"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 14 маусымдағы № 448 бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 11 ақпандағы № 70 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.02.2019 № 70 бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық бекітілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
Министрінің
2018 жылғы 14 маусымдағы
№ 448 бұйрығына қосымша

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" (бұдан әрі - Комитет) мемлекеттік мекемесі реттеуші, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады. Комитеттің Алматы қаласында аумақтық органы бар.

      2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Төрағаның бұйрығымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      6. Комитеттің құрылымын, штат санын Министрліктің Жауапты хатшысы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің келісімі бойынша бекітеді.

      7. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      8. Комитеттің орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Transport tower" ғимараты.

      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтайшы құжаты болып табылады.

      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Комитет кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түспейді.

      Комитетке заңнамалық актілермен оған табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру бойынша құқықтар берілген жағдайда, онда осындай қызметтен түскен табыс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

      12. Комитеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау және қадағалау;

      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін оны пайдаланушылардың қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету, адамдардың өмірі немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қауіп төндірмей ұшуды орындау;

      4) әуе кеңістігін пайдалану және ұшуды орындаумен байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы қағидаттарын белгілеу;

      5) Қазақстан Республикасының экономика және азаматтардың авиациялық қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру.

      13. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрлік оған жүктеген мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ведомствоның құзыреті шегінде реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;

      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      3) өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      4) шет мемлекеттердің авиациялық биліктерімен және мамандандырылған халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ынтымақтастық, азаматтық авиацияға қатысты ақпаратпен және тәжірибемен алмасу туралы екіжақты келісімдер жасасу арқылы халықаралық ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық азаматтық авиация ұйымдарында Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуді жүзеге асыру;

      5) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;

      6) өз құзыреті шегінде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық ету;

      7) өз құзыреті шегінде ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз ету;

      8) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 82-бабының 3-тармағында көзделген әзірленетін құжаттардың жобаларына қатысты реттеушілік әсерге талдау жүргізу;

      9) жүргізілген реттеушілік әсерді талдаудың нәтижесін Министрліктің ресми интернет-ресурсында орналастыру;

      10) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабының 2-тармағына сәйкес тексерілетін субъектілер қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауды және тексеруді жүзеге асыру;

      11) әуе кеңiстiгiн пайдалану мен азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;

      13) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізу;

      14) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      15) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік акциялар пакетіне (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) иелік ету және пайдалану құқығын, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік басқарудың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында басшылық ету жөніндегі уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыру;

      16) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;

      17) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;

      18) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу;

      19) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;

      20) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасауын мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      21) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес нұсқамалық материалдарды әзірлеу және бекіту, сондай-ақ ұшуға жарамдылық жөніндегі директиваларды шығару;

      22) әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастыру кезінде азаматтық-әскери үйлестіру жүйесін орнату және ұстау үшін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      23) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу;

      24) Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушыларды аккредиттеуді және аккредиттеу туралы куәлікті беруді, сондай-ақ ондай куәлікті беруден бас тартуды жүзеге асыру;

      25) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарту;

      26) әуе кемелерін пайдаланушылардың, әуеайлақтарды (әуежайларды) пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілердің, авиациялық оқу орталықтарының, техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұйымдардың, қарап тексеруді жүзеге асыратын авиациялық қауіпсіздік қызметінің, авиациялық медициналық орталықтардың, авиациялық медициналық сарапшылардың қызметіне қадағалауды жүзеге асыру;

      27) нұсқамалық материалды пайдалана отырып, азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарына қойылатын сертификаттау талаптарына сәйкестікке сертификаттық зерттеп-қарауды жүзеге асыру;

      28) пайдаланушы немесе азаматтық авиация ұйымы ұсынған, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды бағалау негізінде түзету іс-қимылдарының жоспарын бекіту, сондай-ақ пайдаланушының немесе азаматтық авиация ұйымының түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуын және (немесе) жоспарда белгіленген мерзімдерде түзету іс-қимылдарын орындауын тексеру жүргізу жолымен бақылау;

      29) жасалған келісімдер негізінде шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне жүргізілген перрондық тексерулер бойынша ақпарат жинауға және оны шет мемлекеттермен алмасуға қатысу;

      30) азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық персоналдың кәсiптік даярлығы мен денсаулық жағдайы мәселелерi бойынша белгiленген талаптар мен нормаларды қамтамасыз етуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      31) азаматтық авиация ұйымдарының азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығы нормаларын ұстауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      32) халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыруын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      33) авиациялық қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      34) сертификаттауды жүзеге асыру және үлгi сертификатын беру;

      35) халықаралық рейстердi қамтамасыз етуге рұқсат етiлмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерiн қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге уақытша рұқсаттарды беру;

      36) ұшу қауiпсiздiгiне қауіп төндiретiн кемшiлiктер анықталған жағдайда, Министрдің бұйрығымен бекітілген Сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидаларында белгіленген тәртіппен үлгi сертификатының қолданысын тоқтата тұру, әуе кемесін пайдалануды тоқтату;

      37) азаматтық авиация саласындағы ұшу қауiпсiздiгi мен авиациялық қауiпсiздiк талаптарын бұзушылықты есепке алуды жүргiзу;

      38) әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) сертификаттауды жүзеге асыру және оның жарамдылығы сертификатын беру;

      39) "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының ережелерін ескере отырып, азаматтық әуе кемелерiнiң халықаралық тұрақты емес (бiр жолғы) ұшуларды орындауына рұқсат беру;

      40) азаматтық авиация саласында әуе қозғалысына қызмет көрсетiлуiн, ұшудың радиотехникалық және метеорологиялық қамтамасыз етiлуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ қызметі мен көрсетiлетiн қызмет сапасын тексеру;

      41) Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға 1-қосымшада көзделген авиация персоналына жататын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңіл және аса жеңіл авиацияның авиациялық персоналына жататын адамға оның қажетті бiлiмi мен дағдыларының бар екенін, сондай-ақ оның денсаулығының белгіленген талаптарға сай екенін растайтын, кәсiптiк қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін беру, куәліктің қолданылу мерзімін ұзарту, мұндай куәлiктi қайтарып алу, оның қолданылуын тоқтата тұру, куәлікке біліктілік белгілері мен арнайы белгілерді енгізу;

      42) азаматтық әуе кемелерiн сертификаттауды жүзеге асыру және пайдаланушы сертификатын беру;

      43) iшкi әуе трассалары, жергiлiктi әуе желiлерi, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауды келiсу;

      44) сертификаттауды жүзеге асыру және авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлiктi беру;

      45) ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне арнайы ұшуды орындауға рұқсат беру;

      46) Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшін халықаралық және субсидияланатын (облыс ішіндегілерді қоспағанда) авиамаршруттарға куәлiктер беру;

      47) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiнде Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншiгiндегi азаматтық әуе кемелеріне құқықтарды, сондай-ақ қайтарылмайтын өкiлеттiктердi мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыру;

      48) әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, аса жеңiл авиация әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттауды жүзеге асыру;

      49) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген қолданыстағы сертификаттарға (авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктерге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу, иелері сертификаттау талаптарын сақтамаған кезде сертификаттарды (авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктерді) беруден бас тарту, сертификаттарды (авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәліктерді) қайтарып алу, олардың қолданылуын тоқтата тұру;

      50) шет мемлекет Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлiгiн не тиiстi куәлiктi бере отырып, жұмысқа жалдану үшін Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналының куәлiгiн, не Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес пайдаланушының мемлекеті берген немесе растаған экипаж мүшелерінің куәліктерін тану;

      51) Жеңіл және аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларына сәйкес әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттауды жүргізу;

      52) азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификатты берудi жүзеге асыру;

      53) азаматтық әуе кемелерiнің әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылығының жолын кесу;

      54) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсат беру;

      55) егер әуеайлақтардың (тiкұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқуы белгiленген ұшу қауiпсiздiгi деңгейiне баламалы деңгейдi қамтамасыз ететiндей қосымша шаралар енгiзумен өтелетін болса, мұндай ауытқуларды келiсу;

      56) авиация персоналына жататын тұлғалардың "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгiленген талаптар мен нормаларды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      57) шет мемлекет берген азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығы куәліктерін (сертификаттарын) тануды жүзеге асыру;

      58) шет мемлекеттердiң әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнiмдердi тасымалдау үшiн азаматтық әуе кемесiн пайдаланушының халықаралық ұшуын келiсу және өз құзыреті шегінде осы ұшуды сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын органмен келісу;

      59) Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерінің орындалуын жоспарлайтын шетел тасымалдаушыларын тіркеу;

      60) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және (немесе) халықаралық стандарттарды сақтауына мемлекеттiк реттеуді, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

      61) әуе кемесi, оның құрамдауыштары, қосалқы бөлшектерi мен қосымша аспаптары жай-күйiнiң пайдаланушыға берiлген ұшуға жарамдылығы сертификатының талаптарына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      62) сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан асатын ұшақтарды және (немесе) бір немесе бірнеше турбореактивті қозғалтқыштармен жарақтандырылған ұшақтарды, сертификатталған ең жоғары ұшу массасы үш мың бір жүз сексен килограмнан асатын тікұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті беруді жүзеге асыру, сондай-ақ ондай куәлікті тану, өзгерту, шектеу, қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу;

      63) басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес олармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актiлерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн заңдардың, қағидалар мен рәсiмдердiң сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      64) авиациялық техника мен оған жерде қызмет көрсету құралдарының ұшу және техникалық пайдалану талаптарына сәйкестiгiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      65) әуеайлақ (тiкұшақ айлағы) объектiлерiнiң, қону алаңқайларының күтiп-ұсталуын және "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9) және 10) тармақшаларында көзделген әуежай қызметiнiң сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      66) азаматтық авиация әуеайлағы ауданында объектiлердi таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      67) бекітілген үлгілік конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесi данасының конструкциясының сипаттамалары мен пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестiгi куәлiгiн беру;

      68) өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшу, олардың жабдықтары мен олардағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндiруi мүмкiн қызметтi бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      69) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру, сондай-ақ егер әуе кемесі ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, азаматтық әуе кемесін тіркеуден бас тарту;

      70) әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттауды жүзеге асыру және экспорттық сертификатты беру;

      71) азаматтық әуе кемелерiнде орнатылған радиомен хабарлау аппаратурасын пайдалануға рұқсат беру;

      72) азаматтық авиация әуеайлақтарын (тiкұшақ айлақтарын), бiрлесіп пайдалану және бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын есепке алуды жүзеге асыру;

      73) әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қарап-тексеруін ұйымдастыру бойынша сертификат беруді және сертификаттауды жүзеге асыру;

      74) авиациялық оқу орталығын сертификаттауды жүзеге асыру және оған сертификат беру;

      75) азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөнiндегi ұйымды сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру;

      76) әуежай мен Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты ұшуды орындайтын шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды келісуді жүзеге асыру;

      77) азаматтық және эксперименттік авиацияның әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзушылықтарын есепке алуды жүргізу, сондай-ақ әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзушылықтарының барлық оқиғалары бойынша мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен өзара ақпаратпен алмасуды жүзеге асыру;

      78) мүдделi мемлекеттiк органдар арасында авиациялық қауiпсiздiк саласындағы қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыру, азаматтық авиация қызметiне заңсыз араласу актілерін тергеп-тексеруде мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу, олардың алдын алу жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;

      79) аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіні сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің сертификатын кері қайтарып алу не мұндай сертификаттың (немесе сертификатта көрсетілген рұқсат етілген қызмет түрлері (кіші түрлері) қолданылу аясын толығымен немесе ішінара тоқтата тұру;

      80) аэронавигация мен әуежайлардың көрсететін қызметтері аясында табиғи монополиялар салаларындағы реттеуді және бақылауды жүзеге асыру;

      81) аэронавигация мен әуежайлардың көрсететін қызметтері бойынша табиғи монополиялар салаларына табиғи монополиялар субъектілері осы салалар шеңберінде ұсынатын көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) реттелетіндерге жатқызу тұрғысынан талдау жүргізу және талдау қорытындылары бойынша табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінен шығару (енгізу) туралы ұсыныстар енгізу;

      82) азаматтық авиация саласындағы табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасының (жобаның) орындалуы туралы ақпаратқа талдау жүргізу;

      83) авиациялық медициналық орталықты сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру;

      84) тиісті әуеайлақтардағы пайдаланушылар санын, әуе кемелерінің типін және қону санын, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдер дәрежесін ескере отырып, есептеу әдісіне негізделген, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулер жүргізудің жылдық графигін қабылдау;

      85) Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес пайдаланушының мемлекеті берген немесе растаған радиоаппаратураны пайдалануға арналған рұқсатты жарамды деп тану;

      86) егер аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіге қойылатын сертификаттау талаптарынан уақытша ауытқулар, белгіленген ұшу қауіпсіздігінің деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелетін болса, мұндай ауытқуларға келісім беру;

      87) әуе қозғалысын ұйымдастырудың функционалдық жүйелеріндегі өзгерістердің тізбесін алдын ала келісу;

      88) пилотсыз ұшу аппараттарын есепке алуды жүзеге асыру;

      89) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) бекіту;

      90) шетелдік ұйымдардың авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификаттарын тану;

      91) шет мемлекеттің пайдаланушысына тиесілі әуе кемесін экипажымен қоса жалға алуға рұқсат беру, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарға сәйкессіздік, жалға алушы немесе жалға беруші тарапынан тиімді пайдаланушылық бақылаудың не пайдаланушының сертификатын және жалға алынатын әуе кемесіне арналған ұшуға жарамдылық сертификатын берген мемлекет тарапынан қадағалаудың болмағаны анықталған жағдайларда, ондай рұқсатты қайтарып алу;

      92) авиация персоналының біліктілік деңгейін айқындауға құқығы бар жеке тұлғаларды тағайындау;

      93) авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаушылардың жұмыс істеуіне рұқсат беру;

      94) азаматтық авиацияның шетелдік авиациялық оқу орталықтарының сертификаттарын тану;

      95) әуеайлақтың пайдаланушысы әуеайлақта ұшу қауіпсіздігінің баламалы деңгейін қамтамасыз еткен жағдайда, жекелеген технологиялық аяқталған объектілердің әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға уақытша рұқсатқа келісім беру;

      96) авиакомпанияға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру туралы шешім қабылдау, рұқсат беруден бас тарту, бұрын берілген рұқсатты тоқтата тұру немесе қайтарып алу;

      97) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін ұшу құрамының, кабина экипажының адамдарына, ұшуға техникалық қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға экипаж мүшесінің куәлігін беру;

      98) сертификаттар беру арқылы авиациялық медициналық сарапшыларды тағайындау, мұндай сертификаттың (немесе сертификатта көрсетілген рұқсат етілген қызмет түрлері (кіші түрлері) қолданылу аясын толығымен не ішінара тоқтата тұру, сондай-ақ егер қолданылу тоқтатыла тұрған күннен бастап үш ай ішінде сертификаттау талаптарын бұзушылықтар жойылмаса, авиациялық медициналық сарапшы сертификатын қайтарып алу;

      99) азаматтық және эксперименттiк авиация саласындағы ұшудың iздестiру-құтқарушылық және авариялық-құтқарумен қамтамасыз етiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

      100) авиациялық оқыту орталықтары және азаматтық авиация ұйымдары әзiрлеген авиациялық персоналды кәсiптiк даярлау бағдарламаларын келiсу;

      101) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуiн тұрақты қадағалауды жүзеге асыру;

      102) қызметi сертификаттауға жатпайтын, бірақ "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-2-бабында көзделген қызметке жататын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ұшу қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

      103) тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөнiндегi жыл сайынғы бағдарламаны қабылдау;

      104) нұсқамалық материалды пайдалана отырып шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексеруді және егер осындай әуе кемесінің бортында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдалану шектеулері сақталмайды деп есептеуге негіз болса, шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесіне жоспардан тыс перрондық тексеруді жүзеге асыру;

      105) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргiзу қағидаларын әзiрлеу;

      106) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      107) табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын бекіту;

      108) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң актiлерiнде және Министрдің бұйрықтарында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

      14. Комитеттің құқықтары мен міндеттемелері:

      Комитет:

      1) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдарынан және пайдаланушылардан ақпаратты, құжаттарды, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсіндірмелер мен материалдарды сұратуға;

      2) әуе кеңістігін пайдалану, әуе қозғалысы мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметін ұйымдастыру мәселелерін реттейтін жаңа және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      3) азаматтық авиацияны дамыту, оларды іске асырудың ұйымдастыру және қаржылық механизмдері, азаматтық авиация саласының дамуына инвестициялар тарту үшін жағдайлар мен басымдықтарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      4) Комитеттің және оның аумақтық органының ұшуға рұқсаты бар азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адамдары қызметтік міндеттерін орындаған кезде әуе кемесінің кабинасында, мұндай рұқсаты жоқ адамдар - бос орын болған кезде әуе кемесінің пайдаланушыларымен келісім бойынша әуе кемесінің жолаушылар салонында болуға;

      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды асыруға құқылы.

      15. Комитеттің міндеттемелеріне мыналар жатады:

      1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, құқықтары мен заңда қорғалатын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін сақтау;

      3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беру;

      4) өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде ол туралы Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдар ресми сұрау салған жағдайда қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсыну;

      5) Комитеттің теңгерімінде тұрған мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу;

      7) белгіленген мерзімде Министрлікке бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасау және ұсыну;

      8) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттың толық, уақтылы және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын төраға басқарады.

      17. Төрағаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын орынбасарлары болады.

      18. Комитет төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттің және оның аумақтық органының құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныс береді.

      19. Комитет төрағасы Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      20. Комитет төрағасы өз құзыреті шегінде:

      1) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының және қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;

      3) еңбек қатынастарының мәселесі жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің және оның аумақтық органының қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) іссапарлар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау) біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйақылар беру, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің және оның аумақтық органының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;

      5) Комитеттің атынан қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда өкілдік етеді;

      6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      7) Комитеттің заң қызметіне жетекшілік етеді;

      8) Комитеттің қызметкерлеріне мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді жүзеге асырады;

      9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын іс-қимылдар белгіленген жағдайда бұл туралы Министрліктің басшылығын хабардар етеді;

      10) Комитет қызметкерлері мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;

      11) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;

      12) республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына және мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

      13) оның құзыретіне кіретін басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін атқаруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      21. Комитет төрағасының орынбасары:

      1) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;

      2) Комитеттің төрағасы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

4-тарау. Комитеттің мүлігі

      22. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлігі болады.

      Комитеттің мүлігі мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен қалыптасады.

      23. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      24. Егер Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.