Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу, келiсу әрi бекiту ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 ақпандағы N 141 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 1 маусымдағы 19-2/508 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу, келiсу әрi бекiту ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметінiң      
2004 жылғы 6 ақпандағы
N 141 қаулысымен   
бекiтілген      

Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық,
санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету
талаптарын әзiрлеу, келiсу және бекiту
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу, келiсу және бекiту ережесi Қазақстан Республикасының Су кодексiне сәйкес әзiрлендi және суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу, келiсу әрi бекiту тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету жүйесi Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарын, санитариялық-эпидемиологиялық қағидалары мен нормаларын, басқа да нормативтiк құқықтық актілерін қамтиды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013  № 735қаулысымен.
      3. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес әзiрленедi.
      4. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      өлшемдер орындау әдiстемесiн метрологиялық аттестаттау - өлшемдер орындау әдiстемесiнiң оған қойылатын метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн анықтау (растау);
      өлшемдер орындау әдiстемесi - орындалуы осы өлшемдер орындау әдiстемесi белгiлеген дәлдiкпен өлшемдер нәтижелерiн алуды қамтамасыз ететiн операциялар мен ережелер жиынтығы.
      5. Суды бақылау мен есепке алу үшiн пайдаланылатын өлшемдер орындау әдiстемесi өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесi тiзiлiмiнде мiндеттi метрологиялық аттестаттау мен тiркеу рәсiмдерiнен өтедi.
      6. Суды бақылау мен есепке алу үшiн пайдаланылатын өлшемдер орындау әдiстемесiн метрологиялық аттестаттауды аккредиттелген заңды тұлғалар стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырады.

2. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық,
санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық
қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу, келiсу және бекiту

      7. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу Қазақстан Республикасы заңнамасының, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және қолданыстағы мемлекеттiк стандарттау жүйесi стандарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеу кезiнде ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық, тәжiрибелiк-технологиялық, жобалау жұмыстарының нәтижелерi, патенттiк зерттеулердiң нәтижелерi, отандық және шетелдiк ғылымның, техника мен технологияның қазiргi жетiстiктерi туралы ақпарат пайдаланылады.
      9. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптарын әзiрлеудi:
      стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша суды бақылау мен есепке алуды метрологиялық қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк-техникалық актiлер жобаларын дайындау шеңберiнде;
      су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкілетті орган халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілеттi органмен келiсiм бойынша жер бетi суларын бақылау мен есепке алу мәселелерi бойынша нормативтiк-техникалық актілер жобаларын дайындау шеңберiнде;
      жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөнiндегi уәкiлетті орган су қорын пайдалану мен қорғау жөнiндегi және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша жер асты су қорларын бақылау әрi есепке алу мәселелерi бойынша нормативтiк-техникалық актілер жобаларын дайындау шеңберiнде;
      халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган су қорын пайдалану мен қорғау және стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілетті органдармен келiсiм бойынша судың санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйiн бақылау әрi есепке алу мәселелерi бойынша нормативтiк-техникалық актілер жобаларын дайындау шеңберiнде.
      10. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары қамтылатын нормативтiк-техникалық актiлер жобаларын осы Ереженiң 9-тармағында көрсетiлген уәкiлеттi мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу мерзiмi 30 күнтiзбелiк күннен аспауы тиiс.
      11. Суды бақылау мен есепке алудың нормативтiк-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және метрологиялық қамтамасыз ету талаптары қамтылатын нормативтiк-техникалық актілердi осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген уәкілеттi мемлекеттiк органдар олардың құзыретіне сәйкес бекiтедi.