Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралаудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 2 нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 3 Нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 3 Нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Тақырыптағы және бүкіл мәтін бойынша "қылмыстарды", "қылмыстар", "қылмыс" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылық" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "190" деген цифрлар "214" деген цифрлармен ауыстырылсын, "Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің" деген сөздер "Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдану жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесетініне соттардың назары аударылсын.

      2. Азаматтардың, оралмандардың, мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалардың (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің), мемлекеттік кәсіпорындардың (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілерінің) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және кәсіпкерлік қызметті реттейтін өзге де заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырылатын таза кіріс алуға бағытталған қызметін заңды кәсіпкерлік қызмет деп ұғынған жөн.

      Кәсіпкерлік қызмет субъектісін мемлекеттік тіркеу, қажет болған жағдайларда қызмет түрімен айналысуға арналған арнайы рұқсаттың (лицензияның) болуы және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнаманың сақталуы заңды кәсіпкерлік қызметтің міндетті белгілері деп танылады.

      "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы кодексінің 177-бабына және 180-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның салық агенті болып табылмайтын адамдарға жалға беруден тапқан мүліктік табысы жеке кәсіпкердің табысына жатпайтыны назарға алына отырып, осындай адамның жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болмауы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (бұдан әрі – ҚК) 214-бабының құрамын құрамайды. Егер аталған адам мүліктік табыстан салықтарды және (немесе) басқа міндетті төлемдерді төлеуден жалтарса, онда бұған негіздер болған кезде оның әрекеттері ҚК-нің 244-бабы бойынша саралауға жатады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      3. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 нормативтік қаулысымен (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      6. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет барысында өзге де қоғамдық қатынастарға қол сұғатын басқа қылмыстық құқық бұзушылық (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және тағы басқа), құрамын құрайтын әрекеттер жасалған жағдайда жасалған әрекет заңсыз кәсіпкерлік үшін жауаптылық көздейтін баптардың жиынтығы және жасалған өзге қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің баптарының жиынтығы бойынша сараланады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      7. Заңмен тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі анықталған жағдайда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға тыйым салатын тиісті бабы бойынша, ал арнайы норма болмаған жағдайда - ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көтереді.

      8. Тауарларды сатып алу, сақтау, үй-жайларды, көлік қызметін ұсыну және заңсыз кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуына өзгедей жәрдемдесу осы әрекеттерді кәсіпкерлік қызметтің заңсыздығы туралы білетін адам тікелей қасақана жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осындай адамның әрекетін оның көрсеткен қызмет үшін сыйақы алған-алмағанына қарамастан заңсыз кәсіпкерлік қызметке көмектесу деп саралаған жөн.

      Егер көрсетілген әрекеттер, заңсыз кәсіпкерлік қызметтен пайда алу мақсатымен кәсіпкермен бірге жасалса, онда оларды ҚК-нің 214-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды бірге жасау деп бағалаған жөн.

      9. ҚК-нің 214-бабына қатысты табыс табуды заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда, оны атқару кезінде және өзге де міндеттемелерге байланысты шығыстарды, сондай-ақ салық төлемдерін шегергенде, одан алынған таза табысты табу деп түсіну керек.

      Қызметтің заңды деп табылған бөлігін жүзеге асыру кезінде алынған табыс есепке алынуға тиіс емес.

      Ірі және аса ірі залалды, ірі және аса ірі табыс мөлшерін, елеулі зиянның айтарлықтай залалын және айтарлықтай мөлшерін анықтау кезінде соттар ҚК-нің 3-бабында келтірілген осы ұғымдардың түсіндірмесін басшылыққа алуға тиіс.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      10. ҚК-нің 218-бабында көзделген ақшаны немесе өзге де қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру (жылыстату) деп мүліктің криминалдық пайда болу фактісін жасыру мақсатында, конверсия (қайта құру) түрінде мәмілелер мен өзге де формальды заңды әрекеттер жасау жолымен қылмыстық құқық бұзушылықпен табылған кірістерді заңды айналымға қосуды түсінген жөн.

      Көрінеу заңсыз жолмен табылған ақшалай қаражатты немесе өзге де мүлікті бір мезгілде иемденген және заңдастырған жағдайда, кінәлі адам қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша – ҚК-нің 218-бабы және осы қаражатты немесе мүлікті заңсыз иемденгені үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңның тиісті нормасы бойынша қылмыстық жауаптылықты көтеруге тиіс.

      ҚК-нің 218-бабының мағынасы бойынша, азаматтық құқықтар мен міндеттерді анықтауға, өзгертуге немесе тоқтатуға, тап солай азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындау немесе көшу көрінісін туғызуға бағытталған мәмілелер конверсиялық мәмілелерге жатады. Осы ретте қаржылық операциялар мен мәмілелер заңдастырылатын мүліктің негізгі қылмыстық құқық бұзушылықпен байланысын кінәлі адам үшін көрінеу жасырады, мұны мүлікті қылмыстық жолмен иемдену фактісін жасыруға және оның ашық айналымын қамтамасыз етуге бағытталған осы әрекеттердің сипаты көрсетеді.

      Жасалған әрекетті ҚК-нің 218-бабы бойынша саралау үшін кінәлі адамның заңдастырылатын мүліктің қылмыстық жолмен шығу тегі туралы көрінеу білгені қажет. Осы ретте адамның негізгі қылмыстық құқық бұзушылықтың нақтылы мән-жайлары туралы білуі міндетті емес.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Көпе-көрінеу жалған мәліметтердің несиеге, дотацияға не несиелендірудің жеңілдігі бар шарттарына қол жеткізу үшін қаншалықты маңызы болды деген мәселені шешу кезінде кінәлі адамның осындай жалған мәліметтерді ұсынбай-ақ несие берушіге берілген шынайы мәліметтердің негізінде оларды алатын шынайы мүмкіндігінің болған-болмағанын анықтап алу қажет.

      Несие, дотация не несиелендірудің жеңілдігі бар шарттарды ұсыну үшін несие берушіге ұсынылған өзге де нанымды мәліметтер жеткілікті болған жағдайларда жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі ҚК-нің 219-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көтермейді.

      ҚК-нің 219-бабында көзделген әрекеттер заңсыз алынған не тікелей өз мақсатына жұмсалмаған несие қаражатын қайтару фактісіне қарамастан қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. ҚК-нің 231-бабымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы ақшалардың немесе бағалы қағаздардың жекелеген элементтерін қолдан жасауды (мысалы, шынайы ақша белгілерінің немесе бағалы қағаздардың нақтылы құны туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу, олардың мазмұнын, нөмірлерін, сериялары мен басқа да белгілерін басқаша өзгерту), сондай-ақ оларды толығымен заңсыз дайындауды құрайды.

      Жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды сату оларды тауарлар мен қызметтер үшін төлем төлеу құралы ретінде пайдалану, сондай-ақ ақша ұсату, сыйға тарту, берешекті қайтару, қарызға беру, сату, оларды өзгедей түрде азаматтық айналымға қосу түрінде байқалуы мүмкін.

      Егер көрінеу жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды сату бөтеннің мүлкін заңсыз иелену кезінде алдау құралы ретінде пайдаланылса, онда мұндай әрекеттерді ҚК-нің 190 және 231-баптарының жиынтығы бойынша саралаған дұрыс.

      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену кезінде айналымға салуға тыйым салынбаған кәдесыйларды, медальондарды, открыткаларды, көркемдік, фотосурет кескіндемелерін, полиграфиялық және ҚК-нің 231-бабындакөрсетілген ақша белгілері мен бағалы қағаздар түрінде орындалған өзге де бұйымдарды алдау құралы ретінде пайдалануды алаяқтық деп бағалаған жөн. Шын ақша купюралары мен бағалы қағаздардан өзгерістері анық байқалатын жалған банкноттар мен бағалы қағаздар арқылы бөтеннің мүлкін иеленген адамның әрекеті де алаяқтық ретінде саралануға жатады

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      14. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалған банкноттары мен мәнеттерін, мемлекеттік бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасын не шетел валютасын немесе шетел валютасымен бағаланған бағалы қағаздарды жасау немесе сату мақсатымен сақтау, сондай-ақ сату, егер кінәлі адамның кірісі осы көрсетілген әрекеттердің нәтижесінде ҚК-нің 3-бабында көрсетілген тәртіппен айқындалатын ірі соманы құраса немесе құрауы мүмкін болса, ірі мөлшерде жасалған әрекет деп танылады.

      Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың нәтижесінде пайда болған кірістің немесе залалдың мөлшерін анықтау үшін қажет болған жағдайларда сот-бухгалтерлік және өзге де сараптама тағайындаған жөн. Олардың қорытындыларына басқа дәлелдемелермен бірге баға беру қажет.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14-1. ҚК-нің 243-бабы бойынша банк қызметкері, оның әрекетінде ұрлау белгілері болмаған кезде жауапкершілік көтереді. Егер осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттерді банк қызметкері банктің ақша қаражаттарын өзінің меншігіне немесе басқа адамдардың меншігіне өтеусіз айналдыру ниетімен жасаса, онда оның әрекеттері ҚК-нің 243-бабы бойынша қосымша сараланбай, ұрлағаны үшін тиісті баптар бойынша жауапкершілікке тартуға жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      15. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Тұрғындарға қызмет көрсету саласының қызметкерлері өзінің қызметтік міндеттерінің аумағына кіретін жұмыстарды орындағаны немесе қызметтерді көрсеткені үшін заңсыз сыйақы алған жағдайда ҚК-нің 247-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Осы орайда қызметкердің өзінің қызметтік міндеттерін тұрақты, уақытша немесе арнайы берілген өкілеттік бойынша, жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс кезде атқарғаны маңызды деп есептелмейді. Соттар сыйақы алып орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің қызмет аясына кіретінін не кірмейтінін әрбір жағдайда анықтап алулары қажет.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Тұрғындарға қызмет көрсету саласы қызметкерінің жұмыстың белгіленген тәртіппен немесе белгілі бір мерзімде орындалуына немесе қызметтің көрсетілуіне кедергі жасамауы не оған жүктелген қызметтік міндеттерді орындаудан және т.б. негізсіз бас тартпауы үшін азаматтарды осындай сыйақы төлеуге мәжбүр ететін жағдайларға әдейі жеткізуін сыйақы алу мақсатында жасалған бопсалау әрекеті деп түсіну қажет.

      18. Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес белгілі бір лауазымда жұмыс істеу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бас тарту түрінде қосымша жаза қолдану туралы мәселені осындай жаза ҚК-нің Ерекше бөлімінде көрсетілмеген жағдайларда да талқылағаны жөн. Үкімде сотталғанға ҚК-нің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес нақтылы қандай лауазымда істеуге немесе қызмет түрін атқаруға және қандай мерзімде атқаруға тыйым салынғаны туралы нақтылы көрсету қажет.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. ҚК-нің 8-тарауында көзделген экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаудың нәтижесінде баю мақсатында қылмыстық жолмен алынған кіріс кінәлі адамнан өндіріліп, мемлекет кірісіне алынуы қажет.

      Кінәлі адам ақы сотталғанның қызметтік міндетіне кірмейтін жұмыс немесе қызметтер үшін төленді деп қате ұғынған жағдайларда сыйақы ретінде алған ақша мен өзге де мүлік иелеріне қайтарылуға жатады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      20. Заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде табыс табу үшін тікелей қолданылған заттай дәлелдемелер болып танылған мүлік пен заттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабы үшінші бөлігінің 4-тармағына сәйкес мемлекет кірісіне алынуға жатады, ал олар табылмаған жағдайларда олардың құны мемлекет кірісіне кінәлі адамның өзінен өндіріліп алынады.

      Заттай дәлелдемелер болып танылған ақша мен өзге де құндылықтар, олардың иесі осы ақшалар мен құндылықтар берілгенге дейін одан заңсыз сыйақы алу үшін бопсалау әрекетінің жасалғаны туралы тиісті органдарға хабарлаған жағдайларда, иелеріне қайтарылады.

      ҚК-нің 231-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жалған ақшалар мен бағалы қағаздар түріндегі заттай дәлелдемелер олар қайтадан айналымға түспеуі үшін міндетті түрде жойылуға жатады. Жекелеген үлгілер сараптық және өзге де зерттеулер кезінде қажетті мәліметтер базасын құру үшін өздерінің өтініштері бойынша тиісті сараптама мекемелеріне берілуі мүмкін.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы