Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2022 № 170 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуiрдегі Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiліп отырған Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда epeжeci бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрi |
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 14 қыркүйектегi
N 918 қаулысымен
бекiтілген
Желілiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы
және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан
тыс бөлшек сауда ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Желiлiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрлендi және желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртiбiн айқындайды.
2. Желілiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауданы жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, сондай-ақ сауда қызметiнің субъектілерi өз қызметiнде жоғарыда көрсетiлген Заңды, сауда қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.
3. Осы Ереже Қазақстан Республикасының арнайы заңнамалық кесiмдерiмен реттелетiн тауарлардың жекелеген түрлерiнiң айналымы жөнiндегi қарым-қатынастарға қолданылмайды.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгi ұғымдар
4. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бөлшек сауданың басқа тәсiлдерi - телекоммуникация құралдары, электронды байланыс, оның iшiнде Интернет электронды желiсi және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де тәсiлдер арқылы сауда орындарынан тыс бөлшек сауда;
2) тапсырыс - белгiлi бiр тауарды (қызметтi) сатып алуға нақты ниет білдiрiлген, сатып алуды жүргiзу үшiн қажеттi талаптар (тауар саны мен сапасы, бағасы, жеткiзу мерзiмi және т.б.) жазылған, сатушы жауабының шектеулi мерзiмi көрсетiлген, тапсырыс берушiнiң сатушыға жiберген құжаты: осы мерзiм iшінде сатушының өтiнiмдi сөзсiз растауын алған кезде шарт жасалған болып саналады және екi тарап үшiн де мiндеттi болады;
3) қоғамдық таратушылар - үйде, мекемелерде, ұйымдарда, кәсіпорындарда, көлiкте немесе көшеде тауарларды ұсыну арқылы ықтимал сатып алушылармен тiкелей жұмыс iстейтiн, кiрiсi тек сату көлемiне тәуелдi сатушылар немесе агенттер;
4) желілік маркетинг - тауарды өз бетінше немесе басқа агенттердi тарту арқылы тарататын тәуелсiз сатушылар әрекет ететiн, сауда орындарынан тыс бөлшек сауданың бiр түрi, олардың кiрiсi дербес сатудан және олар желiге тартқан басқа агенттердiң сатуынан түскен комиссиялық кiрiстен тұрады.
3. Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы
және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан
тыс бөлшек сауданы жүзеге асыру
5. Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта арқылы және басқа да тәсiлдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауданың көмегiмен сатылатын тауарлардың түр-түрiн сатушы айқындайды.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе шартпен өзгеше белгіленбесе, не тауардың табиғи орамы болмаса, тауардың әр бiрлiгi оралуы, өлшеніп салынуы тиiс.
Сатушы сатып алушының тiлегi бойынша тауарды арнайы ыдысқа (себеттер, қораптар, полиэтилен сөмкелер және басқалар) орап салу, тапсырыстарды сыйлық ретінде әсемдеп орау жөнiнде қосымша қызметтер, тауарларды жеткізу жөнiнде қызметтер көрсете алады.
Тауарлардың орамасы мен жеткiзу құралдары санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беруi және тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.
Тапсырысты жинақтау үшін төлем, тауарды сатып алушыға жеткiзу жөнiндегi, сондай-ақ басқа да қосымша қызметтер көрсеткенi үшін шығыстар тапсырыстың құнына қосылады.
7. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бiр тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу белгіленсе, егер тұтынушы жасын растайтын құжаттарды ұсынбаса, онда сатушы сатудан бас тартуы тиiс.
8. Егер сатушы тауардың кемшілiктерiн айтпаған болса, сапасы төмен тауар сатып алған сатып алушы өз таңдауы бойынша сапасыз тауарды тиiстi сапалы тауарға айырбастауға, тауардың сатып алу құнын мөлшерлес төмендетудi, тауардың кемшілiктерiн қысқа мерзiмде қайтарусыз жоюды, тауардың кемшiлiктерiн жою жөнiндегi шығыстарды өтеудi немесе шартты орындаудан бас тартуды және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап ете алады.
9. Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер қолма-қол және қолма-қол емес есеп айырысу түрінде жүзеге асырылады.
4. Желілік маркетинг және почта арқылы сату тәсiлдерiнен
бөлшек сауданы жүзеге асырудың ерекшелiктерi
10. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткiзу сатып алушымен келiсiлген уақытта жүргізiледi.
11. Тапсырысты ресiмдеу тапсырыстың peттiк нөмiрi, сатушының атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты, тауардың атауы, бағасы, саны, жалпы құны, қосымша ұсынылатын қызметтердiң құны, тапсырысты қабылдаудың және орындаудың күні мен уақыты, сатып алушының тегi, аты, әкесiнiң аты, қолы және мекен-жайы, сондай-ақ өзге де келісілген шарттар көрсетiлетiн бланкіде екі данада жасалады.
Тапсырыс бланкiсiнiң бiрiншi данасы сатып алушыға берiледi, екiншiсi сатушыда сақталады. Егер алдын-ала төлем жасалған болса, тапсырыс бланкісінде арнайы белгi жасалады.
12. Сатушы қабылдаған тапсырысты жиынтықтау кезiнде тауарлардың түр-түріне сатып алушымен келісусіз өзгерiс енгізбейді. Тапсырыс берілген тауарлардың қандай да бiрiнің болмауы туралы сатушы сатып алушыға ескертедi және оған тиiсiнше ауыстыруды ұсынады.
13. Тапсырысты беру кезiнде сатып алушыға тауар төлемiн растайтын кассалық (тауарлық) чек не өзге төлем құжаты берiледi.
14. Тапсырысқа алдын ала төлем жасаған, бiрақ оны белгіленген мерзiмде алмаған сатып алушыға, егер шартта өзгеше көзделмесе, ол төлеген ақша қайтарылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексiне сәйкес тауарды уақтылы жеткізбеуден болған шығын өтеледi.
15. Төлем жасалған немесе алдын-ала төлем жүргiзiлген жағдайларда тапсырысты тиiсті орындау тапсырыс бойынша жiберiлген тауарды алудан (сатып алудан) бас тартқан жағдайда сатып алушы сатушының тауарды почта арқылы жiберуге кеткен шығыстарын өтейдi.
5. Қоғамдық таратушылардың бөлшек сауданы
жүзеге асыру ерекшелiктерi
16. Қоғамдық таратушылар жасайтын бөлшек сауда үйде, мекемелерде, ұйымдарда, кәсiпорындарда, көлiкте немесе көшеде тауарларды ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
6. Бөлшек сауданы басқа тәсiлдермен жүзеге асыру
17. Бөлшек сауданы сауда орындарынан тыс басқа тәсілдермен жүзеге асыру кезiнде тауардың қандайда бір түрiн сатып алуға тапсырыс ресiмделедi, жеткізу уақыты мен орны, сондай-ақ сатып алынатын тауарға төлем тәсілi анықталады.
18. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткiзу сатып алушымен келiсiлген уақытта жүргiзіледi.
19. Сатушы қабылданған тапсырысты жиынтықтау кезiнде тауарлардың түр-түріне сатып алушымен келiсусiз өзгерiстер енгізбейдi. Тапсырыс берiлген тауарлардың қандай да бiреуiнiң болмауы туралы сатушы сатып алушыға ескертедi және оған тиiсiнше ауыстыруды ұсынады.
20. Тапсырысты беру кезiнде сатып алушыға тауар төлемiн растайтын кассалық (тауарлық) чек не өзге төлем құжаты беріледi.