Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінiң Атом энергетикасы комитетiнiң мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1108 Қаулысы.
Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 1278 Қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы  N 1278  (қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөніндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi N 1449  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитеті туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi Атом энергетикасы комитетiнiң құрылымы бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң Атом энергетикасы комитетi төрағасының бiр орынбасары болуына рұқсат етiлсiн.

      3. Мыналардың:
      1) "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Атом энергетикасы жөнiндегi комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 2000 жылғы 23 қыркүйектегi N 1442  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 41, 469-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 25 қаңтардағы N 133  қаулысымен  бекiтiлген (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 3, 37-құжат) Қазақстан Республикасының кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2004 жылғы 28 қазандағы
N 1108 қаулысымен   
бекiтілген      

  Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық
ресурстар министрлiгiнiң Атом энергетикасы комитетi туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң Атом энергетикасы комитетi (бұдан әрi - Комитет) арнайы атқару, бақылау-қадағалау және iске асыру функцияларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ядролық қаруды таратпау режимiн қамтамасыз ету және атом энергиясын қауiпсiз пайдалануды реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң ведомствосы болып табылады.
      Комитеттiң негізгi мiндетi Қазақстан Республикасының ядролық және радиациялық қауiпсiздiгінiң қамтамасыз етiлуiн қадағалау болып табылады.
      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiне, басқа да нормативтік құқықтық кесiмдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қазынашылық органдарында шоттары болады.
      Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi, егер оған заңнамаға сәйкес осындай уәкiлеттiк берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқылы.
      4. Комитет өз құзыретiндегi мәселелер бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында мiндетті күшi бар бұйрықтар шығарады.
      5. Комитеттiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      6. Комитеттiң заңды мекен-жайы: 480020, Алматы қаласы, Лиза Чайкина көшесi, 4.
      7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiнiң Атом энергетикасы комитетi" мемлекеттік мекемесi.
      8. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Комитеттің қызметiн қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      Комитетке Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектілерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiс әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттiк бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.

  2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары

      10. Комитет заңнамамен белгiленген тәртiппен мыналарды жүзеге асырады:
      1) мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз ететiн функциялар:
      атом энергиясын қауiпсiз пайдалану саласында, оның iшiнде, техногендiк және табиғи тектегi иондаушы сәулелердiң халық пен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсерiнiң алдын алу және оны азайту саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      атом энергиясын пайдалану объектілерi қауiпсiздiгiнiң жай-күйi туралы есептi жасайды және оны Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiне ұсынады;
      ядролық объектілер мен қондырғылардың олардың жұмыс циклының барлық кезеңдерiндегі қауiпсiздiгiн негiздейтiн материалдарды қарайды және келiседi;
      ядролық қаруды таратпау режимiн қамтамасыз етумен және атом энергиясын қауiпсiз пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының басқа да ұйымдарының Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiкпен (АТЭХАГ) және басқа да тиiстi халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылын жүзеге асырады;
      ядролық материалдар мен иондаушы сәуле көздерiн есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесiнiң жұмысын қамтамасыз етедi;
      авариялық байланысты ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      өз құзыретiндегі мәселелер бойынша зерттеу және ғылыми жұмыстарды ұйымдастырады;
      2) мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын бақылауды қамтамасыз ететiн функциялар:
      атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметтi инспекциялайды;
      Қазақстан Республикасының заңдық құзырындағы ядролық, радиоактивтiк және арнаулы ядролық емес материалдарды, екi мақсатта пайдаланылатын материалдарды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      ядролық, радиоактивтiк және арнаулы ядролық емес материалдар, екi мақсатта пайдаланылатын материалдар мен ядролық технологиялар, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану саласындағы коммерциялық мақсаттағы берудi, сатуды не сатып алуды немесе коммерциялық емес сипаттағы берудi қамтитын басқа да тауарлар мен қызметтердiң экспорты мен импортына қатысты мәселелер бойынша бақылауды жүзеге асырады;
      өз құзыретi шегiнде атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтердiң экспорты мен импортына мемлекеттiк бақылауды; атом энергиясын пайдалану объектiлерiнде аварияға қарсы жоспарлауды бақылауды, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық және радиациялық қауiпсiздiктi мемлекеттiк қадағалауды, сондай-ақ ядролық материалдар мен қондырғыларды физикалық қорғаудың қамтамасыз етілуiн қадағалауды қамтамасыз етедi;
      тiзбелерi таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн ядролық материалдардың, технологиялардың, құрал-жабдықтардың, қондырғылардың, арнаулы ядролық емес материалдардың, өнiмдердiң, екi мақсатта пайдаланылатын құрал-жабдықтар мен технологиялардың, сондай-ақ радиоактивтiк сәулелену және изотоптық өнiм көздерiнiң атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтерiнiң экспорты мен импортын бақылауды қамтамасыз етедi;
      ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтiк және нормативтiк құқықтық кесiмдердi сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      өз құзыретiнiң шегiнде лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады, өз құзыретiндегi мәселелер бойынша зерттеу және ғылыми жұмыстарды ұйымдастырады, мамандандырылған халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттердiң қадағалау органдарымен бiрге аварияға қарсы жоспарлауды бақылауды және ядролық және радиациялық авариялар мен авариялық жағдайлар туралы жедел хабарлармен алмасуды жүзеге асырады;
      ядролық материалдарды сақтау, тасымалдау мен пайдалану кезiнде олардың физикалық қорғалуын, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық және радиациялық қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiн қадағалауды жүзеге асырады;
      ядролық материалдардың мемлекеттiк есебiн жүргiзедi;
      атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызмет түрлерiн лицензиялайды және өз құзыреті шегінде лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
      11. Комитет заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) атом энергиясын пайдалану объектілерiне және олардың қызметiн сипаттайтын құжаттарға кедергiсiз қол жеткiзуге, сондай-aқ өлшеулер жүргiзуге, сынама жасауға және алуға, тиiстi аспаптар мен жабдықтарды орнатуға;
      2) ұйымдар мен азаматтардан атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті бақылау мен қадағалау үшiн қажеттi мәлiметтер мен құжаттарды қандай да болмасын шек қоюсыз сұратуға және алуға, Комитеттiң құзыретi саласындағы қызметтi, сондай-ақ Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi iске асыруды жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеуді жүргізуге;
      3) қызметкерлерге, халыққа немесе қоршаған ортаға тiкелей қауiп төндiруге әкеп соғатын жағдайлар анықталған жағдайда заңды тұлғалардың атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметiн тоқтата тұру немесе тоқтату туралы мәселе қоюға;
      4) атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнаманы бұзған тұлғаларды жауаптылыққа тарту мәселелерi жөнiнде тиiстi мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзуге;
      5) Қазақстан Республикасының атом энергиясын қауiпсiз пайдалану және ядролық қаруды таратпау режимiнiң шарттарын орындау саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.

  3. Комитеттің мүлкi

      12. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкi болады.
      13. Комитетке бекiтiлген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      14. Комитеттiң өзiне бекiтілiп берілген мүлiктi өз бетiмен иеліктен шығаруға немесе өзге тәсiлмен иелік етуге құқығы жоқ.
      Комитетке заңнамада белгiленген жағдайлар мен шектерде мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.

  4. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

      15. Комитеттi Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Комитет төрағасының орынбасарлары болады.
      Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi.
      16. Комитеттің төрағасы Комитет жұмысын ұйымдастырады және басқарады және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауаптылықта болады.
      17. Комитеттің төрағасы осы мақсатта:
      1) өз орынбасары мен Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкілеттіктерiн айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Комитеттiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) заңнамада белгіленген тәртiппен Комитет қызметкерлерiн көтермелеу және оларға тәртiптiк шаралар қолдану туралы шешiмдер қабылдайды;
      4) бұйрықтарға қол қояды;
      5) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      6) мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Комитетті бiлдiредi.

  5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      19. Комитеттi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінiң        
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1108 қаулысымен   
бекiтілген       

  Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық
ресурстар министрлігінiң Атом энергетикасы комитетінiң
құрылымы

      Басшылық
      Радиациялық және ядролық қауiпсiздiк басқармасы
      Материалдарды бақылау бөлiмi