Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес өзгерістер мен толықтыру енгізілетін қаржы нарығын реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігі
Ұлттық статистика бюросы
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 95 қаулыға қосымша |
Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.04.2026 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
2. "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының пруденциялық нормативтерінің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің нормативтік мәндерін және оларды есептеу әдістемелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сақтандыру холдингтері сатып алатын халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының тізбесін, сақтандыру холдингтері сатып алатын облигациялар үшін талап етілетін ең төмен рейтингті және рейтингтік агенттіктердің тізбесін, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алатын қаржы құралдарының (акциялар мен жарғылық капиталына қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 304 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14794 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының пруденциялық нормативтерінің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің нормативтік мәндерінде және оларды есептеу әдістемелерінде:
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілеттілігі маржасының ең төмен мөлшері Нормативтерге 3-қосымшаға сәйкес Төлем қабілеттілігі маржасының ең төмен мөлшерінің қайта сақтандыруға берілетін (берілген) сақтандыру сыйлықақыларынан ұлғаю кестесі бойынша есептелген төлем қабілеттілігі маржасының ең төмен мөлшерінің ұлғаю сомасына сәйкес қайта сақтандырушының рейтингтік бағасына немесе өткен есепті күнгі Қазақстан Республикасының резиденті-қайта сақтандыру ұйымының төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің мәніне байланысты жасалған қолданыстағы қайта сақтандыру шарттары бойынша Қазақстан Республикасының резиденттері және бейрезиденттері - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қайта сақтандыруға берілетін (берілген) сақтандыру сыйлықақыларының сомасына ұлғаяды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабілеттілігі маржасының ең төмен мөлшері сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кіріс (зиян) есебінен құрылған (қалыптастырылған) активтердің ағымдағы құнының 1 (бір) пайызына тең мәнге ұлғайтылады.".
10-2 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10-2. Нормативтердің мақсаттары үшін уәкілетті орган мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін рейтингтік агенттіктердің рейтингтік бағаларын таниды:
1) рейтингтік агенттік шығу елінде реттелуге жатады және рейтингтік агенттіктің бағалауы пруденциялық реттеу шеңберінде танылады;
2) рейтингтік агенттіктің меншікті капиталының ең аз мөлшері кемінде 600 000 000 (алты жүз миллион) теңгеге баламалы соманы құрайды;
3) объективтілік, тәуелсіздік және жауапкершілік:
рейтингтік агенттік қолданатын әдіснама сенімді болып табылады және тарихи және (немесе) дефолт туралы күтілетін деректер негізінде тексеруге жатады, сондай-ақ рейтинг берілетін тұлғаның өзіне қабылдаған қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетін айқындайтын барлық негізгі сандық және сапалық факторлардың толық сипаттамасын, сондай-ақ олардың кредиттік рейтингтерге және кредиттік рейтингтер бойынша болжамдарға әсерін сипаттауды қамтиды;
рейтингтік агенттікті мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік органдардағы лауазымды адамдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері немесе рейтингтік агенттіктің қызметіне араласпайтын және рейтингтерді беру процестеріне ықпалы жоқ саяси партиялар бақыламайды;
рейтингтік агенттіктің акцияларының кемінде 10 (он) пайызын тікелей иеленетін және рейтингтік агенттіктің рейтингтік қызметіне ықпалы жоқ тұлғаларды қоспағанда, рейтингтік агенттік рейтинг беретін, растайтын немесе қайта қарайтын заңды тұлғалар рейтингтік агенттіктің үлестес тұлғалары болып табылмайды;
рейтингтік агенттіктің рейтингтік әрекеттерге қатысатын рейтингтік талдаушылары рейтингтік әрекеттерді жүзеге асыру күніне дейін соңғы 3 (үш) жыл ішінде рейтинг берілетін тұлғамен еңбек немесе іскерлік қатынастарда тұрмайды және тұрмаған, сондай-ақ рейтинг берілетін тұлғаның немесе рейтинг берілетін тұлғаны бақылауды жүзеге асыратын немесе осындай тұлғаға елеулі ықпал ететін тұлғалардың бағалы қағаздарын, өзге де қаржы құралдарын немесе өзге де мүлкін тікелей немесе жанама, оның ішінде жақын туыстары арқылы иеленбейді;
рейтингтік агенттіктің ішкі аудит немесе ішкі бақылау, оның ішінде рейтингтік агенттіктің директорлар кеңесіне есеп беретін ішкі аудит функцияларын жүзеге асыратын қызметі болады;
рейтингтік агенттікте директорлар кеңесінің кемінде үштен бірі, бірақ кемінде екі мүшесі рейтингтік әрекеттерді, рейтингтік агенттіктің қызметтерін жарнамалауды және клиенттерді тарту жөніндегі өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырмайтын тәуелсіз мүшелер болып табылады;
рейтингтік агенттіктің әрбір акционерінің акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама иелену үлесі осы рейтингтік агенттіктің дауыс беретін акцияларының жалпы санының 50 (елу) пайызынан аспайды, егер акционер қаржы ұйымы болып табылған жағдайда, тікелей иелену үлесі 10 (он) пайыздан аспайды;
рейтингтік агенттіктің ішкі рәсімдері ақпаратты заңсыз пайдаланудың және жария етудің алдын алу шараларын көздейді және ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді;
4) ақпараттың ашықтығы және оны жария ету:
рейтингтік агенттік рейтингтік агенттіктің интернет-ресурсында мына:
рейтингтік агенттік рейтингті айқындау кезінде қолданатын әдіснама;
соңғы жыл ішінде берілген кредиттік рейтингтердің, сондай-ақ соңғы аяқталған күнтізбелік жылдың соңындағы жағдай бойынша олардан түскен ақшалай түсімдердің үлесі рейтингтік агенттік түсімінің жылдық көлемінде 5 (бес) және одан да көп пайызды құраған рейтинг берілетін тұлғалардың және өзге де тұлғалардың тізімі туралы ақпаратты жария етуді қамтамасыз етеді;
5) рейтингтердің сенімділігі:
рейтингтік агенттік рейтингтік қызметті кемінде соңғы 5 (бес) жыл тұрақты негізде жүзеге асырады;
рейтингтік агенттік кредиттік рейтингті берген және қайта қараған ұйымдар саны кемінде отыз, оның ішінде соңғы 3 (үш) жылда кемінде жиырма, оның ішінде кемінде бесеуі қаржы ұйымы болды;
рейтингтік агенттіктің рейтинг беруімен тікелей айналысатын қызметкерлерінің тиісті білімі, дағдылары мен тәжірибесі бар;
рейтингтік шешім қабылдайтын органның (бұдан әрі – рейтингтік комитет) қатысушысы болып табылатын, рейтингтік шешімдер қабылдау процесіне қатысатын кемінде бір қызметкердің рейтингтік агенттікте не талдамалық агенттікте не зерттеу орталығында не қаржы нарығында қызметті жүзеге асыратын қаржы ұйымында не аудиторлық ұйымда кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі бар;
рейтингтік комитеттің құрамында рейтинг берілетін тұлға және (немесе) оның қаржылық міндеттемелері немесе қаржы құралдары (бұдан әрі – рейтинг объектісі) үшін жетекші рейтингтік талдаушыны, рейтингтік комитеттің төрағасын және қаралып отырған рейтинг объектісі жатпайтын, рейтинг объектілері түрінде маманданған бес рейтингтік талдаушыны қоса алғанда, кемінде бес рейтингтік талдаушы болады (егер рейтингтік агенттік рейтинг объектілерінің әр түріне қатысты рейтингтер беру жөніндегі қызметті жүзеге асырған жағдайда);
рейтингтік агенттік берілген рейтингтерді мониторингтеуді тұрақты негізде жүзеге асырады, сондай-ақ рейтинг берілетін тұлғаның қаржылық жағдайындағы, корпоративтік басқаруындағы немесе қызметінің өзге де аспектілеріндегі өзгерістерге, макроэкономикалық жағдайлардың немесе қаржы нарығы жағдайларының өзгеруіне байланысты өзгеретін факторларға уақтылы ден қоюды қамтамасыз етеді, бұл рейтинг берілген немесе ол соңғы қайта қаралған күннен немесе қолданылатын әдіснама соңғы қайта қаралған күннен бастап 1 (бір) күнтізбелік жылдан кешіктірілмей рейтингтердің нақты жаңартуларымен расталады.
Рейтингтік агенттік растайтын құжаттарды қоса бере отырып, пруденциялық реттеу мақсаттары үшін рейтингтік агенттіктің рейтингтік бағаларын қабылдау туралы сұрау салуды уәкілетті органға жібереді.
Рейтингтік агенттік осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген өлшемдерге сәйкес келген кезде уәкілетті орган ресми интернет-ресурсында рейтингтік агенттіктің сұрау салуын алған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде рейтингтік агенттік және рейтингтік агенттіктердің халықаралық рейтингтік шкалаларының салыстырмалылығы туралы мәліметтерді жариялайды.
Рейтингтік агенттік қолданатын әдіснамаларды уәкілетті орган рейтингтік агенттік уәкілетті органға алғаш рет жүгінген кезде және жылына кемінде 1 (бір) рет валидациялайды.
Әдіснамаға өзгерістер енгізілген кезде рейтингтік агенттік 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осындай өзгерістердің себептері мен салдарын көрсете отырып, ақпаратты уәкілетті органға жібереді.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы активтерді әртараптандырудың мынадай нормативтерін сақтайды:
1) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент-бас банкінің Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің "А-" төмен емес шетел валютасында ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының резидент-еншілес банкі болып табылатын екінші деңгейдегі бір банктегі және осы банктің үлестес тұлғаларындағы, Қазақстанның Даму Банкіндегі және оның үлестес тұлғаларындағы бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есептегенде), салымдар мен ақшаға инвестициялардың жиынтық баланстық құны:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 30 (отыз) пайызынан аспайды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды;
2) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В" ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі бір банктегі және осы банктің үлестес тұлғаларындағы бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есептегенде), салымдар мен ақшаға инвестициялардың жиынтық баланстық құны:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 15 (он бес) пайызынан аспайды;
3) Standard & Poor's (Стандарт энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В-" ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар екінші деңгейдегі бір банктегі және осы банктің үлестес тұлғалардағы бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын есептегенде), салымдар мен ақшаға инвестициялардың жиынтық баланстық құны:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
4) Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын бір заңды тұлғадағы және осы заңды тұлғаның үлестес тұлғаларындағы бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын ескере отырып) және ақшаға инвестициялардың жиынтық баланстық құны:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
5) "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 06 сәуірдегі № 376 қаулысымен бекітілген және Standard & Poor'S (стандарт энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "BBB-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің және осы заңды тұлғаның үлестес тұлғаларының осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар ұлттық компаниялар тізбесіне кіретін бір заңды тұлғадағы бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын ескере отырып) және ақшаға инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын соманы құрайды;
6) тазартылған бағалы металдар мен металл шоттарға жиынтық орналастыру жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан көп емес;
7) қызметін "өмірді сақтандыру" саласында жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтанушыларға берілген қарыздарының жиынтық мөлшері жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан көп емес соманы құрайды;
8) шет мемлекеттің орталық үкіметі шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар, Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "A-" төмен емес рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын ескере отырып) инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан көп емес;
9) шет мемлекеттің орталық үкіметі шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар, Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) рейтингтік агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "A-" төмен емес рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар бағалы қағаздарға ("кері репо" операцияларын ескере отырып) инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 5 (бес) пайызынан көп емес;
10) Нормативтердің 39-тармағында белгіленген тізбеге кіретін халықаралық қаржы ұйымының бағалы қағаздарына ("кері репо" операцияларын ескере отырып) инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын соманы құрайды;
11) құнсыздануға арналған резервті шегергенде, Нормативтердің 38-тармағының 23) және 24) тармақшаларының талаптарына сәйкес келетін пайларға инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
12) құнсыздануға арналған резервті шегергенде, ашық және интервалды инвестициялық пай қорларының пайларына инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
13) құнсыздануға арналған резервті шегергенде, негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомасын ескере отырып Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздарға инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
14) құнсыздануға арналған резервті шегергенде, Нормативтердің 38-тармағының 25) және 26) тармақшаларының талаптарына сәйкес келетін исламдық қаржыландыру құралдарына инвестициялардың жиынтық баланстық құны жалпы сақтандыру резервтері сомасының 10 (он) пайызынан аспайды;
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының борыштық бағалы қағаздарға инвестициялары Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінің бір эмиссиясы облигацияларының жалпы көлемінің 25 (жиырма бес) пайызынан аспайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген активтерді әртараптандыру нормативтерін есептеу кезінде екінші деңгейдегі банктің және оның үлестес тұлғаларының активтеріне жиынтық орналастыру үлестес тұлғалардың осы тобына активтерді орналастырудың барынша рұқсат етілген лимитіне байланысты нормативтердің біреуінде көрінеді.".
3. "Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесін, капиталының мөлшерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 309 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14790 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Банк конгломератының пруденциялық нормативтерінде және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемесінде, капиталының мөлшерінде:
5-тармақ мынандай редакцияда жазылсын:
"5. Жаңадан құрылатын банк конгломераты үшін жарғылық капиталының ең аз мөлшері кемінде 100 (бір жүз) миллион теңгені құрайды.".