Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйым құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 шілдедегі N 693 Қаулысы.

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2025 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2025 туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) қаулысымен.

      Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2025 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2025 туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) қаулысымен.

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) құрылсын.

      2. Қоғам мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы болып айқындалсын, оның қызметінің негізгі нысанасы:

      1) республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларға экономикалық сараптаманы;

      2) мемлекеттік кепілдік беру үшін инвестициялық жобаларға экономикалық сараптаманы;

      3) республикалық бюджет қаражаты есебінен заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы іске асыру жоспарланатын бюджеттік инвестицияларға экономикалық сараптаманы;

      4) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді және қаржылық агенттіктердің республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруын талап ететін бюджеттік инвестициялық жобаларды бюджеттік кредиттеудің экономикалық сараптамасын;

      5) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалауды;

      6) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды;

      7) бюджеттік инвестициялар саласында зерттеулерді;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша зерттеулерді және ұсынымдар әзірлеуді;

      9) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы;

      10) жоспарлау және іске асыру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халықаралық қаржы институттары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қоспағанда, республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы;

      11) халықаралық қаржы институттары қатысатын ерекше маңызы бар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеуді үйлестіруді және бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қорытынды беруді;

      12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалауды;

      13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мамандарды оқытуды;

      14) іске асыру жоспарланып отырған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін жүргізуді жүзеге асыру болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.06.2025 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2025 туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) қаулысымен.

      2-1. "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін конкурстық (аукциондық) құжаттамасы бекітілген концессиялық жобаларды іске асыру үшін қоғам конкурстық құжаттамаға, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде сараптаманы, сондай-ақ концессионерді таңдау жөнінде конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерге сараптаманы жүзеге асырады.

      Ескерту. Қаулы 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 12.06.2025 № 430 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2025 туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады) қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен 2008 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен 350000000 (үш жүз елу миллион) теңге мөлшерінде қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, қоғамның жарғысын бекітсін және оның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену, және пайдалану құқығын берсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 17 шілдедегі
N 693 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі N 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-105-жолмен толықтырылсын:

      "21-105. "Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында :

      көрсетілген қаулыға қосымшада:

      "Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 268-5-жолмен толықтырылсын:

      "268-5. "Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы" АҚ".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.07.2023 № 602 қаулысымен.

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.09.2014 № 1011 қаулысымен.

      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.