Осы Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес олардың бостандығына мемлекеттік кепілдіктерді белгілейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат - тұлғалардың шектеусiз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары;
2) бұқаралық ақпарат құралы - мерзiмдi баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі (интернет және басқалары) WЕВ-сайттарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз жария таратудың басқа да нысаны;
3) мерзiмдi баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және кемiнде жарты жылда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
4) теледидар, радио, бейне, кино хроникалық бағдарламасы - толық атауы бар және кемiнде жылына бiр рет эфирге шығатын мерзiмдi дыбыс-бейне хабарлары мен берiлiмдерiнiң жиынтығы;
5) эфирге шығу - ұқсас және цифрлық электромагнитті жүйелердi пайдалана отырып, теледидар, радио бағдарламаларын, дыбыс-бейне жазбаларын тарату;
6) бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмi - мерзiмдi баспасөз басылымының жеке нөмiрiнiң немесе дыбыс-бейне бағдарламасының таралымы немесе таралымының бiр бөлiгi, радио, теледидар, кино хроникалық бағдарламалардың жеке шығарылымы, көпшілік қол жеткізе алатын телекоммуникациялық желілердегі WЕВ-сайтта берілген ақпарат;
7) ресми хабар - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одан әрi тарату мақсатымен мемлекеттiк органдар беретiн ақпарат;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), радио, теледидар бағдарламаларын эфирге шығару, кинохроникалық бағдарламаларды көрсету;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы - жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) бас редактор (редактор) - бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және оны шығару мен таратуға, эфирге шығаруға тиiсiнше өкiлеттiгi бар жеке тұлға;
11) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкiлi) - еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға;
12) таратушы - меншiк иесiмен, баспагермен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
13) цензура - бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын және материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап ету бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатымен алдын ала келiсу;
14) эротикалық сипаттағы өнiм - тұтас алғанда және үнемi секске әуестенушiлiктi қаузайтын баспасөз басылымы немесе теледидар радио бағдарламасы;
15) WЕВ-сайт - Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасының арнайы техникалық және бағдарламалық құралдардың көмегімен дайындалған, меншік иесі жаппай тарату мақсатында ақпарат беретін электронды өкілдік бет;
16) ретрансляция - техникалық құралдарды пайдалануға қарамастан, басқа бұқаралық ақпарат құралының теле- немесе радио бағдарламаларын (теле- немесе радио хабарларының жиынтығы) қабылдау және бір мезгілде не жазып алып толық және өзгеріссіз тарату;
17) кешен - бір бірімен ортақ мақсаттарымен байланысты және бірыңғай құрылым құрайтын ғимараттар жиынтығы;
18) аккредитация - журналисттi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның, қоғамдық бiрлестiктiң және ұйымның тануы;
19) бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат агенттiктерiнiң қызметiн мемлекеттік реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Ескерту. 1-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi.
Цензураға тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігiн әлсiретудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, топтық және рулық артықшылықты, қатiгездiк пен зорлыққа табынуды, порнографияны насихаттау немесе үгiттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары болып табылатын мәлiметтердi, заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
3-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде таратылады.
2. Телерадио хабарларын тарату арналарының меншiк нысандарына қарамастан, олар арқылы мемлекеттiк тiлдегi берiлiмдердiң көлемi уақыты жағынан басқа тiлдердегi берiлiмдердiң жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.
4-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық
ақпарат құралдары туралы заңдары
1. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
5-бап. Бұқаралық ақпарат құралын құру құқығы
1. Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқығы болады.
Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi нысанында да құрылуы мүмкiн.
Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы куәлiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығаруды (эфирге шығуды) жүзеге асыруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға негiз болып табылады. Бұл талап WЕВ-сайттарға қолданылмайды.
2. Заңды тұлғаның - Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асырушының акцияларының (үлесiнiң, пайының) 20 проценттен астамын шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына тыйым салынады.
Ескерту. 5-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен
.
6-бап. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі
1. Меншік иесі - бұқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі.
2. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі тиісті шарт негізінде өзінің меншікті, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты редакция, редактор, журналист, баспагер, таратушы ретінде іс-қимыл жасауға құқылы.
7-бап. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы
1. Редакция меншік иесінің тапсыруы бойынша бұқаралық ақпарат құралын әзірлеуді және шығаруды (эфирге шығаруды) жүзеге асырады.
2. Редакцияға бас редактор (редактор) басшылық етеді.
3. Меншік иесі мен редакция арасындағы қатынастар жарғымен және шартпен реттеледі.
1. Ақпарат агенттігі - Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес тіркелген, қызметі ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды жинауға, қайта өңдеуге және таратуға бағытталған заңды тұлға.
2. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарында оның атауы мен шығарылған уақыты қоса берілуге тиіс.
3. Ақпарат агенттігінің хабарлары мен материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндетті.
4. Ақпарат агенттігіне осы Заңның 2, 10-баптарының күші қолданылады.
9-бап. Бұқаралық ақпарат құралының баспагері
1. Баспагер - бұқаралық ақпарат құралының өнімін өндіруді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2. Егер меншік иесі бұқаралық ақпарат құралының әрі баспагері болмаса, меншік иесі мен баспагердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жеке шартпен белгіленеді.
10-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, WЕВ-сайттардан басқа, бұқаралық ақпарат құралдары, меншiк нысанына қарамастан, мiндетті түрде есепке қойылуға тиiс.
2. Есепке қою үшiн бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi не оның уәкілдiк беруi бойынша әрекет ететiн адам осы Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес арыз бередi.
3. Бұқаралық ақпарат құралын есепке алу жөнiндегi арыз ол түскен күннен бастап он бес күн iшiнде қаралуға тиiс. Арызды қараудың қорытындылары бойынша уәкілеттi орган бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не төмендегi негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралын бұрын сол атымен және сол аумаққа таралуымен есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер арыздың мазмұны осы 3аңның 11-бабының талаптарына сәйкес келмейтiн болса;
3) егер арыз бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне енгенiне бiр жыл толмай тұрып берiлсе, одан бас тартылады.
3-1. Мерзiмдi баспасөз басылымының меншiк иесi есепке қою туралы куәлiк алған күннен бастап алты ай iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға кiрiсуге өзiнiң құқығын сақтайды.
Теле-, радио-, бейне-, кинохроникалық бағдарламалардың, ақпарат агенттiктерiнiң меншiк иесi есепке қою туралы куәлiк алған күннен бастап бiр жыл iшiнде бұқаралық ақпарат құралы өнiмiн шығаруға, ақпараттық сипаттағы хабарлар мен материалдарды таратуға кiрiсуге өзiнiң құқығын сақтайды.
Белгiленген кезеңде бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн шығару басталмаған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
3-2. Меншiк иесi немесе оның ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының аты, басылымның не хабарлардың тiлi, таралу аумағы, негiзгi тақырыптық бағыты өзгерген жағдайларда бұқаралық ақпарат құралы ақпарат агенттiгi қайта есепке қойылуға тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралын немесе ақпарат агенттiгiн қайта есепке қою оларды есепке қойғандағыдай тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 10-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
11-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке
қою туралы арыз
1. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою туралы арызда:
1) бұқаралық ақпарат құралы меншiк иесiнiң атауы орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) бұқаралық ақпарат құралының тiлi (тiлдерi);
3) шығарылымның болжалды мерзiмдiлiгi;
4) негiзгi тақырыптық бағыты;
5) таралу аумағы көрсетiлуге тиiс.
Арызға:
жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын
растайтын құжат;
заңды тұлғалар үшiн - заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса тiркеледi.
2. Бұқаралық ақпарат құралын есепке қою кезiнде өзге талаптарды алға тартуға тыйым салынады.
12-бап. Бұқаралық ақпарат құралын есепке
қоюдан босату
Таралымы:
- жүз данаға жетпейтін мерзімді баспасөз басылымдарын;
- ресми, нормативтік және өзге де актілерді;
- сот практикасының бюллетеньдерін;
- кабелдiк желiлермен таратылатын теле-, радио-, бейне-,
кинохроникалық бағдарламаларды, егер қызмет көрсету аумағы бiр ғимаратпен немесе кешенмен шектелген болса, есепке қою талап етiлмейдi.
Ескерту. 12-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
13-бап. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды
(эфирге шығаруды) тоқтата тұру және тоқтату
1. Бұқаралық ақпарат құралын шығару (эфирге шығару) меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы мүмкін.
2. Басылымдардың бір немесе бірнеше нөмірінің шығарылуын, сондай-ақ радио және теледидар бағдарламаларының эфирге шығуын, өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылуын уақытша тоқтату, тоқтата тұру деп түсініледі. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату тұру үш айдан аспайтын мерзімге жол беріледі.
3. Сот бұқаралық ақпарат құралының шығуын (эфирге шығуын) 2, 14, 15 және 16-баптардың талаптары бұзылған жағдайда тоқтата тұрады.
4. Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтатуға оның осы Заңның 2-бабының талаптарын бір жыл ішінде қайталап бұзуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес меншік иесінің қызметін тоқтату жағдайлары негіз болып табылады.
5. Меншік иесінің не соттың шешімі бойынша бұқаралық ақпарат құралының шығуын (эфирге шығуын) тоқтата тұрған не тоқтатқан жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі уәкілетті органға хабарлама жіберіледі.
Бұқаралық ақпарат құралын шығаруды (эфирге шығаруды) тоқтату оны есепке қою туралы куәліктің күшін жоюға әкеп соғады.
14-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын тарату
1. Бұқаралық ақпарат құралдарын таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады.
2. Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын тек қана мөлдiр ораммен буылып-түйiлген күйiнде және бөлшек саудада соған арнап әдейі бөлінген тұрақты үй-жайларда сатуға жол беріледі, олардың орналасқан жері мен ондағы сату ережелерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
Порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатiгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады.
3. Алкоголь өнімдерін жарнамалауға 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап тыйым салынады.
Темекі және темекі бұйымдарын жарнамалау темекі шегушіліктің алдын алу мен оны шектеу туралы және жарнама туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі. <*>
3-1. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радио бағдарламаларын ретрансляциялау телерадио хабарларын тарату арналары арқылы берiлетiн хабарлардың жалпы көлемiнiң: 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап елу процентiнен, 2003 жылғы 1 қаңтардан бастап жиырма процентiнен аспауға тиiс.
Бұл талап кабелдiк және эфирлiк-кабелдiк теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды.
4. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын бұқаралық ақпарат құралы таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдарды лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бiр бөлiгiн жоюға заңды күшіне енген шешімi негiзiнде болмаса жол берiлмейдi.
Ескерту. 14-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.19. N 509
Заңымен
.
1. Мерзiмдi басылымның әрбiр шығарылымында мынадай мәлiметтер болуға тиiс:
1) бұқаралық ақпарат құралының атауы;
2) бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi;
3) бас редактордың (редактордың) тегi және аты-жөнi;
4) есепке қою туралы куәлiктiң нөмiрi мен берiлген күнi және оны берген органның атауы;
5) басылымның мерзiмдiлiгi;
6) бұқаралық ақпарат құралының рет нөмiрi мен жарық көрген күні;
7) таралымы;
8) баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайы.
2. Бұқаралық ақпарат құралы эфирге әрбiр шыққан сайын, ал үздiксiз хабар таратқан жағдайда тәулiгiне кемiнде төрт рет өзiнiң атауын жариялап отыруға мiндеттi.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен
.
16-бап. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi даналары
мен теле- және радиохабарлар
материалдарын сақтау
1. Мерзiмдi басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын, соның iшiнде осы Заңның 12-бабына орай есепке қоюдан босатылғандарын олар әзiрленген күнi бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi немесе оның тапсыруы бойынша үшiншi тұлға Ұлттық Мемлекеттiк кiтап палатасына, Ұлттық кiтапханаға, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң кiтапханасына, бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио хабарларын тарату) редакциялары эфирге шығарған өз хабарларының жазбаларын бiр ай бойы сақтауға, сондай-ақ оларды өздерiнiң эфирлiк жұмысының тіркеу журналында көрсетуге және оны соңғы жазба жасалған кезден бастап кемінде бір жыл сақтауға міндетті. Тарихи немесе мәдени жағынан құнды жазбалар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сақталады.
17-бап. Авторлық туындылар мен хаттар
1. Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікке авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті.
2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.
1. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады.
2. Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндетті.
2-1. Мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар сұратылып отырған ақпаратты өтiнiш түскен күннен бастап үш күннен кешiктiрмей беруге не беру мерзiмiн немесе беруден бас тарту себебiн көрсете отырып жауабын беруге мiндеттi.
Қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралынан қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органдарға немесе өзге де ұйымдарға өтiнiш келiп түскен жағдайда, осы өтiнiш бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тиiстi органдарға жiберiлiп, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралына хабарлануға тиiс.
3. Сұралып отырған мәліметтерді беруден бас тартылуға бұқаралық ақпарат құралының өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, ал одан соң сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ескерту. 18-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен
.
1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер таратушы олардың шындыққа сәйкестігін дәлелдемесе, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi.
3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.
4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, адiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Журналистiң:
1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;
2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға;
4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға;
5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға;
6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;
7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге;
8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға;
9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға;
10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.
21-бап. Журналистiң мiндеттерi
Журналист:
1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;
2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;
3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға;
4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;
4-1) азаматтармен сұхбат жүргiзген кезде дыбыс- немесе бейнежазбаны пайдалануға келiсiм алуға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.
Ескерту. 21-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181 Заңымен.
1. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың келiсiмi бойынша олардың жанында өз журналистерiн тiркей алады.
2. Журналист тiркелген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар оны өткiзiлетiн отырыстар, кеңестер және өзге де шаралар жөнiнде оған алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданған жағдайларды қоспағанда, тiркелген журналистiң өзiн тiркеген мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар өткiзетiн отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқығы бар.
4. Егер журналист тiркеу ережелерiн бұзса не өзiн тiркеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның тiркелуi күшiн жоюы мүмкiн.
5. Журналистердi тiркеу ережелерiн уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен бекiтедi.
23-бап. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат
құралдарын шет елдерде тiркеу
Егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралы иесiнің Қазақстан Республикасының және өздерi болған елдердiң заңдарында көзделген тәртiппен басқа елдерде тiлшiлер қосынын ашуға, журналистердi тiркеуге құқығы бар.
24-бап. Қазақстан Республикасындағы шетел бұқаралық
ақпарат құралдары өкiлдерiнiң қызметi
1. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдiктерiн және олардың журналистерiн тiркеудi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасында тiркелген шетел журналистерiнің және басқа да шетел бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң құқықтық жағдайы мен кәсiптiк қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен реттеледi.
3. Қазақстан Республикасының
Конституциясын
және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады.
Ескерту. 24-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды
бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады.
2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады.
3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 25-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату
үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер
Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін:
1) егер бұл мәліметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса;
2) егер олар жарнама және ақпарат агенттіктерінен немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса;
3) егер олар өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;
4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса;
5) егер бұл мәліметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес міндетті хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.05.03. N 181
Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті