Азаматтық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қараудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 12 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 08.12.2017 № 12 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      Азаматтық істер жөніндегі заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - АІЖК) нормаларын сот тәжірибесінде біркелкі ұғыну және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. АІЖК 44-тарауымен реттелген сот өндірісі, заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға құқықтық негіз болатын себептерді айқындауға бағытталған азаматтық іс жүргізудің дербес кезеңі болып табылады. Мұндай құқықтық негіздер қатарына қайта қарау жөнінде арыз берілген сот шешімі қабылданған кезде іс жүзінде орын алған, бірақ арызданушыға белгісіз және белгілі болуы мүмкін емес, ал сотқа хабарланған жағдайда басқа шешім қабылдауға себеп болатын мән-жайлар, сондай-ақ АІЖК 404-бабының 2)-5) тармақшаларында көрсетілген өзге де негіздер жатады.

      2. Заңды күшіне енген мынадай сот актілері:

      - бірінші сатыдағы соттың шешімі, соның ішінде сырттай шығарылған шешім;

      - іс бойынша өндірісті қысқарту туралы сот ұйғарымы;

      - төрелік соттың (арбитраждың) шешіміне шағымдану туралы және төрелік соттың (арбитраждың) шешімін мәжбүрлеп орындау туралы арызды қарау нәтижелері бойынша соттың ұйғарымы;

      - бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген немесе жаңа шешім шығарған апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатыларының ұйғарымы, шешімі, қаулысы жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      Бірінші сатыдағы соттың өзге сот актілері (мысалы, талап арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым, талап арызды кері қайтару туралы ұйғарым, іс жүргізу мерзімін қалпына келтіру туралы немесе қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарым, сот шешімін түсіндіру туралы ұйғарым, жеке ұйғарым және тағы басқа) жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қаралмайды.

      Заңды күшіне енбеген сот актісіне жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      3. Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз (бұдан әрі - Арыз) АІЖК 404-бабында көрсетілген негіздердің түпкілікті тізбесі шегінде берілуі мүмкін.

      АІЖК 404-бабында көрсетілген негіздер болмаған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілері, кассациялық және қадағалау сот тәртіптерімен қайта қаралуы мүмкін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Арызды іске қатысушы тұлғалар ғана (мысалы, талапкер, жауапкер, олардың өкілдері, прокурор және басқа тұлғалар) бере алады.

      Құқықтары мен міндеттері туралы мәселесі сотпен шешілген, алайда іске қатысуға тартылмаған тұлғалар, заңды күшіне енген сот актісіне кассациялық және қадағалау сот тәртіптерімен шағымдануға құқылы. Сондай-ақ, егер арыз беруші материалдық құқық нормаларын сот дұрыс қолданбады немесе АІЖК 187-бабында көрсетілген негіздер бойынша істің қаралуын кейінге қалдыру туралы өтініш бола тұра, сот істі қарап жіберді деген сілтемелер жасаса, онда заңды күшіне енген сот актілері жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша емес, кассациялық және қадағалау сот тәртіптерімен қаралады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін тараптар арасында бітімгершілік келісім жасалып, оны сот бекітсе, алайда ол келісімге сәйкес даулы құқықтық қатынас бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттері сот актісімен салыстырғанда басқаша болса, онда олар жаңадан анықталған мән-жайлар болып табылмайды. Ондай бітімгершілік келісімнің шарттарын тараптар жеке дара орындауы тиіс, ал алғашқы сот актісін мәжбүрлеп орындату бойынша атқарушылық іс жүргізу "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес қысқартылуға жатады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      6. Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі. Арызға оны берген адам немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды және арыз АІЖК-нің 406-1-бабының 2-4-бөліктерінде көзделген талаптарға сай болуға тиіс.

      Егер арыз осы Кодекстің 405-бабында белгіленген қағидалар бұзыла отырып берілсе, белгіленген мерзім өткеннен кейін берілсе және оны қалпына келтіру туралы өтініш болмаса немесе арыз берудің өткен мерзімін қалпына келтіруден бас тартылса, арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар сақталмаса, арыз қайтарылуға жатады.

      Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады және арызбен және оған қоса тіркелген құжаттармен бірге ұйғарым шыққан күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.

      Аталған ұйғарымға шағым жасалуы, наразылық берілуі мүмкін. (АІЖК-нің 406-3-бабы).

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      7. АІЖК-нің 154-бабының ұқсастығына сәйкес арыздар, егер:

      а) ол қаралғанға дейін арыз беруші оны кері қайтарып алса;

      б) оны беруге өкілеттігі жоқ тұлға, не іс-әрекетке қабілетсіз адам берсе;

      в) оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, арыз берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      7-1. Арызды соттың өндірісіне қабылдау туралы мәселені ол сотқа келіп түскен күннен бастап бес күн мерзімде тиісті соттың судьясы жеке-дара шешеді.

      Арызды өндірісіне қабылдаған тиісті соттың судьясы арызды қарау бойынша сот отырысы өткізілетін күн мен орын көрсетілген ұйғарым шығарады.

      Ұйғарымның көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі (АІЖК-нің 406-2-бабы).

      Ескерту. 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      8. Арызды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша берілген арызды қайта қарау туралы сот актісін шығарған сот қарайды. Сот актісін шығарған бірінші сатыдағы соттың судьясы, сондай-ақ іс бойынша жаңа іс жүргізу шешімін шығара отырып, сот актісін өзгерту туралы немесе күшін жою туралы қаулы шығарған апелляциялық сатыдағы судья немесе кассациялық және қадағалау сатысындағы соттың алқалы құрамы осындай сот ретінде түсініледі (АІЖК-нің 37-бабы).

      Апелляциялық, кассациялық және (немесе) қадағалау сатысындағы соттар өзгеріссіз қалдырған бірінші сатыдағы соттың шешімін қайта қарау туралы арызды осы шешімді шығарған сот қарайды.

      Егер арыз берілген қайта қарау туралы сот актісін шығарған алқалы сот құрамына кіретін судья оны дәлелді себептермен (мысалы, демалыс, науқастануы, өкілеттіктерінің тоқтатылуы және тағы басқалар) қарай алмаса, онда арызды осы соттың басқа судьяларынан тұратын алқалы сот құрамы қарауы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      8-1. АІЖК-нің 405-бабының 1-бөлігіне сай, жоғары тұрған сатыдағы сот соттың АІЖК-нің 44-тарауымен көзделген тәртіппен шығарған ұйғарымына шағымды, наразылықты қараудың нәтижелері бойынша, соттың шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіздемелердің бар-жоғы туралы берілген арызды мәні бойынша мәселені шешуге құқылы емес.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      9. Заңның мәніне сәйкес, жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісі тұтастай қайта қаралатындықтан, сот актісінің жекелеген бөліктерін (мысалы, қарсы талап арыз бойынша сот актісін қайта қарау туралы, бір өндіріске біріктірілген бір немесе бірнеше талаптар бойынша қайта қарау туралы және тағы басқа) қайта қарау туралы арыз беруге жол берілмейді.

      10. АІЖК 404-бабының 1) тармақшасына сәйкес, бірінші сатыдағы сот актісін шығарған күні бар болған және өзінің мазмұны бойынша маңызды болып табылатын мән-жайлар, бірақ арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес мән-жайлар жаңадан анықталған мән-жайлар болып ұғынылады.

      Сот отырысында зерттелген жағдайда шығарылған сот актісінің мазмұнына әсер ететін заңды фактілер маңызды мән-жайлар болып ұғынылады.

      Тараптың қойылған талаптарға негіздеме ретінде дәлелдемелер бермеуі немесе талапқа қарсы арыз бермеуі, не тарап басқа тараптағы немесе үшінші тұлғадағы дәлелдерді талап етуге көмек көрсету туралы өтінішті сотқа бермеуі іске қатысушы тұлғаның іс жүргізу олқылықтары болып табылады. Мұндай іс жүргізу олқылықтары заңды күшіне енген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз болып табылмайды.

      Сот актісі шығарылғаннан кейін туындаған мән-жайлар сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін негіз болмайды.

      11. АІЖК 404-бабының 2) тармақшасын қолдануға қатысты, егер куә, сарапшы, аудармашы не басқа тұлға құқық нормаларында көрсетілген қылмыстық әрекеттерді азаматтық істі қарау кезінде жасап, ол қайта қарау туралы арыз беріліп отырған заңсыз не негізсіз сот актісін шығаруға әкеп соқса, онда сол қылмыстық әрекеттер жасағаны үшін айыпты болып танылған соттың заңды күшіне енген үкімін жаңадан анықталған мән-жайлар деп түсіну керек.

      Егер АІЖК 404-бабының 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалар өзге қылмыстық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылса немесе аталған тұлғалар жасаған қылмыстық әрекеттерді осы азаматтық істі қараған кезде жасамаса, не осы азаматтық істі қараған кезде жасаса, бірақ азаматтық іс бойынша заңсыз және негізсіз сот актісін шығаруға әкеліп соқпаса, онда мұндай үкім жаңадан анықталған мән-жайлар санатына жатқызылмайды.

      12. АІЖК 404-бабының 3) тармақшасын қолдануға қатысты, іске қатысқан тұлғалар не судьялар АІЖК 404-бабының 2) тармақшасында көрсетілген әрекеттерден басқа қылмыстық жазаға тартылатын кез келген әрекеттерді даулы азаматтық істі қарағанда жасаса (мысалы, сыбайлас жемқорлық, сатып алу немесе тараптарды, өкілді, куәларды қорқыту және тағы басқа), онда оларға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот үкімі жаңадан анықталған мән-жайлар деп ұғынылады.

      Сот актілерін қайта қарау туралы арыз бойынша АІЖК 404-бабының 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың азаматтық істі қараған кезде жасамаған қылмыстық әрекеттері үшін соттау жаңадан анықталған мән-жайларға жатқызылмайды.

      13. АІЖК 404-бабының 4) тармақшасын қолдануға қатысты, егер сот актілері преюдициалық фактілер ретінде немесе өзге органдардың қаулылары азаматтық іс бойынша сот актісін шығаруға негіз болса, онда сот актілерінің немесе өзге органдар қаулыларының заңда белгіленген тәртіппен бұзылуын жаңадан анықталған мән-жайлар деп ұғыну керек.

      Өзге органның қаулысы деп әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғасының қаулысын, атқарушы билік органының жеке-дара немесе алқалы қаулысын, жергілікті өкілетті органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының қаулысын түсіну керек.

      14. АІЖК 404-бабының 5) тармақшасында көрсетілген негіздерге сәйкес, сот актілер жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      АІЖК 387-бабының 4-тармағының негізінде соттың заңды күшіне енген шешімдері, ұйғарымдары, кассациялық қаулылары, егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi оларды шығару кезінде негізге алынған акт конституциялық емес деп таныған жағдайда, қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін болуына байланысты, арыз берушілерге жүгінудің нысанын таңдау құқығы берілуі тиіс.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      15. Арыз беру мерзімі АІЖК 407-бабында белгіленген ережелерді сақтай отырып АІЖК 404-бабында көрсетілген әрбір негіздерге қатысты есептеледі.

      АІЖК 404-бабының 1) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша арыз беру мерзімін есептеген кезде маңызды мәні бар және сот актісін шығарған күні объективті түрде болған, арыз берушіге белгілі болған немесе белгілі болу мүмкін болған заңды фактілерді ескеру керек.

      АІЖК 404-бабының 5) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша арыз беру мерзімін есептеуге арналған арнаулы ереже қарастырылмағандықтан, бұл мерзімді сот актiсiн шығару кезiнде сот қолданған заңды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiні Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң конституциялық емес деп тану туралы қаулысы ресми жарияланған күннен бастап есептеу қажет.

      16. АІЖК нормаларымен арызды қарау мерзімдері белгіленбегендіктен, ол арыз берушіні және істі қарау бойынша сот отырысына қатысатын басқа да тұлғаларды тиісті түрде хабардар етуге, арызға тіркелген материалдарды және іс материалдарын зерделеу үшін жеткілікті, ақылға қонымды мерзімдерде қаралуы тиіс. Алайда бұл мерзім екі айдан аспауы тиіс.

      17. Соттың арызды қарау нәтижелері бойынша ұйғарымы, АІЖК 252-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      Ұйғарымның дәлелдеу бөлігінде:

      1) арыз беруші сілтеме жасап отырған мән-жайлар АІЖК 404-бабының 1)-5) тармақшаларында көрсетілген жаңадан анықталған мән-жайлар санатына тиістілігі;

      2) АІЖК 404-бабының 1) тармақшасына сәйкес қайта қарау туралы Арыз берген сот актісін шығарған күні осы мән-жайлардың болғандығы;

      3) жаңадан анықталған мән-жайлар арыз берушіге белгілі болғанын немесе белгілі болуы мүмкін екендігін және ол арыз берушіге қашан белгілі болғаны;

      4) арызда көрсетілген мән-жайлар маңызды болып табылатындығын және қайта қарау туралы арыз берілген сот актісінің мәніне қалай әсер ететіндігі көрсетілуі тиіс.

      Егер арыз қанағаттандырылуға жатса, онда ұйғарымның қарар бөлігінде арызды қанағаттандыру туралы және іс бойынша шығарылған сот актілерін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша бұзылып, істі жаңадан қарау үшін тиісті сотқа жіберілетіндігі көрсетіледі.\

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. Егер арызды қарау нәтижелері бойынша сот ұйғарымында қате жазулар немесе айқын арифметикалық қателерге жол берілсе, олар АІЖК 230-бабында көзделген тәртіппен жойылуға жатады.

      19. Істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберген кезде, істі соттың өндірісіне қабылдау туралы ұйғарым шығарылмайды, бірақ АІЖК 170-бабына сәйкес, судья істі сот талқылауына дайындау бойынша тиісті әрекеттер жасайды. Істі жаңа сот талқылауына дайындау мерзімі заңды күшіне енген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап есептеледі.

      Іс апелляциялық, кассациялық сатыдағы сотқа немесе қадағалау сатысындағы сотқа жаңадан қарауға жіберілген жағдайда осы сот сатыларының әрқайсысы АІЖК 41 және 43-тарауларының нормаларына сәйкес, іске қатысатын тұлғаларға істің қаралатын орны мен уақыты жөнінде хабарлайды.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      20. Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша күшін жойған сот актісін шығаруға қатысқан судьялар азаматтық істі қайтадан қарау мүмкіндігі бар.

      АІЖК 40-бабының бірінші бөлігінің 2) немесе 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бар болса, онда судья сот актісі жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша бұзылған істі қайта қарай алмайды.

      21. Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актілері бұзылғаннан кейін, іс АІЖК нормаларымен белгіленген ережелер бойынша қаралуға жатады.

      Істі жаңадан қараған кезде судья АІЖК 159 , 160-баптарына сәйкес, талап арызды қамтамасыз етуге немесе сот шешімін бұрып атқаруға бағытталған қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Істі жаңадан қарау нәтижелері бойынша қабылданған соттың іс жүргізу шешімдері АІЖК 221 және 252-баптарына сәйкес келуі тиіс.

      22. Егер жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша бұзылған сот актісі толық немесе ішінара орындалса, ал істі жаңадан қараған кезде басқа шешім шығарылса, онда сот АІЖК 240-1 , 240-2 , 240-3-баптарына сәйкес, шешімді бұрып атқару туралы мәселені шешуге міндетті.

      23. Осы нормативтік қаулыны қабылдауға байланысты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы" 2003 жылғы 20 наурыздағы N 2 нормативтік қаулысының 36, 37, 38 және 39-тармақтарының күші жойылды деп танылсын.

      24. Осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы