Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 30 желтоқсандағы N 1355 қаулысына толықтыру енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 наурыздағы N 200 Қаулысы

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 2012.01.09 № 534-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында инновациялық қызметтi ынталандырудың құқықтық, экономикалық әрi ұйымдық негiздерiн белгiлейдi және оны мемлекеттiк қолдау шараларын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) инновация - жаңа немесе жетілдірілген өнім (жұмыс, қызмет) немесе технологиялар түрінде іске асырылған, қолданылатын сол тақылеттестермен салыстырғанда практикалық қызметте пайдалану кезінде сапалық артықшылықтарға ие әрі экономикалық және (немесе) қоғамдық пайдасы бар ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі;
      2) инновациялық грант - тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе) қолданбалы сипаттағы тәуекелді зерттеулерді орындауға, инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға, зияткерлік меншік объектісін шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда патенттеуге, инновациялық технологияларды сатып алуға арналған инновациялық грант туралы шартта көзделген талаптарда берілетін бюджет қаражаттары;
      3) инновациялық даму институттары - инновациялық қызметті қолдау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғам түріндегі ұйымдастырушылық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар;
      4) инновациялық дамыту шараларының кешені - инновациялық даму институттарының инновациялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасауы жөніндегі іс-шаралар;
      5) инновациялық жоба - инновацияларды енгізуге бағытталған және инвестицияларды көздейтін, сондай-ақ белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын және аяқталған сипаты бар іс-шаралар кешені;
      6) инновациялық инфрақұрылым - инновациялық қызметті қолдауды қамтамасыз ететін ұйымдар жиынтығы;
      7) инновациялық қызмет - инновациялық жобаны іске асыруға бағытталған қызмет;
      8) инновациялық қызмет субъектілері - инновациялық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
      9) инновациялық технологияларды сатып алу - инновациялық технологияларды пайдалану құқықтарын құқық иеленушіден инновациялық қызмет субъектілеріне беру процесі;
      10) сенімгер уәкіл - тапсырма шартының негізінде грант беруші атынан және оның есебінен әрі оның нұсқауларына сәйкес инновациялық гранттар берумен байланысты белгілі бір тапсырмаларды орындайтын заңды тұлға;
      11) технологиялық парк (бұдан әрі - технопарк) - тиімді инновациялық ортаны қалыптастыру мен дамыту арқылы инновациялық қызметті жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасалатын біртұтас материалдық-техникалық кешені бар аумақты меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде иеленетін заңды тұлға;
      12) уәкілетті орган - берілген өкілеттіктер шегінде инновациялық қызмет саласындағы басшылықты және үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi
               мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың
             мақсаттары мен принциптері

      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының инновациялық әлеуетін дамыту;
      2) жалпы ішкі өнім құрылымында жоғары технологиялық өнімдер үлесін ұлғайту;
      3) Қазақстан Республикасы экономикасының ғылымды қажетсінетін технологияларды енгізу мен пайдалануға негізделген инновациялық даму жолына ауысуына жәрдемдесу инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асырудың мақсаттары болып табылады.
      2. Мыналар:
      1) инновациялық қызметті жүзеге асыру кезінде ұлттық мүдделердің сақталуы;
      2) инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау алу кезінде инновациялық қызмет субъектілерінің теңдігі;
      3) инновациялық қызмет субъектілерінің тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін кешенділік және жүйелілік;
      4) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау рәсімдерінің ашықтығы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың принциптері болып табылады.
       Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

      4-бап. Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың
              негiзгi бағыттары

      Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) мемлекеттiк инновациялық саясатты iске асыру үшiн ұйымдық және экономикалық, соның iшiнде инвестициялар тартуды қамтамасыз ететiн жағдайлар жасау арқылы инновациялық қызметтi ынталандыру;
      2) инновациялық даму басымдықтарын айқындау;
      3) инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту;
      4) елде жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу;
      5) отандық инновацияларды сыртқы нарықтарға жылжыту;
      6) халықаралық ынтымақтастық және инновациялық технологияларды сатып алуды қоса алғанда, инновациялық қызмет саласына инвестициялар тарту;
      7) өндірісті ресурс жинақтайтын технологияларға қайта бағдарлау, экологиялық таза өнімдер өндіру;
      8) инновацияларды енгізуге жағдай жасау;
      9) инновациялық жетістіктерді ақпараттық қолдау және кеңінен таныту;
      10) инновациялық қызмет субъектілерінің арасында инновациялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруда ақпарат және тәжірибе алмасу үшін жағдайлар жасау.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

      5-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың
             нысандары

      1. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау отандық инновацияларды әзірлеуді, енгізуді және инновациялық технологияларды сатып алуды жүзеге асыратын инновациялық қызмет субъектілеріне көрсетіледі.
      2. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырылады:
      1) инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар беру;
      2) инновациялық даму институттары арқылы инновациялық дамыту шаралары кешенін қаржыландыру;
      3) қаржыландыру сомаларын қайтару не бастапқы құны бойынша сатып алу мүмкіндігі болатын қайтарым негізінде инновациялық жобаларды қаржыландыру;
      4) инновациялық жобалардың мемлекеттік ғылыми-техникалық, экономикалық және, қажет болған жағдайда, экологиялық сараптамасының жүргізілуін қамтамасыз ету.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

      6-бап. Мемлекеттік органдардың инновациялық қызмет
             саласындағы құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) инновациялық қызметтің басым бағыттарын айқындайды;
      3) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады;
      4) инновациялық гранттар беру және зияткерлік меншік объектілерін енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы есеп беру ережелерін бекітеді;
      5) инновациялық гранттар алуға үміткер инновациялық жобалардың мемлекеттік ғылыми-техникалық, экономикалық және экологиялық сараптамасын жүргізу ережелерін бекітеді;
      6) технопарктер құру туралы шешім қабылдайды;
      7) инновациялық дамыту шаралары кешенін бекітеді;
      8) инновациялық даму институттарының тізбесін бекітеді;
      9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      2. Уәкілетті орган:
      1) инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне инновациялық қызметтің басым бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
      3) инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
      4) инновациялық гранттар берудің және зияткерлік меншік объектілерін енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы есептер табыс етудің ережелерін әзірлейді;
      5) мемлекеттік органдардың инновациялық қызметті дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
      6) инновациялық қызметті ынталандыру жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
      7) инновациялық гранттарды бөледі;
      8) инновациялық грант туралы үлгілік шарттың нысанын бекітеді;
      9) инновациялық гранттар есебінен жүзеге асырылатын инновациялық жобаларды іске асырудың мониторингін және оларды орындау тиімділігін бағалауды жүргізеді;
      10) инновациялық дамыту шаралары кешенін әзірлейді;
      11) Қазақстан Республикасының инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасының атқарылуын, оның ішінде инновациялық дамыту шаралары кешенінің орындалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      12) инновациялық даму институттарының тізбесін әзірлейді;
      13) технопарктер жанынан құрылған сараптама кеңестерінің жұмыс тәртібін айқындайды;
      14) инновациялық қызмет саласында халықаралық байланыстарды дамыту үшін жағдай жасайды;
      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      3. Өзге де орталық атқарушы органдар:
      1) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызметті дамытуға бағытталған мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларды іске асырады;
      3) уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған салаларда технопарктер құру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      4. Жергілікті атқарушы органдар:
      1) өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызметті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламаларды әзірлеп, іске асырады және оларды құқықтық, ұйымдық және өзге де қолдауды қамтамасыз етеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технопарктер құру үшін жер учаскелерін береді;
      3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      5. Жергілікті өкілді органдар өз өкілеттіктері шегінде инновациялық қызметті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарламаларды бекітеді.
       Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.03.30 N 146-IV, өзгеріс енгізілді - 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

      7-бап. Инновациялық даму институттары

      1. Инновациялық даму институттары, жарғылық қызметтен бөлек, инновациялық гранттарды беру жөнінде сенімгер уәкілдер ретінде әрекет етуі және инновациялық дамыту шаралары кешенін іске асыруға қатысуы мүмкін.
      2. Инновациялық дамыту шаралары кешеніне:
      1) жаңа немесе жетілдірілген өнімдерді (жұмысты, қызмет көрсетуді) алуға және экономикалық айналымға енгізуге бағытталған іс-шараларды қаржыландыру;
      2) маркетингтік зерттеулерді жүргізу;
      3) технопарктер көрсететін қызметтерді жеңілдікті жағдайларда беру жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      4) инновациялық инфрақұрылымды құру мен дамыту;
      5) отандық ғылыми-зерттеу ұйымдарын дамыту;
      6) жаңа немесе жетілдірілген өнімдерді (жұмысты, қызмет көрсетуді) сынақтан өткізуге, сертификаттауға және стандарттауға жәрдемдесу;
      7) инновациялық қызметке кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
      8) ғылым, білім беру, өндіріс және қаржы саласының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету кіреді.
       Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

      8-бап. Технопарктер

      1. Технопарктер уәкілетті органның немесе өзге де орталық атқарушы органның жергілікті атқарушы органдармен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылады.
      2. Технопарк мынадай қызмет түрлерін:
      1) материалдық-техникалық кешенді басқаруды;
      2) технопаркті дамытуға қатысу үшін инновациялық қызметтің әлеуетті субъектілерін тартуды;
      3) инфрақұрылымдық ресурстарға пайдалану қызметін көрсетуді, қызметін технопарк аумағында жүзеге асыратын инновациялық қызмет субъектілеріне қызметтер көрсетуді;
      4) қызметін технопарк аумағында жүзеге асыратын инновациялық қызмет субъектілерінің мүдделерін мемлекеттік органдармен қарым-қатынастарда білдіруді;
      5) ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру ұйымдары мен қызметін технопарк аумағында жүзеге асыратын басқа да инновациялық қызмет субъектілері арасында инновациялық технологияларды сатып алуда және ақпарат алмасуда жәрдемдесуді;
      6) инновациялық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар мен қызмет көрсетулерді шарт талаптары бойынша беруді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.
      Бюджет қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатын қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу кезінде тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар технопарктердің және (немесе) тиісті материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдардың базасында орындалады.
      Технопаркті салу жобасы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
      3. Технопарктердің жанынан сараптама кеңестері құрылады, олардың қызметі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

       8-1-бап. Инновацияларды тарату орталықтары

      Инновацияларды тарату орталықтары ғылыми-зерттеу ұйымдарының базасында құрылады және инновацияларды қолдану практикасын үйрету жөніндегі арнаулы білім беру бағдарламаларын іске асыру арқылы инновациялық қызметті дамытуды қолдауды жүзеге асырады.
       Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

3-тарау. ҰЛТТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОР

       Ескерту. 3-тарау алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

4-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚОР

       Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.03.30. N 146-IV Заңымен.

       17-бап. Инновациялық гранттар беру

      Инновациялық гранттар:
      1) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және (немесе)
қолданбалы сипаттағы тәуекелді зерттеулерді орындауға;
      2) инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға;
      3) шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патент ұйымдарында зияткерлік меншік объектісін патенттеуге;
      4) инновациялық технологияларды сатып алуға беріледі.
      Инновациялық гранттарды беру Қазақстан Республикасының Үкіметі  айқындаған тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады.

       18-бап. Инновациялық гранттарды беру шарттары

      1. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және (немесе) қолданбалы сипаттағы тәуекелді зерттеулерді орындауға инновациялық грант беру инновациялық гранттарды алуға үміткер инновациялық жобалардың мемлекеттік ғылыми-техникалық, экономикалық және, қажет болған жағдайда, экологиялық сараптамаларының, сондай-ақ патенттік зерттеулерінің нәтижелері бойынша жүргізіледі.
      2. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және (немесе) қолданбалы сипаттағы тәуекелді зерттеулерді орындауға арналған инновациялық гранттар нәтижелерді үш жыл ішінде енгізу шартымен беріледі.
      3. Инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға арналған инновациялық грант инновацияға мүліктік құқықтары бар тұлғаға беріледі.
      4. Шет мемлекеттерде және (немесе) халықаралық патенттік ұйымдарда зияткерлік меншік объектісін патенттеуге арналған инновациялық грант қорғау құжаттарын алуға құқықтары бар тұлғаға беріледі.
      5. Инновациялық технологияларды сатып алуға арналған инновациялық грант уәкілетті органға технологияларды енгізу жөнінде қабылданған шаралар туралы кезеңдік есептер табыс ете отырып, инновациялық грант туралы шартта айқындалған мерзім ішінде грант алушының кәсіпорнында инновациялық технологияны міндетті түрде енгізу шартымен беріледі.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      21-бап. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң
               халықаралық ынтымақтастығы

      1. Инновациялық қызмет субъектiлерiнiң халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және халықаралық шарттары негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Инновациялық қызмет субъектiлерi инновациялық қызметпен айналысатын үкiметтiк емес халықаралық ұйымдарға өз бетiмен кiруге, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн шарттар мен өзге де келiсiмдердi жасасуға құқылы.

      22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастан қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Инновациялық қызмет туралы" 2002 жылғы 3 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 13-14, 142-құжат; 2005 ж, N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi