"Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің және оның аумақтық бөлімшелерінің ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 10 наурыздағы № 149 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің және оның аумақтық бөлімшелерінің ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 58 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі;";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлiк комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы аумақтық органдардың тізбеде:

      13) тармақшаның орыс тіліндегі мәтініне өзгерістер енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті:

      1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия жəне инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
А. Бейспеков

  Бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің
міндетін атқарушының
2019 жылғы 31 қаңтардағы
№ 58 бұйрығына
5-қосымша

"Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің "Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Инспекция) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық органы болып табылады және әуе және құбыржол көлігін қоспағанда, көлік саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады.

      2. Инспекция өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актілеріне, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Комитеттің бұйрықтарына, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес қызметiн жүзеге асырады.

      3. Инспекция мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы қазақ тілінде көрсетілген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Инспекция азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Инспекцияға заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Инспекция өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Инспекция басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Инспекцияның құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Инспекцияның орналасқан жері:   Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Әл-Фараби даңғылы, 49 ғимарат.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы:

      мемлекеттік тілде – "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы" республикалық мемлекеттiк мекемесi;

      орыс тілінде – республиканское государственное учреждение "Инспекция транспортного контроля по городу Астане Комитета транспорта Министерства индустрии и инфраструктурного развития Республики Казахстан".

      10. Осы Ереже Инспекцияның құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Инспекцияның қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Инспекцияға кәсіпкерлік субъектілерімен Инспекцияның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.

      Егер Инспекцияға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Инспекцияның мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

      13. Мақсаттары:

      1) әуе және құбыржол көлiгiн қоспағанда, көлiк саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;

      2) өз құзыреті шегінде көліктің және оның өмірлік циклі процестерінің адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      3) реттелетін салаларда мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету.

      14. Құқықтары мен міндеттері:

      құқықтары:

      1) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты және материалдарды сұратады және алады;

      2) әуе және құбыржол көлігін қоспағанда, көліктегі тасымалдау және басқа да қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың қызметін тексереді;

      3) өз құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәселелерді қарайды;

      4) хаттамалар толтырады, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер, оның ішінде "Екатеринбург қаласы – Алматы қаласы" 1291 километр (Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек-Жолы кентінің жанында) және "Ресей Федерациясы шекарасы (Екатеринбург қаласына қарай) – Алматы қаласы, Қостанай, Астана, Қарағанды қалалары арқылы" 1305+905 километр (Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай кентінің жанында) орнатылған арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарымен тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес іс жүргізуді жүзеге асырады;

      5) жеке тұлғаны әкiмшілiк ұстауды, көлік құралын ұстауды, тұлғаның жеке басын және жеке тұлғамен бірге болатын заттарын қарап-тексеруді жүргізеді, көлік құралдарын қарап-тексеруді жүзеге асырады;

      6) әуе және құбыржол көлігін қоспағанда, көлiктiк оқиғалардың, көлiктi пайдалану ережесін бұзудың алдын алу жөніндегі шаралар туралы мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізеді;

      7) көлiктiк бақылау посттарында, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында, қалалар және өзге де елді мекендер шегінде автокөлік құралдарын тоқтатады;

      8) өз құзыреті шегінде, тексерулердің нәтижелері бойынша актілер шығарады және Қазақстан Республикасы заңдарының, әуе және құбыржол көлігінен басқа көліктің жұмыс істеу тәртібін айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілері, стандарттары және нормалары талаптарының анықталған және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгізеді;

      9) арнайы байланыс құралдарын пайдаланады, арнайы су көлігі және арнайы автокөлік, сондай-ақ өзінің функцияларын жүзеге асыру кезінде таяқша және ысқырық пайдаланады;

      10) уәкілетті органның құзыретіне қатысты мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;

      11) қолданыстағы заңнамамен көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

      Міндеттері:

      1) Инспекцияға жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      3) Инспекция құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер беру;

      4) Инспекция теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;

      5) бухгалтерлік есепті жүргізу, бухгалтерлік және қаржылық есепті Комитетке тапсыру;

      6) Инспекцияға бөлінген бюджет қаражатының толық, уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін жүргізу кіреді.

      15. Функциялары:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік құпияларды қорғау, азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;

      2) транзиттік әлеуетті пайдалану туралы ақпаратты жинақтауды автокөлік құралдары қозғалысының қарқындылығын жинақталған ақпаратты есепке алуды жүзеге асыру, белгіленген нысандағы есеп беру құжаттары түрінде беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шетел мемлекетінің аумағы бойынша Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының жүріп өтуіне рұқсат беру;

      4) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдік ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттар беру;

      5) жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауға рұқсат беру туралы куәлік және автокөлік құралдарына рұқсат карточкаларын беру;

      6) көлік құралын халықаралық қатынаста қауіпті жүктерді тасымалдауға жіберу туралы куәлік беру;

      7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп өтуге рұқсат беру;

      8) Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      9) Қазақстан Республикасы аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде қалалар немесе өзге де елді мекендер бойынша жалпы ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында көлік құралдарының жүріп өтуін бақылауды жүзеге асыру;

      10) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша шетелдік тасымалдаушылардың каботаждық тасымалдауын анықтау және жолын кесуді жүзеге асыру;

      11) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын ұйымдастыру кезінде рұқсат беру жүйесі талаптарының орындалуына бақылауды жүзеге асыру;

      12) автокөлік құралдарының жүруін, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген автокөлік құралдарының рұқсат етілген габариттік және салмақтық өлшемдердің сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      13) тахографтарға қызмет көрсету және орнату бойынша қызметті жүзеге асыратын сервистік орталықтарға бақылауды жүзеге асыру;

      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен автожолдарда және автокөліктерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру;

      15) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауіпті жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат беру;

      16) жүк көлiгi құралдарын өлшеудiң халықаралық сертификатын берудi жүзеге асыру;

      17) жолаушылар мен жүктердi, оның iшiнде қауiптi жүктердi тасымалдау қағидаларының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;

      18) теміржол көлігіндегі, оның ішінде магистральдық, станциялық және кірме теміржолдардағы қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылауды және тексеруді жүзеге асыру;

      19) теміржол көлiгiнде тасымалдау және басқа да қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың қызметін, оның ішінде олармен:

      темiржол желiсiнiң станциялық және магистральдық жолдар мен темiржолдағы кiрме жолдарды күтiп-ұстауды, жылжымалы құрамды күтiп-ұстауды, пайдалануды және жөндеуді;

      Жолаушыларды, багажды, жүктерді, жүк-багажды және поштамен жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларын;

      темiржол көлiгiнде жүру қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған техникалық құралдарды, сондай-ақ жасанды құрылыстарды және теміржол өтпелерін күтіп-ұстауды, пайдалануды және жөндеуді сақтау бөлігінде бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптарын қолдана отырып, тексеруді жүзеге асыру;

      20) жылжымалы құрам мен жылжымалы құрамның кепілін мемлекеттік тiркеуді (қайта тіркеуді) жүзеге асыру;

      21) жылжымалы теміржол құрамының мемлекеттік тіркелуін бақылауды жүзеге асыру;

      22) Министрдің міндетін атқарушысының бұйрығымен бекітілген Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында белгіленген тәртіппен тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызметтерді пайдаланушылар мен вагондар (контейнерлер) операторларын қоспағанда, тасымалдау процесіне қатысушының қауіпсіздігін басқару жүйесінің аудитін жүргізу;

      23) Қазақстан Республикасының аумағында теміржол көлігіндегі апаттарды, аварияларды тергеуге қатысу;

      24) жолаушылар поездарының Қазақстан Республикасы аумағымен жүру жолында жолаушыларды, багажды және жүк-багажды тасымалдау қағидаларының сақталуына бақылау жүргізу;

      25) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жататын қызметтiң немесе іс-қимылдың жекелеген түрлерiн лицензиялауды жүзеге асыру;

      26) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      27) қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы туралы статистикалық ақпарат қалыптастыру;

      28) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      29) өз құзыретi шегiнде тексеру нәтижелерi бойынша актiлер жасау және көлiктiң жұмыс iстеу тәртiбiн айқындайтын Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн, стандарттар мен нормалардың талаптарын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгiзу;

      30) қозғалыс қауiпсiздiгiнiң және қоршаған ортаны қорғаудың белгiленген талаптарына жай-күйi жауап бермейтiн магистральдық темiржол желісі объектiлерiн, темiржолдар мен жылжымалы құрамды пайдалануды тоқтата тұруды және тоқтатуды жүзеге асыру;

      31) қозғалыс қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғаудың талаптарына жай-күйі жауап бермейтін қалалық рельсті көлік объектілерін пайдалануды тоқтата тұруды жүзеге асыру;

      32) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде не заңды тұлғаға тиесiлi аумақты, үй-жайларды, көлiк құралдарын, тауарларды, өзге мүлiк пен заттарды тексерiп қарауды жүргiзу кезiнде табылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тiкелей объектiсi болған, заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды, тауарларды, өзге де мүлiктер мен заттарды алып қою;

      33) жеке және заңды тұлғалардың көлiктің жұмыс iстеуі тәртiбiн айқындайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының талаптарын сақтауына мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, олардың бұзылуын анықтау және жолын кесу жөнiнде шаралар қабылдау;

      34) өз құзыретi шегiнде тексерулер нәтижелерi бойынша актiлер жасау және су көлiгiнiң жұмыс істеуі тәртiбiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын, стандарттары мен нормаларының анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгiзу;

      35) кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді, оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, тиісті кеме құжаттарын беру, Мемлекеттік кеме тізілімін, кеме кітабын және жалға алынған шетелдік кемелердің тізілімін жүргізу;

      36) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын тиіс кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру және оларды аттестаттау;

      37) кемелерді (оның iшiнде шағын көлемдi), салдарды және ішкі су жолдарында орналасқан өзге де жүзу объектілері мен құрылыстарын, олардың пайдаланылуын қауіпсіз қамтамасыз ету талаптарына сай болуын қарап-тексеруді жүргізу;

      38) алкогольдік, есiрткiлік және уытты мас күйінде болған шағын көлемдi кемелердiң кеме жүргiзушiлерiн басқарудан шеттету және оларды медициналық куәландыруға жiберу;

      39) жеке және заңды тұлғалардың ішкi су жолдарымен жүзу қағидаларын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      40) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi ұйымдастыруды, iшкi су көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртiбiн белгiлейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiн және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылауды ұйымдастыру;

      41) iшкi су жолдарында кеме қатынасын жүзеге асыратын кеме иелерiнiң, кеме экипажы мүшелерiнiң, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасына сәйкес кемелердi пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарын орындауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      42) кеменi пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келмейтiн кемелердi (оның iшiнде шағын көлемдi), салдар мен өзге де жүзу объектiлерiн ұстау;

      43) кемені пайдалану қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жүктердiң сақталуына қатер төнген кезде кемелердiң (оның iшiнде шағын көлемдi), салдардың және өзге де жүзу объектілерінің қозғалысын тоқтата тұру және тыйым салу;

      44) Министрдің бұйрығымен бекітілген Ішкі су жолдарында кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидаларына сәйкес кемелермен, оның ішінде шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеру, сыныптау және есепке алу;

      45) кеме қатынасы су жолдарының және навигациялық жабдық құралдарының тиiстi күтiп-ұсталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      46) ішкі су көлігі саласындағы бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      47) техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзу;

      48) Мемлекеттік жылжымалы құрам тізілімін жүргізу;

      49) техникалық қарап-тексеру операторларының механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткізуді ұйымдастыру және жүргізу тәртiбiн сақтауына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

      49-1) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру;

      49-2) қауіпсіздік сертификатын беру;

      50) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң актiлерiнде және Министрдің бұйрықтарында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

3-тарау. Инспекцияның қызметін ұйымдастыру кезіндегі оның басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Инспекцияны басқаруды Инспекцияға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты басшы жүзеге асырады.

      17. Инспекция басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Инспекция басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Инспекция басшысының өкілеттігі:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамаларында және осы Ережеде айқындалғаен құзыреті шегінде Инспекция қызметінің мәселелерін дербес шешеді;

      2) Инспекция басшысының орынбасарынан басқа, Инспекция қызметкерлерін тағайындайды және қызметтен босатады, оларға көтермелеу, материалдық көмек көрсету шараларын және тәртiптiк жазалар қолданады;

      3) Инспекция бөлімдері басшыларын тағайындауды Комитетпен келіседі;

      4) бұйрықтарға қол қояды және функционалдық бағынысты қызметкерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді, олардың арасындағы міндеттерді бөледі;

      5) Комитет басшылығының нұсқаулары мен тапсырмаларын орындайды.

      6) Инспекцияны мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда ұсынады;

      7) отандық және шетелдік тауар өндірушілермен тауарлар мен қызметтерді жеткізуге шарт жасасады, банктерде шот ашады, сенімхаттар береді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар қабылдағаны үшін дербес жауапкершілікте болады;

      9) өзiнiң құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.

      Инспекция басшысы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      20. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Инспекцияның мүлкі

      21. Инспекцияның заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Инспекцияның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Инспекцияға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Инспекция, өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Инспекцияны қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Инспекцияны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.