РҚАО-ның ескертпесі!
453-баптың күшін жою көзделген - ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусы – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен оны тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
2) ауысу – мемлекеттік қызметшіні атқарып жүрген қызметінен бір мезгілде босата отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау рәсімі;
3) «Б» корпусы – «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
4) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға олардың кәсiптiк даярлық деңгейiн, біліктілігін және нақты мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға сай келуiн айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
5) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
6) лауазымдық өкiлеттiктер – мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген құқықтар мен мiндеттер;
7) мансаптық жоспарлау – «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымдық ауыстырылуы және кәсіби дамуы кезеңдерін айқындауға бағдарланған процесс;
8) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
9) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиісті біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
10) мемлекеттiк қызмет – мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы қызметi;
11) мемлекеттік қызметтің кадр резерві – бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған жүйеленген тізімі;
12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда, мемлекеттік органдардың актілерінде белгiленген және жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларға негізделген мінез-құлық қағидалары;
14) мемлекеттiк лауазым – мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер және лауазымдық мiндеттер аясы жүктелген құрылымдық бiрлiгi;
15) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауапты болатын мемлекеттiк қызметшi;
16) мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше атқармауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;
17) ротация – осы Заңға сәйкес мансаптық жоспарлау шеңберінде «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін олардың келісімімен лауазымдық ауыстырулар;
18) тағылымдама – мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы;
19) тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған адамға бекітілген, оның кәсіби даярлығына практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
20) уақытша бос мемлекеттік лауазым – аталған лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік демалыста болуына, сондай-ақ ауыруы салдарынан, егер ауру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімін белгілеуі мүмкін ауру түрлерінің тізбесіне енген болса, оның жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.
2-бап. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар
Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар Конституциядан, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
3-бап. Мемлекеттiк қызметтiң принциптерi
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:
1) заңдылық;
2) қазақстандық патриотизм;
3) мемлекеттiк өкiметтiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;
4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;
5) жалпы қол жетiмдiлiк, яғни Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы;
6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;
7) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiліктiлiгi;
8) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекке ақыны тең төлеу;
9) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төменгi мемлекеттiк органдардың қызметшілерi үшiн мiндеттiлiгi;
10) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;
11) мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
12) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;
13) мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк мiндеттерiн адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;
14) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;
15) мемлекеттiк қызметшілердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделедi.
2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқарған кезде заңдардың талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.
4-бап. Осы Заңның қолданылуы
1. Осы Заң барлық мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады, бұған Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заң актiлерiнде олар үшiн өзгедей құқықтық мәртебе белгiленген жағдайлар қосылмайды.
1-1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдар тағайындайтын немесе сайланатын мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге қолданылады.
2. Мыналар:
1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдар мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды. Мұндай адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері мемлекеттiк қызметшiлерге жатпайды.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен.
5-бап. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi
орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi
1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, оған мыналар:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) мемлекеттiк қызметтi жүзеге асыру үшiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу және бекiту;
4) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi республикалық дерекқорды, оның ішінде автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің кадр құрамы жай-күйінің және мемлекеттік лауазымдардың мониторингін жүргізу;
4-1) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметтің кадр резервін қалыптастыру;
4-2) мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын айқындау, сондай-ақ тестілеуді ұйымдастыру;
5) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсыну;
7) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлер даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, оның iшiнде шетелдерде де, мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
8) мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiру;
8-1) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн берiлген тәртiптік жазаны мерзiмінен бұрын алып тастауға келiсiм беру;
9) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызмет саласындағы заңдарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
9-1) мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ конкурстардың дұрыс өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асыру;
10-1) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі бөлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға келісу;
10-2) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу мен бекіту тәртібін айқындау;
10-3) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісе отырып, мемлекеттiк органдардың персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекіту;
11) мемлекеттiк органдардың осы Заңды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұза отырып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзу;
12) мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне жасалған шағымдарын қарау;
13) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
14) мемлекеттiк қызмет мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу;
14-1) мемлекеттiк органдар көрсететiн қызметтердiң сапасын арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жүктеледi.
2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесін уәкiлеттi орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер құрады.
Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
2-1. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада тәртiптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08. N 75 (2-1-тармақтың күші 2005 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі; қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2011.07.05 N 452-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)
1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:
1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
2) тәртіптік, аттестаттау, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;
3) аттестаттауды және конкурстық іріктеуді жүргізу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бойынша жоғарылату, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметінен босату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
4) кадрларды іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдейді;
5) мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
6) мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасын, тәлімгерлігін, қызметін бағалауды, оқуын, қайта даярлығын (қайта мамандануын) және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу түрлерін және оларды қолдану тәртібін әзірлейді;
7) мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, бағалау, аттестаттау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді есепке алуды жүзеге асырады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы
7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарын сыныптау
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кіредi.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін лауазымдар санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін лауазымдар санаттары белгіленбейді.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтары
Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) Республиканың азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өз өкiлеттiгi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;
4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн белгiленген тәртiппен меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдарда болуға;
5) басшыдан мемлекеттiк қызметшiнiң атқаратын лауазымына сәйкес қызметтiк өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл белгiлеудi талап етуге;
6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен көзқарас жасалуына;
7) өзi атқаратын лауазымға жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбегiне ақы төленуiне;
8) тиiстi бюджет қаражаты есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;
8-1) мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамаға жіберген жағдайда жұмыс орнының (лауазымының) сақталуына;
9) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктеме беруге;
10) бiлiктiлiгi, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;
11) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;
11-1) өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
12) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және жоғары өнiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi еңбек жағдайына;
13) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;
14) мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша босауға;
15) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
16) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi
1. Мемлекеттiк қызметшiлер:
1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;
3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
4-1) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде бейтарап және саяси партиялардың, діни және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болуға;
5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;
6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
7) қызмет этикасы нормаларын сақтауға;
8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уақыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;
10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi тек қызметтiк мақсатта пайдалануға;
12) алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
12-1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздері жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының назарына немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;
13) қызметтiк міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
14) оқуды аяқтағаннан кейін өздерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға жіберген мемлекеттік органда, сондай-ақ мемлекеттік қызметте тікелей жұмысты өтеуге мiндеттi. Оқу және жұмысты өтеу мерзімдері уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде айқындалады.
2. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.
Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттiк органның басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де адамдар бекiтедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 2011.07.05 N 452-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты
шектеулер
1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттік органда өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттік қызметші қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде, осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы, өзінің меншігіндегі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқаруға арналған шартты нотариат куәландыруға тиіс. Мемлекеттiк қызметшi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға арналған шарттың нотариат куәландырған көшiрмесiн нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің өздеріне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімді басқаруға бермеуіне болады.
Мемлекеттік қызметшінің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер тұрғын үйлерін мүліктік жалдауға беруге құқылы.
2-1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған лауазымдарға тағайындалған күндерінен бастап бір ай мерзімде өздеріне тиесілі инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және оларды сенімгерлік басқаруға арналған, нотариат куәландырған шарттың көшірмесін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кадр қызметіне ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.
3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметке:
1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;
4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
5) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адамды қабылдауға болмайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған адам мемлекеттік қызметке жіберілмейді;
6) алып тасталды - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
6-3) алып тасталды - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6-4) өзіне қатысты мемлекеттік қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар;
7-1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау нысанасына арнайы тексеруден өтпеген;
9) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды қабылдауға болмайды.
5. Алып тасталды - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.09.25 N 484, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2009.12.08 N 226-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3-тарау. Мемлекеттік қызметке кіру
11-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру
Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметке кiруi тағайындау не сайлау негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
заңдарында белгiленген басқа да реттерде, тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.
12-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтардың «А» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурстық іріктеуге қатысуға құқығы бар.
3. Өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және қойылатын біліктілік талаптарына сай келетін, өз өкілеттіктерін тоқтатқан Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердің, судьялардың «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына конкурстық іріктеуден тыс орналасуға құқығы бар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен кадр резервіне іріктеуден және конкурстық іріктеуден өтпестен орналаса алады.
4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілік белгілеуге жол берiлмейдi.
Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.
13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын
талаптар
1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi лауазымдарға қатысты өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға тиіс.
Мемлекеттiк әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер адамдар мынадай талаптарға сай болуға:
1) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сай келуге;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған болуға тиіс.
2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiру кезінде мемлекеттік кіріс органдарына табыстары және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектілері болып табылатын мүлкi туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.
Мемлекеттік орган арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейiн азаматтарды мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым көздейтін мiндеттердi уақытша атқару үшiн жұмысқа қабылдайды. Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi. Еңбек шарттары арнайы тексеруді жүргізу мерзіміне жасалады.
Арнайы тексеру жүргізу кезеңінде бұл адамдарға осы Заңның мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер бөлігіндегі ережелері қолданылады. Бұл адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкін.
5. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жүзеге асыратын лауазымдық өкілеттіктер ескеріле отырып, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде әзірленеді және оларды уәкілетті органның келісімімен мемлекеттік органдар бекітеді.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекітеді.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.11.2014 № 257-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 10-баптың 12) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.
14-бап. Мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымға орналасуға
арналған конкурс
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзу құқығын қамтамасыз етедi.
«Б» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты мемлекеттік орган өткізеді.
Тестілеуден өту кезінде уәкілетті орган белгілейтін шекті мәндерден төмен емес баға алған азаматтардың конкурсқа қатысуға құқығы бар.
2. Конкурс орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде өткізілген кезде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
Конкурсты жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында, сондай-ақ уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері айқындаған мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, хабарландырулар ол құрылымына кіретін мемлекеттік органның интернет-ресурсында жарияланады.
3. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, онда осы шарт конкурсты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
4. Конкурсты өткізу және конкурстық комиссияны құру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссия құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
6. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар.
7. Тағайындауға құқығы бар адам конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушыны «Б» корпусының жарияланған мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттiк қызметке кiру үшiн көзделген талаптар сақталуға тиiс.
8. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттiк қызметке ұсынған конкурсқа қатысушы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынуға құқылы.
Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынымы бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған конкурсқа қатысушы өзі алынған күннен бастап бір жыл ішінде, біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, сол мемлекеттік органда «Б» корпусының тиісті мемлекеттік әкімшілік лауазымына қосымша конкурстан өтпестен орналасуға құқылы.
9. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкін.
10. «А» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізудің ерекше тәртібін Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-тарау. Мемлекеттік қызмет өткеру және қызметтік мансап
15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға кiру кезiндегi
сынақ
1. Мемлекеттiк әкiмшілік қызметке алғаш рет немесе қызметiн тоқтатқаннан кейiн жаңадан қабылданған, сондай-ақ жоғары дәрежелi санаттағы мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылданған азамат үшiн үш айға дейiнгi мерзiмге сынақ белгіленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсе отырып, сынақ, мерзiмiнен өтпеген адам ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкiн.
4. Егер сынақ мерзiмi өтiп, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi мемлекеттiк қызметтi жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзiмi мемлекеттiк қызмет стажына есептеледi. Одан кейiнгi жұмыстан босатуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша ғана жол берiледi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
15-1-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік
лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзі келiсiм берген, қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда және оның соңғы лауазымындағы қызметінің нәтижелері ескеріле отырып, ауысу тәртібімен орналасуға құқығы бар.
Ауысудың жүргізілу тәртібі уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде реттеледi.
Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде көзделген жағдайларда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен жүзеге асырылады.
2. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу тәртібімен орналасу аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, мемлекеттік органның, оның ведомствосының ішінде, сондай-ақ олардың арасында жүзеге асырылады.
3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына басқа мемлекеттік органдардан, олардың ведомстволарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен ауысу тәртібімен орналасу Мемлекеттік қызмет өткеру тәртібі туралы ережеде айқындалатын жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде, «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiлмейдi.
Ескерту. 4-тарау 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметін
бағалау және оларды аттестаттау
1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысының тиімділігін және сапасын айқындау үшін олардың қызметін жыл сайынғы бағалауды жүргізеді.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін жыл сайынғы бағалау нәтижелері сыйлықақы беру, көтермелеу, оқыту, мансаптық жоспарлау, ротация жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін үш жыл бойы бағалау нәтижелері оларды аттестаттаудан өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болып табылады.
3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің кәсiби даярлық деңгейін және олардың лауазымдық мiндеттерді орындау қабілетін айқындау жөніндегі рәсім аттестаттау болып табылады.
Аттестаттау тестілеуді және әңгімелесуді қамтиды. Кемiнде он бес жыл мемлекеттiк қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкiмшілік қызметшiлері тестiлеуге жатпайды.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң қызметін бағалау және оларды аттестаттау тәртібін уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері аттестаттауға дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
Аттестаттауда теріс нәтижелер алған «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметінен төмендетілуге не босатылуға жатады.
Қызметінен төмендету «Б» корпусының төмен тұрған бос мемлекеттік әкімшілік лауазымы болған, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі осы лауазымға қойылған біліктілік талаптарына сай келген кезде жүзеге асырылады.
Қайта аттестатталуға жататын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қайта аттестаттау аяқталғанға дейін ауысу тәртібімен тең дәрежелі не жоғары тұрған лауазымдарға тағайындала алмайды.
5. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай аттестаттау комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай аттестаттау комиссиясын құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай аттестаттау комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
17-бап. Жұмыс уақыты
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес белгiленедi.
2. Тұтас алғанда мемлекеттiк органның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң қалыпты (үздiксiз) жұмысы әрi қарай жедел атқарылуына байланысты болатын шұғыл және күнi бұрын болжанбаған жұмысты орындау үшiн орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның жазбаша өкiмi бойынша жұмысы Республиканың еңбек заңдарына сәйкес өтелетiн, демалыс және мереке күндерi қызметке келуге мiндеттi жекелеген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер тартылуы мүмкiн.
Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
18-бап. Iссапарлар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар
1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.
Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөнiндегi шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.
2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.
18-1-бап. Ротация
Мемлекеттік қызметте «А» корпусының мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерiн ротациялау мансаптық жоспарлау шеңберінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
Ротация жүргізудің тәртiбiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
Ескерту. 18-1-баппен толықтырылды - ҚР 2005.07.08 N 75 Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
18-2-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Егер мүдделер қақтығысы бар болса, мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдауға тиiс.
3. Туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте мемлекеттiк қызметшi өзiнiң тiкелей басшысына немесе мемлекеттiк органның басшылығына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Тiкелей басшысы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде, мүдделер қақтығысын болғызбау және оны реттеу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға, оның iшiнде:
1) оған байланысты мүдделер қақтығысы туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруды басқа адамға тапсыруға;
2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң келiсiмi бойынша оны басқа лауазымға ауыстыруға тиiс.
4. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және оны реттеу бойынша шаралар қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылады.
Ескерту. Заң 18-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
19-бап. Мемлекеттiк қызметті өткерудiң өзге де мәселелерi
1. Мемлекеттiк әкiмшілік лауазымдарға алғаш рет қабылданған адамдарға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәлімгерлер бекітіледі.
2. Мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадр резервіне алынған адамдардың тағылымдамадан өтуі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк қызметті өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережеде регламенттеледі.
Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.14 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
20-бап. Мемлекеттiк қызметтің кадр резервi
Ескерту. 20-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу үшiн мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi қалыптастырылады.
2. Кадр резервiн қалыптастыру тәртiбi және онымен жұмысты ұйымдастыру уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi туралы ережемен реттеледi.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 N 75 Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-1-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы
Ескерту. Заң 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
20-1-бап. Мемлекеттік қызметшілерге қызмет этикасын сақтау
жөнінде қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік қызметшілер:
1) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
2) жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;
3) азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік танытуға;
4) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
6) заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
7) мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық міндеттерін адал және кәсіби деңгейде атқаруға;
8) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жеке және заңды тұлғаларға ерекше ықылас көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
9) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
10) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
11) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінің шеңберінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;
12) басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар немесе жалпы жұрт таныған моральдық-этикалық нормалармен сыйыспайтын іс-әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;
13) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және олардың жолын кесуге міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде ресми мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс.
3. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайын және онымен байланысты мүмкіндіктерді коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың мүддесіне орай, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
20-2-бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа
қарсы әрекеттері
1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар туғызатын әрекеттерге жол бермеуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
3. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
20-3-бап. Көпшілік алдында сөйлеу
1. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер пікірталастарды әдепті түрде жүргізуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатты жүргізуге және мемлекеттік органның қызметіне қатысы жоқ мәселелер бойынша мемлекеттік органның атынан жарияланымдарына жол берілмейді.
Педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет жөнінде материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде өз атынан жүзеге асырады.
5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді қамсыздандыру
21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен төленедi.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы
1. Мемлекеттiк қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.
5. Мемлекеттік әкімшілік қызметші ауыстырылған жағдайда не мемлекеттік саяси қызметшінің басқа мемлекеттік лауазымға тағайындалуына байланысты, егер мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орнында демалысын пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс орнындағы ақы төленетін жыл сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу
1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн, сондай-ақ өз қызметінің бағалану нәтижелері бойынша:
1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандарымен, оның ішінде ведомстволық наградалармен және омырауға тағатын ерекшелік белгілерімен марапаттау арқылы көтермеленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапатталады.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк
қорғау шаралары
1. Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкiметi белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Басқа мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және штат бірліктері берілген мемлекеттік орган берілген функцияларды, өкілеттіктерді орындаған және осы штат бірліктерінде қызмет атқарған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынады.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады. Бұл ретте, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік органның штат саны қысқарған жағдайда мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
5. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгеннен төмен болмауы керек.
Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393; 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және
әлеуметтiк қамсыздандыру
Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті
тоқтатуы
26-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға
шығуы және қызметтен босатылуы
1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тартылу туралы шешiм жазбаша арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан бас тартылған жағдайда қызметтiк өкілеттiгiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қызметтен босауға құқығы бар.
3. Мемлекеттік саяси қызметшілер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген негіздерде және тәртіппен отставкаға өтініш береді және отставкаға кетеді.
4. Лауазымдық өкiлеттiгiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуы үшiн негiз бола алмайды, қайта жұмыстан босату үшiн негiз болады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен босатудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
4-1. Мыналар:
сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған адамды, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік қызметке қабылдау;
қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік қызметке қабылдау мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
5. Алып тасталды - ҚР 14.12.2012 N 59-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2007.07.21 N 308, 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
27-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң
мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн:
1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;
1-1) тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартын жасасу жолымен олардың мемлекеттік қызметте болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы;
2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша келiсiм-шарттың бұзылуы;
2-1) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген олардың өкілеттіктері мерзімдерінің аяқталуы;
2-2) олардың атқаратын лауазымдары саяси лауазымдарға не азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдар тағайындайтын немесе олар сайланатын лауазымдарға өзгеруі;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;
4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;
5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;
7-1) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi;
7-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін бұрын жұмыстан шығарылған адамды, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау;
қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның ең төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау;
7-3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін қылмыстық істі қылмыстық қудалау органының немесе соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатуы;
7-4) мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтердi беруі;
7-5) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк
әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;
9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
9-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де негiздемелер негiз болып табылады.
1-1. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 7), 7-1), 7-2), 7-3), 7-4) тармақшаларына сәйкес жұмыстан босатылған адамдар терiс себептермен босатылған болып танылады.
2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi босатуды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкімшілік қызметшілердің бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшінің атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.
Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.15 N 253, 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.29 N 502-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
7-тарау. Мемлекеттік қызмет туралы заңдарды бұзу үшін
жауаптылық
28-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жауаптылығы
1. Мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны, терiс себептермен жұмыстан босатуға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен жұмыстан босатқаны, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға адамдарды заңсыз тағайындағаны және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды заңсыз босатқаны, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды заңсыз қолданғаны, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткiзу тәртiбiн бұзғаны, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария еткені, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнінде шаралар қолданбағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сол сияқты осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:
1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;
4-1) қызметiн төмендету;
5) атқаратын қызметiнен босату қолданылуы мүмкiн.
1-1. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазаның мынадай түрлері:
1) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
2) лауазымын төмендету;
3) атқаратын қызметінен босату қолданылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде қолданылады.
Атқаратын қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамада көзделген негіздер бойынша қолданылады.
2. Тәртiптiк жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiгiне сәйкес осындай құқығы бар адамдар қолданады;
2) нақ сол терiс қылық үшiн қайтадан қолдануға болмайды;
3) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленетiн тәртiппен қолданады.
2-1. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
3. Тәртiптiк лайықсыз әрекетке жол берген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi оны тағайындаған басшы белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшi өз iс-әрекетiнiң заңсыздығы үшiн жауап бередi. Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда мемлекеттiк қызметшi, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiнiң заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауап бередi.
5. Мемлекеттiк қызметшiлер құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негіздерде және тәртiппен тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауаптылықта болады.
Ескерту. 28-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.03.11 N 393, 2003.09.25 N 484, 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 14.12.2012 N 59-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
28-1-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды
және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын
құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптiк
жаза қолдану мерзiмдерi
1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру не қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда, бірақ адамның іс-әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық тәртіптік теріс қылық белгілері болған кезде, тәртіптік жаза сотқа дейінгі тергеп-тексеруді не қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады.
3. Мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiне, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытында бiр жылдық және үш айлық тәртiптiк жаза қолдану мерзiмi еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрады.
Ескерту. Заң 28-1-баппен толықтырылды - ҚР 2003.09.25 N 484, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
28-2-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын
бұзғаны үшін тәртіптік жазалар қолдану
мерзімдері
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
Ескерту. Заң 28-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
29-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер құқықтарының оларды
тәртiптiк жауапқа тарту кезiндегi кепiлдiгi
1. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен міндетті түрде таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
2. Жауапқа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетi мен шешiмдерiне уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен не сотқа шағым жасай алады.
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 371-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
8-тарау. Қорытынды ережелер
30-бап. Осы Заңның күшіне енгізілу тәртібі
Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті