Жеке басты куәландыратын құжаттарды дайындау кезінде пайдаланылатын интеграциялық микросхемаға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 қыркүйектегі N 815 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сәйкестендіру нөмірін интегралдық микросхемаға енгізу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 18 қыркүйектегі
N 817 қаулысымен
бекітілген

Сәйкестендіру нөмірін интегралдық микросхемаға енгізу ережесі

      1. Осы сәйкестендіру нөмірін интегралдық микросхемаға енгізу ережесі "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және жеке басты куәландыратын құжаттарға орналастырылған интегралдық микросхемаға сәйкестендіру нөмірін енгізудің тәртібін белгілейді.

      2. Жеке сәйкестендіру нөмірін интегралдық микросхемаға мамандандырылған жабдықта дербестендіру барысында жүргізіледі.

      3. Дербестендіру дегеніміз персонал тарапынан араласуды талап етпейтін толық автоматтандырылған үдеріс дегенді білдіреді.

      4. Дербестендіру екі үдерістен тұрады: деректерді дербестендіру үдерісі және интегралдық микросхеманы дербестендіру үдерісі.

      5. Деректерді дербестендіру үдерісі - бұл дербес деректерді, оның ішінде фотобейнесі мен жеке қолын тиісті құжаттарға енгізу.

      6. Интегралдық микросхеманы дербестендіру үдерісі - бұл оларды әрі қарай сақтау және оқу үшін дербес деректерді, оның ішінде сәйкестендіру нөмірін, сондай-ақ биометриялық элементтер мен электрондық цифрлық қолтаңбаны электрондық құжаттың интегралдық микросхемасына жазу.

      7. Электрондық құжаттарды дербестендіру жабық жұмыс циклімен, персоналдың және аппаратураның қол жеткізуін бақылау ерекшеліктерімен қамтамасыз етілетін қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен жабдықталады.

      8. Дербестендірудің тиімділігі мамандандырылған жабдыққа орнатылған басқару және сапаны қамтамасыз ету модульдерінің көмегімен қолдау табады.

      9. Деректерді дербестендіру және интегралдық микросхеманы дербестендіру үдерісі дербестендірілетін құжаттардың түріне қарай қатар немесе кезектілікке қарамастан, дәйекті жүргізілуі мүмкін.

      10. Дербестендіру үдерісі аяқталысымен, құжаттың интегралдық микросхемасына енгізілген ақпарат мамандандырылған жабдықтың бақылап оқитын модулімен салыстырылады.

      11. Электрондық құжаттағы интегралдық микросхемада қамтылған ақпаратты рұқсатсыз оқудан қорғау интегралдық микросхемаға электрондық цифрлы қолтаңбаны және халықаралық стандарттарға сай келетін "Basic Access Control" ақпаратын қорғау бағдарламасын енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.