланатын нарық бағасының ағымдағы индикаторы ұдайы анықталатын болады. Қазақстанның электр энергиясы нарығы Ресей электр энергиясы нарығын қоса алғанда, электр энергиясының әлемдік алдыңғы қатарлы нарықтарының үлгісі бойынша құрылатын болады және оның құрылымын қалыптастыру аяқталатын болады.
      Осыған байланысты спот-сауда-саттықта және қосалқы қызметтер нарығында электр энергиясын сатып алу-сатудың міндетті көлемін бекіту қажет болады.
      2. Қуат нарығы.
      Электр энергетикасы саласы кез келген мемлекеттің негізін құраушы және экономикасының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бірден бір базалық сала болып табылады. Экономиканың тұрақты дамуы үшін кез келген уақытта тиісті сенімділік және сапа параметрлерімен (резервтерді қоса алғанда) жүйедегі электр энергиясын толық тұтынуын жабу үшін жеткілікті қолданыстағы генерация қуатын Қазақстанның БЭЖ қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективасында қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қажет.
      Электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында 2008 жылдың аяғында энергия өндіруші ұйымдар үшін бекітілетін шекті баға негізіндегі нарық моделі қабылданған болатын.
      Осыған байланысты таяу арадағы 3-4 жылда энергия өндіруші ұйымдар үшін шекті тариф қолданылған жағдайда Қазақстанның электр энергиясы нарығы қызметінің нәтижесін талдау жүргізілетін болады.
      Кейіннен қуат нарығын құру жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Қуатпен сауда жасау энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және қауіп-қатерін төмендетіп, электр энергетикасына инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
      Қуат нарығын құру осы нарықтың жұмыс істеуін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ететіндей электр станцияларының жаңа қуаттары іске қосылуы, қолданыстағы қуаттарды қайта құру және жаңғырту шамасына қарай жүзеге асырылады.
      3. 1 МВт-тан аз қуатқа қосылған электр энергиясының тұтынушылары және бәсекелестік жағдайларда оларға электр энергиясын сатуды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы компаниялар қатысушылары болып табылатын электр энергиясының бөлшек сауда нарығы.

6. Электр энергиясының бәсекелі көтерме сауда нарығының шекарасын кеңейту

      Көтерме сауда нарығының шекарасын кезең-кезеңмен кеңейту 1 МВт-тан астам электр энергиясын тұтыну-жеткізу орташа тәуліктік базалық қуатты ӨЭК желілеріне қосылған нарық субъектілерін электр энергиясының көтерме сауда нарығына шығу үшін жағдай жасау жолымен жүзеге асырылады.
      Энергия жеткізуші ұйымдар үшін салыстырмалы талдау әдісі бойынша (бенчмаркинг) өңірлік деңгейдегі желілер бойынша электр энергиясын беру тарифін қалыптастыру қағидаттарын енгізу, сандық арналар бойынша ақпаратты беру мүмкіндігімен ЭКЕАЖ-ды құру көтерме нарығын кеңейту үшін негізгі шарттар болып табылады.
      Нәтижесінде 1 МВт астам тұтыну-жеткізу орташа тәуліктік қуатты энергия өндіретін ӨЭК желілеріне қосылған ұйымдар мынадай мүмкіндіктерге ие болады:
      көтерме сауда нарығына (кез келген желілік компаниялардың желілеріне қосылған тұтынушыларға) электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру;
      түпкілікті бөлшек тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру (ЭЖҰ-мен қатар энергиямен жабдықтау функциясын жүзеге асыру).
      ӨЭК желілеріне қосылған орташа тәуліктік базалық қуаты 1 МВт артық электр энергиясын тұтынатын ЭЖҰ мынадай мүмкіндік алады:
      көтерме сауда нарығындағы электр станцияларымен қатар ӨЭК желілеріне қосылған өңірлік электр станцияларынан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру;
      осы тұтынушылар үшін коммерциялық есепке алуды жүзеге асырған жағдайда түпкілікті бөлшек сауда тұтынушыларына көтерме сауда нарығында - сатып алынған электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыру.

7. Ақпараттық-техникалық жүйені ұйымдастыру

      Электр энергиясы нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы күнгі цифрлық телекоммуникациялық желілердің болуы талап етіледі, ол мынадай функцияларды қамтамасыз етеді:
      1) диспетчерлік және технологиялық телефон байланысы;
      2) нақты уақыттағы жедел ақпараттық жүйелерде (SСАDА), телеөлшемдердің, телесигналдардың деректерін, телебасқару мен телереттеудің пәрмендерін беру;
      3) ЭКЕАЖ-ға деректер беру;
      4) жұмысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерге:
      электр энергиясының орталықсыздандырылған сауда нарығының;
      электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының;
      теңгерімдеуші нарығының;
      жүйелі және қосалқы қызметтер нарығының;
      электр энергиясының бөлшек сауда нарығының деректерін беру;
      5) Іnternetke шығу;
      6) электр энергетикасы нарығы субъектілерімен қажетті ақпаратпен өзара алмасу.
      Технологиялық ақпарат үшін және ақпараттық жүйелер үшін кеңінен таратылатын (Іnternet арқылы) радиал ақпараттық ағындардың бағыттылығы (нарық субъектісінен операторға, әсіресе бөлінген арналар бойынша).
      Ақпаратты беруде жоғары дәрежедегі беріктікті қамтамасыз ету мақсатында әрбір субъект үшін телекоммуникациялық желіге кіруге екі тәуелсіз тракт талап етіледі.
      Желідегі ақпараттық пакетті беру жылдамдығы секундына 2 Мбит және одан жоғары болуы тиіс.
      Жүйелік оператордың тұрақты дамитын корпоративтік ақпараттық желісі Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс істейтін базалық ақпараттық ортасы болып табылады және ақпараттық технологияны дамытудың қажетті деңгейі бар нарықтың барлық субъектілерінің өзара іс-қимылын толық көлемде қамтамасыз етеді.
      Алайда электр энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылардың нарықтағы ақпараттық өзара іс-қимылға әзірлігі әлі де төмен болып тұр, сондықтан нарық субъектілерінің барлығы да уәкілетті орган белгілеген регламенттік мерзімде бірінші кезектегі іс-шараларды орындаулары қажет:
      1) сандық корпоративтік ақпараттық желіні құру;
      2) электр энергиясының коммерциялық есебі автоматтандырылған жүйесін құру;
      3) Іnternetke шығуға рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз ету;
      4) Жүйелік оператордың үйлестіруімен жоғарыда көрсетілген ақпараттық жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етілуін енгізу.
      Субъектілер арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту ашықтық қағидаттарына негізделген электр энергиясы нарығында адал бәсекелестікті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға ықпал етуі тиіс.
      Электр энергетикасы нарығы субъектілері беретін ақпарат көлемі мен ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі нарықтың регламенті және ережесімен белгіленеді.

8. Электр энергиясы нарығындағы тариф белгілеуді жетілдіру

      Электр энергиясы нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін тариф белгілеу бәсекелестікті және нарықтық қатынастарды дамытуға ықпал етуі және нарыққа қатысушылар үшін кемсітпейтін болуы тиіс.
      Қазақстанда электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгеріміндегі тапшылыққа байланысты тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігінің төмендеу үрдісі қалыптасты.
      Қазіргі уақытта электр энергетикасындағы тарифтік саясат былайша қалыптасуда:
      электр энергиясын өндіру (генерациялау) саласындағы бағалар сұраныс пен ұсынысқа байланысты бәсекелестік жағдайда, спот-сауда-саттықта (олар өндіретін электр энергиясының көлемінің он пайыздан аспайтын), теңгерімдеуші нарықты және экспортқа өткізілетін жағдайларды қоспағанда, тиісінше шекті, есептік немесе жеке тарифтен аспайтын тарифтер бойынша қалыптасады. Электр станциясының шинасынан берілетін электр энергиясының бағасы берушілер мен тұтынушылар (орталықсыздандырылған нарық) арасындағы екі жақты келісімдермен анықталады, сондай-ақ орталықтанған сауда нарығында (биржада) - "тәулік бұрын" режиміндегі спот-сауда, ұзақ, орта және қысқа мерзімді келісім-шарттармен анықталады;
      "КЕGОС" АҚ ұлттық деңгейдегі электр желілері және ӨЭК өңірлік пен жергілікті электр желілері бойынша электр энергиясын беру және таратуға тарифті табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
      "КЕGОС" АҚ жүйелік оператор жүзеге асыратын техникалық диспетчерлеуге тарифті де табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
      үстемдік етуші (монополист) ретінде орталықтандырылған сауда операторы қызметтерінің тарифін табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган реттейді;
      теңгерімдеуші нарығының қызметтері - "КЕGОС" АҚ-ның жүйелік операторы жүзеге асырады, тарифті табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітеді;
      энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткізетін электр энергиясының түпкілікті тұтынушылар үшін электр энергиясына баға табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісіледі. ЭЖҰ-ның жабдықтаушы  үстемесі 3-8 пайызды құрайды.
      Жаңа қуаттарды салу және іске қосуды жеделдету мақсатында саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ету қажет.
      Сонымен қатар электр энергиясының үдемелі тапшылығы жағдайында, қуат беруші электр станцияларынан электр энергиясы бағасының едәуір ұлғаюы инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін, соған қарамастан Үкімет инфляцияны шектеу жөніндегі шаралар қабылдануда.
      Осыған байланысты электр энергиясы мен қуаттың тапшылығын жою кезеңіне (2009 - 2015 жылдардағы орта мерзімді кезеңде) электр энергиясын өндіру (генерация) саласындағы бағаны белгілеудің мынадай тетігі енгізіледі:
      1) электр станциялары беретін электр энергиясына бағалар жаңа активтер құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қайта құруға және техникалық қайта жарақтандыруға тартылатын инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етуі тиіс;
      2) электр станциялары электр энергиясына тарифтердің үш түрі бойынша жұмыс істеуіне болады: шекті, есептесу және жеке;
      3) шекті тариф электр станциялардың әрбір тобына бөлек, 7 жылға, жылдар бойынша белгіленеді;
      4) шекті тариф электр станцияларының осы тобының жаңа активтер құруға, қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңартуға, қайта құруға және техникалық қайта жарақтандыруға инвестициялық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін деңгейде белгіленеді;
      5) Үкімет электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ұсынысы бойынша электр энергиясына шекті тарифтерді 7 жыл мерзімге жылдар бойынша бөліп бекітетін болады;
      6) шекті тарифтің деңгейі қандай да бір электр станциясына өзінің инвестициялық міндеттемелерін жүзеге асыруға мүмкіндік етпеген жағдайда, онда бұл электр станциясы есептесу немесе жеке тарифпен жұмыс істеуге құқылы. Бұл тарифтер шекті тарифтерден жоғары болуы тиіс;
      7) электр энергиясына есептесу тарифі инвестициялық бағдарламаның техникалық экономикалық негіздемесінде анықталады. Ол жобалау-сметалық құжаттаманың өзгерістерін келісілген жағдайда ұлғаюы мүмкін;
      8) жеке тарифті инвестициялық бағдарламаның және жобалау-сметалық құжаттаманың параметрлері негізінде табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін болады;
      9) электр станциялары инвестициялар бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайтын болады: шекті тарифтер бойынша жұмыс істегенде - келісім және инвестициялық міндеттемелер түрінде, есептесу және жеке тарифтер бойынша жұмыс істегенде - инвестициялық шарттар мен инвестициялық бағдарламалар түрінде.
      Шекті тарифті оның бірінші жылы қолдануға белгілеу үшін шекті тарифтерді енгізген жылдың алдындағы жылдың ішінде энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан ең жоғары нақты баға негіз болып табылады.
      Электр станциясының дамуы, қайта құру, жаңа қуаттарды салу жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін шекті тариф жетіспеген жағдайда бұл электр станциясы инвестициялық жобаны әзірлеуі тиіс. Уәкілетті органмен белгіленген тәртіппен келісілген және бекітіліп, мақұлданған инвестициялық жоба табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар саласында басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органға берілуі тиіс. Табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган перспективаға осы электр станциясы үшін жеке инвестициялық тарифті бекітеді.
      Шекті баға шегінде энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестік және инвестициялық бағдарламаны жүргізу мүмкіндігі сақталады, оны іске асырғанда босатылатын электр энергиясының бағасы негізгі бағадан аспайтын болады.
      Инвестициялық құрастырушыны есептеу тәртібі:
      есептеу инвестициялық жобадағы жалпы инвестиция көлемі, қосылатын қуат шамасы, өтімділік мерзімі, жыл бойы жұмыс істеген сағаттары бойынша жүргізіледі. Бұл ретте кредит үшін пайыздарды, инвестиция бағамын өтеуге бағытталатын пайдаға салық салуды ескеру қажет.
      Бұл ұсыныстардың теңгерімдеуші нарық пен спот-саудада іске асырылатын электр энергиясының бағасына қатысы жоқ.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі электр қуатына тапшылық кезеңіне шекті тарифтерді бекітетін болады, бұл инвесторлар үшін электр энергиясы тарифінің болжамдалуын қамтамасыз етеді және оларға салынған инвестициялардың есебі мен негіздемелерін жүргізуге мүмкіндік береді.
      Инвестициялық құрастырушыны есепке ала, бағдарламалар (жоспарлар) негізінде тиісті электр желілік компанияларды дамытуға есептелген Ұлттық желілері ("КЕGОС" АҚ) және өңірлік электр желілік компаниялардың желілері бойынша электр энергиясын тасымалдау бойынша қызметке, тарифтердің өсу болжамын жүзеге асыру көзделеді.
      Электр станциялары үшін шекті, есептік және жеке тарифтерді және бағалардың инвестициялық құраушысын енгізу көтерме және бөлшек сауда нарығының жұмыс істеу шарттарын өзгерпейді, сондай-ақ орталықтандырылған сауда жұмысының тетігі сақталады.
      Көтерме сауда нарығында электр станциялары көтерме тұтынушыларға ЭЖҰ-ға электр энергиясын шекті, есептік және жеке баға шегінде ұсынатын болады.
      Көтерме тұтынушылар осы күнгі шарттағы сияқты көтерме сауда нарықта шарттар жасасады.
      Қазақстанның БЭЖ-інде қажетті қуат резервтерінің көлемдері қалыптасқанға дейін теңгерімдеуші нарықтың жұмысы имитациялық режимде, сағатаралық теңгерімсіздікті қаржылық реттеуді орындамай (теңгерімдеуші Электр энергиясын сатып алу-сату) жүзеге асырылатын болады. Теңгерімдеуші нарықтың имитациялық режимдегі жұмысы кезінде нарыққа қатысушылар теңгерімді ұйымдастыру жөніндегі Жүйелік оператордың қызметіне ақы төлейтін болады. Кейіннен теңгерімдеуші нарықта теңгерімдеуші электр энергиясын (қуатын) сатып алу-сату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      Жаңартылатын энергия көздері өндірген электр энергиясының бағасы тиісті жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің техникалық-экономикалық негіздемедегі уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдармен келісілген бағадан аспайтын деңгейде анықталатын болады.

9. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын дамыту

      Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері
      Мыналар электр энергиясының бөлшек сауда нарығының субъектілері болып табылады:
      1) өңірлік электр желілерін жедел диспетчерлік басқаруды және пайдалануды, өңірлік электр желілері бойынша электр энергиясының келісілген мөлшерін беру және диспетчерлеуді жүзеге асыратын, Жүйелік оператормен келісілген ӨЭК желілері және Ұлттық электр желілері арасында электр энергиясының сальдо-ағындарын сақтауға жауап беретін өңірлік электр желілері компаниялары;
      2) энергиямен жабдықтайтын ұйымдар - өндірілген немесе сатып алынған электр энергиясын бөлшек сауда тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйымдар;
      3) түпкілікті бөлшек тұтынушылар - ӨЭК желілеріне қосылған, энергиямен жабдықтайтын ұйымдардан (оның ішінде ӨЭК) электр энергиясын сатып алатын тұтынушылар (халық, шағын бизнес кәсіпорындары, қызмет көрсететін сала кәсіпорындары).
      Б ө лшек сауда нары ғ ында нары қ ты қ қ атынастарды дамытуды ң негізгі ба ғ ыттары
      Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында нарықтық қатынастарды және бәсекелестікті дамыту үшін:
      1) тұтынушылар түрлері мен тәулік аймақтары бойынша сараланған тарифтерді енгізуді ескере отырып, бөлшек сауда нарығындағы тарифтік саясатты әзірлеу;
      2) ауыстыру мерзімдері және қажетті қаржы қаражатының көлемі белгіленген қазіргі талаптарға сай келетін тұтынушылардағы коммерциялық есептеу құралдарын ауыстыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгілеу;
      3) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы қызметінің нормативтік құқықтық базасын одан әрі жетілдіру қажет.
      Қуаты 1 МВт-тан төмен бөлшек сауда тұтынушыларының бәсекелестік нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз ету және оларды электрмен жабдықтау ЭЖҰ арқылы жүзеге асырылады, олар электр энергиясын өңірлік энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда көтерме сауда нарығынан алатын болады.
      ЭЖҰ өзінің тұтынушылары бойынша алдағы күндерге жеткізу-тұтынудың тәуліктік сағаттық кестесін, оның ішінде тұтынушылар топтары бойынша үлгі тәуліктік сағаттық кестені пайдалана отырып жасайды. Осы кестелер тәуліктік сағаттық кестелерді құрастыру үшін ӨЭК-ге беріледі.
      Ағытып тастаудың белгіленген тәртібіне сәйкес, тұтынушыларды ақы төлемегені және қарыздары үшін ағытып тастауды жеткізушілердің тапсырысы бойынша ӨЭК жүргізеді.
      Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган қолданыстағы заңнамаға сәйкес осы нарықтағы бәсекелестіктің жағдайына бақылау жүргізетін болады.

10. Энергия үнемдеу саясаты және электр мен жылу энергиясын өндіру мен тұтынудың энергиялық тиімділігі

      Электр энергетикасы саласындағы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселесі қазіргі кезде және болашақта да (электр энергиясы мен қуатының тапшылығын ескере отырып) аса өзекті, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жандандырылады.
      Энергия үнемдеу саясаты отын-энергетикалық ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану үшін бұл саладағы қатынастардың құқықтық, ұйымдастырушылық, материалдық, қаржылық, экономикалық реттелуіне қажетті жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалық шараларды әзірлеу мен іске асыруды қамтиды.
      2015 жылға дейінгі энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы мақсатқа бағытталған шараларды көздейтін энергияны үнемдеу жөніндегі салалық бағдарламалар әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
      Энергияны үнемдеу жөніндегі практикалық шараларды іске асыру үшін нормативтік техникалық база әзірленеді. Әзірленіп жатқан "Энергияны үнемдеу туралы", "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" заң жобалары заңды түрде экономикалық және әкімшілік ынталандырудың іс жүзіндегі шарасы және энергияны үнемдеудің иінтірегі болады, оларға сәйкес энергияны үнемдеу технологияларын енгізу тетігі, энергияны үнемдеуді мемлекеттік реттеу әдістемесі, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету және өнімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру шаралары бекітіледі.
      Өнім бірлігін шығаруға отын-энергетикалық ресурстар шығысы нормативтен асқанда энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі саласында мемлекеттік реттеу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану шаралары заңдармен регламенттелетін, тұтынылған отын және энергия мөлшерін есептеуді қамтамасыз етпеген тұтынушыларға белгіленген энергия үнемдеуді, энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ынталандыратын шаралар белгіленетін болады.
      Электр энергетикасы саласында энергия үнемдеудің негізгі бағыттары болып электр және жылу энергиясын өндіруде отынның салыстырмалы шығысын төмендету, электр және жылу тораптарында шығыстарды қысқарту сақталады.
      Көрсетілген мақсаттарды іске асыруға бағытталған қажетті өндірістік техникалық іс-шараларды әзірлеу әрбір кәсіпорынның міндеті болып табылады.

11. ТМД елдерінің энергия жүйелерімен өзара қарым-қатынастар

      2000 жылдың ортасынан бастап Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі ТМД елдерінің энергия жүйелерімен қосарлас режимде жұмыс істейді. Бұл электр энергиясымен мемлекетаралық сауда үшін технологиялық негізді қалыптастыруға және тұтынушылар үшін белгіленген сенімділік және сапа стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды. Қазақстан БЭЖ-нің қосарлас жұмыс шарты Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдерінің энергия жүйесі арасындағы параллельді жұмысы туралы тиісті шарттармен регламенттеледі (Қазақстаннан - "КЕGОС" АҚ).
      Жоспарлауға, электр энергиясының өзара транзитін ұйымдастыру мен бақылауға және электр энергиясының мемлекетаралық ағымын реттеуге (қуатты реттеу жөніндегі қызметті және қуат қорын жеткізуді қоса алғанда) байланысты ашық және бәсекелестік мемлекетаралық электр энергетикасы нарығын қалыптастыру мәселесі ТМД, ЕурАЗЭҚ-қа қатысушы елдердің шеңберінде шешілетін болады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы мына негізгі қағидаттарға сүйенеді:
      елдердің тең құқықтығы, өзара тиімділігі және тараптардың басқа мемлекеттердің энергия жүйелерінің ішкі басқару мәселелеріне араласпауы;
      электр энергиясының ішкі нарығын ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидаттарын дербес белгілеу;
      импорт пен экспортты қоса алғанда, электр энергиясын келісім-шарттық жеткізудің және тұтынудың теңгерімін өзінің энергия жүйесі шегінде қамтамасыз ету үшін Жүйелік операторлардың жауапкершілігі.
      Энергия жүйелері Қазақстанның энергия жүйесімен қатар жұмыс істейтін мемлекеттердің электр энергетикасының қайта құрылымдау деңгейін теңестіруге қарай шектес елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында қуаттарды реттеуге арналған шарттарды жасасу тәжірибесі кеңейтілетін болады.