Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 2 нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар туралы істерді қарау кезінде қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдану жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесетініне соттардың назары аударылсын.

      2. Азаматтардың және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және кәсіпкерлік қызметті реттейтін өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген тәртіппен таза кіріс алуға бағытталған қызметін заңды кәсіпкерлік қызмет деп ұғынған жөн.
      Тұлғаның тиісті органдарда алдын ала тіркелуі не осы қызметпен айналысуға рұқсат ететін өзге арнайы рұқсатының (лицензиясының) болуы заңды кәсіпкерлік қызметтің міндетті белгілері деп танылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Заңды кәсіпкерлік қызметті тиімді жүзеге асыруға азды-көпті кедергі келтіретін шешім қабылдауды, нұсқаулар беруді, талаптар қоюды және лауазымды адамның басқа да іс-әрекеттерін (тіркеуге алудан заңсыз бас тарту; тіркеуге алудан немесе лицензия беруден жалтару; заңмен рұқсат етілген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу) жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеу деп түсіну қажет.
      Өз бетімен жұмыс істеуді шектеу, демек жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның өз бетімен шешім қабылдау, өз қызметін жүзеге асыру құқығына қысым жасау қосалқы құрылтайшылардың тізімін жасауға араласу, бірге жұмыс істеуге, оның ішінде белгілі бір банктің қызметін пайдалануға мәжбүрлеу, жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның қызметіне заңсыз бақылау орнату, кәсіпкерлік құрылымның өзінің құқықтық қабілетін толық көлемінде іске асыруына кедергі келтіретін өзге де жағдайлар туғызу түрінде байқалуы мүмкін.

      4. Жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеп, заңды кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, егер лауазымды адам осы әрекеттерді қызмет бабын пайдалана отырып жасаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
      Өзге адамдар жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін заңды күшіне енген сот актісін бұза отырып шектеген не олардың әркеттерімен ірі залал келтірілген жағдайларда ғана көрсетілген әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

      5. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 нормативтік қаулысымен (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      6. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет барысында басқа қылмыс құрамын құрайтын әрекеттер жасалған жағдайда жасалған әрекет заңсыз кәсіпкерлік үшін жауаптылық көздейтін баптардың жиынтығы және жасалған өзге қылмыс үшін жауаптылық көздейтін Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) бабының жиынтығы бойынша сараланады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 нормативтік қаулысымен (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      7. Заңмен тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі анықталған жағдайда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға тыйым салатын тиісті бабы бойынша, ал арнайы норма болмаған жағдайда - ҚК-нің  190-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көтереді.

      8. Тауарларды сатып алу, сақтау, үй-жайларды, көлік қызметін ұсыну және заңсыз кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуына өзгедей жәрдемдесу осы әрекеттерді кәсіпкерлік қызметтің заңсыздығы туралы білетін адам тікелей қасақана жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осындай адамның әрекетін оның көрсеткен қызмет үшін сыйақы алған-алмағанына қарамастан заңсыз кәсіпкерлік қызметке көмектесу деп саралаған жөн.
      Егер көрсетілген әрекеттер, заңсыз кәсіпкерлік қызметтен пайда алу мақсатымен кәсіпкермен бірге жасалса, онда оларды ҚК-нің  190-бабында көрсетілген қылмыстарды бірге жасау деп бағалаған жөн.

      9. ҚК-нің 190-бабына қатысты табыс табуды заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда, оны атқару кезінде және өзге де міндеттемелерге байланысты шығыстарды, сондай-ақ салық төлемдерін шегергенде, одан алынған пайда табу деп түсіну керек.
      Қызметтің заңды деп табылған бөлігін жүзеге асыру кезінде алынған табыс есепке алынуға тиіс емес.
      Табыстың ірі және аса ірі мөлшерін айқындау кезінде ҚК-нің 190-бабына ескертуді басшылыққа алу керек.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Көпе-көрінеу заңсыз жолмен алынған шынайы ақшаның немесе ресми түрде заңды айналымдағы мүлік мәртебесі берілген шын мәнісінде бар мүліктің айналымға шығарылуының кез-келген нысанын заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті ҚК-нің 193-бабындакөзделген заңдастыру деп түсіну қажет.
      Тек қызметтің тыйым салынған түрлерінен (контрабанда, қару, есірткі құралдарын заңсыз сату, ұрлық, салықты төлеуден жалтару және т.б.) алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыру фактісі ҚК-нің  193-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтың туындауына негіз болады.
      Көпе-көрінеу заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыру фактісі анықталған жағдайда кінәлі адам ҚК-нің  193-бабымен қылмыстар жиынтығы бойынша және осы қаражаттарды немесе мүлікті заңсыз иемдену үшін жауаптылық көздейтін қылмыстық заңның тиісті нормасына сәйкес қылмыстық жауаптылық көтеруге тиіс.

      11. Көпе-көрінеу жалған мәліметтердің несиеге, дотацияға не несиелендірудің жеңілдігі бар шарттарына қол жеткізу үшін қаншалықты маңызы болды деген мәселені шешу кезінде кінәлі адамның осындай жалған мәліметтерді ұсынбай-ақ несие берушіге берілген шынайы мәліметтердің негізінде оларды алатын шынайы мүмкіндігінің болған-болмағанын анықтап алу қажет.
      Несие, дотация не несиелендірудің жеңілдігі бар шарттарды ұсыну үшін несие берушіге ұсынылған өзге де нанымды мәліметтер жеткілікті болған жағдайларда жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі ҚК-нің  194-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көтермейді.
      ҚК-нің  194-бабында көзделген әрекеттер заңсыз алынған не тікелей өз мақсатына жұмсалмаған несие қаражатын қайтару фактісіне қарамастан қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      12. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. ҚК-нің  206-бабымен көзделген қылмыс құрамы ақшалардың немесе бағалы қағаздардың жекелеген элементтерін қолдан жасауды (мысалы, шынайы ақша белгілерінің немесе бағалы қағаздардың нақтылы құны туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу, олардың мазмұнын, нөмірлерін, сериялары мен басқа да белгілерін басқаша өзгерту), сондай-ақ оларды толығымен заңсыз дайындауды құрайды.
      Жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды сату оларды тауарлар мен қызметтер үшін төлем төлеу құралы ретінде пайдалану, сондай-ақ ақша ұсату, сыйға тарту, берешекті қайтару, қарызға беру, сату, оларды өзгедей түрде азаматтық айналымға қосу түрінде байқалуы мүмкін.
      Егер көрінеу жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды сату бөтеннің мүлкін заңсыз иелену кезінде алдау құралы ретінде пайдаланылса, онда мұндай әрекеттерді ҚК-нің  177 және  206-баптарының жиынтығы бойынша саралаған дұрыс.
      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену кезінде айналымға салуға тыйым салынбаған кәдесыйларды, медальондарды, открыткаларды, көркемдік, фотосурет кескіндемелерін, полиграфиялық және ҚК-нің 206-бабындакөрсетілген ақша белгілері мен бағалы қағаздар түрінде орындалған өзге де бұйымдарды алдау құралы ретінде пайдалануды алаяқтық деп бағалаған жөн. Шын ақша купюралары мен бағалы қағаздардан өзгерістері анық байқалатын жалған банкноттар мен бағалы қағаздар арқылы бөтеннің мүлкін иеленген адамның әрекеті де алаяқтық ретінде саралануға жатады
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 нормативтік қаулысымен (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      14. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалған банкноттары мен мәнеттерін, мемлекеттік бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасын не шетел валютасын немесе шетел валютасымен бағаланған бағалы қағаздарды жасау немесе сату мақсатымен сақтау, сондай-ақ сату, егер кінәлі адамның кірісі осы көрсетілген әрекеттердің нәтижесінде ҚК-нің  189-бабына жасалған ескертпеде көрсетілген тәртіппен айқындалатын ірі соманы құраса немесе құрауы мүмкін болса, ірі мөлшерде жасалған әрекет деп танылады.
      Экономикалық қызмет саласында қылмыс жасаудың нәтижесінде пайда болған кірістің немесе залалдың мөлшерін анықтау үшін қажет болған жағдайларда сот-бухгалтерлік және өзге де сараптама тағайындаған жөн. Олардың қорытындыларына басқа дәлелдемелермен бірге баға беру қажет.

      14-1. ҚК-нің 220-бабы бойынша банк қызметкері, оның әрекетінде ұрлау белгілері болмаған кезде жауапкершілік көтереді. Егер осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттерді банк қызметкері банктің ақша қаражаттарын өзінің меншігіне немесе басқа адамдардың меншігіне өтеусіз айналдыру ниетімен жасаса, онда оның әрекеттері ҚК-нің 220-бабы бойынша қосымша сараланбай, ұрлағаны үшін тиісті баптар бойынша жауапкершілікке тартуға жатады.
      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2014 № 1 нормативтік қаулысымен (ресми түрде жарияланған күнінен бастап күшіне енеді).

      15. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Тұрғындарға қызмет көрсету саласының қызметкерлері өзінің қызметтік міндеттерінің аумағына кіретін жұмыстарды орындағаны немесе қызметтерді көрсеткені үшін заңсыз сыйақы алған жағдайда ҚК-нің  224-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Осы орайда қызметкердің өзінің қызметтік міндеттерін тұрақты, уақытша немесе арнайы берілген өкілеттік бойынша, жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс кезде атқарғаны маңызды деп есептелмейді. Соттар сыйақы алып орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің қызмет аясына кіретінін не кірмейтінін әрбір жағдайда анықтап алулары қажет.

      17. Тұрғындарға қызмет көрсету саласы қызметкерінің жұмыстың белгіленген тәртіппен немесе белгілі бір мерзімде орындалуына немесе қызметтің көрсетілуіне кедергі жасамауы не оған жүктелген қызметтік міндеттерді орындаудан және т.б. негізсіз бас тартпауы үшін азаматтарды осындай сыйақы төлеуге мәжбүр ететін жағдайларға әдейі жеткізуін сыйақы алу мақсатында жасалған бопсалау әрекеті деп түсіну қажет.

      18. Экономикалық қызмет саласында қылмыс жасаған адамға жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің  41-бабының үшінші бөлігіне сәйкес белгілі бір лауазымда жұмыс істеу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бас тарту түрінде қосымша жаза қолдану туралы мәселені осындай жаза ҚК-нің  Ерекше бөлімінде көрсетілмеген жағдайларда да талқылағаны жөн. Үкімде сотталғанға ҚК-нің  41-бабының үшінші бөлігіне сәйкес нақтылы қандай лауазымда істеуге немесе қызмет түрін атқаруға және қандай мерзімде атқаруға тыйым салынғаны туралы нақтылы көрсету қажет.

      19. ҚК-нің  7-тарауында көзделген экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды жасаудың нәтижесінде баю мақсатында қылмыстық жолмен алынған кіріс кінәлі адамнан өндіріліп, мемлекет кірісіне алынуы қажет.
      Кінәлі адам ақы сотталғанның қызметтік міндетіне кірмейтін жұмыс немесе қызметтер үшін төленді деп қате ұғынған жағдайларда сыйақы ретінде алған ақша мен өзге де мүлік иелеріне қайтарылуға жатады.

      20. Заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде табыс табу үшін тікелей қолданылған заттай дәлелдемелер болып танылған мүлік пен заттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  121-бабы үшінші бөлігінің 4-тармағына сәйкес мемлекет кірісіне алынуға жатады, ал олар табылмаған жағдайларда олардың құны мемлекет кірісіне кінәлі адамның өзінен өндіріліп алынады.
      Заттай дәлелдемелер болып танылған ақша мен өзге де құндылықтар, олардың иесі осы ақшалар мен құндылықтар берілгенге дейін одан заңсыз сыйақы алу үшін бопсалау әрекетінің жасалғаны туралы тиісті органдарға хабарлаған жағдайларда, иелеріне қайтарылады.
      ҚК-нің  206-бабында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша жалған ақшалар мен бағалы қағаздар түріндегі заттай дәлелдемелер олар қайтадан айналымға түспеуі үшін міндетті түрде жойылуға жатады. Жекелеген үлгілер сараптық және өзге де зерттеулер кезінде қажетті мәліметтер базасын құру үшін өздерінің өтініштері бойынша тиісті сараптама мекемелеріне берілуі мүмкін.

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы