Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 ақпандағы N 88 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы N 1237 Қаулысы

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін орта есеппен жиырма бес пайызға арттыруды қамтамасыз ету мақсатында зейнетақы төлемдерінің мөлшерін:
      "2009 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен 2009 жылға белгіленген 28 еселенген айлық есептік көрсеткіштен жетпіс бес пайыз шектеуді ескере отырып, зейнетақы төлемдерін алушылардың барлығына алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерінен отыз пайызға, бірақ алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің жиырма екі пайызынан кем-емес;
      әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, қаржы полициясы мен өртке қарсы қызмет органдарының арнайы атақтар берілген және ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіп қолданылатын қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің жиырма бес пайызына арттыру жүргізілсін.
      2. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов