Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы N 1 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "ҚК", "ҚІЖК" деген сөздер "ҚК-нің", "ҚПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "қылмыстарды", "қылмыстардың", "қылмыстардан", "қылмыстар", "қылмыстың" деген сөздер "қылмыстық құқық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың", "қылмыстық құқық бұзушылықтардан", "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылықтың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы заңдарының өзгеруіне байланысты және адамның өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауапкершілік туралы қылмыстық заңдарды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Өмір мен денсаулыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жөніндегі қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау және тиісінше, оларды жасаған адамдарға әділ жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңды дұрыс қолдануды қамтамасыз ету үшін кінә нысанын, ниетінің түрін, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың мәні мен мақсатын, тәсілін, жағдайы мен сатысын, келтірілген зардаптардың ауырлығын анықтау қажет. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар іс жүргізу құжаттарында (айыптау актісінде, үкімде) өз тұжырымдарын жол берілетін, қатысты және анық дәлелдемелерді келтіре отырып негіздеулері тиіс.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Қылмыстық құқық бұзушылықты бірнеше адам жасаған кезде олардың арасында қылмыстық құқық бұзушылық жасауға алдын ала сөз байласу болған-болмағанын, рөлдері бөлінген-бөлінбегенін, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде олардың әрқайсысының қандай әрекеттер жасағанын, сондай-ақ барлық өзге де мән-жайларды анықтап, солардың негізінде адамдардың топ болып, алдын ала сөз байласу бойынша топ болып немесе қылмыстық топ болып әрекеттер жасағандары туралы қорытынды жасау және жауаптылыққа тартылған адамдардың әрқайсысының қатысу нысанын айқындау, олардың әрекеттерін жеке-жеке саралап әділ жаза тағайындау қажет.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының екінші бөлігіне (бұдан әрі - ҚК-нің) сәйкес, бір ниетпен әрекет еткен, осыған орай қылмыстық құқық бұзушылық жасау процесіне тікелей өздері қатысқан (қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын орындаған) не жасына, ақыл-есі дұрыс еместігіне немесе ҚК-де көзделген басқа да жағдайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатпайтын басқа да адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, сондай-ақ тетіктер мен жануарлардың көмегімен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды қылмыстық құқық бұзушылықтың орындаушылары деп тану керек. Олардың әрекеттері ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасалмай, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылық көздейтін тиісті баптың бөлігі (тармақтары) бойынша саралануға жатады.

      Заңға сәйкес ұйымдастырушы, көмектесуші, қылмысқа айдап салушы деп танылған басқа қатысушылардың әрекеттері, егер олар бір мезгілде осы қылмыстық құқық бұзушылықтың қоса орындаушысы болып табылмаса, ҚК-нің 28-бабына сілтеме жасала отырып, орындаушы жасаған қылмыс үшін жауаптылық көздейтін бап бойынша саралануы қажет.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы аяқталған қылмыс тікелей де, жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін, ал оларды жасауға оқталғандық субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналық болып сипатталады. Сондықтан қылмыстық құқық бұзушылық жасау сатысын айқындаумен қатар кінә нысанын да ескеру, кінәлінің ниеті неге бағытталғанын, қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде қандай зардап туындағанын және нақ осындай нәтиженің туындауына кінәлінің субъективті қатысын анықтау және белгілеу керек. Егер қылмыстық құқық бұзушылық оны аяқтағанға дейін үзілген болса, онда кінәлі өз әрекеттерін не себепті тоқтатқанын, бұл оның еркіне тәуелді болған-болмағанын, бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықты жалғастыруға оның нақты мүмкіндігі болған-болмағанын, қоғамға қауіпті зардаптың туындауына қандай мән-жайлардан кедергі болғанын анықтау қажет.

      Осыған байланысты, ҚК-нің 99-бабында көзделген адам өлтіруге оқталған кезде кінәлі оның қоғамға қауіпті сипатын сезгендіктен, жәбірленушіге құқыққа қарсы қаза келтіру мақсатында әрекет жасаған, оның іске асатынын алдын ала білген және соны қалаған, бірақ оған қатысты емес жағдайлар бойынша қаза іске аспаған қасақана әрекеттерді тану керек.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы бойынша саралауға кінәлінің бір мезгілде бірнеше адамға қаза келтіру ниеті негіз болып табылады. Осындай жағдайларда екі және одан да көп адамды өлтіру, әдетте, қысқа аралық мерзім ішінде бір немесе бірнеше іс-әрекетпен жасалады және кінәлінің екі және одан да көп адамға қаза келтіру туралы ниетін растайды.

      Егер бірінші және екінші жәбірленушіні өлтіру арасында белгілі бір уақыт өтсе, онда ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы бойынша саралау кінәлі адамда екі жәбірленушіні де қазаға ұшырату жөнінде бір пиғыл болған жағдайда мүмкін болады. Мысалы, кінәлі адам алдымен бір жәбірленушіні қазаға ұшыратады, ал кейін өзінің екі адамды өлтіруге бағытталған бірыңғай пиғылын жүзеге асыру мақсатында біршама уақыт өткен соң және басқа жерде екінші жәбірленушінің де өмірін қияды.

      Кінәлінің ниеті екі және одан көп адам өлтіруге бағытталған кезде, қылмыстық ниеттің нәтижесі - бірнеше адамның өлімі қылмыс субъектісінің еркіне байланысты емес жағдайлар бойынша туындамаса, бір адамды өлтіру және басқа адамды өлтіруге оқталғандық жасау - екі адамды өлтірген - аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қаралуы мүмкін емес. Мұндай жағдайларда аяқталмаған адам өлтіру бойынша кінәлінің әрекеті ҚК-нің 24-бабының үшінші және 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы бойынша, ал аяқталған адам өлтіру - саралау белгілерінің болуы немесе болмауына қарай ҚК-нің 96-бабының бірінші бөлігі немесе екінші бөлігі бойынша саралануға жатады. Бұл ретте, бір мезгілде бір адамды өлтірген және екіншісін өлтіруге оқталған кезде кінәлінің әрекетінің кезеңділігін осылайша саралаудың маңызы жоқ.

      Егер бірнеше адам өлтірген кезде қылмысты қоса орындаушылардың ниеті бірнеше адамның өмірін қиюға бағытталса және оны іске асыру үшін олар өзара рөлдерін бөліскен болса, соның салдарынан әрбір қылмысқа қатысушы бір ғана адамның өмірін қиюға тікелей қатысса, онда олардың әрқайсысының әрекеті осылайша ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Екі адамды өлтіру, егер біреуі үшін жауапкершілік ҚК-нің 96-бабының тиісті бөлігімен, ал басқасы ҚК-нің 100, 101, 102 немесе 103-баптарымен көзделсе, ҚК-нің 96-бабы бөлігінің а) тармағы бойынша саралау мүмкін емес. Мұндай жағдайларда әрбір қылмыстық құқық бұзушылық қылмыстық заңдардың тиісті нормасы бойынша дербес саралануға жатады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      6. Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2) тармағы бойынша саралаған кезде жәбірленушінің өз қызметтік міндетін жүзеге асыруға не өзінің кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты қандай заңды әрекеті кінәлінің оны өлтіруіне немесе оның жақындарын өлтіруге итермелегенін анықтау керек, өйткені кінәлінің нақ осы мән-жайларға байланысты осы адамның өміріне қол сұғу ниеті осындай саралауға арналған міндетті шарт болып табылады.

      Бұл ретте, өзінің қызметтік борышын орындау деп - оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кіретін, ал қоғамдық борышты орындау деп кез келген азаматтардың арнайы жүктелген қоғамдық міндеттерді, сондай-ақ қоғамның немесе жекелеген адамдардың мүдделері үшін (мысалы, құқық бұзушылыққа тосқауыл қою, дайындалып немесе жасалғалы жатқан қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарлау, куәгерлік айғақтар беру және т.б.), кез келген басқа да әрекеттерді жүзеге асыруын түсіну керек. Кәсіби борышты орындау деп тұлғаның белгілі бір кәсіпке байланысты (мысалы, суретшілердің эскиздер, портреттер, карикатуралар салуы) әрекеттер жасауын ұғыну қажет. Жәбірленушіні өлтіру жәбірленушінің заңсыз қызметтік міндеттеріне байланысты жасалған жағдайларда, ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2) тармағы бойынша саралау болмайды.

      Адам өлтіру жәбірленушінің қызметтік міндетін, өзінің кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауға байланысты жасалған деп саралау үшін адам өлтіру жәбірленушінің жоғарыда аталған әрекеттерді орындау кезінде немесе басқа уақытта жасалғанының маңызы жоқ.

      ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген "жақын" деген терминге ҚПК-нің 7-бабының 11) тармағында көрсетілген жақын туыстары ғана емес, қызметтік міндетін не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындап жүрген адам қадір тұтатын басқа да адамдар кіреді. Олардың өзара жақын қатынасы туралы кінәлінің алдын ала хабардар болған-болмағанын анықтау қажет.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша өзінің психикалық жағдайы немесе дене бітіміне қарай қылмыскерге қарсылық көрсетуге және өзіне қатысты жасалған қылмыстық қол сұғушылықтан өзін қорғауға мүмкіндігі болмаған адамды өлтіруді саралау керек. Осындай адамдарға, атап айтқанда, жас балалар, қартайған және ауыр науқас адамдар, сондай-ақ оларға болып жатқан оқиғаларды дұрыс қабылдау мүмкіндігінен айыратын психикалық ауытқудан зардап шегуші адамдар жатқызылуы мүмкін. Ұйқыдағы адамды, сондай-ақ ауыр дәрежедегі алкогольдік немесе есірткілік мас күйіне байланысты немесе басқа да себептер бойынша дәрменсіз жағдайдағы адамдарды өлтіруді де ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша саралау керек.

      Жәбірленушінің оған қаза келтіру кезінде дәрменсіз жағдайда болуын сот мұқият тексеруі және бағалауы тиіс. Бұл ретте, жәбірленушінің жас бала немесе қартайған кісі, оның мас күйде болуы барлық жағдайларда да өздігінен оның дәрменсіз жай-күйін куәландырмайтынын назарға алу керек, сондықтан аталған мән-жай істің (мысалы, жәбірленушінің шабуыл жасаушыға белсенді қарсылық көрсетуі, оған жауап ретінде зақым келтіруі және т.с.с.) нақты мән-жайын ескерте отырылып, бағалауға жатады.

      Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша саралау үшін кінәлінің жәбірленушіге қаза келтіруіне байланысты әрекет жасаған сәтте жәбірленушінің дәрменсіз жағдайда болуы қажет. Бұл ретте, жәбірленуші өзін дәрменсіз жағдайға (көшеде құлаған кезде жарақат алуы, алкогольдік ішімдікті немесе есірткі заттарды пайдалануы және т.с.с.) өзі түсірді ме немесе оның осындай жағдайға басқа адамдардың әрекеті нәтижесінде туындауының маңызы жоқ.

      Жәбірленушіні дәрменсіз жағдайға алып келу және оны өлтіру ниетін жүзеге асыруды жеңілдету мақсатында (ұйықтататын дәрі, алкогольдік ішімдік немесе есірткі беру, байлау, ұрып-соғу, есінен тануға әкеп соққан дене жарақатын келтіру) жасалған кінәлінің әрекеті осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының бөлігі болып табылады. Мұндай жағдайларда жәбірленушіге қаза келтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша саралануы тиіс емес.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Адамды ұрлаумен ұштасқан адам өлтіруді саралаған кезде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша жауапкершілік ұрланған адамды өлтірген кезде, сондай-ақ адамды ұрлауға байланысты басқа да адамдар өлтірілгенде туындайтынын ескеру керек (мысалы, ұрлауға кедергі жасаған адамды қасақана өлтіру). Осындай жағдайларда адамды ұрлау және өлтіру қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын құрайды және ҚК-нің 125-бабының тиісті бөліктерімен және ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 3) тармағы бойынша өз алдына дербес саралануға жатады. Кепілге алу немесе оны ұстау кезінде адамды қасақана өлтіру әр қылмыстық құқық бұзушылықтың белгіленген саралау белгілеріне қарай ҚК-нің 99 және 261-баптарының тиісті бөліктері бойынша дербес саралануға жатады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 4) тармағы бойынша саралаған кезде адамға қаза келтірген сәтте жәбірленушінің жүкті екендігі кінәліге белгілі болғанын анықтау қажет. Бұл ретте, жүктілік мерзімінің, жәбірленушінің жүктілікке байланысты емдеу мекемесінде есепте тұруының, ұрықтың өміршеңдігінің және т.с.с. саралау үшін маңызы жоқ.

      Кінәлі жүкті әйелді өлтірдім деп ойлаған, бірақ жәбірленуші нақтылы жүкті болмаған жағдайда, кінәлінің әрекеті басқа саралайтын белгілер болмаған кезде ҚК-нің 99-бабы бірінші бөлігі бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Кінәлі адамға қаза келтірілген кезде адам өлтіру тәсілі және басқа да мән-жайлармен байланысты аса қатыгездік көрсетіліп жасаған адам өлтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Қаза келтіру тәсіліне қатысты мән-жайларды бағалаған кезде кінәлінің аса қатыгездік көрсеткенде жәбірленушіге аса тән немесе жан күйзелісі мен қасіретін келтіретін әрекеттерді қасақана жасайтынын ескеру керек. Аса қатігездік белгілері, атап айтқанда, мына жағдайларда көрінеді: адам өлтіру алдында немесе оны орындау процесінде жәбірленушіге азаптау, қинау немесе оны қорлау қолданылуы, кісі өлтіру кінәлі үшін әуелден жәбірленушіге ерекше күйзелістер мен қасіреттер (мысалы, жәбірленушіні өлер алдында ұрып-соғу немесе көптеген жарақаттар келтіру, ұзақ уақыт бойы азаптау, аса қиналыс тудыратын у пайдалану, тірідей өртеу, аязда жылы киімсіз қалдыру, астан, судан айыру және т.с.с.) келтіретін тәсілмен жасалуы.

      Адам өлтірудің объективті жағын орындаған кезде келтірілген жарақаттардың көп болуы, егер бұл ретте адам өлтіру жәбірленушіге ерекше қиналыстар мен қасіреттер келтіру мақсатында жасалғаны анықталмаса, әрекет өздігінен ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы бойынша саралау үшін негіз болып табылмайды. Адамды аса қатыгездікпен өлтірді деп тану үшін келтірілген жарақаттардың сипаты мен ауырлығының маңызы жоқ.

      Аса қатыгездік, сондай-ақ адам өлтіру жәбірленушінің жақын адамдарының көз алдында жасалғанда болуы мүмкін. Жақындары деп - ҚПК-нің 7-бабы 11) тармағында көрсетілген туыстық қатынаста тұратын адамдар ғана емес, сонымен қатар жәбірленушімен қалыптасқан өзара қатынасқа байланысты жәбірленушіге қадірлі адамдар (ерлі-зайыптылар, нақтылы неке қатынасында тұратын адамдар, күйеу мен қалыңдық, қорғаншы, қамқоршы және т.с.с.) танылуы мүмкін.

      Адам өлтіруді жәбірленушіге жақын адамдардың көз алдында аса қатыгездікпен жасау белгісі бойынша саралағанда, ол адам өлтірген кезде аталған адамдардың болу фактісін ғана емес, кінәлінің қылмыстық құқық бұзушылықты олардың көз алдында жасайтынын білгенін және оларға рухани жан азабы мен күйзелісін тартқызу ниеті болғанын анықтау қажет.

      Өзара туыстық немесе жақын қатынастағы адамдарды бір-бірінің көз алдында кезекпен өлтіру де, егер кінәлі олардың әрқайсысын өлтірер алдында жақындарын көз алдында өлтіру жолымен оған ерекше жан азабы мен күйзелісін келтіруді қаласа, аса қатыгездікпен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы мүмкін.

      Адам өлтіру жәбірленушінің туыстарының көз алдында жасалса да, бірақ олардың арасында қалыптасқан өзара қатынасқа байланысты оларға ерекше жан азабы мен күйзелісі келтірілмейтінінен кінәлі алдын ала хабардар болса ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы бойынша сараланбайды.

      Кінәлі өлімнің нақты туындағанын біле тұрып, адам өлтіргеннен кейін мәйітті ұсқынсыздандыруы немесе оны қорлауы (оны жасыру мақсатында мүшелеу жағдайынан басқа) ҚК-нің 314-бабының тиісті бөліктері бойынша дербес саралануға, ал тұтас әрекет қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға жатады, бұл ретте, осы әрекеттерді және ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы бойынша саралау талап етілмейді.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Адамды өлтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы бойынша басқа адамдардың өмірі үшін қауіпті тәсілмен жасалды деп саралау үшін кінәлі адамның ол белгілі бір адамды (адамдарды) өлтіру ниетін жүзеге асыра отырып, адамдар жиналған орында жарылыс жасау, өрт қою, оқ ату және т.б. арқылы басқа адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін нақты қауіп төндіретін тәсілді қолданғанын білгенін анықтау қажет. Бұл ретте адам өлтіруді осылай саралау үшін адам өлтірудің таңдалған тәсілі кінәлі адамның ниетінде басқа адамдарды өлтіру болмаса да, олардың өмірі үшін нақты қауіп төндіргені жеткілікті және осындай тәсілмен адам өлтіру кезінде қауіп төнген адамдардың өліміне алып келгені немесе денсаулықтарына зиян келтіргені және олардың саны маңызды емес.

      Егер басқа адамдардың өмірі үшін қауіпті тәсілмен адам өлтіру кезінде екі және одан да көп адамның өліміне алып келген болса, жауаптылық ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) және 6) тармақтары бойынша туындайды. Бір адамның өліміне алып келген және басқа адамдардың денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, жасалған әрекет ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы және денсаулыққа қасақана зиян келтіру үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің тиісті баптары бойынша сараланады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 7) тармағы бойынша екі және одан да көп орындаушылар, сондай-ақ орындаушының және қылмыстық құқық бұзушылықтың өзге де қатысушыларының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған кісі өлтіру саралауға жатады.

      Егер алдын ала сөз байласпаған қылмыстық құқық бұзушылықтың екі және одан да көп орындаушыларының бірлескен әрекеттерімен адам өлтірілген болса, онда оны бір топ адам жасаған деп тану қажет.

      Егер адамдар бірлесіп қылмыстық құқық бұзушылық жасау туралы алдын ала сөз байласса, одан кейін олардың әрқайсысы оны жүзеге асыруға қатысса, онда олардың бәрі бірдей қоса орындаушылар болған-болмағанына немесе олардың кейбіреулерінің қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы өзгеше нысанда (ұйымдастырушылар, айдап салушылар, көмектесушілер) болғанына қарамастан, кісі өлтіруді адамдар тобы алдын ала сөз байласу бойынша жасаған деп таныған жөн.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау үшін алдын ала біріккен тұрақты адамдар тобы жасаған адам өлтіруді қылмыстық топ жасаған деп таныған жөн. Бұл ретте қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әрі басшысы қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық еткені үшін, ал қатысушылар – қылмыстық топтың нысанына байланысты ҚК-нің 257, 262, 263, 264, 265, 267, 268-баптарының тиісті бөліктері бойынша қылмыстық топқа қатысқаны үшін де, сол сияқты жасалуына олардың әрқайсысы тікелей қатысқан, ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 15) тармағы бойынша адам өлтіру үшін де жауаптылыққа жатады. Бұл ретте, егер қылмыстық топтың басқа қатысушыларының адам өлтіруі олардың ниетімен болған жағдайда да қылмыстық топтың ұйымдастырушысы әрі басшысы қылмыстық заңның жоғарыда көрсетілген баптарының жиынтығы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Өзіне немесе басқа адамдар үшін материалдық (мүліктік құқық, тұрғын үйге құқық және с.с.) пайда алу мақсатында не материалдық шығындардан (қарызды қайтару, көрсетілген қызметті төлеу, алимент төлеу, материалдық міндеттемелер мен төлемдер төлеу және т.с.с.) құтылу мақсатында жасалған адам өлтіру пайдакүнемдікпен жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар ретінде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 8) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Адам өлтіруді сыйақы алу үшін жасаған адамдардың әрекетін жалданып адам өлтіру ретінде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 8) тармағы бойынша, ал осы адам өлтіруді ұйымдастырған немесе орындаушыны сыйақы үшін адам өлтіруге көндірген адамның әрекетін ҚК-нің 28-бабының үшінші немесе төртінші бөліктері және 99-бабы екінші бөлігінің 8) тармағы бойынша саралау керек.

      Егер кінәлінің ниеті қарақшылық шабуыл жасау немесе қорқытып алу және осы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау кезеңінде жәбірленушіге күш көрсету қолданған кезде оның өмірін қасақана жойса, онда әрекетті қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы ретінде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 8) тармағы және ҚК-нің 192 немесе 194-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралау керек.

      Жалдаумен, қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіруді саралаған кезде - өлтіру пайдакүнемдік ниетпен жасалды деп қосымша саралау белгісін қолданудың қажеті жоқ.

      Егер мүлікті иемдену ниеті адамға қаза келтіргеннен кейін пайда болса және пайдакүнемдік мақсаты адам өлтіру себебі болмаса, онда жәбірленушінің өмірін қиғаннан кейін оның мүлкін иемденуге байланысты кінәлінің әрекеттерін бөтеннің меншігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК-нің баптары бойынша, ал адам өлтіруді, саралау белгілерінің болуына байланысты ҚК-нің 99-бабының тиісті бөліктері бойынша саралау керек.

      Қарақшылық шабуылды немесе қорқытып алуды жасыру мақсатында жәбірленушіге қатысты аталған қылмыстық құқық бұзушылықтардан кейін қасақана құқыққа қарсы қаза келтіру осы әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң нормалары бойынша және ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Жалдау арқылы адам өлтіру жөніндегі ұйымдастырушының әрекеті, егер ол жалдаған қылмысты орындаушының жәбірленушіні көрінеу қазаға ұшырату ойы болмаса және оның әрекеттері құқық қорғау органдарының бақылауымен адам өлтіруді имитациялаудың шеңберінен шықпаса, онда жалдау арқылы адам өлтіруді орындаушыны іздестіру жөніндегі ұйымдастырушының әрекеттері жалдаумен адам өлтіруді жасауға дайындықты құрайды және ҚК-нің 28-бабының үшінші бөлігі, 24-бабының бірінші бөлігі және 99-бабының екінші бөлігінің 8) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. Бұзақылықтан туындаған адам өлтіруді және өзара жек көру қатынасы негізінде, ұрыс-керіс немесе төбелес кезінде жасалған адам өлтіруді ажырату қажет. Осы мәселені шешкен кезде кінәлі мен жәбірленушінің өзара қатынасын, жанжалдың негізін және себебін анықтау және ескеру, кімнің оны бастағанын, екеуінің әрекетінің белсенділігі мен сипатын және басқа да мән-жайларды анықтау қажет.

      ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 9) тармағы бойынша қоғамды көрінеу сыйламау, адамгершілік нормаларын өрескел бұзу және кінәлінің қылығы қоғамдық тәртіпке ашық қарсы тұру және кінәлінің айналадағыларға өзін қарсы қойып немесе оларға өзінің артықшылығын немесе жек көрушілігі ниетімен ұштасқан адам өлтіруді саралау керек. Осындай адам өлтіру көбінесе ешқандай негізсіз немесе адам өлтіру үшін маңызы шамалы себеп пайдаланылып жасалады.

      Егер бұзақылық пиғылмен бір адамды өлтірген кезде кінәлі басқа адамдардың денсаулығына қасақана ауыр не орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, онда жасалған әрекеттерді тұтастай алғанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 9) тармағы және бұзақылық пиғылмен денсаулыққа келтірілген зиян белгілері үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК-нің тиісті баптары бойынша саралау керек.

      Адам өлтіруге дейін де, кейін де жасалған және олармен біртұтас ниеттегі байланыста емес, бұзақылық ниетпен жасалған бұзақылық әрекеттер ҚК-нің 293-бабының тиісті бөлігі бойынша дербес саралануға жатады.

      Егер, адам өлтіру денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру, қызғаныш, кек алу, бас араздығы және өзара қатынастар негізінде пайда болған ниеттерден немесе ұрыс-керіс немесе төбелеске бастамашы болған жәбірленушінің заңға қарсы мінез-құлығынан туындаса, ол қоғамдық орындарда немесе басқа адамдардың қатысуымен жасалынғаны үшін ғана бұзақылық ниетпен жасалды деп қаралмайды.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Адам өлтіру, субъектінің немесе басқа адамның жаңа немесе бұрын жасалған адам өлтіруін жеңілдету және жасыру жолымен жәбірленушінің өмірін қиюға ұмтылу болып табылатын адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы бойынша және өз ниетін орындау үшін адам өлтіргенге дейін немесе кейін кінәлі жасаған қылмыстар үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заң нормалары бойынша саралау керек. Адам өлтірудің аталған себебі белгілі болған кезде жәбірленушінің өзіне немесе басқа адамдарға қатысты жасырылып отырған қылмыстың немесе басқа қылмыстың жасалуы болжануы, осы қылмыс ауырлығы бойынша қандай санатқа жататыны, осы қылмыстардың жасалған уақыты мен тәсілі, жасырын қылмыстар адам өлтірген субъектінің өзі немесе адам өлтіргеннен кейін жаңа қылмыстар жасауға ниеті бар басқа адам жасады ма, жасалған жасырын қылмыстар туралы тиісті органдарға хабар түсті ме, кінәлі адам өлтіру нәтижесінде өз мақсатына жетті ме, маңызды емес.

      Басқа қылмыстар жасыру немесе оның жасалуын жеңілдету мақсатында жасалған адам өлтіруді саралау осы адам өлтірудің басқа себептерін және мақсатын көздейтін ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2), 8), 9), 11), 12) тармақтары бойынша саралау мүмкіндігін жоққа шығарады.

      Егер қазаға ұшырату жасалған қылмыстық теріс қылықты жасыру немесе оның жасалуын жеңілдету мақсатында жасалса, ол ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағында көзделген белгі бойынша саралануы мүмкін емес, өйткені бұл саралау белгісі басқа қылмысты жасыру немесе оның жасалуын жеңілдету мақсатында жасалған адам өлтіру кезінде ғана орын алуы мүмкін.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      17. Зорлау, нәпсіқұмарлық сипатындағы әрекеттерге ұштасқан адам өлтіру деп аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу кезінде немесе оларды жасау процесінде жәбірленушіге қасақана қаза келтіруді ұғыну керек.

      Күш қолданып жасалған зорлау не жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері немесе аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу, нақ солай жыныстық қатынас, жыныстық сипаттағы күштеу әрекеттері аяқталғаннан кейінгі жасалған әрекетті жасыру не көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы бойынша және ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша сараланады. Кінәлілердің аталған әрекеттерін ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы бойынша саралағанда қылмыстық процесті жүргізетін орган іс бойынша анықталған, ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігінің басқа тармақтарында және ҚК-нің 120 немесе 121-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген өзге де саралау белгілерін көрсетуі тиіс.

      Зорлау не нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекет жасау не аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға оқталу кезінде жәбірленушілердің денсаулығына қасақана жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілу, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына абайсызда ауыр зиян немесе қаза келтірілу тиісінше ҚК-нің 120 немесе 121-баптарының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 484 бұйрығымен бекітілген Сот сараптамасы органдарында сот сараптамаларын және зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Сот сараптамаларын және зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидалары) сәйкес алынған сараптамалық қорытынды негізінде белгіленеді.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 11) тармағы бойынша саралаған кезде кінәлінің әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық немесе қанды кек негізінде әрекет еткенін растайтын дәлелдер анықталуы керек. Атап айтқанда, кінәлі қанды кек алу дәстүрін танитын халық тобына жата ма, осы қылмыстық құқық бұзушылық жасағанға дейін адам өлтіру фактісі орын алды ма, кінәлі онымен туыстық қатынаста болды ма, оның туысының өмірін күштеп қиюды жәбірленушінің немесе оның туыстарының жасағаны қандай ақпарат көздерінен оған белгілі болды және басқа да мән-жайларды анықтау керек. Осы саралау белгісі бойынша адам өлтіруді саралауға негіз болатын адам өлтіру ниеті ретінде қанды кек алуды алдында кінәлінің туысын өлтіруге байланысты бұрын туындаған бас араздығы негізінде жасалған адам өлтіруден ажырату қажет.

      Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікке немесе жауласуға байланысты жасалған адам өлтіруді саралаған кезде жәбірленушінің халықтың белгілі бір бөлігіне тиістілігі, оның діни сенімі қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға себеп болғанын анықтау қажет. Бұл ретте, ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 11) тармағы бойынша адам өлтіруді саралау үшін қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны болған нақты адамға не қатарына жәбірленуші кіретін, қоғамда белгілі әлеуметтік жағдайға ие басқа дін, ұлт адамдарының белгісіз тобына қатысты жаулық немесе өшпенділік қатынасын анықтау жеткілікті.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Адамның ағза мүшелері мен талшықтарын пайдалану мақсатында қасақана адам өлтіруді адамның ағза мүшелері мен талшықтарын алуға мәжбүрлеген кезде не оның ағза мүшелері мен талшықтарын күштеп алу нәтижесінде оны абайсызда өлтіруден айыру қажет, соңғылар үшін жауаптылық тиісінше КҚ 106-бабының үшінші бөлігінде және 116-бабының үшінші бөлігінде көзделген.

      Кінәлінің ниеті жәбірленушіні өлтіруге бағытталған, ал өлтірілген адамның ағза мүшелері мен талшықтарын пайдалану мақсаты оны жасаудың себебі болса, іс-әрекет ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 12) тармағы бойынша саралануға жатады. Адамның кез келген ағзалары мен тіні, оның ішінде трансплантациялау объектілері болып табылмайтын ағзалары мен тіні осы құқық бұзушылықтың нысанасы болуы мүмкін. Мұндай мақсат оларды медициналық әрі өзге де мақсаттарда пайдалану (мысалы, адам етін жеу) ниетін көздейді. Бұл ретте, осы саралану белгісі бойынша адам өлтіруді саралау үшін өлтірілгеннен кейін өлген адамның ағза мүшелерін және талшықтарын нақтылы пайдаланған-пайдаланбағаны маңызды емес.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 13) тармағында көзделген саралау белгісі (бірнеше мәрте жасалған адам өлтіру) бойынша кінәлі адамға ҚК-нің 99-бабында көзделген, бiрде-бiреуi үшін сотталмаған немесе заңмен белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған жағдайда, екі және одан да көп әрекеттерді жасаған кездерде қолданылуы тиіс.

      Адам өлтіруді орындаушы адамның бірнеше мәрте адам өлтіргеніне байланысты мән-жайларының бар екені туралы оларға алдын ала белгілі болған жағдайларда ғана адам өлтіруді ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші адамдар ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 13) тармағы бойынша жауапты болады.

      Егер адам бірыңғай ниетпен тұтастырылмаған, бірнеше рет адам өлтірсе, олардың бірде біреуі үшін сотталмаса (ҚК-нің 100, 101, 102, 103-баптарында көзделген әрекеттерден басқа) және егер, бұл ретте, алдыңғы адам өлтіргені үшін қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтіп кетпесе, онда барлық әрекеттер ҚК-нің 12-бабының төртінші тармағының талаптарына сәйкес ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 13) тармағы бойынша (негіз бар болған кезде және басқа да тиісті тармақтар бойынша) саралануы тиіс. Бұл ретте, уақыты бойынша бірінші жасалған адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабының бірінші немесе екінші бөлігі бойынша жеке саралау талап етілмейді.

      Адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу кезінде, екі адамды қазаға ұшыратуға бірыңғай пиғыл болмаған жағдайда, кінәлінің әрекеті "Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысының 19-тармағының түсіндірмелері ескеріле отырып, саралануға жатады.

      Адам өлтірген кезде және адам өлтіруге оқталған кезде әрбір іс-әрекет қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ретінде жеке саралануы тиіс.

      Бірнеше мәрте жасалған адам өлтіруді екі немесе одан да көп адамдарды өлтіруден, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағына байланысты ажырату қажет: егер бірнеше мәрте жасалуды құрайтын адам өлтірудің әрқайсысы жеке ниетпен қамтылған жағдайда, ондай әрекет ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 13) тармағы бойынша саралануға жатады; кінәлі адамның ниеті бірыңғай және әуелден екі немесе одан да көп адамдарды қасақана қаза ұшыратуға бағытталған болса, - әрекетті ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы бойынша саралау керек.

      Сот кінәлінің әрекетін ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағынан 13) тармағына, не керісінше қайта саралауға құқылы.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      20-1. Адам өлтіруді ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 14) тармағы бойынша саралау үшін кінәлінің қылмыстық құқық бұзушылық жасағанға дейін жәбірленушінің кәмелеттік жасқа толмағандығы жөнінде хабардар болуын анықтау қажет. Бұл ретте ҚК-нің 6-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес аталған саралау белгісі осы белгіні белгілейтін заң қолданысқа енгізілгенге дейін (2010 жылғы 8 желтоқсанға дейін) адамды өлтірген айыпталушыға қолданылмайтынын назарда ұстау керек.

      Ескерту. Қаулы 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20-2. "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387 Заңының 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлардың бірі ретінде эпидемиядан туындаған төтенше жағдай болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жаңа коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдайдың орын алуы "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығымен және "Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайдың қолданысын ұзарту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 306 және 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 310 Жарлықтарымен танылды. Қазақстан Республикасында эпидемияға байланысты төтенше жағдайдың болуы туралы өзге нормативтік құқықтық актілер жоқ.

      Осыған байланысты ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 15) тармағы бойынша 2020 жылғы 16 наурыз сағат 08-ден бастап 2020 жылғы 11 мамыр сағат 00 кезеңінде, яғни Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285, 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 306 және 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 310 Жарлықтарымен енгізілген төтенше жағдай режимінің қолданылуы кезеңінде жасалған іс-әрекет төтенше жағдай кезінде жасалған адам өлтіру белгісі бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 20-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20-3. Жас баланы өлтіру, оның ішінде ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігінің тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде өлтіру ҚК-нің 99-бабының үшінші бөлігі бойынша ғана саралануға жатады.

      Жас баланы және жас бала болып табылмайтын басқа адамды бір пиғылмен өлтіру ҚК-нің 99-бабының үшінші бөлігінің және 99-бабы екінші бөлігінің 1) тармағының жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

      Жас баланы және жас бала болып табылмайтын адамды өлтіру, егер әрқайсысы жеке пиғылмен жасалса, қылмыстардың жиынтығы ретінде саралануға тиіс. Бұл ретте бірнеше рет жасалу белгісі, егер ол іс-әрекет жас баланы өлтіргеннен кейін жасалған болса, ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігі бойынша саралау кезінде тағылады.

      Қылмыстық заңның кері күші туралы ережеге (ҚК 6-бабының үшінші бөлігі) сәйкес 2020 жылғы 11 қаңтарға дейін жасалған жас баланы өлтіру ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігінің 14) тармағы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 20-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. Бір адам өлтіруді бірнеше саралау белгілері бойынша саралаған кезде бір мезгілде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2), 8), 9), 10), 11), 12) тармақтарында көзделген саралау белгілерін тағуға жол берілмейтіндігін ескеру қажет.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. ҚК-нің 255-бабының төртінші бөлігінде көзделген әрекеттер қылмыстық заңның осы нормасымен толық қамтылады. Бұл ретте осы әрекеттер адамның жеке басына қарсы қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      23. Сот төрелігін немесе істі сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның заңды қызметіне кедергі жасау немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау ҚК-нің 408-бабы бойынша саралануы тиіс. Егер көрсетілген адамдардың өміріне қастандық жасау өзге шеттер бойынша және олардың қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болмаса, әрекет саралау белгілерінің бар болуына байланысты ҚК-нің 99-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануы қажет.

      Сот төрелігін немесе іс тергеуді нақты жүзеге асырмаған, бірақ кінәлі адамға өзін сондай етіп көрсеткен және қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған әрекеттерді орындаған адамды өлтіру ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 2) тармағы бойынша саралануы тиіс.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін қылмыстық-түзеу жүйесі мекемесінің қалыпты қызметінің тәртібін бұзу кезінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан немесе тағайындалған бұлтартпау шарасына байланысты күзетпен қамауда ұсталатын не жаппай тәртіп бұзушылыққа қатысушы адамның адам өлтіруі, сондай-ақ билікті немесе қызмет өкілеттіктерін теріс пайдалануы кезінде адам өлтіру осы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптарымен қамтылмайды, сондықтан ол ҚК-нің 99-бабының тиісті бөліктері бойынша жеке саралануы қажет, ал кінәлінің барлық әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануы тиіс.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. ҚК-нің 100-бабы бойынша адам өлтіруді саралаған кезде анасының өзінің жаңа туған сәбиін босану кезінде немесе босанғаннан кейін өлтірген жағдайда осы бап бойынша жауапты болатынын ескеру қажет.

      Бұл жағдайларда, босанған әйелдің психикасына теріс әсер ететін (мысалы, әкесінің баладан бас тартуы, баланың некесіз туылуына туысқандарының айып тағуы, баланың әкесі немесе әйелдің туысқандары ана мен баланың өмір сүруі үшін материалдық жағдайдан бас тартуы және т.б.) маңызды мән-жайларды әйелдің психикасының бұзылу жағдайы деп түсіну қажет.

      Сәби туылғаннан кейін әйелдің психикасының бұзылуы, әдетте, оның жүйке жұмысының теріс процестерімен (депрессия, қорқыныш сезімі, желікпе көңіл-күйі және т.б.) сипатталады. Аталған психикалық бұзылушылықтарға байланысты әйелдің есінің дұрыстығын немесе есінің дұрыс еместігін анықтау үшін сот психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу қажет.

      Әрекетті ҚК-нің 100-бабы бойынша саралаған кезде сот-медициналық сараптаманың педиатриялық өлшемдеріне сәйкес айқындалатын сәбидің жаңа туылғандығын ескеру қажет. Жаңа туылған кезеңі өтіп кеткеннен кейін сәбиді өлтіру ҚК-нің 100-бабы бойынша сараланбайды, мұндай жағдайларда жауаптылық ҚК-нің 99-бабы бойынша туындайды.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      26. Әрекетті ҚК-нің 101-бабы бойынша саралаған кезде кінәлінің физиологиялық жан күйзелісінің бар-жоғы, оның кенеттен пайда болуы және жәбірленушінің әрекетімен байланысты болғаны қажетті шарт болып табылады.

      Жан күйзелісі жәбірленушінің күш қолдануынан, қорлауынан немесе ауыр балағаттауынан не өзге де заңға қарсы немесе моральға жат әрекетінен (әрекетсіздігінен) (жақын адамдарына қаза келтіру немесе денсаулығына зиян келтіру, оларды зорлау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, асыра билік ету, қызмет бабын теріс пайдалану және т.с.с.) пайда болғанда, сондай-ақ жәбірленушінің ұдайы құқыққа қарсы немесе моральға жат мінез-құлқы, оның бірнеше мәрте жасаған құқыққа қарсы әрекеттері (ұдайы ұрып-соғу, азаптау) салдарынан туындаған ұзаққа созылған психиканы бұзатын жағдайда, олардың соңғысы адам өлтірудің себебі болып табылған кезде ғана жауаптылық ҚК-нің 101-бабы бойынша туындайды.

      Бұл ретте, аталған заңға қарсы әрекеттер кінәлі адамның өзіне немесе оның жақын адамдарына қатысты жасалғаны маңызды емес.

      Жан күйзелісі жағдайы кінәлінің жан күйзелісін тудырған себепке байланысты өзін өзі ұстау және әрекет ету қабілетіне билік ететін қысқа мерзімді, интенсивті көңіл күйді білдіреді. Жәбірленушінің әрекеті мен кінәлінің жауап қайтару әрекеттері арасындағы уақыттың ұзақтығы ҚК-нің 101 немесе 111-баптарының қолданылуын жоққа шығарады.

      Кінәлінің жан күйзелісі жағдайында болды ма және қанша уақыт болды деген мәселені анықтау үшін психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу қажет.

      Жан күйзелісі жағдайында адам өлтіру немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіру тіпті ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігінде және 106-бабының екінші бөлігінде көрсетілген саралау белгілері бар болған жағдайда да ҚК-нің 101-бабы немесе 111-бабы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіруді ҚК-нің 99-бабы бойынша сараланбайтын абайсызда адам өлтіруден ажырату қажет, өйткені қылмыстық менмендік (әрекетті жасай отырып адам жәбірленушінің өлімі болуы мүмкін екендігін алдын ала біліп, бірақ еш негізсіз, жеңілтектікпен оны болғызбайтынына сенгенде) немесе қылмыстық немқұрайлылық (алайда, кінәлі істің мән-жайы бойынша өзінің әрекетінен жәбірленушінің өлімі болуы мүмкін екендігін алдын ала біле алатын және білуге тиіс бола тұра, алдын ала білмеуі) нәтижесінде жасалады.

      Бұл ретте, қылмыстық менмендік нәтижесінде қаза келтіру мен басқа адамға құқыққа қарсы қасақана, жанама ниетпен қаза келтіру субъективті жағымен өзара ерекшеленетінін ескеру қажет. Қылмыстық менмендік кезінде кінәлі тек жәбірленушінің өлімі болуы мүмкін екендігін алдын ала біледі және жеңіл ойлылықпен оны болғызбайтынына сенеді, ал жанама қасақаналықты ол өлімнің болуын қаламаса да, өлімнің болуы мүмкін екендігін ғана емес, сондай-ақ өлімнің болатындығын алдын ала біледі, бірақ оның болуын қаламаса да өлімнің болатынына саналы түрде жол береді не ол жәбірленушінің өлімін болдырмау үшін ешқандай шара қолданбастан өз әрекеттерінің зардаптарына немқұрайлы қарайды.

      Абайсызда адам өлтіру ҚК-нің 104-бабы бойынша саралануы тиіс. Егер абайсызда адам өлтіру тиісті бапта саралау белгісі ретінде көрсетілсе, онда іс-әрекет, осы саралау белгісін пайдалана отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін тиісті бап бойынша саралануы тиіс. Бұл ретте, ҚК-нің 104-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Абайсызда адам өлтіруді ҚК-нің 23-бабына сәйкес жауаптылықты болдырмайтын (мысалы, адам басқа адамның өлімін алдын ала білмеген және алдын ала білуі мүмкін емес болған немесе өлім болуын алдын ала біліп, өзінің ойы бойынша өлімнің болуын болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қолданғанын, бірақ өлім оның өзіне байланысты емес себептермен болған кезде) жазықсыз адам өлтіруден ажырату қажет.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      28. Абайсызда қаза келтіру, сондай-ақ азаптауды қолданған кезде денсаулыққа ауыр, ауырлығы орта немесе жеңіл зиян келтіру ҚК-нің 146-бабының тиісті бөліктерінің диспозициясын қамтиды және ҚК-нің 104, 106, 107-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Егер азаптауды қолданған уақытта жәбірленушіге қасақана қаза келтірілсе, әрекет қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша әрбір қылмыстық құқық бұзушылықтың саралау белгілерінің бар-жоғына қарай ҚК-нің 146 және 99-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      29. ҚК-нің 105-бабының диспозициясына сәйкес, қорқытудың, адамдық қасиетін ұдайы кемсітудің, қатыгездікпен қараудың, кінәлінің жәбірленушіні қудалау немесе қорлаудың, кінәлінің осы әрекеттері және жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі арасындағы себепті байланыстың бар-жоғы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін жауапкершіліктің міндетті шарты болып табылады. Бұл ретте, егер жәбірленуші кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған болса, әрекет ҚК-нің 105-бабының екінші бөлігі бойынша саралануға жатады. Егер жоғарыда көрсетілген әрекеттердің кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалғаны анықталса, әрекет ҚК-нің 105-бабының үшінші бөлігі бойынша саралануға жатады.

      Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің субъективті жағы жоғарыда аталған әрекеттерді жасаған кездегі қасақаналықпен сипатталады және қылмыс нәтижесіне абайсыздық нысанын көрсетеді. Кінәлі жоғарыда аталған әрекеттерді жәбірленушіге өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу жолымен қаза келтіру ниетінде жасаса және ол осындай нәтиженің туындауын қаласа, әрекетті ҚК-нің 99-бабының тиісті бөліктері бойынша қасақана адам өлтіру ретінде саралау қажет.

      Адамды өзін-өзі өлтіруге баруға дейін жеткізген кездегі іс-әрекет ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігіне сілтеме жасалмай, ҚК-нің 105-бабының тиісті бөлігі бойынша сараланады.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      30. Адамға заңға қарсы қасақана қаза келтіруді абайсызда қаза келтіруге әкелген, денсаулығына ауыр зиян келтірумен ұштасқан басқа қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырату, кінәлі ниетінің бағытын, оның жәбірленушіге қаза келтірген - өз әрекетінің нәтижелеріне субъективті қатынасын айқындау арқылы ажырату қажет.

      Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективті жағы мен кінә нысанын айқындай отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайының жиынтығын, атап айтқанда, кінәлінің және жәбірленушінің өзара қатынасының сипатын, қылмыс жасаудың тәсілі мен қаруын, жарақаттардың және өзге де дене зақымдарының санын, сипатын және жойылуын, қылмыстық құқық бұзушылық субъектісінің заңға қарсы әрекетін тоқтату себебін және тағы сол сияқты, сондай-ақ оның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейінгі мінез-құлқын ескеру қажет.

      Кінәлінің тікелей немесе жанама қасақаналықпен әрекет еткенін, өз әрекетінің құқыққа қайшы екенін білгенін, адам қазасы түрінде қоғамға қауіпті зардаптың туындауын алдын-ала білгенін және соны қалағанын (тікелей қасақана кезінде) не өз әрекетінің осындай нәтижесіне саналы түрде жол бергенін және осыған немқұрайлы қарағанын (жанама қасақана кезінде) анықтаған кезде әрекет ҚК-нің 99-бабының тиісті бөліктері бойынша саралануға жатады (ҚК-нің 100, 101, 102, 103-баптарында көзделген мән-жайлар кезінде қаза келтірген жағдайлардан басқа).

      Егерде, кінәлі қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде өз әрекетінің құқыққа қайшы екендігін және жәбірленуші қазасының туындауы мүмкіндігін алдын-ала білсе, алайда оның осындай зардапқа қатынасы абайсыздықпен сипатталса, онда кінәлінің әрекеті абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК-нің 106-бабының үшінші бөлігі бойынша саралануға жатады.

      Жәбірленушінің қылмыс жасалғаннан кейін бірден емес, оның өміріне қол суғадан кейін біраз өткен соң қайтыс болуы, егер кінәлінің қазаға ұшыратуға пиғылы (тікелей немесе жанама) және іс-әрекет пен орын алған салдары арасындағы себептік байланыстың болуы анықталса, кінәлінің іс-әрекеттерін адам өлтіру ретінде саралауға әсер етпейді.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      31. Адам денесі талшықтарының анатомиялық тұтастығын құқыққа қарсы бұзу не органдардың зақымдануына немесе олардың қалыпты жұмыс істеуін бұзуға әкеп соққан өзге де әрекеттерді адам денсаулығына келтірілген зиян деп ұғыну керек.

      Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы Сот сараптамаларын және зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес сот-медициналық сараптама жүргізу жолымен айқындалады. ҚПК-нің 271-бабына сәйкес, мұндай сараптаманы жүргізу міндетті болып табылады, ал оның қорытындысы мұқият зерттелуге және басқа дәлелдемелер жиынтығымен бірге бағалануға жатады.

      ҚК-нің 106-бабының екінші бөлігінде көрсетілген саралау белгілері бойынша денсаулыққа келтірілген ауыр зиянды саралаған кезде олар мағынасы бойынша ҚК-нің 99-бабының екінші бөлігінде көрсетілген осыған ұқсас белгілерге сәйкес екенін назарға алу керек.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      32. Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жаза тағайындаған кезде соттар оларды жасаған кездегі барлық мән-жайлардың жиынтығын: қасақаналық түрін, ниеті мен мақсатын, тәсілін, қылмыстық құқық бұзушылық жасау жағдайын және сатысын, туындаған зардаптың ауырлығын, кінәлінің жеке басын, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескеруі тиіс.

      Бұл ретте, әрекетті ҚК-нің тиісті баптарының диспозициясының тармақтарында көрсетілген бірнеше саралау белгілері бойынша саралаған кезде жаза жеке әрбір тармақ бойынша емес, ҚК-нің баптарының тиісті бөліктері бойынша бір рет тағайындалатынын назарға алу керек.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      33. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы"Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қол сұғушылығы үшін жауапкершілікті реттейтін заңдарды соттардың қолдануы туралы"N 7 (ҚР ЖС Пленумының 1996 жылғы 20 желтоқсандағы N 11 қаулысымен , 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулымен енгізілген өзгерістерімен қоса) қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      34. Осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы