Соттардың балаларды тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңнаманы қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі N 4 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 15 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 15 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 12; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтіні бойынша "қамқоршы және қорғаншы органдардан", "қорғаншы және қамқоршы органдар", "қамқоршы және қорғаншы органдардың", "қорғаншы және қамқоршы органның", "қамқоршы және қорғаншы органдарға", "қамқоршы мен қорғаншы органның", "қорғаншы және қамқоршы органға", "Заңдағы", "Заңның" деген сөздер тиісінше "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардан", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның", "қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға", "Кодекстегі", "Кодекстің" деген сөздермен ауыстырылсын, "некесін", "некеде", "Неке" деген сөздерден кейін "(ерлі-зайыптылықты)", "(ерлі-зайыптылықта)", "(ерлі-зайыптылық)" деген сөздермен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кодексі (бұдан әрі - Кодекс) баланың отбасында тәрбиелену және өмiр сүру, өзiнiң ата-анасын бiлу құқығын, сонымен қатар ата-ана қамқорлығы және олармен бiрге тұру құқығын бекiтті. Соттардың балалар тәрбиесiне байланысты дауларды шешу кезiнде кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн неғұрлым толық қорғау, сондай-ақ жоғарыда аталған Кодекстің нормаларын дұрыс және бiркелкi қолданудағы құқықтық қатынастарды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етедi:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 12, 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулыларымен.

      1. Балалар тәрбиесiне қатысты даулар iшiнде сот қарауына: ата-аналары бөлек тұрып жатқан жағдайда баланың тұратын жерi туралы (Кодекстің 73-бабының 2-тармағы); ата-ананың бiрi баладан бөлек тұрғанда, оның ата-аналық құқығын жүзеге асыруы туралы (Кодекстің 73-бабының 3-тармағы); Кодекс немесе сот шешiмi негізiнсiз баланы өз қолында ұстап отырған адамнан, баланы ата-анасына қайтару туралы (Кодекстің 74-бабының 1-тармағы); заңды негiздерсiз баланы өздерiнде ұстап отырған кез келген адамнан қорғаншыға (қамқоршыға) қарауындағы баланы қайтару туралы (Кодекстің 126-бабының 2-тармағы); заңды негіздерсiз немесе сот шешімiнсiз баланы өздерiнде ұстап отырған кез келген адамнан патронат тәрбиешiге қайтару туралы (Кодекстің 135-бабының 1-тармағы); ата-ана құқықтарынан айыру туралы (Кодекстің 75-бабының 1-тармағы); ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы (Кодекстің 78-бабы); ата-ана құқықтарын шектеу (Кодекстің 79-бабы); ата-ана құқықтарын шектеудiң күшiн жою (Кодекстің 81-бабы); бала асырап алудың күшiн жою және оны заңсыз деп тану (Кодекстің 103, 107-баптары), және басқалар жататыны түсiндiрiлсiн.

      Соттар балалар туралы дауларды қарағанда Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін басшылыққа алуға тиiс. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардағы ережелер Кодекстегі көрсетiлген жағдайларға қайшы келсе, онда аталған ережелер талаптары басшылыққа алынады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      2. Балаларды тәрбиелеуге байланысты iстi сотта қарауға дайындаған кезде, судья туындаған дауларды шешу үшiн тараптардың дәлелдеуге жататын мән-жайларды, оның iшiнде ата-аналардың немесе баланы тәрбиелеушi басқа адамдардың жеке бастарының мiнез-құлық қасиеттерiне, сонымен қатар осы адамдардың баламен өзара қалыптасқан қарым-қатынастарына ерекше көңiл аударып дұрыс анықтауы керек. Мұндай iстер сот мәжiлiсiнде iстi қарауға қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардан судьяның ұйғарымын орындау үшiн белгiленген тәртiп бойынша баланың және оны тәрбиелеуге үмiткер тұлғаның (тұлғалардың) тұрмыс-жағдайларын зерттеу актілерi алынғаннан кейiн тағайындалады.

      Баласынан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы, ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстердi қарағанда сот iстi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың қатысуымен (Кодекстің 73-бабының 3-тармағы, 78, 79-баптары) жүргізедi, ал ата-ана құқықтарынан айыру туралы, бала асырап алудың күшiн жою туралы iстерді қарауға прокурордың да қатысуы қажет (Кодекстің 76-бабының 2-тармағы, 107-бабы).

      Мемлекет кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі өз функцияларын жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мен олардың аумақтық бөлімшелері мемлекеттік органдардың және ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі қызметін үйлестіруді және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды жүзеге асырады.

      Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың балаларды тәрбиелеу туралы дау бойынша қорытындысын сот, басқа iс материалдарының жиынтығымен салыстырып бағалайды. Қорытындымен келiспеушілiк, iс бойынша қабылданған шешiмде негiзделуге тиiстi.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2; 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. Егер сот, балаларды тәрбиелеуге байланысты дауды шешу кезiнде қарастырылатын мәселе бойынша кәмелетке толмаған баладан сот мәжiлiсiнде оның пiкiрiн сұрау қажеттілiгі туралы тұжырымға келсе (Кодекстің 62-бабы), онда қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың баланың сотқа қатысуы оған қолайсыз әсер етер-етпесi туралы пiкiрiн алдын ала айқындауы керек.

      Сұрау жөнi баланың жасы мен оның өсiп-жетілуi ескерiліп, ұстаздың қатысуымен, оған мүдделi адамдардың ықпалын тигiзбейтiндей жағдайда жүргiзiледi. Бұндайда, баланың пікiрiне ата-анасының бiреуiнiң немесе басқа мүдделi адамдардың ықпалы болған-болмағанын, осы пiкiрiн бiлдiргенде өз ықыласын жете түсiнгендiгiн және оны ол қалай негіздейтінін анықтау керек.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      4. Кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлi-зайыптылардың некесiн (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы шешiм шығарған кезде, сот Кодекстің 22-бабы 2-тармағын басшылыққа алып, балалар туралы дау туған-тумағанына қарамастан, кәмелетке толмағандардың мүддесiн қорғауға шара қолдануға тиiс. Осы мақсатта тараптарға бөлек тұратын ата-ананың баланы тәрбиелеуге құқылы және мiндетті екенiн, ал баламен бiрге тұратын ата-ананың бұған кедергi жасауға құқы жоқ екенiн түсiндiрген жөн. Шешімнің қорытынды бөлiгiнде баладан бөлек тұратын ата-ана неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейiн де оны тәрбиелеу iсiне араласуға құқылы және мiндеттi екенiн көрсету керек.

      Егер некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талаппен бiрге балаларды ата-анасына қайтаруға кедергi жасап отырған басқа адамның тәрбиесiнде жүрген, кәмелетке толмаған балаларының ата-ананың қайсысының қолында қалатындығы туралы талап етiлсе, соттың бұл дауды жеке iс ретiнде қарау туралы мәселенi талқылауы тиiс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      5. Бөлек тұратын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларының тұратын жерi туралы (олардың некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрған-тұрмағандарына қарамастан) сот дауды шешкен кезде Кодекстің 68-бабы белгiлегендей, ата-аналардың құқықтары мен міндеттерiнiң теңдiгiн ескерiп, баланың мүддесiне сай шешiм қабылдауы керек.

      Сот баланың ата-анасының әрқайсына, аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне (қарындастарына) жақындығын, оның жасына, ата-аналарының адамгершілігіне және жеке басының қасиеттерiне әрбiр ата-ана мен бала арасындағы орнаған қарым-қатынастың байланыстылығын, оның өсу қабiлетi мен тәрбиеленуi үшiн жағдай туғыза алатындығын (ата-анасының қызмет түрлерi, жұмыс тәртiбi олардың материалдық және отбасылық жағдайын т.с.с.), сонымен қатар әрбiр ата-ананың тұратын жерiнде қалыптасқан басқа да жағдайларды ескеруi тиiс. Бiр ата-ананың материалдық тұрмыстық артықшылығы - өздiгiнен ата-ана талаптарын қанағаттандыру үшiн сөзсiз негiз болып табылмайтынын да ескеру керек.

      Сот Кодекстің 62-бабына сәйкес он жасқа толған баланың пiкiрiмен, егер оның пiкiрi өз мүддесiне қайшы келмесе, санасуға мiндетті.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      6. Кодекс күшiне орай ата-аналардың барлық басқа адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар (Кодекстің 70-бабы 2-тармағы) және Кодекстің немесе сот шешiмiнiң негiзiнсiз баланы өз қолында ұстап отырған кез келген адамнан оны қайтаруды талап етуге құқылы (Кодекстің 74-бабы 1-тармағы).

      Кодекс немесе сот шешiмi бойынша басқа адамға берілген (қамқоршы, қараушы, патронат тәрбиешiлерге, балалар мекемелерi т.с.с.) балаларын қайтарып алу туралы ата-аналардың талаптарын қараған кезде, соттар аталған адамдарға немесе балалар мекемелерiне беруге негiз болған дауға дейiнгi мән-жайдың өзгерген-өзгермегенiн, балаларды ата-анасына қайтару олардың мүддесiне сай келер-келмесiн анықтауға тиiс. Сот соның iшiнде, ата-ананың балаға тиiстi тәрбие берудi қамтамасыз етуiнiң нақты мүмкiндiгін, ата-анамен баланың қалыптасқан өзара қарым-қатынасын, баланың тұрған жерiндегі адамдарға жақындығын және басқа да нақты ата-ананың, сондай-ақ кәмелетке толмаған баламен нақты тұрып, тәрбие берiп жатқан адамдардың қолайлы өмiр сүру және баланы тәрбиелеу үшiн әсер ететiн қалыпты мән-жайларды ескеруi тиiс.

      Сот баланың пікiрiн ескере отырып, баланы ата-анасына беру баланың мүддесiне сай келмейдi деген қорытындыға келсе, ата-анасының талап арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы (Кодекстің 74-бабы 1-тармағының екінші бөлігі). Сотта баланың пiкiрi Кодекстің 62-бабының талаптарына сәйкес ескерiлуi тиiс.

      Егер iстi қарау барысында сот ата-анасының да, басқа адамның да қолындағы балаға дұрыс тәрбие беруге және өсiруге хал-жағдайы келмейтiндiгi анықталса, сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартып, баланың құқығы мен мүддесiн қорғау және болашақта оған жағдай жасаудың ең тиiмдi шарасын қолдану үшін, оны қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына бередi (Кодекстің 74-бабының 2-тармағы).

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      7. Кодекстің 73-бабының 3-тармағына сәйкес, ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша нысанда келiсiм жасауға құқылы. Егер ата-аналар келiсiмге келе алмаса, дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда – медиация тәртібімен немесе осы органның және баланың ата-аналарының қатысуымен сот шешедi. Соттар осы жазылғандарды негізге алып, дауды сотқа дейін алдын ала шешудің осы санаттағы істер үшін заңнамамен белгіленген тәртібін талапкердің сақтауға тиіс екенін және осы тәртіпті қолдану ықтималдығының жойылмағанын назарда ұстағандары жөн.

      Баласынан бөлек тұратын ата-ананың баламен араласу құқығын, сондай-ақ осы ата-анамен араласу кезiнде кәмелетке толмаған баланың құқығы мен мүддесiн қорғау қажеттiлiгiн басшылыққа ала отырып, сот әрбiр iстегi нақты мән-жайларды ескерiп, осындай араласу тәртiбiн анықтайды (уақыты, жерi, араласу уақыты т.с.с.) және оны шешiмнiң қорытынды бөлігiнде баяндайды.

      Ата-ананың баламен араласу тәртiбiн анықтаған кезде, баланың жасы, денсаулығы, әрбiр ата-анаға жақындығы және, баланың дене бiтiмiне және психикалық денсаулығына, оның рухани дамуына әсер ететiн басқа да мән-жайлар ескерiледi.

      Баланың бөлек тұратын ата-анасымен араласуы оған залал тигiзуi мүмкiн болған ерекше жағдайларда, сот балалардың дене бiтiмiне және психикалық денсаулығы мен рухани дамуына зиян келтiретiндей жағдайларда ата-аналық құқықтарды жүзеге асыруға тыйым салатын Кодекстің 73-бабының 1-тармағын басшылыққа алып, қабылданған шешiмдердiң себептерiн мазмұндай отырып, осы ата-анаға баланы тәрбиелеу iсiне араласу тәртiбiн анықтау туралы талап арызын қанағаттандырмауға құқылы.

      Кодекс немесе сот шешiмi бойынша басқа адамның қолындағы балалар тәрбиесiне ата-аналық құқығынан айрылмаған ата-аналардың араласуына кедергі жасамау туралы талаптар осы тектес шешiлуi тиiс.

      Бөлек тұратын ата-ананың баланы тәрбиелеуге қатысу тәртiбiн анықтағаннан кейiн, сот басқа ата-ананы сот шешiмiн орындамаған немесе оны орындауға кедергi келтiрген жағдайда, заңдарда көзделген шаралар қолданылатынын ескертедi (Кодекстің 73-бабының 4-тармағы). Сот шешiмi қасақана орындалмаған жағдайда, баладан бөлек тұратын ата-ананың талабы бойынша, сот баланың мүддесiн және баланың пiкiрiн ескере отырып, баланы соған беру туралы шешiм шығара алады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Балалар кәмелеттiк жасқа толғанша ата-аналық құқықтарға мыналар: баласын тәрбиелеу, оның денсаулығына қамқор болу балаларының орта дәрежелi бiлiм алуы, олардың мүддесiнің өкiлi болу және оларды қорғау, басқа адамнан баласын қайтарып алуға талап ету, баласын асырап алуға келiсiм беру немесе бермеу, 14 жастан 18 жасқа дейiнгi балаларға, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22-бабы 2-тармағындағы аталған мәмiлелерден басқа, мәміле жасауға келiсiм беру, осы жасөспiрiмдердiң өздерiнің еңбек табыстарын, стипендиясын, басқа да табыстарын және олардың интеллектуалдық меншік объектiлерiн т.с.с. өз еркiмен басқаруын шектеу немесе одан айыру туралы сотқа арыз беру құқықтары жататынын түсiнген жөн.

      Ата-аналық құқықтан айыру туралы шешiм - ата-аналардың (олардың бiреуiнiң), тек қана жоғарыда көрсетiлгендерден басқа да, отбасылық жағынан балаларымен туыстық фактiге негiзделген, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын барлық құқықтардан айырылуына (Кодекстің 145-бабында көзделген асырауға қаражат алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгіленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақы алу заң бойынша мұрагерлiк құқығы) әкелiп соғады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Кодекстің 76-бабына сәйкес ата-аналық құқықтан айыру туралы iстер, ата-ананың бiреуiнiң (олардың орнындағы адамдардың) кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың (қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың, кәмелетке толмаған балалар iстерi жөнiндегi комиссияның, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердiң, атап айтқанда, балалар үйінің, мектеп-интернаттың, бала-бақшасының, мүгедектер үйiнiң, кемтар балаларға арналған интернаттардың және басқалардың) арызы бойынша, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы
      Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      10. Ата-аналардың бiреуiн ата-аналық құқықтан айыру туралы iстi сот қарауына дайындаған кезде, судья кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғау мен оны әрi қарай тәрбиелеуге тиiстi жағдай жасау, сонымен қатар баламен бiрге тұрмайтын ата-ана құқығын қорғау мақсатында, кез келген жағдайда осы ата-анаға сотта iстi қарау уақыты мен орнын хабарлауға мiндеттi және ол баланы өзiнің тәрбиелеуiне алу туралы талап беруге құқылы екендiгін түсiндiредi.

      Істiң мән-жайларын және ата-аналардың балаларға қалай қарайтындығын жан-жақты анықтау мақсатымен ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі талап арыздар, әдетте, жауапкерлердiң қатысуымен қаралуы тиiс.

      11. Ата-аналар кiнәлi болған жағдайда ғана Кодекстің 75-бабында көрсетiлген негiздер бойынша ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкiн.

      Ата-аналар балаларының дене бiтiмiнiң және рухани дамуына, оқуына, қоғамдық пайдалы еңбекке баулу жөнiнде қамқорлық жасамаса, алимент төлеуден қасақана бас тартса, олар өз мiндеттерiн орындаудан жалтарған деп танылуы мүмкiн. Өз баласын перзентханадан (бөлiмшесiнен) немесе өзге емдеу, балалар тәрбиелеу мекемелерiнен алудан дәлелдi себептерсiз бас тарту осындай жалтарудың мысалы ретiнде есептеледi.

      Ата-аналардың құқығына қиянат келтiретiн мән-жайлар деп балалардың мүддесiне зиян тигiзетiн, мәселен, балалардың оқуына кедергi жасайтын, қайыр сұрауға, ұрлыққа, жезөкшелiкке, iшiмдiкке және есiрткi қолдануға т.с.с. итермелейтiн әрекеттердi ұғыну керек.

      Балаларға күш көрсету немесе оларға психикалық қысым жасау немесе жыныстық пәктігіне қастандық жасау ғана емес, тәрбиелеу iсiнде жол беруге болмайтын тәсiлдердi де қолдану (балалардың адамгершілiк ар-намысын таптау, балағаттау немесе жат қылыққа пайдалану) тәрiздiлер балаларға қатыгездiкпен қарау болып танылады.

      Ата-аналардың құныққан маскүнемдiкке салынғандығы немесе нашақорлық пен уытқұмарлық ауруымен ауыратындығы тиiстi дәрiгерлiк қорытындымен расталуы тиiс. Ата-аналық құқықтан айыруға мұндай адамдардың әрекет қабiлеттілiгiне шек қою кедергi бола алмайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      12. Кодекстің 75, 79-баптарына қарай ауыр мән-жайлар мен өздерiне қатысты емес әр-түрлi басқа да себептермен (мәселен, психикасының бұзылуы, немесе басқа созылмалы ескi ауруына байланысты, құныққан маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындардан басқа) өздерiнiң ата-аналық мiндеттерiн орындай алмайтын адамдарды ата-аналық құқықтан айыруға болмайды. Аталған жағдайларда, сондай-ақ iстi қараған кезде ата-аналарды (олардың бiреуiн) ата-аналық құқықтан айыру үшiн жеткiлiктi негiздер болмаса, баланы олардың қолында қалдыру ол үшiн қауiптi болып табылған жағдайда, сот ата-аналық құқықты шектеу ретiнде баланы олардан алып, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға беруге шешiм шығаруға құқылы (Кодекстің 79-бабы).

      Ата-аналық құқықты шектеу туралы iстер қаралған кезде сот ата-аналардан (олардың бiреуiнен) балаға алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешуi керек.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      13. Кодекстің 77-бабының 2-тармағына сәйкес ата-ана құқығынан айыру - ата-ананы өз баласын асырау мiндеттерiнен босатпайтын болғандықтан, сот Кодекстің 76-бабының 3-тармағына сәйкес ата-аналық құқықтан айыру туралы iстердi қарау кезiнде, ата-аналардан (олардың бiреуiнен) бұндай талап ұсынылмағанына қарамастан, алимент өндiру туралы мәселенi шешедi.

      Ата-аналардың бiреуiн ата-аналық құқықтан айырған кезде және бала басқа ата-анаға, қамқоршыға немесе қорғаншыға не патронат тәрбиешiлерге берiлгенде, алимент Кодекстің 138, 139, 140, 141, 142-баптарына сәйкес аталған тұлғалардың пайдасына өндiрiледi.

      Егер балалар ата-аналық құқықтан айыру туралы мәселе шешiлгенше балалар мекемесiне орналастырылған болса, сонымен қатар ата-ананың екеуi де немесе олардың бiреуi ата-аналық құқықтан айырылған кезде баланы басқа ата-анаға беру мүмкiндiгі болмай, бала балалар мекемесiне орналастырылса, ата-аналық құқықтан айырылған ата-аналардан өндiрілетiн алименттер сол балалар мекемелерiнiң есепшоттарына әр қайсысының меншігі ретiнде аударылады.

      Балаларды ата-аналарынан айырмай, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға бергенге дейiнгi алименттер осы органдардың пайдасына өндiрiлмейдi, ол өкiлетті банкте баланың атына ашылған есепшотқа аударылады. Баланы балалар мекемесiндегi қамқоршыға (қорғаншыға) немесе патронат тәрбиешiге бергенде өндiрiлетiн алименттердi балалар мекемесiне немесе бала берiлген адамға аудару туралы мәселе сот шешiмiн орындау тәртiбiмен олардың өтiнiшi бойынша шешiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      14. Соттар ата-аналық құқықтан айыру - ең соңғы шара болып табылатынын ескергенi жөн. Ата-ананың кiнәсi дәлелденген ерекше жағдайларда сот оның мiнез-құлқының, жеке басының ерекшелiгiн және басқа да нақты жағдайларды ескере отырып, ата-аналық құқықтан айыру жөнiндегi талапты қанағаттандырудан бас тартуға және жауапкерге оның бала тәрбиесiне қарым-қатынасын өзгерту қажеттілiгін ескертiп, оның ата-аналық мiндеттерiн орындауын бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жүктеуге құқылы. Ата-аналық құқықтан айыру жөнiндегi талабын қанағаттандырусыз қалдыра отырып, сот жоғарыдағы аталған мән-жайларды ескерiп, Кодекстің 79-бабына сәйкес, егер бұл бала мүддесi үшiн қажет болса, баланы ата-анасынан алып, оны қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға беру жөнiндегi мәселенi де шешуге құқылы.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      15. Соттың ата-аналық құқықтан айыру туралы шешiмiнде баланы екiншi ата-ананың, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе белгіленген тәртiппен тағайындалған қамқоршы (қорғаншы) адамның тәрбиесiне берілетiндiгi көрсетiлуi тиiс. Сондықтан баланы туысқандарына немесе басқа адамдарға тапсыру үшiн бұл адамдар оның қамқоршысы немесе қорғаншысы болып тағайындалуы тиiс.

      Баланы басқа ата-анаға беруге мүмкiндiк болмаса немесе ата-анасының екеуi де ата-ана құқықтарынан айырылғанда, егер қорғаншы (қамқоршы) әлi тағайындалмаса, бала қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiледi (Кодекстің 77-бабының 5-тармағы және 115-бабы). Бұндай жағдайда сот баланы орналастырудың нақты тәртiбiн (балалар мекемесiне, мектеп интернатына орналастыру, қамқоршыны тағайындау т.с.с) анықтауға тиiстi емес, өйткенi бұл мәселе, көрсетiлген органдардың ерекше құзырына жатады.

      Ата-ана құқығынан айыру туралы соттың шешiмiнен үзiндi көшiрмесi, ол заңды күшiне енген күннен бастап үш күннiң iшiнде Кодекстің 76-бабының 5-тармағына сәйкес бала туғанда тiркелген жердегi азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органына (бұдан әрі – тіркеуші орган), қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жiберiлуге тиiстi.

      Ата-аналық құқығынан айырылған адамдар балаларға тағайындалған зейнетақы, жәрдемақы, басқа да төлемдердi, сонымен қатар балаларға өндiрiлген алименттердi алу құқығын жоғалтатынын ескере отырып (Кодекстің 77-бабының 1-тармағы), сот ата-аналық құқығынан айырылғандығы туралы шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн, оның көшірмесiн, төлемдердi балалар мекемесiнің есеп шотына немесе баланы тәрбиелеуге берген тұлғаға аудару мәселесiн талқылау үшiн, аталған төлемдердi жүргiзетiн органға, немесе шешiм шығарылған (бұйрық берiлген) жердегi сотқа, немесе сот актілерін орындау жөнiндегi аймақтық сот орындаушылары департаментінің комитетiне жiбередi.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      16. Кодекстің 78-бабының 2-тармағына сәйкес ата-аналық құқықтарын қалпына келтiру туралы мәселенi ата-аналық құқықтан айрылған ата-ананың арызы бойынша сот шешедi. Бұндай талап, баланың кiмнің қамқорлығында екендiгіне байланысты, басқа ата-анаға немесе қамқоршыға (қорғаншыға), патронат тәрбиешiге немесе балалар мекемесiне қойылады.

      Ата-ана құқығын қалпына келтiру туралы талап арызды қараған кезде соттар, ата-ананың мiнез-құлқы мен өмiр сүру салтының, олардың балаларды тәрбиелеуге қатысты көзқарасының өзгергенiн анықтауы тиiс. Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы келсе, сонымен қатар бала асырап алынған болса және баланы асырап алудың күшi жойылмаса, немесе он жасқа толған бала қандай да болмасын себептерге қарамастан, ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге қарсылық бiлдiрсе, сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы (Кодекстің 78-бабының 3-тармағы).

      Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талаппен бiрге, сол адамның баланы өзiне қайтарып беру туралы талабы да қаралуы мүмкiн.

      Кодекстің 76-бабының 5-тармағына сәйкес ата-ана құқығын қалпына келтiру туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап, үш күннiң iшiнде бұл шешiмнiң көшiрмесi бала туғанда тiркелген жердегi азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органына (бұдан әрі – тіркеуші орган), қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жiберiлуге тиiстi.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      17. Баланың тууы туралы жазбаларда ата-анасы ретiнде көрсетiлмеген, асыраушыларға және шын мәнiнде оны тәрбиелеп отырған адамдарға ата-аналық құқықтан айыру жөнiнде талап қойылмайды, себебi олардың құқықтары мен мiндеттерi балалардың олардан туғанына байланысты туындамайды.

      Бала асырап алушылар өздерiне жүктелген мiндеттерiн орындамаса, өзiнiң құқықтарын терiс пайдаланса немесе балаларға қатыгездiкпен қараса, сотта ата-ана құқығынан айыру туралы емес, бала асырап алу құқығын бұзу туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Баланың мүддесiн қорғауды талап ететiн басқа да жағдайларда сот баланы асырап алу құқығын бұзуы мүмкiн (Кодекстің 106-бабы).

      Баланы асырап алу кезiнде Кодекстің бұзылуына байланысты асыраушылығынан айыру жөнiндегi талапты қараған кезде сот барлық нақты жағдайларды, атап айтқанда, талапты қанағаттандыру бала мүддесiне қарсы келмеуiн ескеруi қажет.

      Ата-аналық құқығын шектеу тәртiбiнде көрсетiлгендей, асырап алуды бұзу үшiн заңда көрсетiлген негіздер болмаса, асыраушыдан баланы алу туралы мәселе қаралуы мүмкiн.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2 Нормативтік қаулысымен.

      18. Қамқоршы (қорғаншы) өздерiне жүктелген мiндеттердi ойдағыдай атқармаса, оның iшiнде қамқоршылық немесе қорғаншылықты пайдакүнемдiк мақсатта пайдаланса, немесе қамқорлығындағы баланы бақылаусыз және қажеттi көмек-жәрдемсiз қалдырса, көрсетiлген адамдар қамқоршылық (қорғаншылық) мiндеттерден шеттетiлуi мүмкiн, бұл жағдайда оларды ата-ана құқықтарынан айыру мәселесi қойылмайды. Қамқоршыны (қорғаншыны) мiндеттерiнен шеттету мәселесiн сот емес, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар шешедi. Алайда, егер қамқоршы (қорғаншы) мiндеттерiнен шеттетiлген тұлға баланы қайтарғысы келмесе, оны алу жөнiнде сотқа талап қойылуы мүмкiн.

      19. Соттар қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 238-бабына сәйкес балаларды алып қою туралы iстер бойынша баланы бiр адамнан екiншi адамға өткiзiп берудiң мүмкiндiгiн қарастырып, шешiмнiң орындалу тәртiбiн анықтауы керек.

      Сот шешiмiн орындауға мүмкiндiк болмаған кезде баланың мүддесiне зиян келмейтiндей етiп, оны сот ұйғарымы бойынша уақытша тәрбиелеу, емдеу немесе басқа мекемелерге беру мәселесi шешiледi.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.05.31 № 2; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      20. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1993 жылғы 28 маусымдағы "Соттардың бала тәрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезiнде заңды қолдану тәжiрибесi туралы" N 3 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданылатын құқықтың құрамына кіреді, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 21-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Соттың судьясы,
      Пленум хатшысы