Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 422 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!

      Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген (2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректер базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар

      Осы Заң селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызметтің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, селекциялық жетістіктерді жасауға, ашуға, шығаруға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты мүліктік емес жеке қатынастарды реттейді.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) айрықша құқық - патент иесiнiң селекциялық жетiстiктi өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк құқығы;
      2) апелляциялық кеңес - уәкiлеттi органның дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi бөлiмшесi;
      3) асыл тұқымды мал – тұқымның өнімділік типіне, бағыты мен деңгейіне сай келетін, асыл тұқымды малдың карточкасы немесе асыл тұқымдық куәлігі бар таза тұқымды, жоғары сыныпты, өнімділігі жоғары мал;
      4) асыл тұқымдық өнім (материал) – асыл тұқымды және селекциялық мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары және бал ара пакеттері;
      5) Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - өсiмдiк сорттарының патентке қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның қарауындағы ұйым;
      6) бюллетень - селекциялық жетiстiктердi қорғау мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдiк басылым;
      7) лицензиялық шарт - патент иесi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) селекциялық жетiстiктi белгiлi бiр түрде уақытша пайдалану құқығын беретiн шарт;
      8) мемлекеттiк комиссиялар - агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы;
      9) отырғызылатын материал - репродукциялық және вегетациялық түрде көбейетiн материалды қоса алғанда, кез келген түрдегi отырғызылатын материал (тұқым, көшет, өсiмдiктер және өсiмдiктердiң оларды көбейтуге арналған бөлiктерi);
      10) өтiнiш берушi - селекциялық жетiстiкке патент беруге өтiнiм берген жеке немесе заңды тұлға;
      11) патент иеленушi - патенттiң иесi;
      12) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкiлдiгiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
      13) селекциялық жетiстiк - адамның шығармашылық қызметiнiң нәтижесi болып табылатын өсiмдiктiң патент берiлген жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы;
      14) селекциялық жетiстiк авторы (селекционер) (бұдан әрi - автор) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсiрiп шығарған жеке адам;
      15) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсiмдiк сорттарының мемлекеттiк тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының патенттер берiлген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттiк тiзiлiмi;
      16) Селекциялық жетiстiктердiң пайдалануға рұқсат етiлген мемлекеттiк тiзiлiмi - пайдалануға рұқсат етiлген, өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн рұқсат етiлген сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi;
      17) сорт - шаруашылық және биологиялық жағынан қасиеттерi мен морфологиялық белгiлерi ұқсас, шығу тегi жағынан туыс, өз белгiлерiн тұқым қуалау арқылы келесi ұрпақтарға беретiн және белгiлi бiр ботаникалық таксондағы өсiмдiктердiң басқа топтарынан ең болмағанда бiр белгiсi бойынша ерекшеленетiн бiр дақылдың өсiмдiктер тобы. Сорттың қорғалатын санаттары: клон, желi, бiрiншi ұрпақ буданы, жеке түр болып табылады;
      18) тауарлық жануар - тауарлық өнiм өндiру үшiн пайдаланылатын жануар;
      19) тұқым - белгiлi бiр шаруашылық және табиғи жағдайларда адамның шығармашылық қызметiнiң әсерiмен қалыптасқан, "өз iшiнде" өсiп-өнуi үшiн саны жеткiлiктi және шаруашылық және асыл тұқымдық құндылыққа ие, iрiктеу, таңдау, олардың генотипiне сай келетiн технологиялық жағдайлар жасау арқылы қалыпты күйi сақталатын, сондай-ақ оны бiр түрдегi басқа тұқымдардан ерекшелейтiн морфологиялық, физиологиялық және шаруашылық жағынан пайдалы қасиеттерiнде белгiлi бiр ерекшелiгi бар жалпы шығу тегi ортақ ауыл шаруашылық жануарларының бiр түрiнiң тобы. Тұқымның қорғалатын санаттары: тип, кросс, желi болып табылады;
      20) Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - жануарлар тұқымдарының патентке қабiлеттiлiгiне және шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның консультативтiк-кеңесшi органы;
      21) ұрық (тұқым) - тұқымдық материалдың барлық ботаникалық нысандары: тұқымның өзi, жемiстер, дән шоғыры, күрделi жемiстердiң бөлiктерi, баданалар мен түйнектер;
      22) селекциялық жануар – тұқым стандартына сай келетін жануар.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.03.02 N 237 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 540-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.01.2014 № 165-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау

      1. Селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.
      2. Алынып тасталды
      3. Патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығы жөнiнен селекциялық жетiстiктерге сараптама жасауды және оларды сынақтан өткiзудi селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы қызмет түрi ретiнде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады, олар өндiрiсте пайдалануға жiберiлген тиiстi Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмдерiн жүргiзедi.
      4. Патентпен селекциялық жетiстiкке берiлген құқықтық қорғау көлемi сорттың, тұқымның сипаттамасына енгiзiлген белгiлердiң жиынтығымен анықталады.
      5. Өсiмдiктер сортына патенттiң қолданылу мерзiмi сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күннен бастап - 25 жыл, мал тұқымдарына - 30 жыл, жүзiм, сәндiк ағаш, жемiс және орман дақылдары сорттарына, оның iшiнде олардың қалемшелерiне - 35 жыл болады.
      Патенттiң қолданылу мерзiмiн патент иесiнiң өтiнiшi бойынша уәкiлеттi орган ұзартады, бiрақ ол 10 жылдан аспауы керек.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586, 2007.03.02. N 237, 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      3-1-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы
                уәкiлеттi мемлекеттiк орган

      1. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      2. Уәкілеттi органның құзыретiне:
      1) селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға қатысу;
      2) селекциялық жетiстiктерге патенттер беру;
      2-1) селекциялық жетістікке патентті өзгеге беру шартын немесе патентті алуға құқықты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;
      2-2) селекциялық жетістікті пайдалануға лицензиялық шартты немесе қосалқы лицензиялық шартты тіркеу туралы өтініш нысанын бекіту;
      3) селекциялық жетiстiктердi пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау;
      4) хаттамаларды жазу және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарау, әкiмшiлiк жазалар қолдану;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 586, өзгеріс енгізілді - 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      3-2-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы
               мемлекеттiк монополия

      1. Өтінім материалдарына, қорғау құжатына және өсімдіктердің қорғалатын сорттары мен жануарлар тұқымдары бойынша мемлекеттік тізілімге өзгерістер енгізуді; Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшірме ұсынуды; өтініш берушінің белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап алты айға дейін өткізіп алған ақы төлеу мерзімін қалпына келтіруді; автордың куәлігін, қосымшаларды және олардың телнұсқаларын беруді; қорғау құжатының қолданылу мерзімін күшінде ұстап тұруды, ұзартуды және қорғау құжатын беру, күшінде ұстап тұру, ұзарту туралы мәліметтерді жариялауды; ашық лицензия беруге арналған өтінім қабылдауды; шарттардың қосымша келісімдеріне сараптама жүргізуді, шарттарды тіркеу туралы мәліметтер жариялауды; патенттік құжаттаманы (нөмірленген немесе атауы жазылған) іздестіруді; баспа және электрондық басылымдарды өткізуді және жариялауды; кепіл шартына сараптама жүргізуді қоса алғанда, селекциялық жетiстiктерге өтiнiмдер қабылдау және өтінімдерге алдын ала сараптама жүргiзу, патенттi немесе селекциялық жетiстiктерге патент алу құқығын басқаға беру шарттарына, лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарға сараптама жүргiзу, Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу, селекциялық жетістіктер туралы  мәліметтерді жариялау, қорғау құжаттарын беруге дайындау жөніндегі  қызмет мемлекеттiк монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргiзу құқығындағы  республикалық мемлекеттiк кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сараптама ұйымы жүзеге асырады.
      2. Сараптама ұйымының қызметімен технологиялық байланысты қызметке:
      1) өтінім материалдарының көшірмелерін әзірлеу;
      2) селекциялық жетістіктерге арналған қорғау құжаттары бойынша анықтамалар, статистикалық мәліметтер ұсыну;
      3) төлемдерді қайта есепке алу және растау жатады.
      3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Ескерту. 1-тарау 3-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.07.09 N 586 Заңымен; жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. Селекциялық жетістіктің патентке қабілеттілігі

      4-бап. Селекциялық жетiстiктiң патентке қабiлеттiлiк
              шарттары

      1. Патент жаңалығы, ерекшелiгi, бiртектiлiгi және тұрақтылығы бар селекциялық жетiстiкке берiледi.
      2. Егер өтiнiм жасалған күнге дейiн белгiлi бiр селекциялық жетiстiктiң ұрығы немесе басқа да отырғызылатын материалы, асыл тұқымдық материалы мына аумақта:
      1) Қазақстан Республикасында - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жыл бұрын;
      2) кез келген басқа мемлекетте - өтiнiм берiлген күнге дейiн бiр жылдық дақылдар бойынша төрт жыл бұрын және көп жылдық дақылдар, тұқымдар бойынша алты жыл бұрын сатылмаса және автор немесе оның құқықтық мирасқоры сортты, тұқымды пайдалану үшiн басқа адамдарға бермесе, сорт, тұқым жаңа деп есептеледi.
      Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне тиiстi тек пен түр енгiзiлген күнге дейiн пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген сорт, тұқым сортқа, тұқымға жаңа болуы жөнiнде талап қойылмай-ақ патентке қабiлеттi деп танылуы мүмкiн.
      Мұндай селекциялық жетiстiктерге осы Заңның 3-бабында аталған патенттiң қолданылу мерзiмi пайдалануға рұқсат етiлген жылдан бастап патент берiлген жыл аралығындағы мерзiмге қысқартылады. Осы Заңның 9-бабында көзделген уақытша құқықтық қорғау мұндай селекциялық жетiстiктерге қатысты қолданылмайды.
      3. Егер сорттың, тұқымның өтiнiм берiлген кезде бар екенi жалпыға мәлiм кез келген басқа сорттан, тұқымнан анық өзгешелiгi болса, олар ерекшелiк өлшемдерiне сай келедi. Патент алуға өтiнiм беру немесе сорттың, тұқымның жаңа сорттардың, тұқымдардың ресми тiзiлiмiне енгiзiлуi, осы өтiнiм беру нәтижесiнде патент берiлген немесе сорт, тұқым аталған тiзiлiмге енгiзiлген жағдайда, сортты, тұқымды өтiнiм берiлген күннен бастап кез келген елде жалпыға мәлiм етедi.
      Сорттардың, тұқымдардың жалпыға мәлiмдiгi өсiру, пайдалану және жариялау фактiлерi бойынша да белгiленуi мүмкiн. Сорттың, тұқымның сипатталу және айырықша ерекшелiктерiн анықтауға мүмкiндiк беретiн белгiлер қалпына келтiрiлетiн және дәл сипаттауға ыңғайлы болуға тиiс.
      4. Егер сорттың, тұқымның көбею ерекшелiктерiн есепке алғанда осы сорт өсiмдiктерi немесе тұқым селекцияланатын белгiлерi бойынша бiртектi болса, сол сорт пен тұқым бiртектi деп есептеледi.
      5. Егер сорттың, тұқымның негiзгi белгiлерi - әрбiр көбеюден кейiн, ал көбеюдiң ерекше циклы жағдайында көбеюдiң әр циклының соңында өзгерiссiз қалса, олар тұрақтылық өлшемiне сай келедi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      5-бап. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм

      1. Патент алуға өтiнiм сараптама жасау ұйымына берiледi.
      Өтiнiм электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат түрiнде берiлуi мүмкiн.
      Автордың немесе оның құқықтық мирасқорының патент алуға өтiнiм беруге құқығы бар.
      Селекциялық жетiстiк қызмет тапсырмасын немесе қызметтiк мiндеттердi орындау кезiнде жасалған, ашылған немесе шығарылған жағдайда, егер автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, патент алуға өтiнiм беру құқығы жұмыс берушiге тиесiлi болады.
      Егер селекциялық жетiстiктi бiрнеше адам жасаса, ашса немесе шығарса немесе олар авторлардың құқықтық мирасқорлары болса, өтiнiмдi сол өтiнiш жасаушылар беруi мүмкiн.
      Өтiнiм сенiмхатқа негiзделген өкiлеттiкке сүйенiп, патент алуға байланысты iстi жүргiзетiн өкiл арқылы берiлуi мүмкiн.
      1-1. Мемлекеттiк комиссияда еңбек функциялары жүзеге асырылғанға дейін жүргізілген селекциялық жетістіктерді жасау, анықтау және шығару жөніндегі селекциялық жұмыс жағдайларын қоспағанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиялардың қызметкерлері комиссиядағы бүкіл жұмыс кезеңі ішінде селекциялық жетістікке Қазақстан Республикасының патентін беруге өтінім ұсынуға құқығы жоқ.
      2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар патент алу және олардың күшiнде болуы жөнiндегi істердi жүргiзедi, шағым кеңесiне қарсылықтар бередi және уәкiлеттi органда тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер арқылы оларды қарауға қатысады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiндегi хат жазысу мекен-жайын көрсеткен жағдайда, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлсiз патенттермен байланысты iстердi жүргiзе алады.
      Патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiм берушi немесе патент иесi берген сенiмхатпен куәландырылады.
      3. Селекциялық жетiстiкке патент алуға өтiнiм өсiмдiктiң әрбiр сортына, жануарлардың тұқымына ресiмделедi және онда:
      1) патент беру туралы өтiнiш;
      2) селекциялық жетiстiк сауалнамасы;
      3) iс өкiл арқылы жүргiзiлген жағдайда, сенiмхат болуға тиiс.
      Селекциялық жетiстiкке патент беруге жасалған өтiнiмге  белгiленген мөлшерде өтiнiм беруге ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту үшiн негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi мүмкiн. Тиiстi ақы төленген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.
      Белгiленген мерзiмде ақы төленгенi туралы құжаттар табыс етiлмеген жағдайда өтiнiм берiлмеген деп танылады.
      4. Патент алуға арналған өтiнiм мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде берiледi.
      5. Өтiнiм құжаттарына қойылатын талаптарды және оларды қарау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. Мәлiмделген сортқа, тұқымға сараптама жасауға қажеттi басқа құжаттар мен материалдар мемлекеттiк комиссияның сауал салуы бойынша берiледi.
      Сараптама жүргiзуге арналған өтiнiмдi мәнi бойынша қарау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586, 2007.03.02. N 237, 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      6-бап. Селекциялық жетiстiктiң атауы

      1. Селекциялық жетiстiктiң атауы селекциялық жетiстiктi бiр ізге түсiруге мүмкіндік беруге, қысқа болуға, сол немесе соған жақын ботаникалық немесе зоологиялық түрдiң бар селекциялық жетiстiктерiнiң атауларынан өзгеше болуға тиiс. Ол тек цифрлардан ғана тұрмауға, қасиеттерiне, шығу тегiне, селекциялық жетiстiктiң маңызына, селекционердiң жеке басына қатысты жаңылыстырмауға тиiс, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келмеуге тиiс.
      Селекциялық жетiстiктiң ұсынылған атауының дұрыстығын тексерудi мемлекеттiк комиссиялар сараптама жасау ұйымынан өтiнiм материалдары келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде жүзеге асырады.
      2. Егер бiрдей сорт, тұқым үшiн селекциялық жетiстiкке берiлген өтiнiм Қазақстан Республикасына немесе басқа елдерге берiлсе, сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келмейтiн жағдайларды қоспағанда, бiрдей сорттың, тұқымның атауы да бiрдей болуға тиiс.
      3. Егер сорттың, тұқымның атауы осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сай келмесе, өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымының сауал салуы бойынша екi ай мерзімде жаңа атау ұсынуға мiндеттi.
      Егер аталған мерзім ішінде өтінім беруші аталған талаптарға сәйкес келетін жаңа атау ұсынбаса не шағым беру кеңесінде селекциялық жетістіктің мақұлдаудан бас тартуды дауламаса, уәкілетті орган селекциялық жетістікті тіркеуден бас тартады.
      4. Селекциялық жетiстiктi пайдаланушы кез келген адам, тiптi патенттiң қолданылу мерзiмi өтiп кеткен соң да, сорттың, тұқымның Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркелген атауын көрсетуге мiндеттi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586, 2007.03.02. N 237, 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      7-бап. Селекциялық жетiстiктiң басымдығы

      1. Сорттың, тұқымның басымдығы сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күн бойынша белгiленеді.
      Егер сарапшы ұйымға бір мезгілде бір сол селекциялық жетістікке патент беруге екі немесе одан да көп өтінім түссе, неғұрлым бұрын жіберілген өтінімге басымдық белгіленеді. Егер өтінім берушілер арасындағы келісіммен өзгеше көзделмесе, бұл өтінімдер бір күнде жіберілген жағдайда, патент сарапшы ұйым берген неғұрлым бұрынғы тіркеу нөмірі бар өтінім бойынша беріледі.
      2. Басымдық Селекциялық жетiстiктердi қорғау жөнiндегi халықаралық конвенцияға қатысушы елде бiрiншi өтiнiмнiң берiлген күнi бойынша белгiленуi мүмкiн (конвенциялық басымдық). Өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiмнiң конвенциялық басымдық құқығын ол берiлген күннен бастап 12 ай iшiнде пайдаланады.
      Конвенциялық басымдық құқығын пайдаланғысы келген өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымына жiберiлетiн өтiнiмде бiрiншi өтiнiмнiң басымдық күнiн және келесi өтiнiм берiлген күннен бастап үш ай iшiнде бiрiншi өтiнiмнiң осы өтiнiм берiлген орган куәландырған көшiрмесiн табыс етуге тиiс.
      Осы шарттар орындалған жағдайда өтiнiш берушi бiрiншi өтiнiм берiлген күннен бастап үш жыл iшiнде қосымша құжаттама мен сынақ өткiзуге қажеттi материал бермеуге құқылы.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.07.09. N 586, 2007.03.02. N 237, 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Селекциялық жетістікке патент беруге
жасалған өтінімнің сараптамасы

      8-бап. Алдын ала жүргізілетін сараптама

      1. Өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай мерзiм өткен соң сараптама жасау ұйымы ол бойынша алдын ала сараптама жүргiзедi. Алдын ала сараптама жүргiзу барысында өтiнiмге басымдық берiлген күн белгiленедi, қажеттi құжаттардың бар-жоғы және оларға белгiленген талаптардың орындалуы тексерiледi. Патент беруге жасалған өтiнiмге алдын ала сараптама екi ай мерзiмде жүргiзiледi.
      Қажет болған жағдайда өтiнiш берушi өтiнiм берiлген күннен бастап екi ай ішінде оған нақтылау, енгізе алады.
      2. Сортқа, тұқымға жасалған өтiнiмге келiп түскен, өтiнiмнiң алғашқы материалдарында келтірілмеген белгілері бар және өтінім берiлген сорттың, тұқымның мәнiн өзгертетiн қосымша материалдар өтінiм қаралған кезде назарға алынбайды.
      3. Уәкiлеттi органның алдын ала жүргiзген сараптамасынан оң нәтиже алынған жағдайда өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылданады. Өтiнiмнiң және селекциялық жетiстiк сауал-сұрақтарының көшiрмелерi мемлекеттiк комиссияға жiберiледi.
      4. Егер алдын ала жүргiзiлген сараптамада өтiнiмнiң белгiленген талаптарға сай келмейтiндiгi анықталса, оны одан әрi қараудан бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтiнiш берушiге бiр ай мерзiмде хабарланады.
      5. Өтiнiмдi одан әрi қараудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi шешiмдi алған күннен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Шағым кеңесi қарсылықты ол келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.
      Шағым кеңесi шешiмiне өтiнiш берушi ол шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдануы мүмкiн.
      6. Алдын ала жүргiзiлген сараптама нәтижесiнде оң шешiм шығарылған өтiнiмдер туралы мәлiметтер өтiнiм түскен күннен бастап 18 ай өткеннен кейiн бюллетеньде жарияланады. Өтiнiш берушiнiң өтiнуi бойынша сараптама жасау ұйымы өтiнiм материалдарын аталған мерзiмнен бұрын да жариялай алады.
      7. Сорттың, тұқымның авторы өтінім материалдарында өз есiмiнiң жариялануынан бас тартуға құқылы.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      9-бап. Селекциялық жетiстiктiң уақытша құқықтық
             қорғалуы

      1. Қорғауға өтiнiм жасалған селекциялық жетiстiкке өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап патент берiлген күнге дейін уақытша құқықтық қорғау белгiленеді.
      2. Патент иесi патент алғаннан кейiн селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде осы Заңның 14-бабының 1-тармағында аталған әрекеттерді өтініш берушінің рұқсатынсыз жасаған адамнан өтем алуға құқығы бар.
      3. Селекциялық жетiстiктi уақытша құқықтық қорғау кезеңiнде өтiнiш берушiге тек ғылыми мақсаттарда және сату мен өзгедей беру селекциялық жетiстiкке құқықты өзгедей беруге немесе ұрықты, асыл тұқымдық материалды олардың қорын құру мақсатымен өтiнiш берушiнiң тапсырысы бойынша өндiруге байланысты болған жағдайларда ғана ұрықты, асыл тұқымдық материалды сатуға және өзгедей беруге рұқсат етiлген.
      Аталған талаптарды өтiнiш берушi немесе оның келiсiмiмен басқа адам бұзған жағдайда уақытша құқықтық қорғау болған жоқ деп есептеледi.

      10-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент қабiлетiне
              жасалған өтiнiмдер сараптамасы

      1. Кез келген мүдделi адам өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланған күннен күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік комиссияға мәлiмделген селекциялық жетiстiкке қатысты талабын жiбере алады.
      Негiзделген талаптың түскенi туралы мемлекеттiк комиссия өтiнiш берушiге талаптың мәнiн баяндай отырып хабарлайды.
      Талаппен келiспеген жағдайда өтiнiш берушiнiң хабарламаны алған күннен бастап үш ай мерзiмде мемлекеттiк комиссияға дәлелдi қарсылық жiберуге құқығы бар.
      Уәкiлеттi орган мемлекеттiк комиссияның қорытындысы негiзiнде шешiм қабылдайды және ол туралы мүдделi адамға хабарлайды.
      Егер сорт, тұқым жаңалық өлшемiне сәйкес келмесе, патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылданады.
      2. Сорттың, тұқымның ерекшелiгiн, бiртектiлiгiн және тұрақтылығын сынақтан өткiзудi қабылданған әдiстемелер бойынша мемлекеттiк комиссиялар белгiленген мерзiмде жүргiзедi.
      Мемлекеттiк комиссиялар сараптама жасау ұйымы өтiнiм материалдарын жiберген күннен бастап бiр ай iшiнде патент қабiлеттiлiгiне сынақтар өткiзудiң нақты мерзiмдерi туралы сараптама жасау ұйымын хабардар етеді.
      Өтiнiш берушi ұрықтың немесе асыл тұқымдық материалдың сараптама үшiн қажеттi мөлшерiн табыс етуге мiндеттi.
      3. Мемлекеттiк комиссиялар Қазақстан Республикасының, сондай-ақ тиiстi шарттар жасасылған басқа мемлекеттердiң басқа да ұйымдары жүргiзген сынақтардың нәтижелерiн және өтiнiш берушi табыс еткен деректердi пайдалануға құқылы.
      4. Сорт, тұқым патент қабiлетi талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттiк комиссия сорттың, тұқымның ресми сипаттамасын жасайды, соның негiзiнде уәкiлеттi орган патент беру туралы шешiм қабылдайды.
      5. Егер сараптама жүргiзiлген кезде сорттың, тұқымның патент қабiлетi талаптарына сай келмейтiндiгi анықталса, уәкiлеттi орган мемлекеттiк комиссияның қорытындысы негiзiнде патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол туралы өтiнiш берушiге бiр ай мерзiмде жазбаша түрде хабарлама жiбередi.
      Өтiнiш берушi патент беруден бас тарту туралы шешiмге оны алған күннен бастап үш ай мерзімде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап үш ай мерзiмде қарауға тиiс.
      Шағым кеңесiнiң шешiмiне өтiнiш берушi ол шешiмдi алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағымдана алады.
      6. Өтiнiш берушi сараптама қарсы қойған барлық материалдармен таныса алады. Өтініш берушi сұраған материалдардың көшiрмелерiн уәкiлеттi орган оған сауал салудан алған күннен бастап бiр ай мерзiмде жiбередi.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-тарау. Автор және патент иесі

      11-бап. Селекциялық жетiстiктiң авторы

      1. Селекциялық жетiстiктi шығармашылық еңбегiмен жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған жеке тұлға автор болып танылады.
      2. Егер селекциялық жетiстiк бiрнеше адамның ұжымдық шығармашылық еңбегiмен жасалса, олардың бәрi де оның авторлары (Қосымша авторлары) болып есептеледi. Авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.
      3. Авторға (авторларға) тек техникалық, ұйымдық көмек көрсеткен немесе сортқа, тұқымға берiлетiн құқықтарды әзiрлеуге және ресiмдеуге жәрдемдескен адамдар авторлар болып танылмайды.

      12-бап. Селекциялық жетiстiк авторының құқықтары

      1. Автордың құқығы иелiктен алуға болмайтын жеке құқық болып табылады және мерзiмсiз қорғалады.
      2. Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген селекциялық жетiстiктiң патент иеленушi болып табылмайтын авторына уәкiлеттi орган оның авторлығын растайтын ресми куәлiк бередi.
      3. Өзiнiң селекциялық жетiстiгiне өз есiмiн беруге автордың құқығы бар.
      4. Автордың өзi жасаған, ашқан немесе өсiрiп шығарған селекциялық жетiстiктi патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде пайдаланғаны үшiн патент иесiнен сыйақы алуға құқығы бар. Сыйақы төлемiнiң мөлшерi мен шарты патент иеленушi мен автор арасында жасасылған шартта белгiленедi.
      Бұл орайда автор сыйақысының мөлшерi патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктердi пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдерi, оның iшiнде лицензия сатудан алатын түсiмдерi сомасының бес процентiнен кем болмауға тиiс.
      Егер автордың патент иеленушiмен шартында өзгеше көзделмесе, авторға сыйақы селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл бiткеннен кейiн алты ай iшiнде төленедi.
      Егер сортты, тұқымды бiрнеше автор жасаса, ашса немесе өсiрiп шығарса, сыйақы олардың арасындағы келiсiмге сәйкес бөлiнедi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      13-бап. Селекциялық жетiстiктiң патент иесi

      Патент:
      1) селекциялық жетiстiк авторына (авторларына);
      2) оның мұрагерiне (мұрагерлерiне);
      3) автор (авторлар) немесе оның (олардың) құқықтық мирасқорлары Селекциялық жетiстiкке патент беру туралы шешiм қабылданған кезге дейiн селекциялық жетiстiкке жасаған өтiнiмiнде не уәкiлеттi органға берген өтiнiшiнде көрсетiлген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға (олардың келiсiмi болған кезде);
      4) егер селекциялық жетiстiктi қызметкер қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде жасаса, автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушiге берiледi.
      Атына патент беру сұралып отырған бiрнеше адам болған жағдайда, оларға бiр патент берiледi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      14-бап. Патент иеленушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Егер мұндай пайдалану басқа патент иеленушiлердiң құқықтарын бұзбайтын болса, патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiктi пайдалануға айрықша құқығы болады. Селекциялық жетiстiкке қатысты мынадай iс-әрекетке патент иеленушiнiң рұқсаты керек:
      1) өндiру немесе молайту (көбейту);
      2) көбейту мақсаты үшiн ұрықты себетiндей деңгейге жеткiзу;
      3) сатуға ұсыну;
      4) сату немесе өткiзудiң өзге де түрлерi;
      5) Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;
      6) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
      7) жоғарыда аталған мақсаттар үшiн сақтау.
      2. Патент иеленушiнiң құқығы азаматтық айналымға патент иеленушiнiң рұқсатынсыз енгiзiлген ұрықтар мен асыл тұқымды жануарлардан өндiрiлген өсiмдiк материалы мен тауарлы малға да қолданылады.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi селекция жетiстiктерiнiң сорты мен тұқымының:
      1) егер осы селекциялық жетiстiктердiң өздерi басқа селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн мұра ретiнде иеленбеген болса, селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн елеулi дәрежеде мұра ретiнде иеленетiн;
      2) селекциялық жетiстiктен көрiнеу ерекшеленбейтiн;
      3) Алынып тасталды
      4) оларды молайту селекциялық жетiстiктi сан мәрте пайдалануды қажет ететiн ұрықтары мен асыл тұқымды материалына қатысты қолданылады.
      Селекциялық жетiстiк бастапқысынан айқын ерекшеленген кезде:
      1) бастапқы селекциялық жетiстiктiң генотипiн немесе генотиптерiнiң комбинациясын бiлдiретiн негiзгi белгiлердi сақтай отырып, бастапқы селекциялық жетiстiктiң немесе бастапқы селекциялық жетiстiктiң маңызды белгiлерiне өзi ие болып қалатын селекциялық жетiстiктiң неғұрлым маңызды белгiлерiне ие болып қалса;
      2) бастапқы сорттан, тұқымнан жеке iрiктеу, индукцияланған немесе өздiгiнен клондалған мутантты iрiктеу, қайыра будандастыру және гендiк инженерия сияқты әдiстердi қолданудан туындаған ауытқуларды қоспағанда, бастапқы селекциялық жетiстiк генотипiне немесе генотиптерiнiң комбинациясына сәйкес келсе селекциялық жетiстiк басқа (бастапқы) селекциялық жетiстiктiң белгiлерiн елеулi түрде ие болып қалған селекциялық жетiстiк деп танылады.
      4. Алынып тасталды
      5. Патент иеленушi:
      1) азаматтық айналымға өндірісте пайдалануға жіберілген сортты, тұқымды енгiзуге;
      2) сортты, тұқымды қорғау мақсатында мемлекеттiк комиссия белгiлеген ресми сипаттамада көрсетiлген белгiлердiң сақталуы үшiн патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде сортты, тұқымды бiрқалыпты ұстап тұруға;
      3) патенттi күшiнде ұстау үшiн жыл сайын ақы төлеп тұруға мiндеттi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      15-бап. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғаны үшiн
              жауаптылық

      1. Осы Заңды бұза отырып өсiмдiктер сортын, жануарлар тұқымын пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға патент иеленушiнiң құқықтарын бұзғанына кiнәлi болып саналады.
      2. Жеке немесе заңды тұлға, егер:
      1) патент иеленушiнiң рұқсатынсыз өтiнiм берiлген сорт, тұқым туралы коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтi ашса;
      2) өндiрiлген және сатылған өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына тiркелгендегiсiнен өзгеше атау берсе;
      3) өндiрiлген және сатылатын өсiмдiктердiң қорғалатын сорттарына, асыл тұқымды мал тұқымдарына селекциялық жетiстiкпен шатастыратындай дәрежеде ұқсас атау берсе;
      4) iс жүзiнде ондай емес өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға селекциялық жетiстiктiң iс жүзiнде ондай емес атауын берсе;
      5) селекциялық жетiстiк туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтерi бар құжаттар табыс етсе, патент иесiнiң құқықтарын бұзушы болып саналады.
      3. Патент иеленушiнiң құқықтарын бұзған тұлға патент иесiне селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн өтем төлеуге, сондай-ақ заңдарға сәйкес осы Заңды бұзу салдарынан туындаған басқа да шығындардың орнын толтыруға мiндеттi.
      4. Айрықша немесе айрықша емес лицензияның иесi патент иеленушiнiң жазбаша рұқсаты бойынша немесе оның сенiмхаты бойынша патенттi бұзушыға талап қоя алады.
      5. Шығындардың орнын толтыру туралы талап шығын келтiрiлген күннен басталып, патенттiң бұзылу кезеңiне белгiленедi.

      16-бап. Құқықты мұраға қалдыру

      Селекциялық жетiстiкке өтiнiм беру және оған патент алу құқығы, селекциялық жетiстiктi пайдалануға, сондай-ақ сыйақы төлеу мен оларды пайдаланудан түскен кiрiске айрықша құқықтар мұра ретiнде немесе құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен ауысады.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      17-бап. Патент иеленушiнiң айрықша құқықтарын
              бұзу болып танылмайтын iс-әрекет

      Селекциялық жетiстiктi пайдалануға қатысты:
      1) жеке және коммерциялық емес мақсаттарда жасалатын;
      2) сынау мақсатында жасалатын;
      3) осы Заңның 14-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, селекциялық жетiстiктердi басқа сорттар мен тұқымдар шығарудың бастапқы материалы ретiнде пайдалану жөнiндегi iс-әрекеттер патент иеленушiнiң құқықтарын бұзу болып танылмайды.

      17-1-бап. Бұрынғыша пайдалану құқығы

      1. Селекциялық жетiстiкке басымдық берiлген күнге дейiн автордан тәуелсiз жасалған селекциялық жетiстiкке ұқсас өсiмдiк сортын немесе жануар тұқымын Қазақстан Республикасының аумағында адал пайдаланған немесе осыған қажеттi әзiрлiктер жасаған тұлғаның осындай пайдалану көлемiн кеңейтпей оны өтеусіз пайдалану құқығы (бұрынғыша пайдалану құқығы) сақталады.
      Бұрынғыша пайдалану құқығы басқа тұлғаға ұқсас өсiмдiк сорты немесе жануар тұқымы пайдаланылған немесе осыған қажеттi әзiрлiктер жасалған өндiрiспен бiрге ғана берiлуi мүмкiн.
      2. Басымдық берiлген күннен кейiн, бiрақ патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күнге дейiн селекциялық жетiстiктi пайдалануды бастаған тұлға патент иесiнiң талабы бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға мiндеттi. Бiрақ, мұндай тұлға патент иесiне осы пайдаланудың нәтижесiнде келтiрiлген шығындарды өтеуге мiндеттi емес.
      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-тарау. Селекциялық жетістікті пайдалану

      18-бап. Лицензиялық шарт

      1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген тұлға селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
      2. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
      1) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап пайдалану құқығы мен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын (жай, ерекше емес лицензия);
      2) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (ерекше лицензия);
      3) селекциялық жетiстiктi лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз пайдалану құқығын (толық лицензия) беру көзделуi мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көрсетiлмесе, ол жай, ерекше емес лицензия деп есептеледi.
      3. Лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) селекциялық жетiстiктi пайдалану құқығына ерекше емес лицензия беруi туралы шарт (қосалқы лицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкін.
      Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың iс-әрекетi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауаптылықта болады.
      4. Лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалады және уәкiлеттi органда тiркелуге жатады. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
      Лицензиялық шарттарды тiркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шарттарды тiркеудiң тәртiбiне лицензиялық шарттарды тiркеу туралы ережелер қолданылады.
      Лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
      Өтінішке:
      1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
      Материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
      Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
      2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
      3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
      Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының, (құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының) шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берген жағдайда, шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
      Өтiнiш пен басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
      Өтiнiш бiр лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт материалдарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады.
      Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайларын көрсеткен жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдерсіз жүзеге асырады.
      5. Өтініш беруші құжаттар тізбесін тіркеу үшін ұсынғаннан кейін сараптама жасау ұйымы өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттарға алдын ала сараптама жүргізеді, оның барысында қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың сақталуы тексеріледі, өтінішке қоса берілетін шарт материалдарында сараптама жүргізуге ақы төленгенін растайтын құжат болмаған жағдайда, өтініш берушіге төлем шоты беріледі. Бұл жағдайда көрсетілген мерзімдер сараптама жасау ұйымына төлемнің келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
      Лицензиялық шарттың қарауға қабылданған материалдары бойынша жиырма күн мерзімде мәні бойынша сараптама жүргізіледі, оның барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лицензиялық шарт материалдарын зерделеу жүргізіледі.
      6. Жоюға болатын, лицензиялық шартты тіркеуге кедергі жасайтын негіздер:
      1) патенттің күшінде қалуы үшін төлемнің жүргізілмеуі;
      2) шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетiн ережелердiң болуы.
      7. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар бұзылған немесе осы баптың 6-тармағында көрсетілген, шартты тіркеуге кедергі жасайтын, бірақ жоюға болатын негіздер болған жағдайда сараптама жасау ұйымы өтініш берушіге ол жіберілген күннен бастап үш ай мерзімде жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсыну немесе қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы ұсынысы бар сауалды жібереді. Бұл жағдайда осы баптың 5-тармағында көрсетілген сараптаманы жүргізу мерзімдері жетіспейтін немесе түзетілген құжаттарды ұсынған күннен бастап есептеледі.
      8. Мынадай негіздер болған:
      1) соған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке патенттің қолданылуы тоқтатылған;
      2) сараптама жасау ұйымының сауалына үш ай ішінде уақтылы жауап қайтарылмаған;
      3) сараптама жасау ұйымының сауалына жауапта барлық қажетті мәліметтер мен құжаттар болмаған;
      4) лицензиялық шартта лицензиаттың қосалқы лицензиялық шарт жасасу туралы өкілеттігі болмаған және уәкілетті органда тіркелген лицензиялық шарт болмаған жағдайда, сараптама жасау ұйымы лицензиялық шартты тіркеуден бас тарту туралы қорытынды шығарады.
      Сараптама жасау ұйымы қорытынды шығарғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, осы қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
      9. Сараптама нәтижесi оң болған жағдайда сараптама жасау ұйымы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға лицензиялық шартты тiркеуге кедергi келтiретiн негiздердiң жоқтығы туралы қорытындыны жiбередi.
      Лицензиялық шартты тiркеу туралы немесе тiркеуден бас тарту туралы шешiмдi уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.
      10. Лицензиялық шартты тіркеу туралы шешім шығарылғаннан кейін уәкілетті орган:
      1) соған қатысты шарт жасалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң қорғау құжатына қосымшаны ресiмдейдi;
      2) шарттың титулдық парағына тiркеу күнiн, тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, оның тiркелгенi туралы мөртабан соғады;
      3) тiркелген шарттардың тiзiлiмiне шарт туралы мәлiметтердi енгізедi;
      4) өтiнiште хат-хабар алмасу үшiн көрсетiлген мекенжай бойынша шарттың тiркелген екi данасын және қорғау құжатына қосымшаны жiбередi;
      5) шартты тіркеу туралы мәліметтерді жариялау үшін шарттың бақылау данасын қорытындымен бірге сараптама жасау ұйымына жібереді.
      Шарттың үшiншi және төртiншi даналары тиісті уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымында сақталады және бақылау даналары болып табылады.
      Сараптама жасау ұйымы тіркелген шарттар бойынша бюллетеньде тіркелген шарттар туралы мәліметтерді, атап айтқанда, шарттың тіркелген нөмірі мен күнін, шарт тараптарының атауын немесе толық мәліметтерін, шарттың нысанасын, шарттың қолданылу мерзімін, шарттың қолданылу аумағын жариялайды.
      Тіркелген лицензиялық шартқа, қосалқы лицензиялық шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы өтініш уәкілетті органға беріледі, бұл ретте лицензиялық шарттарды тіркеу туралы ережелер қолданылады.
      Кез келген тұлға тiркелген лицензиялық шарттар, қосалқы лицензиялық шарттар тiзiлiмiнен тiркелген шарттар туралы мәлiметке қатысты үзінді көшiрменi ашық жариялау үшiн алуы мүмкін.
      Үшiншi тұлғаны лицензиялық шарт мәтiнiмен таныстыруға, сондай-ақ одан үзінді көшiрме алуға шарт тараптарының жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
      Уәкілетті орган сараптама жасау ұйымының қорытындысы негізінде лицензиялық шартты тiркеуден бас тарту туралы шешiм шығарған жағдайда, қаралып отырған шарт бойынша құжаттар тiркеуден бас тарту туралы шешiммен бiрге өтiнiште көрсетiлген мекенжай бойынша қайтарылады.
      11. Лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
      12. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған мөлшерлес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      19-бап. Ашық лицензия

      Патент иеленушi кез келген тұлғаға селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензия алу құқығын беру туралы уәкiлеттi органға өтiнiш бере алады (ашық лицензия).
      Аталған лицензияны алуға тiлек бiлдiрген тұлға патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге мiндеттi. Шарт жөнiндегi дауларды сот қарайды.
      Патент иеленушiнiң ашық лицензияға құқық беру туралы өтiнiшi бюллетеньде ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойы өз күшiн сақтайды. Аталған мерзiм шегiнде патенттi күшiнде ұстау үшiн төленетiн ақы ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған жылдан кейiнгi жылдан бастап елу процентке кемiтiледi.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы

      1. Патент иеленушi селекциялық жетiстiктi пайдаланбаған және ол қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, егер селекциялық жетiстiк патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл iшiнде селекциялық жетiстiкке патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн селекциялық жетiстiк үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген тұлға өзiне ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа өтiнiш жасай алады. Егер патент иеленушi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылмауы дәлелдi себептерге байланысты болмағанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн көрсете отырып бередi. Төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
      Кез келген мәжбүрлеу лицензиясы ең алдымен Қазақстан Республикасының iшкi рыногының қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн берiлуге тиiс.
      Аталған селекциялық жетістікті пайдалану құқығын мәжбүрлеу лицензиясы берілген тұлға басқа тұлғаға осы селекциялық жетiстiктiк пайдаланылатын кәсiпорынмен бiрге ғана беруi мүмкiн.
      Мәжбүрлеу лицензиясын беруге себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайда сот оның күшiн жоюға тиiс.
      2. Селекциялық жетiстiктердi бұл орайда қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан басқа патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiкке құқығын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушiнiң өзiне селекциялық жетiстiктi Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа арыз жазып жүгінуге құқығы бар.
      Аталған лицензия берiлген жағдайда сот патентi басқа тұлғаға тиесiлi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылу шегiн, төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртiбiн белгiлеуге тиiс. Бұл орайда төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
      Селекциялық жетiстiктi пайдалануға осы тармақ негiзiнде алынған құқық осы селекциялық жетiстiкке патенттi сол құқықтың берiлуiне байланысты берген жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.

      20-1-бап. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент
                 алу құқығын өзгеге беру

      1. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру тек қана өзгеге беру шартымен ресімделеді.
      Өзгеге беру шарты оған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке ерекше құқықтың қолданылу мерзімі ішінде кез келген уақытта жасалуы мүмкін.
      Өзгеге беру шарты жазбаша нысанда жасалады және уәкілетті органда міндетті түрде тіркелуге жатады.
      Өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін оның материалдарын сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
      2. Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
      Өтінішке:
      1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
      Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері немесе құқықты беру фактісін көрсететін, нотариат куәландырған шарттан үзінді көшірмелер ұсынылуы мүмкін;
      2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
      3) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
      Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе ерекше құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
      Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
      Өтiнiш өзгеге берудің бiр шартына қатысты болуға тиiс.
      3. Селекциялық жетістіктерге патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру шартын тіркеген кезде осы Заңның 18-бабының 5-10-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
      Өзгеге беру шарты уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
      Ескерту. 5-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату

      21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану

      1. Патент бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер:
      1) оның мәлiмдеушi берген селекциялық жетiстiктiң бiртектiлiгi және тұрақтылығы туралы расталмаған деректер негiзiнде берiлгенi;
      2) патент берген күнiнде селекциялық жетiстiктiң жаңалық пен ерекшелiк өлшемдерiне сәйкес келмегенi;
      3) патентте патент иесi ретiнде аталған адамның патент алуға заңды негiздемелерi болмағаны анықталса, оның берiлуi дау туғызуы және оған қарсылықтар бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша патент беруге қарсы қарсылық уәкiлеттi органға берiледi. Егер қосымша сынақтар өткiзу қажет етiлмесе, қарсылықты шағым кеңесi оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде қарауға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иесiн қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
      Шағым кеңесiнiң шешiмiне қарсылық бiлдiрушi тұлға немесе патент иесi өздерiнiң шешiмдi алған күнiнен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым беруі мүмкін. Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      22-бап. Патенттiң күшiн жою және оны мерзiмiнен
              бұрын тоқтату

      1. Селекциялық жетiстiкке берiлген патенттiң күшiн уәкiлеттi орган:
      1) оны осы Заңның 21-бабына сәйкес заңсыз деп таныған;
      2) сорт, тұқым бiртектiлiк пен тұрақтылық көрсеткiштерiне ендiгi жерде сәйкес келмеген;
      3) сорттың, тұқымның аман сақталуын тексеру үшiн сараптама органының өтiнiшi бойынша патент иеленушi қажеттi ақпаратты, ұрықты, асыл тұқым материалдарын және құжаттарды 12 ай iшiнде бермеген немесе осы мақсаттар үшiн жергiлiктi жерлерде сортқа, тұқымға инспекция жүргiзу үшiн жағдайлар болмаған;
      4) егер патент иеленушi басқа, неғұрлым лайықты атау ұсынбаса, патент берiлгеннен кейiн селекциялық жетiстiктiң атауы жойылған кездерде жояды.
      2. Патенттiң қолданылуы:
      1) патент иеленушiнiң бюллетеньде патенттiң қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап уәкiлеттi органға берген өтiнiшi негiзiнде;
      2) ақы төлеудiң белгiленген мерзiмi өткен күннен бастап патенттi күшiнде ұстаудың белгiленген мерзiмiнде ақы төленбеген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

6-1-тарау. Апелляциялық кеңес және патенттік сенім білдірілген өкілдер

      Ескерту. Заң 6-тараумен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      22-1-бап. Апелляциялық кеңес

      1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 8-бабының 5-тармағына, 10-бабының 5-тармағына, 21-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
      2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
      1) уәкілетті органның селекциялық жетістікке патент беруге өтінімді одан әрі қараудан бас тарту туралы шешімдеріне;
      2) селекциялық жетістікке патент беруден бас тарту туралы;
      3) селекциялық жетістікке патент беруге қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
      Осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей не өкiл арқылы бере алады.
      Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
      Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
      Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiш берушi өткiзiп алған мерзiмi, дәлелдi себептер болған жағдайда және өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжаты болған кезде қалпына келтiрiлуi мүмкiн. Өтiнiш берушi мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi мерзімі өтіп кеткен күннен бастап он екі айдан кешіктірмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске берілетін қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
      3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
      4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның өтiнiшi бойынша ұзартылуы, сондай-ақ патент иеленуші ұзартуы мүмкін, бiрақ бұл ұзарту қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
      5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңес шешіміне осындай шешiмді алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауы мүмкiн.

      22-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас
                тарту негіздері

      1. Егер:
      1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
      2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
      3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және аталған мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
      4) өтiнiш берушi қарсылықты берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
      Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
      Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасы шешiмді жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.

      22-3-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының
                 отырысында қарау

      1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасының отырысында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
      Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
      2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
      1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
      2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
      3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
      3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
      1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
      2) дәлелдемелер ұсынуға;
      3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
      4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
      5) өтiнiштер мәлімдеуге;
      6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
      7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
      8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
      4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
      Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
      Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
      1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
      2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
      3) қарсылықты қарау мерзімдерін кейінге қалдыру туралы;
      4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
      5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестің шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
      Апелляциялық кеңестің шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.

      22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
      Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
      Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
      Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
      2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
      3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
      4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
      1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
      3) осы Заңның 22-6-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
      Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
      4. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қызметтік және коммерциялық құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.

      22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
                 мен міндеттері

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
      1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
      2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша селекциялық жетістіктерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
      3) селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
      4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасасуға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
      2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл селекциялық жетістіктерге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл сенімхаттың түпнұсқасын тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
      Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
      4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.

      22-6-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін
                 қайтарып алу және оның күшін жою

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
      1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
      3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
      4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
      5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе ол хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
      6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтінішінің негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
      Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл өзін тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
      4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
      5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
      Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағым берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
      Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыным жасайды не мынадай:
      1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
      2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      23-бап. Осы Заңды қолдануға байланысты дауларды шешу

      Сортқа және тұқымдарға берiлген патенттер туралы заңдарды бұзуға байланысты даулар, атап айтқанда:
      1) сортқа, тұқымға авторлық туралы;
      2) патент иеленушiнi белгiлеу туралы;
      3) патент иеленушiнiң пайдалануға ерекше құқығын және басқа мүлiктiк құқықтарын бұзу туралы;
      4) селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензиялық шарттарды жасасу және оны орындау туралы;
      5) осы Заңда көзделген өтемақыларды төлеу туралы;
      6) шартқа сәйкес авторға сыйақы төлеу туралы;
      7) патент беру туралы;
      8) мәжбүрлеп лицензия беру туралы;
      9) патенттен туындайтын құқықтарды қорғауға байланысты басқа да даулар сот тәртiбiмен қаралады.

      24-бап. Селекциялық жетiстiктердi өндiрiсте пайдалану

      1. Пайдалануға жіберілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімдеріне селекциялық жетістіктерді агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті орган:
      1) тұқымдар бойынша – шаруашылықтағы пайдалылығы жөнінде тұқымдарды сынау және байқау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сынақ нәтижелері бойынша;
      2) сұрыптар бойынша – шаруашылықтағы пайдалылығы жөнінде ауыл шаруашылық дақылдарын сұрыптық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия жүргізетін мемлекеттік сынақ нәтижелері бойынша немесе өтінім берушінің деректері бойынша енгізеді.
      2. Өткiзiлетiн ұрықтармен және асыл тұқымдық материалмен олардың қандай сортқа, тұқымға жататынын, қайдан шыққанын және сапасын куәландыратын тиiстi құжаттар қоса жүруге тиiс.
      Құжат тиiстi аймақта пайдалануға жiберiлетiн сорттың ұрығына, тұқымның асыл тұқымды материалына берiледi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.10 N 383-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      25-бап. Заңдық маңызы бар іс-қимылдарға ақы төлеу

      Уәкiлеттi органның патент беру, шарттарды тiркеу жөнiнде iс-қимылдар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
      Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынақтан өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын патентке қабілеттілігіне сынақтан өткізгені үшін төлемақы алады.
      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26-бап. Жарияланымдар

      1. Бюллетеньде селекциялық жетiстiктi тiркеуге қатысты:
      1) селекциялық жетiстiк басымдығының күнiн, өтiнiм берушiнiң атын (атауын), селекциялық жетiстiктiң атауын, егер бас тартпаса, автордың аты-жөнiн көрсете отырып, оңды нәтиже мен алдын ала сараптамадан өткен патент беруге жасалған өтiнiмдер туралы;
      2) патент беру туралы өтiнiм бойынша қабылданатын шешiмдер туралы;
      3) селекциялық жетiстiктердiң атауындағы өзгерiстер туралы;
      4) патенттердi жарамсыз және олардың күшi жойылды деп тану туралы;
      5) селекциялық жетiстiктердi қорғауға қатысты басқа да мәлiметтер жарияланады.
      2. Өтiнiм туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн кез келген тұлға өтiнiм материалдарымен танысуға құқылы.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      27-бап. Шет елдерде селекциялық жетiстiктердi патенттеу

      Өтiнiм берушi Қазақстан Республикасы селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы екi жақты немесе көп жақты халықаралық шарт арқылы байланысы бар басқа мемлекеттiң құзыреттi органына селекциялық жетiстiктi қорғауға алғашқы өтiнiм беруге құқылы.
      Өтiнiм берушi өзi алғашқы өтiнiм берген мемлекеттiң құзыретті органы оған қорғау құжатын бергенiн күтпей-ақ басқа мемлекеттердiң құзыреттi органдарына өтiнiм беруге құқылы.
      Селекциялық жетiстiктерге құқықтарды Қазақстан Республикасының шегiнен тыс қорғауға байланысты шығындарды өтiнiм берушi өтейдi.
      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      28-бап. Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және
              шетелдiк заңды тұлғалардың құқықтары

      1. Шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы өзге де заң және нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде немесе өзара түсiнiстiк принципiнде Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.
      2. Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғауға қатысты өзге де актiлерде көзделген құқықтарды, егер осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларымен бiрдей пайдаланады.

      29-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан басқа ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті