Ауруына байланысты жазадан босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы

2002 жылғы 11 сәуірдегі № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. бүкіл мәтін бойынша "ауруға шалдыққан", "науқасқа шалдығуы", "ауруға шалдыққанының", "Ауруға шалдығуына", "ауруға шалдығуына" деген сөздер тиісінше "ауырған", "науқастануы", "ауруының бар-жоғының", "Ауруына", "ауруына" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 28.09.2023 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Соттардың адамның ауруына байланысты жазадан босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы заңнаманы қолдану практикасын қорыту нәтижелерін талқылай отырып, дұрыс сот практикасын қалыптастыру мақсатында жалпы отырыс қаулы етеді:"

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 75-бабына сәйкес ауруына байланысты адамды жазаны өтеуден босату негіздері мыналар болып табылатыны:

      адамның жазаны өтеу кезеңінде өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) нақты сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғыну не оған ие болу мүмкіндігінен айыратын, оның салдарынан жазаны одан әрі орындау мүмкін болмайтын психикасының бұзылуы пайда болғаны;

      өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардан басқа, адамның жазаны өтеуге кедергі келтіретін өзге де ауыр науқасқа ұшырағаны түсіндірілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына, тағайындалған жаза мерзіміне, жазаның өтелмеген бөлігінің шамасына, сотталған адамның түзелу дәрежесіне және басқа да мән-жайларға қарамастан, адамның психикасының бұзылуы пайда болуына байланысты жазасын өтеуден босатылуға жатады. Мұндай адамды жазадан босату міндетті болып табылады және сот аталған мәселелерді талқылауға араласпауы тиіс.

      Психикасының бұзылуына байланысты жазаны өтеуден босатылған адамға ҚК-нің 91-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағы негізінде бір мезгілде ҚК-нің 93-бабында көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкін.

      Бұл ретте медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының ауырсынып бұзылуы осы адамдардың өзге елеулі зиян келтіру мүмкіндігіне не өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіруіне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.

      Сот жазасын өтеу кезеңінде психикасы бұзылып, ауырған адамның психикалық бұзылуының сипаты мен асқынуын, қоғамға қауіптілік дәрежесін, оның өзге де айтарлықтай зиян келтіру мүмкіндіктерін, оның емделуді қажет етуін ескере отырып, дәрігер-психиатрдың қорытындысының негізінде мәжбүрлеу шараларының түрлерін таңдайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Сот өзге де аурудан зардап шеккен адамды, егер оның ауруы арнаулы медициналық комиссия анықтаған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген Жазасын өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулардың тізбесіне (бұдан әрі – Аурулар тізбесі) кірген жағдайда ғана, ҚК-нің 75-бабының екінші бөлігіне сәйкес жазасын өтеуден босатады.

      Сотталған адамның ауыр науқасы болса және осыған байланысты жазасын одан әрі өтей алмауы арнайы медициналық комиссияның қорытындысымен анықталады, бұл қорытынды ауруға жүргізілген емнің нәтижесіздігін куәландыратын мұқият жүргізілген медициналық тексерулерден кейін беріледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Сот өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамнан басқа, жазасын өтеуге кедергі келтіретін өзге де ауыр науқастан зардап шегетін адамға жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдануы мүмкін не оны сот жазасын өтеуден босатады немесе жаза неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін.

      Егер аурудың сипаты сотталған адамға жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеуге кедергі келтірмесе, жаза (ҚК-нің 40-бабында көрсетілген түрлерге сәйкес) ауыстырылуы мүмкін.

      Бұл ретте жасалған қылмыстың ауырлығын, жазаның өтелген мерзімін, сотталған адамның денсаулық жағдайын, оның жеке басын сипаттайтын деректерді, оның түзелу дәрежесін және аурудың тағайындалған жазаны өтеуге қандай мөлшерде кедергі келтіретінін ескеру қажет. Жазаның өтелмеген бөлігін шартты түрде соттаумен ауыстыруға не оны қысқартуға жол берілмейді.

      Жазаны өтеуді кейінге қалдыру ҚК-нің 75-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген адамдарға қатысты қолданылмайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 162-бабының бесінші және алтыншы бөліктеріне және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 478-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені сот жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша немесе сотталған адамның (оның заңды өкілінің) не адвокат куәлігі мен қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаны ұсынған қорғаушы - адвокаттың өтінішхаты бойынша қарайды.

      Жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігінің ұсынуында сотталған адам туралы, ол ауыратын аурудың сипаты туралы деректер, ал өзге ауыр науқастан зардап шегуші адамға қатысты оның жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының ауырлығы, оның жеке басы туралы, жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы туралы мәліметтер де қамтылуы тиіс.

      Әкімшіліктің сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынуына (сотталған адамның өтінішхатына) сот шешім қабылдау үшін негіз болатын тиісті құжаттар: арнаулы медициналық комиссияның қорытындысы, үкімнің көшірмесінен үзінді, Аурулар тізбесінен үзінді көшірме, сондай-ақ жазаның іс жүзінде өтелген мерзімін, сотталған адамның жазаны өтеу кезіндегі мінез-құлқын куәландыратын құжаттар және басқа да сипаттаушы деректер қоса тігілуі тиіс.

      Әкімшіліктің ұсынуымен (сотталған адамның өтінішхатымен) бір мезгілде сотқа материалдары сот отырысында зерттелуі тиіс сотталған адамның жеке ісі жіберіледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6-1. Сотталған адамның Аурулар тізбесінде көрсетілген ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсыну үшін негіз болып табылатын ауруының бар-жоғының анықтығын тексеру үшін жазаны орындайтын мекеменің немесе органның бастығы сотталған адамды қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі медициналық ұйым консилиумының шешімімен Арнаулы медициналық комиссияға (бұдан әрі - АМК) куәландыру үшін жіберетінін соттардың назарға алғаны жөн.

      Сотталған адамды куәландыруды және қорытынды беруді АМК ҚАК-тің 162-бабына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген Ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын сотталғандарды медициналық куәландырудан өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. Қаулы 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      7. ҚАК-тің 162-бабының жетінші бөлігіне сәйкес қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жатқан адамға бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгілеу сотқа оны жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босату туралы ұсыну енгізу үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.09.2023 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      8. Ауруына байланысты сотталған адамды жазасын өтеуден босатудан соттың бас тартуы, осы мәселені әкімшіліктің ұсынуы немесе сотталған адамның өтінішхаты қайталанып берілген жағдайда қарау үшін кедергі болып табылмайды.

      Сот ауруына байланысты жазасын өтеуден босатудан бас тартқан жазасын өтеуге кедергі келтіретін денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда, тиісті медициналық қорытындының негізінде материалдар соттың бас тарту туралы қаулы шығарған уақытына қарамастан сотқа қайтадан жіберіледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Сот жазаны өтеуден босатуға жатпайтын адамның жазадан босатылуына жол бермеу мақсатында дәрігерлік қорытындының негізділігін, жүргізілген стационарлық емдеудің нәтижесін мұқият тексеруі қажет.

      Дәрігерлік қорытындыда адамның сот үкімі бойынша қылмыстық жазаны өтеу кезіндегі психикалық жай-күйі, сондай-ақ психикасының бұзылу сипаты мен шамасы, анықталған ауруын ескере отырып, адамның өзіне және басқа адамдарға қауіп тудыратын-тудырмайтыны, оның өзге де елеулі зиян келтіру қабілетінің бар-жоғы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды және атап айтқанда қандай шараларды қолдануды қажет ететіні; адамның ауруының сипаты мен ауырлығына қарай, ҚПК-нің 478-бабының алтыншы бөлігінде көзделген өз құқықтарын жүзеге асыра алатын-алмайтыны туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.

      Дәрігерлік қорытындыда өзге де ауыр науқастан зардап шегетін адамға қатысты аурудың сипаты, жүргізілген ем, стационарда емдеудің оң нәтиже бермегені, орны толмас зардаптары бар екені, асқынуы, оның салдарынан жазасын одан әрі өтеуге кедергі келтіретіні туралы деректер көрсетілуге тиіс.

      Егер дәрігерлік қорытындының негізділігіне күмән туындаған жағдайда, сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Сотталған адамды ауруына байланысты жазадан босату, жазаны өтеуді кейінге қалдыру, жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы мәселені ҚПК-нің 477, 478 және 481-баптарында көзделген тәртіппен үкімді орындау орны бойынша аудандық және оған теңестірілген сот шешеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.09.2023 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Егер әкімшіліктің ұсынуында және дәрігерлік қорытындыда жазасын өтеу кезінде психикасының бұзылуына байланысты ауырған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану қажеттілігі көрсетілсе, онда ҚПК-нің 476-бабының 7) тармағының негізінде оны ауруына байланысты жазадан босату туралы мәселені медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы мәселемен бір мезгілде қаралады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. ҚПК-нің 481-бабының төртінші бөлігіне және 478-бабының алтыншы және жетінші бөліктеріне сәйкес ауруына байланысты жазадан босату, жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген медициналық комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажетті жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.

      Егер сотталған адам сот отырысына қатысса, онда сот оның ҚПК-нің 478-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен өз құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Сот отырысында хаттама жүргізіледі, онда соттың және сотқа қатысушылардың барлық әрекеттері, денсаулығының жағдайы бойынша қатысуға мүмкін болатын сотталған адамның, қорытынды берген медициналық комиссия өкілінің, ұсынысты жіберген орган өкілінің түсініктемелері, қоғаушы мен прокурордың пікірлері көрсетілуі тиіс.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Адамды ауруына байланысты жазасынан босату, жазасын өтеуді кейінге қалдыру мәселесі бойынша қаулы уәжді болуы, соттың әкімшіліктің не сотталған адамның өтінішхатын қарау нәтижесінде жасаған түйінінің толық негіздемесін қамтуы тиіс.

      Қаулыда адамның жазасын өтеу кезеңінде пайда болған психикасының бұзылуынан немесе өзге де ауыр науқастан зардап шегетіні және жазасын одан әрі өтеуіне кедергі келтіретіні туралы дәлелдемелер келтірілуге тиіс, ал жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылған кезде, сот сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуден неліктен толық босатуды орынсыз деп тапқаны жөнінде уәж келтірілуі қажет.

      Сотталған адамды ауруына байланысты жазасынан босату немесе оның жазасын өтеуді кейінге қалдыру, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы сот қаулылары сотталған адамды күзеттен босату бөлігінде дереу орындалуға тиіс.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Әкімшілік ұсынысын не сотталған адамның өтінішхатын қарау нәтижесі бойынша қаулының көшірмесі іске қосып тігу үшін үкімді шығарған сотқа, жазаны орындайтын мекемелерге немесе органдарға, ал кәмелетке толмағанға қатысты - оның тұрақты тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Психикасының бұзылуына және өзге де ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босатылған адамның мінез-құлқын бақылауды жазаны орындайтын мекемелер немесе органдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      17. ҚК-нің 75-бабының үшінші бөлігіне және 97-бабына сәйкес, психикасының бұзылуынан және өзге де ауыр науқастан зардап шегетін адам сауыққан жағдайда, жазасын өтеуге кедергі келтіретін мән-жайлар жойылғаннан кейін, егер ҚК-нің 71, 77, 88-баптарында көзделген айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімі өтпеген болса, не оны қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату үшін негіз болмаса, оған қатысты жазаның орындалуы қайта басталуы тиіс.

      Адамның сауығу, оның емделу фактісі дәрігерлердің тиісті комиссиясының қорытындысында анықталады, ол соттың мұқият тексеруіне жатады.

      Адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған уақыт психиатриялық стационарда болған бір күнін бас бостандығынан айырудың бір күніне не қамаққа алудың бір күніне жатқызу жолымен жаза мерзіміне есептеледі.

      Жазаның орындалуын қайта жаңарту жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуымен сот қаулысы бойынша жүргізіледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. Ауруына байланысты жазасын өтеуден босатылған адам жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, оның сауыққан-сауықпағанын анықтау мақсатында міндетті түрде дәрігерлік комиссияның куәландыруынан өтуге тиіс. Қылмыстық қудалау органдары медициналық қорытындыны қылмыстық іс материалдарына қоса тігуі тиіс.

      Егер ауруына байланысты жазасын өтеуден босатылған адам сауыққанға дейін жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, онда ол тек жаңа қылмыстық құқық бұзушылығы үшін жауапты болады, алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі соңғы үкім бойынша тағайындалған жазаға қосылмайды. ҚК-нің 60-бабының қағидасы бұл жағдайда қолданылмайды.

      Егер адам сауыққаннан және жазасын өтеуге кедергі келтіретін мән-жайлар жойылғаннан кейін жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, егер соттың алдыңғы үкім бойынша жазаны орындауды жаңарту туралы қаулысы болса, онда ҚК-нің 60-бабының бірінші бөлігіне сәйкес алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі жаңа қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазаға толық немесе ішінара қосылады.

      Адам бұрынғы жаза ауыстырылған жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеу кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде жаза ҚК-нің 60-бабының қағидалары бойынша тағайындалады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Адамды ауруына байланысты жазадан босату, жазасын өтеуді кейінге қалдыру, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру мәселесі бойынша сот қаулысы апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      20. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 21-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Жалпы отырыстың хатшысы,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы