"ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 27 қыркүйектегі N 988 қаулысы

       Ескерту. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Парламентінен қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2005.06.01. N  545 қаулысымен.

        Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

"ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан
Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар
енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы

      "ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 5 қазандағы  Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 16-17, 212-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1. 1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1-бап. Негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) АҚТҚ - адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы;
      2) АҚТҚ инфекциясы - адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышынан туындаған ауру;
      3) ЖҚТБ - жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгiсi - адамның қорғаныш жүйесi, адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышынан қатты зақымдалудан туындайтын патологиялық белгiлер байқалатын АҚТҚ инфекциясының түпкiлiктi сатысы;
      4) АҚТҚ жұқтырған - аурудың клиникалық белгілерісіз адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын жұқтырған адам;
      5) ЖҚТБ-мен ауыратын науқас - адамның қорғаныш жүйесi адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышынан қатты зақымдалудан туындайтын әр түрлi патологиялық белгiлерi бар адам;
      6) жасырын тексеру - адамның жеке басын сәйкестендiрусiз адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын медициналық тексеру;
      7) құпия куәландыру - талқыланып отырған мәселелер осы екi адамның құпиясы болып табылатын, медицина қызметкерi мен тексерiлушi адамның арасындағы өзара сенiмдi қатынастар негiзiндегi медициналық тексеру;
      8) диспансерлеу - денсаулық сақтау ұйымдарында АҚТҚ жұқтырғанға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқасқа денсаулық жағдайын қадағалау мен емдеу-алдын алу көмегiн көрсету;
      9) медициналық куәландыру - азаматтарды адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын жұқтыруға медициналық тексеру.
      2-бап. ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеудi жүзеге асырушы
             органдар мен ұйымдар
      Бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бiрлестiктердің қолдауымен ЖҚТБ ауруының алдын алуды және емдеудi жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, денсаулық сақтау басқармалары (департаменттерi), ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар, қан орталықтары, сондай-ақ олардың құзыретіндегi мәселелерi жөніндегi басқа да орталық және жергiлiктi атқарушы органдар жатады.".
      2. Мынадай мазмұндағы 2-1-баппен толықтырылсын:
      "2-1-бап. Мемлекет кепілдiктерi
      Мемлекет мыналарға кепiлдiк береді:
      1) тегiн негiздегі жасырын тексерудiң, ерiктi, құпия медициналық куәландырудың қол жетімділігi мен сапасына, диспансерлеудi, психологиялық-әлеуметтік және өзге де медициналық консультация берудi қамтамасыз етуге;
      2) ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтар мен iлеспе аурулар бейіні бойынша ұйымдарда АҚТҚ жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға тегiн медициналық және дәрiлік көмек көрсетуге;
      3) АҚТҚ инфекциясынан тегiн емдеуге;
      4) АҚТҚ инфекциясының анадан ұрыққа берiлу қаупiн азайту жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуына;
      5) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың Қазақстан Республикасындағы және әлемдегi АҚТҚ/ЖҚТБ жөнiндегi эпидемиялық ахуал, алдын алу шаралары, ғылым мен медицина практикасының жетiстiктерi туралы ақпараттануына;
      6) балалар мен жастарды АҚТҚ инфекциясының профилактикасына оқытуға;
      7) АҚТҚ жұқтырғандарды, ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды және АҚТҚ инфекциясымен профилактикалық, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын медицина қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғауға.
      Осы Заңды бұзуда кiнәлi адамдар қолданылып жүрген заңға сәйкес жауапты болады.".
      3. 5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының,
              шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ
              адамдардың АҚТҚ жұқтыруға
              медициналық куәландырудан өту құқығы
      Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ республика аумағында тұратын немесе жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарында АҚТҚ жұқтыруын анықтауға тегiн жасырын тексерілуiне, ерiктi, құпия, медициналық куәландырудан өтуiне құқығы бар.
      16 жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мен iс-әрекетке қабiлетсiз адамдарды АҚТҚ жұқтыруға куәландыру олардың заңды өкілдерiнің келiсiмiмен жүргiзiледi.
      Медициналық куәландырудан өткен адамның өз қалауы бойынша сол немесе басқа денсаулық сақтау ұйымында қайта медициналық куәландырудан өтуіне құқығы бар.
      Медициналық куәландыру кезiнде АҚТҚ жұқтырғанды анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары оны нәтижесi туралы хабардар етеді, өзiнің және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтандыру шараларын сақтау қажеттiгі туралы ақпарат бередi.
      Диагностикаға, емдеуге, зертханалық зерттеулердiң нәтижелерiне қатысты мәлiметтер құпия болып табылады және тек олар тiкелей қатысты адамға, оның заңды өкiлiне немесе денсаулық сақтау, прокуратура, тергеу және сот органдарының сұрауы бойынша ғана берілуi мүмкiн.
      АҚТҚ жұқтыруға медициналық құпия куәландыру мен жасырын тексерудiң тәртiбiн денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды".
      4. 6-бапта:
      тақырыбында "ЖҚТБ-ға медициналық тексеру" деген сөздер "АҚТҚ-ға медициналық куәландыру" деген сөздермен ауыстырылсын";
      бiрiншi бөлiм "денсаулық сақтау прокуратура, тергеу және сот органдарының сұрауы бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;
      екiншi, төртiншi, бесiншi және алтыншы бөлiмдер алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы бөлiммен толықтырылсын:
      "Қан, басқа да биологиялық сұйықтар, ұлпа еттер мен ағзалар донорлары мiндеттi медициналық куәландыруға жатады.".
      5. 7-бап мынадай мазмұндағы бесiншi бөлiммен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен көзделген жағдайлардан басқа, АҚТҚ-ға тексерудiң нәтижелерi туралы сертификаттарды (анықтамаларды) талап етуге тыйым салынады.".
      6. 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "8-бап. Жекелеген адамдар мен кәсiптерге қатысты
              АҚТҚ-ны жұқтырудың алдын алу шаралары
      АҚТҚ жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсететiн денсаулық сақтау, тұрмыстық қызмет көрсету саласының ұйымдары қызметшiлерi, пациенттер мен клиенттердi АҚТҚ-дан қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      АҚТҚ жұқтырғандарға қан, ұлпа еттер және ағза донорлары болуына тыйым салынады.".
      7. 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "12-бап. ЖҚТБ-мен кәсiби ауыру туралы
      Медицина және фармацевтика қызметкерлерi, медициналық, ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтар мен АҚТҚ жұқтырылған материалмен жұмыс iстейтiн басқа да ұйымдар қызметкерлерiнің қызмет және кәсiби міндеттерiн орындау үстінде АҚТҚ жұқтыруы кәсiби ауруларға жатады.
      Өздерiнің қызмет мiндеттерiн орындау ЖҚТБ-мен кәсiби ауыруға әкелетiн медициналық және өзге қызметкерлерге ЖҚТБ жұқтырған, онымен ауырған, одан мүгедек және қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бiржолғы жәрдемақы төленедi.
      Сондай-ақ АҚТҚ жұқтыру немесе ЖҚТБ-мен ауыруы өзiнiң тиесілi емес мiндеттерiн орындау кезiнде болған медицина және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерiнiң аталған жәрдемақыға құқығы бар".
      8. 13-бап алынып тасталсын.
      9. Мынадай мазмұндағы 15-баппен толықтырылсын:
      "15-бап. АҚТҚ жұқтырған және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастардың құқықтары
      АҚТҚ жұқтырғандар және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастар Қазақстан Республикасының  Конституциясымен , заңдарымен, тиiстi халықаралық шарттармен берiлген Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын пайдаланады.
      АҚТҚ жұқтырғандардың және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастардың диспансерленуiне және тегiн емделуіне құқығы бар.
      АҚТҚ-ны жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету кезінде ауру сипаты бойынша қандай да бiр кемсiтуге жол берiлмейдi.".

      Қазақстан Республикасының
      Президентi