Акционерлiк қоғамдар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1998 жылғы 10 шiлде N 281

Жаңартылған

      Осы Заң, акционерлiк қоғамның құқықтық жағдайын, оны құру, капиталдандыру, қайта құру және тарату тәртiбiн; акционерлер мен үшiншi тұлғалардың құқықтарын, мiндеттерiн, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жағдайларын; қоғамның органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Акционерлiк қоғамдар туралы заңдар

      Акционерлiк қоғамдар туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңның нормалары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Акционерлiк қоғамдар туралы жалпы ережелер азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу, банк және сақтандыру қызметi туралы заң актілерiнде өзге ережелер белгiленбеген жағдайларда қолданылады.
      ЕСКЕРТУ. 1-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
      Ескерту. 1-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.15. N 272 Заңымен.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      осы тұлғаның аффилиирленген тұлғасы (аффилиирленген тұлға)  - шешiмдi тiкелей және/немесе жанама айқындауға және (немесе) осы тұлғаның қабылдаған шешiмiне, оның iшiнде ауызекi шартты қоса алғанда, шарттың немесе өзге де мәмiленiң күшiне әсер етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға (өзiне берiлген өкiлеттiк шегiнде осы тұлғаның қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ осы тұлғаның сол жөнiнде, осындай құқығы бар кез келген жеке және заңды тұлға. Акционерлiк қоғамның лауазымды адамдары, оның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн (ашық халықтық акционерлiк қоғамдар үшiн - бес және одан да көп процентiн) иеленетiн акционер мiндеттi түрде акционерлiк қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып танылады;
      шығарылған акциялар  - акционерлер арасында орналастырылған және олар толық төлеген акциялар;
      дисконттық облигация  - атаулы құнынан төмен баға бойынша орналастырылатын және оны ұстаушының облигацияның атаулы құнын ол көздеген өтеу мерзiмiнде алу құқығын куәландыратын облигация;
      бiлiктi көпшiлiк  - шығарылған дауыс беретiн акциялардың жалпы санының үштен екiсi мөлшерiндегi көпшiлiк;
      бiлiктi инвестор  - бағалы қағаздар рыногында қызметiн жүзеге асыратын және айлық есептiк көрсеткiштiң 50 000 еселенген мөлшерiнен кем емес мөлшерде өз капиталы бар заңды тұлға;
      конверсияланатын бағалы қағаз  - акционерлiк қоғам шығарған, конверсияланатын бағалы қағаздарды шығарған кезде белгiленген шарттар бойынша осы акционерлiк қоғамының басқа түрдегi бағалы қағазына айырбасталуға тиiстi бағалы қағаз;
      акциялардың бақылау бумасы  - акциялардың осындай бумасының меншiк иесiне акционерлiк қоғам қабылдайтын шешiмдердi айқындауына құқық беретiн белгiлi бiр акциялар бумасының акционерлiк қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының мөлшерiне проценттiк арақатынасы;
      кумулятивтi дауыс беру  - акционерлiк қоғамның әрбiр дауыс беретiн акциясына акционерлiк қоғамның алқалы орган мүшелерiнiң жалпы санына тең дауыстар саны сәйкес келуге тиiс реттегi дауыс беру тәсiлi:
      купондық облигация  - оны ұстаушының акционерлiк қоғам облигациялар шығару шарттарына сәйкес төлейтiн сыйақыны (мүдденi) алу құқығын куәландыратын облигация;
      халықаралық облигация  - шығару және орналастыру шарттары, осы Заңның 33-бабы 6-тармағының ережелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелмейтiн, Қазақстан Республикасының резиденттерi эмиссиялайтын облигация;
      тәуелсiз директор  - ашық халықтық акционерлiк қоғамның директорлар кеңесiнiң өзi директорлар кеңесiне сайлануының алдындағы бес жылдың iшiнде осы акционерлiк қоғамның немесе оның аффилиирленген тұлғаларының лауазымды адамы, сондай-ақ осы акционерлiк қоғамның тәуелсiз аудиторы және (немесе) консультанты болып табылмайтын және болмаған, сондай-ақ акционерлiк қоғамның және (немесе) оның аффилиирленген тұлғаларының өзге аффилиирленген тұлғасы болмаған әрi аталған ұйымдардың лауазымды адамдарымен бағыныстылығы және туыстық қатысы жағынан байланысы жоқ мүшесi;
      тәуелсiз тiркеушi  - белгiлi бiр акционерлiк қоғамның бағалы қағаздар ұстаушыларының тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын және сол акционерлiк қоғамның, оның лауазымды адамдарының және әрбiр жеке акционердiң аффилиирленген тұлғасы болып табылмайтын, дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрге сол акционерлiк қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес және одан көп процентiн иеленетiн заңды тұлға;
      бағалы қағаздың атаулы құны  - бағалы қағаз құнының акционерлiк қоғамның жарғысында немесе бағалы қағазды шығару кезiнде белгiленген ақшалай көрiнiсi;
      шығарылатын болып жарияланған акциялар  - бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес шығаруға рұқсат етiлген акциялар;
      опцион  - келiсiлген баға бойынша және шартта белгiленген мерзiм iшiнде бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiнiң белгiлi бiр мөлшерiн бiр тараптың сатып алуға (сатуға) құқығын және екiншi тараптың сатуға (сатып алуға) мiндеттемесiн куәландыратын екі жақты шарт;
      баспасөз басылымы  - таралымы кемiнде 30.000 дана болатын мерзiмдi баспасөз басылымы немесе бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiнде материалдар жариялайтын мамандандырылған басылым. Баспасөз басылымдарының тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi;
      облигацияларды өтеу  - акционерлiк қоғамның бұрын шығарылған облигацияларды атаулы баға бойынша сатып алуы немесе оларды қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол акционерлiк қоғамның акцияларына конверсиялау;
      тiзiлiм ұстаушы  - тәуелсiз тiркеушi немесе ол заң актiлерiне сәйкес өзiнiң бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiн дербес жүргiзуге хақылы болса, акционерлiк қоғам;
      уәкiлеттi орган  - бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын қатынастарды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.

      3-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы

      1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам (бұдан әрi - қоғам) болып танылады.
      2. Қоғам өз акционерлерiнiң мүлкiнен оқшауланған мүлiктi иеленедi және олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      Қоғам өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауапты болады.
      3. Акционер қоғамның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты зияндарға тәуекел етедi.
      4. Егер қоғам өзiнiң жаңа акциялар немесе акцияларға конверсияланатын басқа да бағалы қағаздар шығаратын ниетi туралы хабарласа, қоғам осы жаңа акцияларды немесе акцияларға конверсияланатын бағалы қағаздарды олардың қолындағы акцияларға бара-бар артықшылықты сатып алу құқығына сәйкес акционерлерге бiрдей жағдайларда ұсынуға мiндеттi.
      Уәкiлеттi орган акционерлерге артықшылықты сатып алу құқығын пайдалану жөнiнде ұсыныс беру тәртiбiн белгiлеуге хақылы.
      5. Заңдарда көзделген жағдайларда қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында табысы тек қана қоғамды дамытуға пайдаланылатын коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
      6. Акционерлiк қоғам директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша заң актiлерiнде көзделген тәртiппен өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруға хақылы.

      4-бап. Қоғамның үлгiлерi және қоғамның үлгiлерiн
             өзгерту

      1. Қазақстан Республикасында қоғамның екi үлгiсi - ашық және жабық үлгiлерi құрылады.
      2. Қоғам өзiнiң үлгiсiн акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша осы Заңның талаптарын сақтай отырып өзгерте алады.
      3. Егер жабық қоғам акционерлерiнiң саны жүзден асса, ол қоғамның үлгiсiн ашық етiп өзгерту туралы шешiм қабылдау үшiн келесi үш айдың iшiнде акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге мiндеттi.
      4. Егер қоғам акционерлерiнiң саны жүзден аспаса, акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ашық қоғам жабық қоғам болып қайта құрылуға хақылы.
      5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгiленген нормалар коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.
      6. Қоғамның фирмалық атауы болады, онда қоғамның атауы, сондай-ақ қоғамның үлгiсiне қарай, "ашық акционерлiк қоғам" немесе "жабық акционерлiк қоғам" деген сөздер немесе тиiсiнше "ААҚ" және "ЖАҚ" аббревиатурасы болуға тиiс. Қоғам осындай фирмалық атауымен мемлекеттiк тiркеуден өтуге тиiс.

      5-бап. Жабық қоғам

      1. Акциялары осы бапта белгiленген тәртiппен өзiнiң құрылтайшылары мен алдын ала айқындалған адамдар тобының арасында орналастырылатын қоғам жабық қоғам болып табылады. Жабық қоғам өзi шығаратын акцияларды осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда тек жабық әдiспен ғана орналастыруға хақылы.
      2. Жабық қоғам акционерлерiнiң саны жүзден аспауға тиiс, бұған жабық қоғам коммерциялық емес ұйым болып табылатын жағдайлар қосылмайды.
      3. Жабық қоғам акционерлерiнiң осы қоғамның басқа акционерлерi сататын акцияларды сатып алуға артықшылықты құқығы бар.
      4. Жабық қоғамның өз акцияларын сатқысы келетiн акционерi оларды қоғамның басқа акционерлерiне, ал олар бас тартқан жағдайда - қоғамның өзiне сатып алуға ұсынуға мiндеттi. Сатылатын акцияларды сатып алудың артықшылықты құқығы акциялар сатуға ұсынылған кезден бастап отыз күн бойы акционерлерде сақталады. Егер акционерлердiң ешқайсысы аталған мерзiмде осы құқықты пайдаланбаса, ол қоғамға өтедi және онда отыз күн бойы сақталады. Қоғам сатылатын акцияларды сатып алудың артықшылықты құқығын акционерлердiң жалпы жиналысының тиiстi шешiмiн қабылдау жолымен iске асырады. Қоғамның жарғысында сатуға ұсынылған акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығын қоғамның акционерлерiнде немесе оның өзiнде қалдырудың өзге мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн, бiрақ ол кемiнде отыз күн болады.
      Қоғам және оның акционерлерi акцияларды сатып алудан бас тартқан немесе белгiленген мерзiмдер iшiнде жауап алмаған жағдайда акционер акцияларды қоғамға және оның қатысушыларына ұсынған бағадан төмен емес құны бойынша үшiншi тұлғаларға сатуға хақылы. Сатуға ұсынылған акциялардың бағасын төмендету туралы шешiм қабылдаған ретте акционер осы бапта белгiленген тәртiппен оларды басқа акционерлерге және (немесе) қоғамға сатып алуға қайта ұсынуға мiндеттi.
      Жабық қоғамның акцияларын өзге негiздер бойынша иелiктен айыру заңдарға сәйкес жүргiзiледi.
      5. Жабық қоғам акцияларының эмиссиясы осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.
      Жабық қоғамның жарғысында өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен қоғамның мүдделерiн едәуiр бұзушы акционердi сот тәртiбiмен акционерлер қатарынан шығару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Аласталған акционердiң акцияларын қоғамның таза активтерi құнының ол шығарған акциялардың жалпы санына қатынасы есебiмен сот белгiлеген баға бойынша қоғам сатып алуға тиiс.

      6-бап. Ашық қоғам

      1. Акционерлерi өздерiне тиесiлi акцияларды басқа акционерлердiң келiсiмiнсiз иелiктен айыруға хақылы қоғам ашық қоғам болып табылады. Ашық қоғам акцияларды жабық, жеке және ашық әдiспен орналастыруға хақылы.
      2. Ашық қоғам акционерлерiнiң саны шектелмейдi.

      7-бап. Ашық халықтық қоғам

      1. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында акциялар бағаланатын, активтерiнiң мөлшерi кемiнде айлық есептi көрсеткiштiң 200 000 еселенген мөлшерiн құрайтын және акционерлерiнiң саны бес жүзден кем болмайтын ашық қоғам ашық халықтық қоғам (бұдан әрi - халықтық қоғам) болып табылады. Халықтық қоғамның белгiлерiне сәйкес келетiн ашық қоғам күнтiзбелiк жыл аяқталғаннан кейiн отыз күннiң iшiнде бұл туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
      2. Халықтық қоғам мәртебесiн алу тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
      3. Қоғам мына жағдайлардың:
      1) осы баптың 2-тармағына сәйкес халықтық қоғам мәртебесiн алған қоғам акционерлерiнiң саны алты айдың iшiнде бес жүзден кемiп кетуiнiң;
      2) оның активтерiнiң мөлшерi айлық есептi көрсеткiштiң 200 000 еселенген мөлшерiнен кемiп кетуiнiң;
      3) қоғам акцияларының бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногындағы бағалануы тоқтатылуы жағдайларының бiреуi пайда болған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн уәкiлеттi органға хабарлай отырып, халықтық қоғам мәртебесiн жоғалтқаны туралы мәлiмдеуге мiндеттi.
      4. Халықтық қоғамның акцияларымен жасалатын мәмiлелер есебiн Орталық депозитарий немесе тәуелсiз тiркеушi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.

      8-бап. Қоғамның жарғылық капиталының ең
             төмен мөлшерi

      1. Қоғамның жарияланған жарғылық капиталының ең төмен мөлшерi:
      жабық қоғам үшiн - айлық есептi көрсеткiштiң 100 еселенген мөлшерi;
      ашық қоғам үшiн - айлық есептi көрсеткiштiң 5000 еселенген мөлшерi болып табылады.
      2. Жабық қоғамның жарияланған ең төмен жарғылық капиталы қоғам мемлекеттiк тiркеуден өтетiн кезге қарай төленуге тиiс.
      Ашық қоғамның жарияланған ең төмен жарғылық капиталының жиырма бес процентi қоғам мемлекеттiк тiркеуден өтетiн кезге қарай ақшалай төленуге тиiс.
      3. Ашық қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының ең төмен мөлшерiн:
      1) ашық қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап бiр жыл iшiнде - жарияланған жарғылық капиталдың ең төмен мөлшерiнiң жиырма бес процентi;
      2) ашық қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап бiр жыл өткеннен кейiн - жарияланған жарғылық капиталдың ең төмен мөлшерi құрайды.

2-тарау. ҚОҒАМДЫ ҚҰРУ

      9-бап. Қоғамның құрылтайшылары

      1. Қоғамды құру туралы шешiм қабылдаған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қоғамның құрылтайшылары болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметiн, жергiлiктi атқарушы органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн қоспағанда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттiк мекемелер қоғамның құрылтайшысы немесе қатысушысы ретінде әрекет ете алмайды.
      3. Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды және жеке тұлғалар заң актiлерiнде және (немесе) халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында акционерлiк қоғамдар құруға және қызметiне қатысуға хақылы.
      4. Қоғамның құрылтайшысы жалғыз тұлға болуы мүмкiн.
      5. Қоғамның құрылтайшылары оны құруға байланысты және ол мемлекеттiк тiркеуден өткенге дейiн туындаған мiндеттемелер бойынша бiрлесiп жауапты болады.
      Қоғам осындай мiндеттемелер бойынша аталған тұлғалардың iс-қимылын кейiннен қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы мақұлдаған жағдайда жауапты болады.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      10-бап. Қоғамды құру

      1. Қоғам құрылтай жиналысының шешiмi бойынша құрылады. Қоғамды жалғыз тұлға құрған жағдайда оны құру туралы шешiмдi осы тұлға жеке-дара қабылдайды.
      2. Құрылтай шарты мен жарғы қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады. Жалғыз тұлға құрған қоғамның құрылтай құжаты оның жарғысы болып табылады.
      3. Құрылтай жиналысында құрылтайшылар қоғамды құру туралы шешiм қабылдайды, оның жарғысын бекiтедi, қоғамның органдарын, сондай-ақ қоғамды мемлекеттiк тiркеуге арналған құжаттарға қол қоюға және ұсынуға, заңдарда белгiленген тәртiппен мүлiктi, оның iшiнде қоғамның акцияларын төлеуге құрылтайшылар енгiзетiн мүлiктiк құқықтарды ақшалай бағалауды жүргiзуге уәкiлеттi адамдарды сайлайды. Құрылтайшылар құрылтай жиналысының хаттамасын және құрылтай шартын жасасып, қол қоюға, сондай-ақ қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi туралы шешiм қабылдауға тиiс.
      4. Қоғамның құрылтай жиналысында сайланған органдар қоғам мемлекеттiк тiркелгеннен кейiнгi акционерлердiң бiрiншi жалпы жиналысына дейiн жұмыс iстейдi.
      5. Шетелдiк инвестордың қатысуымен қоғам құру заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      6. Қоғам осы Заңда және басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жұмыс iстеп тұрған заңды тұлғаны қайта құру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) жолымен құрылуы мүмкiн.

      11-бап. Қоғамның құрылтай шарты

      1. Құрылтай шартында:
      1) мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде қоғамды құру туралы шешiм, қоғамның үлгiсiн көрсету, оның толық және қысқартылған атауы;
      2) заңды тұлғалар үшiн қоғам құрылтайшыларының мемлекеттiк тiркелгенiн куәландыратын құжаттарға сәйкес атаулары, орналасқан жерi көрсетiлген тiзбесi немесе жеке адамдар үшiн аты, тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi;
      3) қоғамды құру тәртiбi, оның құрылтайшыларының құқықтары мен мiндеттерi және қоғамды құруға байланысты шығындардың бөлiнуi, сондай-ақ қоғамды құру жөнiнде құрылтайшылар жүзеге асыратын қызметтiң өзге де шарттары; құрылтайшылардың, сондай-ақ қоғамды құру және тiркеу процесiнде оның мүдделерiн бiлдiру тапсырылатын басқа да тұлғалар өкiлеттiгiнiң анықтамасы;
      4) қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi;
      5) құрылтайшылардың акцияларды төлеу мөлшерi, мерзiмдерi және тәртiбi туралы мәлiметтер;
      6) қоғамның құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялары санының анықтамасы;
      7) шығарылатын акциялардың түрлерi мен санаттары және оларды бастапқы орналастырудың тәртiбi туралы мәлiметтер;
      8) қоғамның жарғысын бекiту туралы жазба болуға тиiс.
      Құрылтай шартына құрылтайшылардың шешiмi бойынша қоғамды құруға және оның болашақтағы қызметiне қатысты, осы Заңға және басқа да заң актiлерiне қайшы келмейтiн басқа ережелер мен мәлiметтер де енгiзiлуi мүмкiн.
      2. Егер шарттың өзiнде өзгедей көзделмесе, құрылтай шартында баяндалған мәлiметтер коммерциялық құпия болып табылады. Құрылтай шарты мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ үшiншi тұлғаларға тек қоғамның шешiмiмен не заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда ғана көрсетiлуге тиiс.

      12-бап. Құрылтай шартын жасасу тәртiбi
              және оның нысаны

      1. Қоғамның құрылтай шарты бұл шартқа әрбiр құрылтайшының немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қол қоюы арқылы жасалады.
      2. Қоғамның құрылтай шарты жазбаша нысанда жасалады. Шарттың және құрылтайшы - жеке тұлғалар қолдарының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиiс.
      Құрылтайшылар өкiлдерiнiң, құрылтайшылар жиналысына қатысу және құрылтай шартына қол қою жөнiндегi құқықты қоса алғанда, қоғамды құруға құқық беретiн тиiстi өкiлеттiгi болуға тиiс.
      3. Ашық қоғам құру туралы құрылтай шартының күшi қоғамды мемлекеттiк тiркеген және оның барлық құрылтайшылары құрылтай шартында белгiленген мiндеттемелердi орындаған сәттен бастап тоқтатылады.

      13-бап. Қоғамның жарғысы

      1. Қоғамның жарғысын заңды тұлға ретiндегi қоғамның мәртебесiн айқындайтын құжат болып табылады және қоғамды мемлекеттiк тiркеу кезiнде құрылтай құжаты ретiнде қарастырылады. Жарғыға қоғам құрылтайшыларының уәкiлеттi өкiлдерi қол қоюға тиiс және оны нотариат куәландыруға тиiс.
      2. Қоғамның жарғысында мынадай ережелер болуға тиiс:
      1) қоғамның үлгiсi (ашық, жабық);
      2) қоғамның мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi толық және қысқартылған атауы;
      3) қоғамның орналасқан жерi;
      4) қоғамның жарияланған капиталының мөлшерi туралы мәлiмет;
      5) қоғам жариялаған акциялардың әр түрiнiң саны, санаттары, атаулы құны, оларды иеленушiлердiң құқықтары туралы мәлiметтер;
      6) қоғамның органдарын қалыптастыру тәртiбi және олардың құзыретi;
      7) қоғам органдарының шешiм қабылдау тәртiбi, оның iшiнде шешiм бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелердiң тiзбесi;
      8) акционерлердiң жалпы жиналысын әзiрлеу мен өткiзу тәртiбi, сондай-ақ жалпы жиналысты өткiзу туралы акционерлерге хабарлаудың осы хабарлар жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары көрсетiлген нысаны;
      9) қоғамның резервтiк капиталын құру мен пайдалану тәртiбi;
      10) қоғамның қызметiн тоқтатудың шарттары;
      11) қоғам коммерциялық емес ұйым болған жағдайда: қоғамның коммерциялық емес ұйым екенiнiң көрсетiлуi, дауыс беру рәсiмi туралы ереже, дивидендтердi төлемеу, осы Заңда және коммерциялық емес ұйымдар туралы заң актiлерiнде белгiленген басқа да талаптар.
      Жарғыда бiр акционерге тиесiлi акциялардың санын және (немесе) олардың атаулы жиынтық құнын, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайларда, бiр акционерге берiлетiн дауыстардың ең жоғары санын шектеу белгiленуi мүмкiн.
      3. Барлық мүдделi тұлғалар қоғамның жарғысымен танысуға хақылы.
      Акционердiң талап етуi бойынша қоғам оған енгiзiлген кейiнгi өзгерiстердi қоса, қоғамның жарғысымен танысуға мүмкiндiк беруге мiндеттi. Қоғам акционерге оның өтiнiшi бойынша ақыға жарғының көшiрмесiн беруге мiндеттi, ол ақы көшiрменi дайындау шығындарынан аспауға тиiс.

      14-бап. Қоғам акционерлерiнiң құқықтары мен
              мiндеттерi

      1. Қоғам акционерiнiң:
      1) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамды басқаруға қатысуға;
      2) дивидендтер алуға;
      3) акционерлердiң жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен қоғамның қызметi туралы ақпарат алуға, оның iшiнде қоғамның қаржылық есебiмен танысуға;
      4) тiзiлiмдi ұстаушыдан немесе бастапқы ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын көшiрмелер алуға;
      5) қоғамның басқару органдары қабылдаған шешiмдерге сот тәртiбiмен дау көтеруге;
      6) қоғамның органдары заң нормалары мен қоғам жарғысын бұзатын iс-әрекеттер жасаған жағдайда, өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн мемлекеттiк органдарға жүгiнуге;
      7) қоғамға оның қызметi туралы жазбаша сауал салуға және сауал қоғамға келiп түскен күннен бастап отыз күн iшiнде дәлелдi жауаптар алуға;
      8) қоғам тартылған жағдайда қалған мүлiктiң бiр бөлiгiне құқығы бар.
      2. Қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес және одан да көп процентiн иеленушi акционерлердiң:
      1) қоғам акционерлерiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға;
      2) қоғамның органдарына кандидатуралар ұсынуға;
      3) қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында белгiленген тәртiппен қоғам акционерлерi тiзiмiнiң көшiрмесiн алуға құқығы бар.
      Акционерлердiң аталған құқықтарын шектейтiн қоғам жарғысының ережелерi, қоғамның органдарының өзге де құжаттары және шешiмдерi жарамсыз болады.
      Акционерлердiң осы Заңда, өзге де заң актiлерiнде және қоғамның жарғысында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкiн.
      3. Қоғамның акционерi:
      1) қоғамның құрылтай құжаттарында және осы Заңда көзделген
тәртiппен акцияларды төлеуге;
      2) өзiне тиесiлi акцияларды сату жөнiнде iрi мәмiле жасау ниетi туралы қоғамға хабарлауға;
      3) тiзiлiмдi ұстаушыларға немесе осы акционерге тиесiлi  акцияларды атаулы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың  тiзiлiмiн жүргiзуге қажеттi мәлiметтердiң өзгергендiгiн он күн iшiнде хабарлауға;
      4) қоғамның коммерциялық құпия болып табылатын қызметi туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
      4. Қоғам өз акционерiне басқа мiндеттердi жүктей алмайды.

3-тарау. ҚОҒАМНЫҢ КАПИТАЛЫ, ҚОҒАМНЫҢ ТАЗА
ТАБЫСЫН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТӨЛЕМДЕРIН БӨЛУ

      15-бап. Қоғамның жарияланған жарғылық капиталы

      1. Қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi шығаруға жарияланған барлық акциялардың бастапқы жиынтық құнына тең болады және бiрыңғай валютада көрсетiледi. Қоғамның шығаруға жарияланған акциялардың бәрiн немесе тек бiр бөлiгiн шығаруына және орналастыруына болады.
      2. Акционерлердiң жалпы жиналысында белгiленген шығарылатын акциялар саны, шығаруға жарияланған акциялардың шегiнде шығарудың мерзiмдерi мен шарттары, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмiмен белгiленедi.
      3. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, шығаруға жарияланған барлық акциялар орналастырылғаннан және төленгеннен кейiн ғана акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның жарияланған жарғылық капиталын көбейтуге жол берiледi.
      4. Қоғамның жарияланған жарғылық капиталы жарияланған және шығарылған (төленген) капиталдың арасындағы айырманың сомасында азайтылуы мүмкiн.
      Қоғамның жарияланған жарғылық капиталын азайту туралы шешiм жарғылық капиталды көбейту туралы шешiм сияқты тәртiппен қабылданады.
      Жарияланған жарғылық капиталды осы Заңда белгiленген ең төменгi мөлшерден кемiтуге жол берiлмейдi.
      Жарғылық капиталды кемiтуге тек қоғамның барлық несие берушiлерiн ол туралы отыз күннен асырмай баспасөз басылымында хабарландыру жариялау жолымен құлақтандырғаннан кейiн және (немесе) оған жазбаша хабарландыру жiбергеннен кейiн ғана жол берiледi. Бұл жағдайда несие берушiлер тиiстi мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын тоқтатуды немесе орындауды және өздерiне келтiрген зияндарды өтеудi талап етуге құқылы.

      16-бап. Қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық
              капиталы

      1. Қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының мөлшерi шығарылған акциялардың бастапқы жиынтық құнына тең болады.
      2. Қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталы жаңа акциялар шығару немесе шығарылған акцияларды сатып алу және кейiннен жою арқылы өзгертiлуi мүмкiн. Бұл ретте шығарылған акциялардың атаулы жиынтық құны осы Заңға сәйкес тиiстi қоғам үлгiсiнiң шығарылған (төленген) жарғылық капиталы үшiн белгiленген ең төменгi мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
      3. Шығарылған (төленген) жарғылық капиталды қалыптастыру, өзгерту тәртiбi осы Заңмен реттеледi.
      4. Егер екiншi немесе одан кейiнгi кез келген қаржы жылы аяқталғанда қоғамның таза активтерiнiң құны шығарылған (төленген) жарғылық капиталдың мөлшерiнен кем болса, қоғам осы Заңда және бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда белгiленген тәртiппен оны кемiту туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.

      17-бап. Қоғамның резервтiк капиталы

      1. Қоғам қоғамның шеккен зиянын өтеу үшiн өзiнiң жарияланған жарғылық капиталының кемiнде он бес процентi мөлшерiнде резервтiк капитал жасауға тиiс.
      2. Резервтiк капитал қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген кезден бастап екi жылдың iшiнде қалыптастырылуға тиiс. Қоғамның резервтiк капиталы қоғамның таза табысынан жыл сайын қаржы бөлу жолымен қалыптастырылады. Жыл сайын бөлiнетiн қаржының мөлшерiн қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы белгiлейдi.
      Егер қандай да болсын төлемдердiң нәтижесiнде қоғамның резервтiк капиталы оның жарияланған жарғылық капиталының он бес процентiнен аз болып қалса, қоғам резервтiк капиталды көрсетiлген шамаға дейiн толтыру үшiн қаржы бөлудi қайтадан бастауға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 17-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      18-бап. Қоғамның облигациялары бойынша
              сыйақы (мүдде)

      1. Қоғамның шығарған облигациялары бойынша сыйақы (мүдде) облигацияларды шығару шарттарына сәйкес оларды өтеу мерзiмiне дейiн (өтеу кезiнде) облигациялар бойынша жүзеге асырылатын бiр жолғы немесе мерзiмдiк төлемдер түрiнде белгiленедi. Облигацияларды орналастырудың бағасы мен атаулы құнының арасындағы айырма дисконттық облигация бойынша сыйақы (мүдде) сомасы болып табылады.
      2. Облигацияларды оны төлеу күнiне дейiн отыз күннен кешiктiрмей сатып алған тұлғалардың сыйақы (мүдде) алуға құқығы бар.

      19-бап. Қоғамның дивидендтерiн төлеу тәртiбi

      1. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмiне сәйкес қоғамның өз акционерлерiне оларға тиесiлi акциялар бойынша төлейтiн сыйақысы дивиденд болып табылады.
      Дивидендтер ақшамен, сондай-ақ акционердiң келiсiмiмен сол қоғамның бағалы қағаздарымен төленедi.
      Дивидендтердiң бiр акцияға есептегендегi мөлшерiн, егер осы Заңда және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесi белгiлейдi.
      2. Қоғам дивидендтер төлеудi тоқсан сайын, жарты жылда бiр рет не жыл қорытындысы бойынша жариялауға хақылы.
      3. Жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу (жыл қорытындысы бойынша төленетiндерден басқа) туралы шешiмдi, егер қоғамның жарғысында бұл мәселенi шешу акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылмаса, қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
      Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы немесе директорлар кеңесi өзiнiң осы Заңда және жарғыда көздеген құзыреттерiнiң шегiнде белгiлi бiр кезеңнiң қорытындылары бойынша жай акциялар бойынша дивидендтер төлеудiң орынсыздығы туралы шешiм қабылдауға хақылы.
      Дивидендтер төлеу туралы шешiм:
      1) қоғамның акционерлер алдындағы дивидендтердi төлемегенi үшiн жауапкершiлiгi пайда болатын жариялау кезiнен бастап дивидендтердiң мөлшерi мен дивидендтердi iс жүзiнде төлеу күнi туралы;
      2) дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердi тiркеудiң түпкiлiктi күнi туралы;
      3) қоғамның жарғысына сәйкес белгiленген төлеу әдiсi (қолма қол ақшамен немесе акционердiң өтiнiшiне сәйкес аудару нысанында) туралы ақпаратты қамтуға тиiс.
      4. Дивидендтердi төлеу кезiнде бiрiншi кезекте артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер, содан кейiн жай акциялар бойынша дивидендтер төленедi.
      5. Дивидендтерге олар бойынша дивидендтер төлеудiң ресми жарияланған күнiне дейiн отыз күннен кешiктiрмей акциялар сатып алған тұлғалардың құқығы бар.
      Акционер қоғам берешегiнiң пайда болған мерзiмiне қарамастан алынбаған дивидендтердi төлеудi талап етуге хақылы.
      Алынбаған дивидендтер бойынша сыйақы (мүдде) есептелмейдi.
      Қоғам айналысқа шығармаған немесе орналастырмаған, немесе сатып алмаған акциялар бойынша дивидендтер төленбейдi.
      Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтердi төлеудiң тәртiбi мен ең төменгi мөлшерi олардың эмиссия проспектiлерiмен белгiленедi. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетiн дивидендтердiң мөлшерi осы кезеңдегi жай акциялар бойынша есептелетiн дивидендтердiң мөлшерiнен аз болмауы тиiс. Артықшылықты акциялардың иелерiне есептелетiн дивидендтер толық көлемiнде төленгенге дейiн жай акциялар бойынша дивидендтер төленбейдi.
      6. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар акциялар бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.

      20-бап. Дивидендтер төлеу жөнiндегi шектеулер

      1. Егер қоғам банкроттық туралы заңдарға сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келетiн болса немесе аталған белгiлер қоғамда дивидендтер жарияланып, төленгеннен кейiн пайда болса, қоғамның өз капиталы жетпейтiн жағдайда келесi жылы акционерлерге жай акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салынады.
      2. Осы баптың 1-тармағын бұза отырып жүзеге асырылған мәмiлелер қоғамның несие берушiлерiнiң мүдделерiне залал келтiрiп жасалған деп қаралады және кез келген мүдделi тұлғаның талап-арызы бойынша сот жарамсыз деп тануы мүмкiн.

4-тарау. ҚОҒАМНЫҢ АКЦИЯЛАРЫ ЖӘНЕ БАСҚА ДА
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРЫ

      21-бап. Акциялар туралы жалпы ережелер

      1. Акция - қоғам шығаратын және олардың түрлерi мен санаттарына қарай акционерлердiң мынадай:
      1) дивидендтер алуға;
      2) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, қоғамды басқаруға қатысуға;
      3) қоғам таратылғаннан кейiн оның қалған мүлiктерiнiң бiр бөлiгiне құқықтарын куәландыратын бағалы қағаз.
      Акцияның атаулы құны Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi және осы қоғамның барлық шығарылымдарының акциялары үшiн бiрыңғай болуға тиiс. Атаулы құны шетелдiк валютамен белгiленген акцияларды төлеу Қазақстан Республикасының валюта заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Қоғамның атаулы акциялар ғана шығаруға құқығы бар.
      3. Акция бөлiнбейдi. Егер акцияны бiрнеше тұлға сатып алса, олардың бәрi қоғамға қатысты бiр акционер болып танылады, өз құқықтарын ортақ өкiл арқылы жүзеге асырады.

      22-бап. Акциялардың түрлерi

      1. Қоғам жай және (немесе) артықшылықты акциялар шығарады. Артықшылықты акциялар қоғамның жарияланған жарғылық капиталының жиырма бес процентiнен аспайтын көлемде шығарылады.
      2. Қоғамның жарғысында немесе акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiнде осы Заңға сәйкес түрлi санаттағы артықшылықты акциялар шығару көзделуi мүмкiн.
      3. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдардың артықшылықты акциялар шығаруды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      4. Қоғам акционерлерiнiң құрылтай немесе жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын "алтын акция" енгiзуi мүмкiн. "Алтын акцияның" иесi қоғам жарғысын белгiлеген мәселелер бойынша жалпы жиналыстың, басқарманың және директорлар кеңесінің шешiмiне вето қою құқығын ғана иеленедi.
      "Алтын акциямен" куәландырылған вето қою құқығы берілуге жатпайды.
      ЕСКЕРТУ. 22-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      23-бап. Жай акциялар

      1. Жай акциялар оны иеленушi әрбiр акционерге жай акцияларды басқа иеленушiлермен бiрдей құқықтар бередi.
      2. Жай акция акционерге дауыс беруге ұсынылған барлық мәселелердi шешу жағдайында дауыс беру құқығымен акционерлердiң жалпы жиналысына қатысуға құқық бередi. Жай акция акционерге дивидендтер алуға құқық, қоғам таратылғаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiн осы Заңда және өзге де заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен алуға да құқық бередi.

      24-бап. Қоғамның артықшылықты акциялары

      1. Артықшылықты акцияларды иеленушi акционерлердiң жай акциялар иелерiнiң алдында, эмиссия проспектiсiмен белгiленген алдын ала айқындалған кепiлдi мөлшердегi дивидендтер, сондай-ақ қоғам таратылғаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiн осы Заңда белгiленген тәртiппен алуға артықшылықты құқықтары бар.
      Қоғамның жарғысында осы акциялар бойынша қосымша артықшылықтар көзделуi мүмкiн.
      2. Қоғам артықшылықты акциялардың мынадай санаттарын:
      1) дауыс беру құқығынсыз дивидендтердiң ең төменгi мөлшерi белгiленген акциялар;
      2) дауыс беру құқығы бар дивидендтердiң ең төменгi мөлшерi белгiленген акциялар шығаруды жүзеге асыруға хақылы.
      Бұл орайда дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акциялардың ол таратылғаннан кейiн қалған дивидендтер жөнiнде және қоғам мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуда басым құқықтары бар.
      Артықшылықты акциялардың әрбiр санатының артықшылықтары оларды шығарған кезде сол акциялар эмиссиясының проспектiсiнде белгiленiп, қоғам жарғысында реттелуге тиiс. Жарғыда мұндай ереже жоқ болса, артықшылықты акциялардың бәрi белгiлi бiр санаттағы акциялар деп саналады.
      3. Артықшылықты акциялар бойынша төленбеген дивидендтер жинақталып, эмиссиясының проспектiсiне сәйкес дивидендтер төлеудiң белгiленген мерзiмi аяқталғаннан кейiн төленуге тиiс. Егер төлеу мерзiмi белгiленген күннен бастап үш айдың iшiнде дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер төленбесе, осы мерзiм бiткен соң артықшылықты акцияларды иеленушi акционерге акционерлердiң жалпы жиналысына оның құзыретiндегi барлық мәселелер бойынша мерзiмi өтiп кеткен дивидендтердi төлеу кезiне дейiн дауыс беру құқығы берiледi. Бұл жағдайда артықшылықты акция қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында шешiмдер қабылдау үшiн белгiленген кворумды айқындау кезiнде ескерiледi.
      4. Дивидендтерi төленбеген артықшылықты акцияны иелiктен айыру оны акцияның жаңа меншiк иесiнiң алу құқығымен жүзеге асырылады.
      5. Қоғам таратылған жағдайда артықшылықты акциялар иелерiнiң басқа акционерлердiң алдында тиесiлi, бiрақ төленбеген дивидендтердi бiрiншi кезекте толық көлемiнде алуға, өздерiне тиесiлi акциялардың атаулы құнын өтетуге және ол таратылғаннан кейiн қалған қоғам мүлкiнiң бiр бөлiгiн өздерiне тиесiлi акциялар құнына сай жай акциялар иелерiмен тең алуға құқығы бар.
      6. Жарғыға енгiзiлген, жекелеген санаттағы артықшылықты акциялар иелерiнiң құқығын шектейтiн кез келген өзгерiстердi акционерлердiң жалпы жиналысы осындай санаттағы акциялардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiн иеленетiн акционерлер аталған шектеулердiң қабылдануын жақтап дауыс берген жағдайда ғана қабылдай алады. Бұлай болмаған жағдайда акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi ол қабылданған сәттен бастап жарамсыз деп саналады.

      25-бап. Жарияланған және шығарылған акциялар

      1. Қоғамның жарғысында жарияланған акциялардың саны, түрлерi және санаттары, олардың атаулы құны, сондай-ақ қоғамның артықшылықты акцияларының әрбiр санаты бойынша акционерлерге берiлетiн құқықтар айқындалуға тиiс.
      2. Егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, жарияланған акциялар шегiнде акциялардың эмиссиясы туралы шешiмдi қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды. Шешiмде шығарылатын акциялардың әрбiр түрiнiң саны және олардың санаттары, сондай-ақ оларды орналастырудың мерзiмдерi мен шарттары айқындалуға тиiс.
      3. Ашық қоғам уәкiлеттi мемлекеттiк органға акциялардың шығарылуы мен орналастырылуының қорытындылары туралы есеп беруге мiндеттi. Есеп берудiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
      Уәкiлеттi орган шығарылған және орналастырылған акциялардың қорытындылары туралы есептi бекiткенге дейiн қоғамның акциялардың эмиссиясы нәтижесiнде алынған ақшаға және өзге де мүлiкке билiк етуге құқығы жоқ.

      26-бап. Қоғамның акцияларды орналастыру тәсiлдерi

      1. Қоғамның акциялары мынадай тәсiлдермен:
      1) жабық, яғни қоғамның құрылтайшылары және осы Заңға сәйкес алдын ала белгiленген тұлғалар тобы арасында;
      2) жекеше, яғни бiлiктi инвесторлардың арасында;
      3) ашық, яғни бағалы қағаздар туралы заңдарға сәйкес аукцион өткiзу және (немесе) еркiн сату жолымен тұлғалардың шектеусiз тобы арасында орналастырылады.
      2. Қоғамның үлгiсiне қарамастан, қоғамның акцияларын бастапқы орналастыру оның құрылтайшылары арасында жабық тәсiлмен олардың эмиссиясын заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылады.
      3. Қоғам акцияларының алдыңғы эмиссиясы толық орналастырылғанға дейiн акцияларды одан кейiн шығаруға және орналастыруға жол берiлмейдi.
      4. Жабық қоғам акцияларының кейiнгi эмиссияларын орналастыру тек жабық тәсiлмен олардың эмиссиясын осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылады. Жабық қоғамды ашық қоғам етiп қайта құрған кезде қоғам қайта құрылған кезден бастап үш ай iшiнде бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес уәкiлеттi органға бұрын шығарылған акциялар орналастыру жөнiнде есеп беруге мiндеттi.
      5. Ашық қоғамның жабық немесе жеке әдiспен орналастыратын акцияларының эмиссиясы мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.
      Жабық тәсiлмен сатып алынған акцияларды одан әрi беру, уәкiлеттi органның ережелерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, олардың эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу шартымен жүргiзiледi.
      Ашық қоғамның жеке тәсiлмен орналастырылған және бiлiктi инвестор сатып алған акциялары басқа бiлiктi инвесторға ғана мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлмей берiлуi мүмкiн.
      6. Қоғамның акцияларын кез келген тәсiлмен орналастыруға осы акциялар эмиссиясының уәкiлеттi орган берген ұлттық сәйкестендiру нөмiрi болған жағдай ғана рұқсат етiледi. Бағалы қағаздар эмиссиясына ұлттық сәйкестендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      27-бап. Қоғамның орналастыратын акцияларын төлеуi

      1. Акцияларды қоғам атаулы немесе нарықтық құны бойынша орналастырады. Бұл ереже:
      1) нарықтық бағасы осындай акцияларды орналастыру бағасына проценттiк арақатынасында белгiленген андеррайтерлiк сыйақы мөлшерiнен төмен бола алмайтын баға бойынша андеррайтерлер орналастыратын акцияларға;
      2) опционға сәйкес орналастырылатын акцияларға;
      3) осы қоғамның басқа бағалы қағаздарын конверсиялау жолымен орналастырылатын акцияларға қолданылмайды.
      2. Қоғамның акцияларын төлеуге ақша, мүлiктiк құқықтар, жердi пайдалану құқығы, интеллектуалдық қызмет нәтижесiне құқықтар және өзге де мүлiк енгiзiлуi мүмкiн.
      Акцияларды бағалы қағаздармен төлеуге соңғыларының бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында белгiленетiн құны бойынша ғана жол берiледi.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша ақшадан басқа, акцияларды төлеу үшiн енгiзiлетiн өзге де мүлiк оның ағымдағы нарықтық құны ескерiле отырып, ақшамен бағаланады. Қоғам осы мүлiктi бағалау туралы шешiмде оның құны белгiленген негiздердi көрсетуге мiндеттi. Акциялар үшiн ақы төлеуге енгiзiлетiн салымды, оның бағасын тәуелсiз аудитор растауға тиiс. Қоғамның жарғысында акцияларды төлеуге қолданылатын мүлiктiң түрлерiне шектеу белгiленуi мүмкiн.
      4. Акциялар үшiн төлем ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлген жағдайларда бұл төлемнiң мөлшерi осы мүлiктi қоғамның бүкiл пайдалану мерзiмi үшiн есептелген пайдалану ақысымен айқындалады.
      Пайдалану құқығы қоғамның акциялары үшiн ақы төлеу болатын мүлiктi акционерлердiң жалпы жиналысының келiсiмiнсiз мерзiмiнен бұрын алып қоюға жол берiлмейдi.
      5. Қоғамның акциялары құрылтайшылар арасында олардың атаулы құны бойынша орналастырылады.
      Қоғамның құрылтайшылар арасында орналастырылатын жарияланған акциялары, егер құрылтай шартында акцияларды толық төлеудiң неғұрлым ерте мерзiмi көзделмесе, қоғам мемлекеттiк тiркелген күннен бастап бiр жылдың iшiнде толық төленуге тиiс.
      Сатып алған акцияларының құнын белгiленген мерзiмде толық көлемiнде төлемеген құрылтайшы қоғамның шешiмi бойынша құрылтайшылар қатарынан шығарылған болып танылады, бұл туралы оған тиiстi хабарлама жiберiледi. Мұндай құрылтайшының құрылтай шартымен белгiленген құқықтары мен мiндеттерi оны құрылтайшылар қатарынан шығарылған деп тану туралы шешiм қабылданған күннен бастап тоқтатылады.
      Құрылтайшы акцияларды толық төлемеген жағдайда акциялар құнының төленбеген бөлiгi қоғамның шешiмi бойынша акцияларды қайта бөлуге сәйкес қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен төлеу үшiн басқа құрылтайшыға берiлуi мүмкiн.
      6. Толық төленбеген акциялар мен қоғам сатып алған акциялардың дауыс беру құқығы болмайды және олар бойынша дивидендтер төленбейдi.

      28-бап. Қоғамның шығарылған акцияларды сатып алуы

      1. Қоғамның шығарылған акцияларды сатып алуы осы заңға сәйкес белгiленген, шығарылған акцияларды сатып алу туралы хабарландырылған күннiң алдындағы соңғы отыз күнтiзбелiк күндегi олардың нарықтық орташа есептелген бағасы бойынша немесе сатып алу туралы талаптың бағасы бойынша жүргiзiледi. Қоғамның шығарылған акцияларды сатып алуы акцияларды қайта бөлу не жою мақсатында және қоғамның жарғысында көзделген басқа да негiздер бойынша жүзеге асырылады.
      2. Егер қоғамның жарғысында және (немесе) қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмiнде өзгеше көзделмесе, шығарылған акцияларды қоғамның сатып алуы заңмен белгiленген тәртiппен қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады. Шешiмде сатып алынатын акциялардың саны, олардың түрлерi мен санаттары, сатып алу бағасы мен төлеу мерзiмдерi көрсетiлуге тиiс.
      3. Қоғамның мөлшерi шығарылған акциялардың жалпы мөлшерiнен бiр процент асатын шығарылған акцияларды сатып алуы туралы ұсыныс бағасы мен сатып алу шарттары бойынша барлық акционерлер үшiн бiрдей дәрежеде қол жетерлiк болуы және баспасөз басылымында жариялануға тиiс. Шығарылған акцияларды сатып алу туралы ұсыныста акциялар сатып алынатын мерзiм мен ол аяқталғаннан кейiн қоғам оларды сатып алудан бас тартуға хақылы мерзiм көрсетiлуге тиiс.
      4. Қоғамның:
      1) қоғамның эмиссияланған акциялары толық төленгенге дейiн;
      2) егер қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталы акцияларды сатып алудың нәтижесiнде қоғамның тиiстi үлгiсi үшiн шығарылған (төленген) жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшерiнен кем болып қалса;
      3) егер акцияларды сатып алу кезiнде қоғам төлемге қабiлетсiз немесе дәрменсiз (банкрот) болса, немесе акцияларды сатып алу нәтижесiнде осындай болуы мүмкiн болса;
      4) егер акцияларды сатып алу кезiнде қоғамның өз капиталы шығарылған (төленген) капиталдың мөлшерiнен кем болса, акцияларды сатып алуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      5. Қоғам сатып алатын акциялардың мөлшерi қоғамның шығарылған акциялардың жалпы мөлшерiнiң жиырма бес процентiнен аспауға тиiс, ал қоғам акциялар сатып алуға жұмсайтын қаражат қоғамның акцияларын сатып алу туралы шешiм қабылданған күнгi немесе осы баптың 6-тармағының ережелерiне сәйкес сатып алу құқығы пайда болған күнгi қоғамның өз капиталының он процентiнен аса алмайды. Егер акциялардың оларға қатысты сатып алу туралы талаптар (ұсыныстар) мәлiмделген жалпы саны қоғам жоғарыда белгiленген шектеудi ескере отырып сатып алу мүмкiн акциялар санынан артық болса, акциялар акционерлерден мәлiмделген талаптарға (ұсыныстарға) бара-бар сатып алынады.
      6. Қоғам қайта құрылған, қоғам iрi мәмiлелер жасаған не қоғамның жарғысына акционердiң құқығын шектейтiн өзгерiс енгiзiлген кезде, егер ол осындай шешiмдi қабылдауға қарсы дауыс берсе немесе акционерлердiң осындай шешiм қабылдаған жалпы жиналысына қатыспаса, акционердiң талабы бойынша қоғам акцияларды сатып алуға мiндеттi.
      Акционер өзiне тиесiлi қоғамның акцияларын жалпы жиналыс тиiстi шешiм қабылдағаннан кейiнгi отыз күн iшiнде, олардың атаулы құнынан кем емес бағамен сатып алуды талап етуге хақылы.
      Акционер аталған талаптарды қойған жағдайда қоғам акционер қоғамға өтiнiш жасаған күннен бастап отыз күн iшiнде оған тиесiлi акцияларды сатып алуға мiндеттi.
      7. Акционер қоғамның акцияларды сатып алудан бас тартуына, сондай-ақ онымен келiспеген жағдайда акциялардың сатып алу бағасына сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
      8. Қоғам сатып алған акциялар туралы мәлiметтер қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмiне мiндеттi түрде енгiзiлуге тиiс.
      9. Егер қоғамды қайта құру, қоғамның iрi мәмiлелер жасау немесе қоғамның жарғысына өзгерiстер енгiзу туралы шешiмдер қабылданған кезде акционерлер құқықтарының бұзылғаны не акционерлердiң құқықтарын шектеуге әкеп соқпайтын шешiмдер қабылдауға акционерлердiң әдейi кедергi жасайтыны анықталса, қоғамның директорлар кеңесiнiң не қоғамның дауыс берiлетiн акцияларының кемiнде он процентiн ұстаушылардың өтiнiшi бойынша уәкiлеттi орган осы баптың 5 және 6-тармақтарында белгiленген шектеулердiң күшiн жоюға хақылы.

      29-бап. Ашық қоғамның акцияларымен мәмiлелер
              жасаудың ерекшелiктерi

      1. Акционерлерiнiң саны бес жүзден асатын ашық қоғамның дауыс беретiн акцияларының отыз және одан да көп процентiн өзi дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп сатып алуға ниетi бар тұлға қоғамға және уәкiлеттi органға бұл жөнiнде хабарлама жiберуге мiндеттi. Хабарламада сатып алынатын акциялардың саны, сатып алудың жорамалданып отырған бағасы туралы мәлiметтер және уәкiлеттi органның талап етуi бойынша өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
      2. Қоғамның акцияларын акционерлердiң сатуына қоғамның кедергi жасауға құқығы жоқ. Қоғамның өз акцияларын сатқысы келетiн тұлғаға осы акцияларды ұсынылған бағадан жоғары бағаға қоғамның өзi немесе үшiншi тұлғалардың сатып алуы туралы ұсыныс жасауға және ұсыныстың мәтiнiн уәкiлеттi органға жiберуге құқығы бар. Сатып алу туралы ұсыныста акциялардың саны, бағасы және осы акцияларды үшiншi тұлғалар сатып алған жағдайдағы сатып алушының реквизиттерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
      3. Ашық қоғамның дауыс беретiн акцияларының отыз және одан да көп процентiн жеке немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп сатып алған тұлға сатып алған күннен бастап отыз күннiң iшiнде қалған акционерлерге қоғамның оған тиесiлi акцияларын қоғам акцияларының бумасын сатып алу өткiзiлген күннiң алдындағы соңғы алты айдың iшiндегi қоғамның акцияларды сатып алуының орташа бағасынан төмен емес баға бойынша сатуға жасалған ұсынысты ресми баспасөз басылымында жариялауға мiндеттi. Акционер сату туралы ұсыныс жарияланған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзiмде өзiне тиесiлi акцияларды сату туралы ұсынысты қабылдауға немесе ұсыныстан бас тартуға құқылы.
      Акционерге өздерiне тиесiлi акцияларды сатып алу туралы жасалған ұсыныста атын (атауын), мекен-жайын (орналасқан жерiн), оларға тиесiлi акциялардың санын және акцияларды сатып алудың ұсынылған бағасын қоса алғанда, қоғамның дауыс беретiн акцияларының отыз және одан да көп процентiн сатып алған тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары туралы деректер болуға тиiс.
      Акционердiң өзiне тиесiлi акцияларды сатып алуға жазбаша келiсiмi алынған жағдайда сатып алу туралы ұсынысты жариялаған тұлға отыз күннiң iшiнде осы акцияларды төлеуге мiндеттi.
      Осы тармақта көрсетiлген акцияларды сатып алу тәртiбi сақталмаған жағдайда қоғамның дауыс беретiн акцияларының отыз және одан да көп процентiн иеленетiн тұлға өзiне тиесiлi акциялардың қоғамның дауыс беретiн акцияларының жиырма тоғыз процентiнен асатын бөлiгiн иелiктен айыруға мiндеттi.
      4. Халықтық қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес немесе одан да көп процентiн өзi дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп сатып алған кез келген тұлға соңғы он екi айдың iшiнде уәкiлеттi органға және осы акциялардың бағасын кесетiн, сауда-саттықты ұйымдастырушыға бағалы қағаздар туралы заңдарда белгiленген тәртiппен осындай сатып алу туралы ақпарат беруге мiндеттi.
      5. Халықтық қоғамның дауыс беретiн акцияларының бiрден бес немесе одан да көп процентiн өзi дербес немесе өзiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп сатып алған кез келген тұлға уәкiлеттi органға бағалы қағаздар туралы заңдарда белгiленген тәртiппен осындай сатып алу туралы жетi күн iшiнде хабарлауға тиiс.

      30-бап. Акцияларды бөлшектеу (сплит) және топтастыру

      1. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғам өзiнiң бұрын шығарылған акцияларын бөлшектеуге (сплит) не топтастыруға хақылы. Акцияларды бөлшектеу (сплит) немесе топтастыру қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының мөлшерiн өзгертуге әкеп соқтырмауға тиiс.
      2. Акцияларды бөлшектеу (сплит) олардың атаулы құнын сайма-сай кемiтумен бiр мезгiлде, шығарылған акциялардың жалпы санын көбейту жолымен жүргiзiледi.
      3. Акцияларды топтастыру олардың атаулы құнын сайма-сай көбейтумен бiрге, бiр мезгiлде, акциялардың жалпы санын кемiту жолымен жүргiзiледi.
      4. Бөлшектелген (қосылған) жағдайда акциялардың бөлшектелген бөлiгi болмауға тиiс.
      5. Акцияларды бөлшектеу (қосу) немесе топтастыру акционерлердiң құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмауға тиiс.

      31-бап. Туынды бағалы қағаздар

      1. Қоғам бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының немесе директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша варранттарды және туынды бағалы қағаздардың басқа түрлерiн шығаруды жүзеге асыруға хақылы.
      Қоғам туынды бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шығаруға және орналастыруға құқылы. Аталған туынды бағалы қағаздардың шығарылуы оларды аумағында шығару жүзеге асырылатын мемлекеттiң заңдарының реттеу нысанасы болып табылады.
      Коммерциялық емес ұйым болып табылатын қоғамның туынды бағалы қағаздар шығаруға құқығы жоқ.
      2. Варрант қоғам шығаратын және оны ұстаушының белгiлi бiр уақыт iшiнде қоғамнан варрантта белгiленген баға бойынша осындай қоғамның тиiстi бағалы қағаздарының белгiлi бiр санын сатып алуға құқығын куәландыратын туынды бағалы қағаз болып табылады.
      Қоғам акциялар немесе облигациялар эмиссиясымен бiрге варранттар шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Варранттар шығарылғаннан кейiн бағалы қағаздардан бөлiнедi және варрантта көрсетiлген бағалы қағаздар сатып алынғанға дейiн бағалы қағаздар рыногында дербес айналыста болады. Варрант бөлiнгеннен кейiн бағалы қағаздың сатылу құны варрант бағасына кемiтiледi.
      Қоғамның болашақтағы бағалы қағаздар эмиссиясы есебiнен қоғам варранттар шығаруды жүзеге асыруға хақылы.
      Аталған варранттар оларды иеленушiлерге қоғамнан оның бағалы қағаздарын варрантта белгiленген баға бойынша, варрантта белгiленген кезең шегiндегi кез келген уақытта сатып алу құқығын бередi.
      Варранттардың айналысы мерзiмiн, оларды өтеудiң бағасы мен тәртiбiн оларды шығару кезiнде бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес қоғам белгiлейдi.
      Варрант оны иеленушiге дауыс беру құқығын бермейдi және ол бойынша дивидендтер есептелмейдi.
      3. Туынды бағалы қағаздардың шығарылуын тiркеу тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда белгiленедi.
      Варранттар шығаруды жүзеге асыратын қоғам бұл туралы мәлiметтердi бағалы қағаздардың эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға берiлетiн тиiстi бағалы қағаздар эмиссиясының проспектiсiне (шығару шарттарына) енгiзуге мiндеттi.

      32-бап. Опциондар

      1. Қоғам органының шешiмi бойынша қоғам опцион тарапына қоғам шығаратын бағалы қағаздардың белгiлi бiр санын сатып алуға немесе сатуға артықшылықты құқық беретiн опциондар жасасуға құқылы.
      Халықтық қоғамның осы қоғамның шығарған акциялардың бiр процентiнiң құнынан асатын опциондар жасауы қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ғана жүзеге асырылады.
      2. Опциондар жасаудың тәртiбi мен шарттары және олардың айналысы бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен реттеледi.

      33-бап. Облигациялар

      1. Қоғам (коммерциялық емес ұйымнан басқа), егер қоғамның жарғысында өзгеше белгiленбесе, акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның бұдан кейiнгi қызметi үшiн қаражат тарту мақсатында облигациялар шығаруға хақылы. Облигациялардың меншiк иелерiне, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, қоғамды басқаруға қатысу құқықтары берiлмейдi.
      Облигациялардың атаулы құны - Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасымен де, шетелдiк валютамен де белгiленедi. Атаулы құны шетелдiк валютамен белгiленген облигацияларды төлеу Қазақстан Республикасының валюталық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      2. Облигацияларды шығару тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен реттеледi.
      3. Облигациялар эмиссиясы бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
      4. Қоғам:
      1) қоғамның белгiлi бiр мүлкiнiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген;
      2) үшiншi тұлғалардың кепiлдiктерiмен қамтамасыз етiлген;
      3) қамтамасыз етпестен заңдарда белгiленген тәртiппен облигациялар шығаруға құқылы.
      Қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы.
      5. Облигациялар бойынша сыйақылар (мүдденi) төлеу және облигацияларды өтеу оларды мерзiмiнен бұрын өтеу көзделуi мүмкiн болатын облигациялар шығарылымы шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Қоғамның облигация шығарудың шарттарын өзгертуге құқығы жоқ.
      6. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы шешiм қабылдап, бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлағаннан кейiн және оларды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен орналастыру туралы кейiннен есеп берген соң қоғам халықаралық облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      Халықаралық облигациялар шығаруды реттеу аумағында оларды шығару жүзеге асырылатын мемлекеттiң заңдарымен белгiленедi.

      34-бап. Конверсияланатын бағалы қағаздар

      1. Бағалы қағаздарды конверсиялау бағалы қағаздардың бiр түрiн нақ сол эмитенттiң бағалы қағаздарының басқа түрiне айырбастау жолымен эмитенттiң бағалы қағаздарды өтеуi болып табылады.
      2. Конверсияланатын бағалы қағаздарды шығару қоғамның жарғысында көзделуге тиiс. Олай болмаған жағдайда бағалы қағаздарды конверсиялау заңсыз болып табылады, ал оларды шығаруға байланысты мәмiлелер сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      Коммерциялық емес ұйым болып табылатын қоғамның конверсияланатын бағалы қағаздар шығаруға құқығы жоқ.
      3. Облигацияларды акцияларға айырбастаудың тәртiбi облигацияларды айналысқа шығару шарттарымен белгiленедi.
      Конверсиялау бағасы акцияның нарықтық бағасынан немесе атаулы құнынан (қандай шаманың көп екендiгiне қарай) төмен болмауы керек және облигацияларды шығару шарттарымен айқындалады.
      Конверсиялауға арналған құқық, егер облигацияларды айналысқа шығару шарттарында өзгеше көзделмесе, облигациялар шығарылған күннен бастап бес жылдан аспайтын кезеңде iске асырылады.
      4. Артықшылықты акцияларды жай акцияларға конверсиялауға болады. Конверсиялау бағасы жай акциялардың артықшылықты акцияларды конверсиялау туралы шешiм қабылданған күнгi атаулы құнынан төмен болмауы керек. Конверсиялау құқығы мен конверсиялау шарты қоғамның жарғысында белгiленедi.
      5. Егер қоғамның жарияланған акцияларының саны осындай бағалы қағаздар сатып алу құқығын беретiн акциялардың санынан аз болса, қоғамның акцияларына конверсияланатын облигацияларды және өзге де бағалы қағаздарды орналастыруға құқығы жоқ.
      6. Конверсияланатын бағалы қағаздар шығарылған жағдайда, облигацияларды айналысқа шығару шартында немесе акциялар эмиссиясының проспектiнде бағалы қағаздарға айырбастауға сәйкестiгi болуға тиiс.

      35-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылар
              тiзiлiмi

      1. Бағалы қағаздардың эмиссиясы қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмiнде мiндеттi түрде көрсетiледi.
      Қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiн жасақтауды, жүргiзудi және сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жасақтау, жүргiзу және сақтау тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
      2. Жабық қоғам мен акционерлерiнiң саны бес жүзден аспайтын ашық қоғам уәкiлеттi орган берген және бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру құқығын беретiн бiлiктiлiк куәлiгiн алған маман болған кезде акционерлердiң жалпы жиналысы бекiтетiн iшкi ережеге сәйкес акция ұстаушылардың тiзiлiмiн дербес жүргiзуге, жасақтауға және сақтауға хақылы.
      3. Акционерлерiнiң саны бес жүзден асатын ашық қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiн дербес жасақтауды, жүргiзудi және сақтауды тәуелсiз тiркеушiге тапсыруға мiндеттi.
      4. Халықтық қоғамның акцияларын ұстаушылардың тiзiлiмiн жасақтауды, жүргiзудi және сақтауды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен Орталық депозитарий немесе тәуелсiз тiркеушi жүзеге асырады.
      5. Қоғамның акцияларынан басқа бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiн жасақтауды, жүргiзудi және сақтауды тәуелсiз тiркеушi жүзеге асырады.
      6. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi қызмет көрсету туралы шарт жасасу үшiн қоғам тәуелсiз тiркеушiге мынадай құжаттар беруге мiндеттi:
      1) тәуелсiз тiркеушiнi таңдауға уәкiлеттi қоғам органының шешiмi;
      2) бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмiн жүргiзу жөнiнде шарт жасасу күнiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiмi;
      3) жарғының көшiрмесi;
      4) қоғамды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң және статистикалық карточканың көшiрмесi;
      5) уәкiлеттi орган, егер мұндай орган бар болса, тiркеген шығарылған акциялардың шығарылуы мен орналастырылуының қорытындылары туралы есептiң көшiрмесi және (немесе) бағалы қағаздар иелерiнiң құқығын растайтын басқа да құжаттар;
      6) уәкiлеттi органның белгiсi бар акциялардың эмиссиялары проспектiсiнiң немесе облигацияларды шығару шарттарының көшiрмесiн.
      Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi шартты қоғамның директорлар кеңесi бекiтуге тиiс.
      7. Тәуелсiз тiркеушi акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге дейiн жиырма күннен кешiктiрмей қоғамға акционерлердiң жалпы жиналыс өткiзетiндiгi туралы акционерлерге хабарлау үшiн акционерлер, олардың өкiлдерi мен атаулы ұстаушылар туралы мәлiметтер беруге мiндеттi.
      8. Қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiнде тiркелген тұлға өзiнiң деректерiнiң өзгергендiгi туралы қоғамның тiзiлiм ұстаушысына он күн iшiнде хабарлауға мiндеттi. Мұндай ақпарат берiлмеген жағдайда қоғам және (немесе) тәуелсiз тiркеушi аталған ақпараттың берiлмеуi салдарынан келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiктен босатылады.

      36-бап. Бағалы қағаздар шығару нысаны

      1. Қоғам бағалы қағаздарды құжаттық немесе құжатсыз нысанда шығарады. Бағалы қағаздарды шығару нысаны оларды шығару туралы шешiм қабылданған кезде айқындалады.
      2. Ұйымдастырылған рынокта айналысқа түсiрiлетiн акциялар құжатсыз нысанда ғана шығарылады.

      37-бап. Құжаттық нысанда шығарылатын бағалы
              қағаздардың мазмұны

      1. Қоғам құжаттық нысанда шығаратын бағалы қағазда:
      1) қоғамның мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жазылған толық және қысқаша атауы мен оның орналасқан жерi;
      2) бағалы қағаздың атауы, шығарылған нөмiрi мен күнi;
      3) бағалы қағаздың түрi және санаты;
      4) бағалы қағаздың атаулы күнi;
      5) облигациялар бойынша сыйақының (мүдденiң) мөлшерi және артықшылықты акциялар бойынша дивидендтер, сондай-ақ оларды төлеу мерзiмi;
      6) бағалы қағаз иесiнiң есiмi (атауы);
      7) қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi;
      8) жарияланған бағалы қағаздар саны;
      9) облигацияларды өтеу мерзiмi;
      10) басқа бағалы қағаздарға конверсиялау шарттары;
      11) директорлар кеңесi төрағасының немесе уәкiлдiк берiлген адамның қолы мен қоғам мөрiнiң таңбасы болуға тиiс.
      2. Артықшылықты акцияда дауыс беру құқығы туралы деректердi қоса (егер мұндай құқығы болса), оның иесi үшiн белгiленген артықшылықтар туралы ақпарат болуға тиiс.

      38-бап. Бағалы қағаздарға құқықтарды растау

      1. Қоғамның тiзiлiм ұстаушысы меншiк иесiнiң, акцияның атаулы ұстаушысының, сондай-ақ кепiл ұстаушының талап етуi бойынша оларға тiзiлiмнен қоғамның бағалы қағаздарына олардың құқықтарын растайтын көшiрме беруге мiндеттi.
      2. Бағалы қағаздың өзi немесе бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiнен көшiрме құжаттық нысанда шығарылған бағалы қағаздарға құқықтарды растау болып табылады. Олардың арасында айырмашылық болған жағдайда бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiнен көшiрме басым болады.
      3. Құжатсыз бағалы қағаздарға құқықтарды растауды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiнен көшiрме немесе атаулы ұстаушының шотынан көшiрме беру жолымен тiзiлiмдi ұстаушы немесе атаулы ұстаушы жүзеге асырады. Тәуелсiз тiркеушiде тiзiлiм жүргiзуге мiндеттi қоғам акцияларды тек құжатсыз нысанда ғана шығарады. Көшiрме бағалы қағаздар ұстаушысына олардың жалпы санына берiледi және онда:
      1) қоғамның мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi толық және қысқартылған атауы мен оның орналасқан жерi;
      2) бағалы қағаздардың түрлерi мен санаттары;
      3) бағалы қағаздардың нөмiрлерi;
      4) бағалы қағаздардың атаулы құны;
      5) бағалы қағаз эмиссияларының сомалары, жарияланған бағалы қағаздардың жалпы саны және акциялар эмиссиясының тiркелген күнi (бұл қажет болса);
      6) меншiк иесiне тиесiлi бағалы қағаздар саны;
      7) бағалы қағаздың меншiк иесiнiң есiмi (атауы);
      8) облигацияларды өтеу мерзiмi;
      9) бiрiншi басшының немесе тiзiлiм ұстаушының немесе атаулы ұстаушының уәкiлдiк берген өкiлiнiң мөрi мен қолы;
      10) тiзiлiм ұстаушының немесе атаулы ұстаушының атауы;
      11) жарияланған жарғылық капиталдың мөлшерi болуға тиiс.     

      39-бап. Қоғамның бағалы қағаздарын кепiлге салу

      1. Қоғамның бағалы қағаздарын кепiлге салу құқығын қоғам жарғысының ережелерiмен шектеуге немесе жоюға болмайды.
      Егер кепiлге салу шарттарында өзгеше көзделмесе, акционердiң өзi кепiлге салған акциялар бойынша дивидендтер алуға да, дауыс беруге де құқығы бар.
      2. Қоғам, егер:
      1) кепiлге берiлетiн бағалы қағаздарға толық ақы төленген;
      2) қоғамның кепiлге беретiн және онда кепiлде жатқан бағалы қағаздардың жалпы саны қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының он процентiнен аспайтын мөлшерiн құраған;
      3) кепiл шартын акционерлердiң жалпы жиналысы немесе қоғамның директорлар кеңесi мақұлдаған жағдайда ғана өзi шығарған бағалы қағаздарды кепiлге қабылдай алады.
      3. Қоғам шығарған және онда кепiлде жатқан акциялар акционерлердiң жалпы жиналысының кворумын анықтау кезiнде есепке алынбайды және акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмдер қабылдауына қатыспайды.

5-тарау. АКЦИЯЛАРДЫҢ СОТ ШЕШIМI БОЙЫНША
ҚОСЫМША ЭМИССИЯСЫ

      40-бап. Акциялардың сот шешiмi бойынша қосымша
              эмиссиясы ұғымы және оны жариялау негiздерi

      1. Акциялардың сот шешiмi бойынша қосымша эмиссиясы (бұдан әрi - акциялардың қосымша эмиссиясы немесе қосымша эмиссия) - жарияланған (акциялардың қосымша эмиссиясының көлемi жарияланған және шығарылған (төленген) жарғылық капитал арасындағы айырмадан артық болған жағдайда) және шығарылған (төленген) жарғылық капиталдың көбеюiмен бiрге осы тарауда белгiленген тәртiпке сәйкес, сот органдарының шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын жай акциялар эмиссиясы.
      2. Егер қоғамның салық және бюджетке, бюджеттен тыс мемлекеттiк қорларға төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешегi, сондай-ақ мемлекеттiк бюджет алдындағы кез келген басқа да берешектерi үш айдан астам кешiктiрiлген (бұдан әрi - қоғамның кешiктiрiлген берешегi) және мемлекеттiк бюджет пен мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландырылатын ұйымдардың қоғам алдындағы мерзiмi өткен берешегi қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталы мөлшерiнiң үштен екiсiнен кем болмаса, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мемлекеттiк орган (бұдан әрi - мемлекеттiк орган) қоғамның атқарушы органына мұндай қоғамның кейiннен кiдiрiссiз орналастыра отырып, акцияларының қосымша эмиссиясын шығару жөнiнде сот органдарына жүгiнгенi туралы қоғамның атқарушы органына хабарлайды.
      3. Қоғамның осындай хабарлама алған кезден бастап отыз күн iшiнде қоғамның мерзiмi өткен берешегiн өтеу туралы мәселенi талқылау және шығарылған (төленген) жарғылық капиталдың мөлшерiн ұлғайту туралы шешiм қабылдау үшiн қоғам акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға құқығы бар.
      Мемлекеттiк орган акциялардың қосымша эмиссиясын шығару жайында сот органдарына жүгiнген жағдайда ол сонымен бiр мезгiлде өз есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарында акциялардың ұсынылғалы отырған қосымша эмиссиясы туралы осындай акцияларды сатып алуға мүдделi адамдарға алдын ала акциялардың саны мен олардың бағасын көрсете отырып, өтiнiмдер беруге ұсыныс жасау жайында хабарландыру жариялауға тиiс. Өтiнiм беру оны берген тұлғаға өтiнiм шарттарына сәйкес акцияларды сатып алу жөнiнде мiндеттеме жүктемейдi. Егер бұқаралық ақпарат құралдарында осындай хабарландыру алғаш рет жарияланған күннен бастап отыз күн iшiнде акциялардың қосымша эмиссиясын сатып алуға алдын ала өтiнiмдер берiлмеген жағдайда не берiлген өтiнiмдер көлемi (сатып алуға ұсынылған акциялардың топшыланған саны мен олардың бағалары негiзге алына отырып есептелген) қоғамның мерзiмi өткен берешегiнiң үштен бiрiнен кемiн құрайтын болса, мемлекеттiк орган сот органдарына талап қоюдан бас тартатыны жөнiнде мәлiмдейдi.
      4. Сот шешiмi күшiне енген күннен бастап эмиссияланатын қосымша акцияларды орналастыру аяқталғанға дейiн қоғамның мерзiмi өткен берешегi бойынша айыпақы (айыппұл, өсiм) есептеу тоқтатыла тұрады.
      5. Акциялардың қосымша эмиссиясының жарияланған сомасы мемлекеттiк бюджеттiң және мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландырылатын ұйымдардың қоғамға сот акциялардың қосымша эмиссиясы туралы шешiм қабылдаған күнге қарай қалыптасқан, мерзiмi өтiп кеткен берешегiн шегерiп тастағандағы қоғамның мерзiмi өтiп кеткен берешегiнiң сомасына тең болуға тиiс.
      6. Осы тараудың талаптары банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылмайды.

      41-бап. Акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу

      1. Акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеудi уәкiлеттi орган соттың күшiне енген шешiмi негiзiнде бiр апта мерзiмде жүзеге асырады. Акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу алдыңғы эмиссиядағы акцияларды шығару мен орналастырудың қорытындылары туралы бекiтiлмеген есеп болған жағдайда да жүзеге асырылуы мүмкiн.
      2. Акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу рәсiмдерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Мемлекеттiк орган акциялардың қосымша эмиссиясын тiркегеннен кейiн жетi күн iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ баспасөз басылымында қоғам акцияларының қосымша эмиссиясы туралы және оларды орналастыру шарттары туралы мәлiметтер жариялайды.
      4. Акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу және ол туралы мәлiметтер жариялау қоғам есебiнен жүргiзiледi.

      42-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру

      1. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыруды мемлекеттiк орган оны аукциондық әдiспен тiркегеннен кейiн бiр ай iшiнде жүзеге асырады. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру қоғам есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Қосымша эмиссияланған акцияларды акцияларын қосымша эмиссиялау жүзеге асырылатын қоғамның және онымен аффилиирленген тұлғалардың сатып алуына тыйым салынады.
      3. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi мемлекеттiк орган оларды орналастыру аяқталғаннан кейiн жетi күннен кешiктiрмей уәкiлеттi органға бередi.
      4. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтудi ол ұсынылған күннен бастап жетi күн iшiнде уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Есептi бекiткеннен кейiн қосымша эмиссияланған акцияларды сатып алған акционерлердiң тiзiмiн уәкiлеттi орган акциялары қосымша эмиссияланған қоғамның тiзiлiмiн ұстаушысына дереу жiбередi, ол қоғамның акцияларын ұстаушылар тiзiлiмiне үш күн iшiнде тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.

      43-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды
              орналастырудың нәтижелерi

      1. Қосымша эмиссияланған акциялардың орналастырудан түскен ақша салық және бюджетке, бюджеттен тыс мемлекеттiк қорларға, сондай-ақ мемлекеттiк бюджет алдындағы басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектердi өтеуге қоғамның олардың алдындағы берешектерiне барабар сомада жiберiледi. Мерзiмi өткен берешектiң сомасынан асатын қосымша эмиссияны орналастырудан қаражат сомасын алған жағдайда айырмасы қоғамның кiрiсiне жiберiледi.
      Қосымша эмиссияланған акцияларды сатудан алынған ақшаны осы тармақта көрсетiлгенiнен өзге мақсаттарға пайдалануға тыйым салынады.
      2. Қосымша эмиссияланған акцияларды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есептi уәкiлеттi орган бекiткеннен кейiн қоғамның салық және бюджетке, сондай-ақ бюджеттен тыс мемлекеттiк қорларға төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешегi, сонымен қатар қоғамның мемлекеттiк бюджет алдындағы басқа да берешектерi түскен қаражат сомасына азайтылады.
      3. Егер 42-баптың 1-тармағында көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн қосымша эмиссияланған акциялар орналастырылмаса, мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша сот атқарушылық iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарады, бұл ретте:
      1) уәкiлеттi орган акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу туралы жазбаның күшiн жояды;
      2) салық және бюджетке, бюджеттен тыс мемлекеттiк қорларға төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектер жөнiндегi, сондай-ақ мемлекеттiк бюджет алдындағы басқа да берешектер жөнiндегi айыпақыны (айыппұлды, өсiмдi) есептеу акциялардың қосымша эмиссиясы туралы сот шешiмi күшiне енген күннен бастап қайта басталады.

      44-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды орналастыру
              аяқталғанға дейiн қоғамның берешегiн өтеуi

      Өзi жөнiнде акциялардың қосымша эмиссиясы туралы шешiм қабылданған қоғам оларды орналастырғанға дейiн мерзiмi өткен берешектi толық көлемiнде, оны нақты өтеу күнiне қалыптасқан мөлшерде өтеуге хақылы, бұл ретте:
      1) мемлекеттiк орган қосымша эмиссияланған акцияларды сату жөнiндегi аукционның күшiн жояды;
      2) мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша сот атқарушылық iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарады;
      3) уәкiлеттi орган акциялардың қосымша эмиссиясын тiркеу туралы жазбаның күшiн жояды.

      45-бап. Қосымша эмиссияланған акцияларды сатып алған
              акционерлердiң құқықтары

      Қосымша эмиссияланған акцияларды сатып алған акционерлер осы қоғамның басқа акционерлерiмен бiрдей құқықтарды пайдаланып, сондай мiндеттердi атқарады.

6-тарау ҚОҒАМДЫ БАСҚАРУ

      46-бап. Қоғамның органдары

      1. Қоғамның органдары:
      1) жоғары орган - акционерлердiң жалпы жиналысы;
      2) басқару органы - директорлар кеңесi;
      3) атқарушы орган - алқалы (басқарма) немесе жеке-дара;
      4) бақылаушы орган - алқалы (тексеру комиссиясы) немесе жеке дара (тексерушi);
      5) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өзге де органдар болып табылады.
      2. Жабық қоғамның жарғысында қоғамды, директорлар кеңесiн құрмай басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда, директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне осы Заңмен жатқызылған мәселелер акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне берiледi.

      46-1-бап. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын
                қоғамды басқарудың ерекшеліктері

      1. Республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік орган өзге мемлекеттік органға Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Ұлттық Банктің шешімі бойынша ғана беруі мүмкін.
      2. Коммуналдық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы жергілікті атқарушы органның шешімімен өзге мемлекеттік органға берілуі мүмкін.
      3. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырушы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша акционер ретінде мемлекет мүдделерін білдіреді.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі акциялардың мемлекеттік пакеттерін иеленуді және пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мемлекет қатысатын акционерлердің жалпы жиналысында қабылдауға ұсынылатын шешімдердің жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметімен және (немесе) мемлекеттік меншікке билік етуге уәкілетті мемлекеттік органмен алдын ала жазбаша келісіп алуды қамтамасыз етуге міндетті болатын мәселелердің тізбесін белгілейді.
      4. Ұлттық компаниялардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарларын бекіту міндетті болып табылады.
      Ұлттық компанияларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі қоғамның директорлар кеңесі қоғамның атқарушы органының ұсынуы бойынша қоғамның қаржы-шаруашылық қызметінің орта мерзімді және ағымдағы (жылдық) жоспарларын бекітеді.
      Ұлттық компаниялардың индикативтік жоспарлары және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарлары мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде табыс етіледі.
      5. Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық экономиканың негізін құрайтын стратегиялық маңызды салаларда құрылған акционерлік қоғам ұлттық компания болып табылады.
      Ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      6. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын қоғамның атқарушы органы аталған акцияларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер мөлшерінің болжамды көрсеткіштерін жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейін табыс етуге міндетті.
      ЕСКЕРТУ. 46-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасы    2002.05.21. N 323 Заңымен.

      47-бап. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы

      1. Қоғам жыл сайын акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге мiндеттi. Қоғам акционерлерiнiң жылдық жалпы жиналысы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн бес ай iшiнде өткiзiлуге тиiс. Аталған мерзiм есептi кезеңдегi қоғам қызметiнiң аудитiн аяқтау мүмкiндiгi болмаған жағдайда үш айға дейiн ұзартылған деп саналады.
      Акционерлердiң жылдық жиналыстан басқа жалпы жиналыстары кезектен тыс болып табылады.
      2. Дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акцияларды иеленген акционерлердiң жалпы жиналысқа қатысуға және күн тәртiбiндегi мәселелердi талқылауға қатысуға құқығы бар.
      Осы Заңда көзделген жағдайларда дауыс беру құқығынсыз артықшылықты акцияларды иеленген акционерлер акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беруге қатысуға хақылы.
      3. Әрбiр акционердiң жалпы жиналыста дауыс беру кезiнде оған тиесiлi дауыс беретiн акциялар санына тең келетiн дауыс саны болады, бұған осы Заңда немесе қоғамның жарғысында дауыстарды айқындаудың өзге де тәртiбi көзделген жағдайлар кiрмейдi.
      4. Акционерлердiң жалпы жиналысына, егер қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында немесе жарғысында өзгеше белгiленбесе, кез келген тұлға қатыса алады.
      5. Жалпы жиналысты әзiрлеудi және өткiзудi қоғамның атқарушы органы не осы қоғамның тәуелсiз тiркеушiсi немесе осы Заңға сәйкес өзге тұлға жүзеге асырады.
      6. Жалғыз акционері бар қоғамда акционерлердің жалпы жиналысы өткізілмейді; осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді мұндай акционер өзі дербес қабылдайды және олар жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
      6-1. Егер қандай да болмасын тұлға қоғамның барлық дауыс беруші акцияларын иеленген жағдайда ол осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді акционерлердің жалпы жиналысын өткізбестен, осы шешімдер барлық немесе жекелеген санаттардың артықшылықты акцияларымен куәландырылған құқықтарға нұқсан келтірмесе және ол құқықтарды шектемесе, өзі дербес қабылдауға құқылы және олар жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
      6-2. Егер осы баптың 6 және 6-1-тармақтарымен белгіленген жағдайда қоғамның жалғыз акционері немесе қоғамның барлық дауыс беруші акцияларын иеленген тұлға заңды тұлға болып табылса, онда осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлердің жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдерді заңдарға немесе оған (оларға) берілген өкілеттіктерге сәйкес осы заңды тұлғаның осындай шешімдерді қабылдауға құқықтары бар органы, лауазымды адамы (лауазымды адамдары) немесе қызметкері (қызметкерлері) қабылдайды.
      ЕСКЕРТУ. 47-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.12.15. N 497 Заңымен.

      48-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының
             айрықша құзыретi

      1. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мынадай мәселелер жатады:
      1) қоғамның жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      2) қоғамның үлгiсiн өзгерту;
      3) қоғамды ерiктi түрде қайта құру және тарату (осы Заңмен белгiленгендердi қоспағанда);
      4) қоғамның директорлар кеңесiн сайлау, оның сандық құрамын белгiлеу және оның мүшелерiнiң өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
      5) қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерiн өзгерту;
      6) қоғамның тексеру комиссиясының мүшелерiн (тексерушiнi) сайлау және олардың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
      7) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, есеп комиссиясының құрамын бекiту;
      8) қоғамның жылдық қаржылық есебiн, қоғамның тексеру комиссиясының қорытындыларын бекiту;
      9) қоғамның акционерлердiң алда тұрған жалпы жиналысын шақыруды акционерлерге хабарлау нысанын айқындау және осындай ақпаратты баспасөз басылымында жариялау туралы шешiм қабылдау;
      10) акцияларды бөлшектеу (сплит) және топтастыру;
      11) акциялардың құнын оларды қоғам бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес сатып алу кезiнде айқындау әдiстемесiн бекiту;
      12) қоғамның таза табысын бөлу тәртiбi;
      13) жыл қорытындысы бойынша дивидендтер мөлшерiн бекiту;
      14) қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан көп процентiн құрайтын сомадағы активтердiң бiр бөлiгiн немесе бiрнеше бөлiгiн беру арқылы өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қоғамның қатысуы туралы шешiм қабылдау;
      15) iрi мәмiлелердi және өзге де мәмiлелердi осы Заңға сәйкес бекiту;
      16) қоғамның облигацияларын және туынды бағалы қағаздарын шығару шарттары мен тәртiбi;
      17) қоғамның өз капиталы мөлшерiнiң жиырма бес және одан да көп процентiн құрайтын сомаға қоғамның мiндеттемелерiн көбейту туралы шешiм қабылдау;
      18) лауазымды тұлғаларға, оның iшiнде қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiне төленетiн сыйақының және (немесе) өтемақының мөлшерiн бекiту;
      19) қоғамның аудиторын бекiту;
      19-1) "алтын акцияны" енгiзу және күшiн жою;
      20) егер қоғамның жарғысында акционерлерге қоғамның қызметi туралы ақпараттар беру тәртiбi белгiленбесе, осындай тәртiптi, соның iшiнде баспасөз басылымын айқындау.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында санамалап көрсетiлген мәселелер жөнiндегi шешiмдердi қоғамның дауыс беретiн акцияларының бiлiктi көпшiлiгi, ал инвестициялық жекешелендіру қорларын қайта ұйымдастыру процесінде құрылған қоғамдарда - дауыс беруге қатысқан акциялардың кемінде үштен екісі мөлшеріндегі көпшілік даусымен қабылдайды. Жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне жатқызылған қалған мәселелер жөнiндегi шешiмдер, егер осы Заңда және қоғамның жарғысында көбiрек сан көзделмесе, қоғамның дауыс беруге қатысқан дауыс беретiн акцияларының жалпы санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
      Директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiндегi мәселенi шешу үшiн акционерлердiң көбiрек дауыс саны жарғымен белгiленбейдi.
      3. Қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне, сондай-ақ қоғам қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.
      Акционерлер жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер, осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, қоғамның директорлар кеңесiнiң шешуiне берiлмейдi.
      4. Акционерлердiң жалпы жиналысы қоғамның iшкi қызметiне жатқызылған мәселелер бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң кез келген шешiмiн жоюға хақылы.
      5. Егер акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi артықшылықты акциялар иелерiнiң құқығына нұқсан келтiрген немесе оны шектеген ретте, мұндай шешiмдер жиынтығында тиiстi санаттардағы артықшылықты акциялардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiне ие акционерлер жақтап дауыс берген жағдайда ғана акционерлердiң жалпы жиналысында қабылдануы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 48-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      49-бап. Акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысы

      1. Акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысы қоғамның директорлар кеңесiнiң, атқарушы органның (директорлар кеңесi болмаған ретте), тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) бастамасы бойынша не жиынтығында қоғамның дауыс беретiн акцияларының кемiнде бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлердiң бастамасы бойынша шақырылады.
      Акционерлердiң бастамасы бойынша шақырылатын, акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысын әзiрлеу мен өткiзуге байланысты шығындар өздерiне жүктеледi және оларды осы жиналысты шақыру себептерi расталғаннан кейiн қоғам өтейдi.
      2. Ерiктi түрдегi тарату процесiнде тұрған қоғам акционерлерiнiң кезектен тыс жалпы жиналысын тарату комиссиясы (таратушы) да шақыра алады.

      50-бап. Сот шешiмi бойынша жиналыс

      1. Акционерлердiң жылдық, кезектен тыс немесе қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналыстарын шақырудан шақыру туралы талапты атқарушы орган алған сәттен бастап отыз күн iшiнде қоғамның директорлар кеңесi немесе атқарушы органы (директорлар кеңесi болмаған ретте) бас тартқан жағдайда, шақыру осы Заңның 49-бабында санамаланған тұлғалардың талап арыздары бойынша сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Сот жиналыстың белгiленген уақытын және өткiзу орнын, оның күн тәртiбiн белгiлеу, жиналыс туралы қоғамның акционерлерiне жiберiлетiн жазбаша құлақтандырудың мазмұнын белгiлеуi және жалпы жиналыстың мақсатына жету үшiн қажеттi өзге шарттарды айқындауы мүмкiн.

      51-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу
              туралы ақпарат

      1. Акционерлердiң жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмi қоғам акцияларын ұстаушылар тiзiлiмi мәлiметтерiнiң негiзiнде жасалады. Аталған тiзiмдi жасау күнiн жиналысты өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бұрын белгiлеуге болмайды.
      2. Акционерлерге халықтық қоғамның жалпы жиналысын өткiзу туралы хабарлау ол өткiзiлетiн және (немесе) баспасөз басылымында құлақтандыру жарияланған күнге дейiн кемiнде 45 күн бұрын, ашық қоғам үшiн - 30 күн бұрын, жабық қоғам үшiн - 15 күн бұрын жазбаша хабарлама жiберу арқылы жүзеге асырылады.
      Қоғам әрбiр акционерге жалпы жиналыстың өткiзiлетiнi туралы жазбаша құлақтандыруды мынадай жағдайларда:
      1) егер қоғам акционерлерiнiң саны жүз және одан азырақ болса;
      2) егер акционер осындай құлақтандыруды талап етсе және осындай құлақтандыру жiберумен байланысты шығындарды төлеуге келiссе, жiберуге мiндеттi.
      Жалпы жиналыста дауыс берудiң нәтижелерiне ықпал ету мақсатында жалпы жиналысты өткiзу туралы құлақтандыруды жекелеген акционерлерге талғап жiберуге қоғамның құқығы жоқ.
      Қоғамның акционерлерге жалпы жиналыстың өткiзiлетiнi туралы өзге бұқаралық ақпарат құралдары (теледидар, радио) арқылы қосымша хабарлауға құқығы бар.
      2-1. Қоғам "алтын акцияның" иесін акционерлердің жалпы жиналысын өткізу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы хабардар етуге міндетті.
      Қоғамнан ақпарат алу бөлігінде "алтын акция" иесінің акционерлермен бірдей құқығы бар.
      3. Акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу туралы хабарламада (хабарлау, құлақтандыру):
      1) қоғамның толық атауы және орналасқан жерi;
      2) жиналыс өткiзiлетiн күн, уақыты және орны;
      3) акционерлердiң жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмiн жасау күнi;
      4) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбiне енгiзiлген мәселелердiң тiзбесi;
      5) акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге әзiрлiк кезiнде акционерлерге беруге жататын ақпаратпен (материалдармен) акционерлердi таныстыру тәртiбi;
      5-1) инвестициялық жекешелендiру қорларын қайта ұйымдастыру процесiнде құрылған қоғамдар үшiн - инвестициялық жекешелендiру қорларының қоғам болып қайта ұйымдастырылғанға дейiнгі толық атауы мен лицензияларының нөмiрi;
      6) бiрiншi жиналыста кворум болмаған жағдайда, қайтадан жиналыс өткiзу күнi көрсетiлуi тиiс. Акционерлердiң қайтадан өткiзiлетiн жиналысты алғашқы жалпы жиналыс белгiленген күнiнен кейiнгi күннен ерте өткiзiлмейдi.
      4. Акционерлерге берiлетiн материалдарда дауыс беру кезiнде шешiм қабылдау үшiн қажеттi барлық ақпарат болуы тиiс. Акционердiң тiлегi бойынша қоғам оған аталған материалдармен қоғам белгiлеген орында танысуға мүмкiндiк беруi тиiс.
      Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысын өткiзуге әзiрлiк кезiнде акционерлерге берiлуге тиiстi материалдарда қоғамның бекiтуге жататын жылдық қаржылық есебi бойынша негiзгi мәлiметтер, сондай-ақ қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне жылдық тексерiстiң нәтижесi бойынша аудитордың есебi, сондай-ақ күн тәртiбiндегi мәселелер бойынша өзге де мәлiметтер болуы тиiс.
      5. Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысының күн тәртiбiн директорлар кеңесiнiң келiсiмi бойынша, талқылауға енгiзiлетiн мәселелердi нақты тұжырымдай отырып, атқарушы орган қалыптастырады. Акционерлердiң жылдық жалпы жиналысының күн тәртiбiн қоғамның директорлар кеңесi бекiтедi.
      Қайтадан жиналыс өткiзiлген (өткiзiлмеген жиналыстың орнына) жағдайда, күн тәртiбi өзгертiлмейдi.
      Акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбi, егер жиналысқа қоғамның дауыс берушi акцияларының жиынтығында тоқсан бес және одан да көп процентiне ие акционерлер (немесе осындай акционерлердiң өкiлдерi) қатысса, олардың көпшiлiгi күн тәртiбiндегi өзгерiстер үшiн дауыс берсе, өзгертiледi.
      Жалпы жиналыстың хабарландыруда және (немесе) құлақтандыруда көрсетiлген күн тәртiбi жиналыс өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жиынтығында дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлердiң ұсынысы бойынша толықтырылуы мүмкiн.
      6. Егер, акциялардың атаулы ұстаушысы қоғам акцияларын ұстаушыларының тiзiлiмiнде тiркелген тұлға болып табылған жағдайда, акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу туралы құлақтандыруды осы атаулы ұстаушысына жiберу бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға немесе тiзiлiм ұстаушы мен осы атаулы ұстаушы арасындағы шартта белгiленген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 51-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      52-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының кворумы

      1. Егер акционерлердiң жалпы жиналысына қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде жиынтығында қоғамның дауыс беретiн (акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу кезiнде дауыс беру құқығы бар) акцияларының елу және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, оның iшiнде сырттай дауыс берушi акционерлер (немесе сондай акционерлердiң өкiлдерi) тiркелсе, акционерлердiң жалпы жиналысы шешiм қабылдауға хақылы.
      2. Акционерлерге сырттай дауыс беру үшiн бюллетеньдер жiберiлген жағдайда аталған бюллетеньдермен берiлген және жиналысқа қатысушыларды тiркеу кезiнде қоғам алған дауыстар кворумды айқындау және дауыс беру қорытындыларын шығару кезiнде есепке алынады.
      3. Акционерлердiң жалпы жиналысының кворумына қойылатын талаптар мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру процесiнде құрылған инвестициялық жекешелендiру қорларына және акционерлердiң қайтадан өткiзiлетiн жиналысына қолданылмайды.

      53-бап. Қоғам акционерлерiнiң қайтадан өткiзiлетiн
              жалпы жиналысы

      1. Қоғам акционерлерiнiң қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысын шақыру осы Заңда көзделген акционерлердiң жалпы жиналысын шақыруға арналған тәртiпте жүзеге асырылады.
      2. Акционерлердiң өтпей қалған жалпы жиналысының орнына шақырылған қайтадан өтетiн жалпы жиналысы, егер оған қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде жиынтығында қоғамның дауыс беретiн (акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу кезiнде дауыс беру құқығы бар) акцияларының қырық және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, оның iшiнде сырттай дауыс берушi акционерлер (немесе сондай акционерлердiң өкiлдерi) , осы баптың 2-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тiркелген болса, құқылы болады. Акционерлердiң саны он мыңнан асатын қоғамның жарғысымен акционерлердiң өтпеген жиналысының орнына қайтадан жиналыс өткiзуге арналған азырақ (қоғамның дауыс беретiн акцияларының кемiнде жиырма бес процентi) кворум көзделуi мүмкiн.
      2-1. Инвестициялық жекешелендiру қорын (инвестициялық жекешелендiру қорларын) қайта ұйымдастыру жолымен құрылған қоғам акционерлерiнiң қайтадан өтетін жалпы жиналысының, егер оған қатысу үшiн тiркеу аяқталған кезде дауыс беретiн акциялардың бес жүзден астам иесi, оның iшiнде сырттай дауыс беретiн акционерлер (немесе осындай акционерлер өкілдерi) тiркелген болса, шешiм қабылдауға құқығы бар.
      3. Қайтадан өтетiн жалпы жиналыстың шешiмi бiрiншi жиналысты шақыру рәсiмi сақталған жағдайда заңды болады.
      ЕСКЕРТУ. 53-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен .

      54-бап. Есеп комиссиясы

      1. Акционерлердiң саны жүзден асатын қоғамда сандық және жеке құрамы акционерлердiң жалпы жиналысында қоғамның директорлар кеңесiнiң ұсынуымен бекiтiлген есеп комиссиясы құрылады.
      Есеп комиссиясының өкiлеттiк мерзiмi акционерлердiң жалпы жиналысында бекiтiледi.
      Сырттай дауыс беру кезiнде есеп комиссиясының құрамын және өкiлеттiк мерзiмiн қоғамның директорлар кеңесi белгiлейдi.
      2. Есеп комиссиясының құрамы үш адамнан кем болмауға тиiс. Есеп комиссиясының құрамына қоғамның (атқарушы органының) директорлар кеңесiнiң мүшелерi және тексеру комиссиясының мүшелерi (тексерушi) кiре алмайды.
      3. Есеп комиссиясы:
      1) акционерлердiң жалпы жиналысы кворумының бар, жоғын белгiлейдi;
      2) акционерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) жалпы жиналыста дауыс беру құқықтарын жүзеге асыруларына байланысты туындаған мәселелердi түсiндiредi;
      3) дауыс беруге енгiзiлген мәселелер бойынша дауыс беру тәртiбiн түсiндiредi;
      4) дауыс берудiң белгiленген тәртiбiн және акционерлердiң дауыс беруге қатысу құқығын қамтамасыз етедi;
      5) дауыстарды санайды және дауыс беру қорытындыларын шығарады, дауыс беру қорытындылары бойынша хаттама жасайды, дауыс беру бюллетеньдерiн архивке бередi.
      4. Есеп комиссиясы дауыс беру жөнiндегi бюллетеньдердегi акционерлердiң дауыс беруi туралы ақпараттың құпиялығы үшiн жауаптылықта болады.

      55-бап. Акционерлер жалпы жиналысын өткiзудiң тәртiбi

      1. Акционерлер жалпы жиналысын өткiзудiң тәртiбi осы Заңға, жарғыға, қоғамның iшкi қызметiн реттейтiн қоғамның ережелерi мен өзге де құжаттарына сәйкес не тiкелей жалпы жиналыстың шешiмiмен айқындалады.
      2. Жалпы жиналыс ашылғанға дейiн келген акционерлердi (олардың өкiлдерiн) тiркеу жүргiзiледi. Акционерлердiң өкiлдерi дауыс беруге өкiлеттiгiн растайтын және заң талаптарына сәйкес ресiмделген сенiмхат ұсынуға тиiс.
      Тiркеуден өтпеген акционер (акционердiң өкiлi) кворумды айқындау кезiнде есепке алынбайды және дауыс беруге қатысуға хақылы емес.
      3. Акционерлердiң жалпы жиналысы кворум болған кезде хабарланған уақытта ашылады.
      Барлық акционерлер немесе олардың өкiлдерi тiркелген, құлақтандырылған және жиналысты ашу уақытын өзгертуге қарсылық бiлдiрмеген жағдайды қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысы хабарланған уақытынан ерте ашылмайды.
      4. Акционерлердiң жалпы жиналысы жалпы жиналыстың төрағасын (төралқасын), хатшысын, хаттама жасаудың дұрыстығын куәландыратын акционерлердiң өкiлдерiн, есеп комиссиясы мүшелерiн немесе жалпы жиналыста дауыстар санауды жүзеге асыруға уәкiлеттi адамды сайлауды өткiзедi. Акционерлер жиналысы дауыс беру нысанын: ашық немесе жабық (бюллетеньдер бойынша) таңдауды жүргiзедi. Егер жарғыда өзгеше көзделмесе, осы тармақта аталған тұлғаларды сайлау туралы мәселе бойынша дауыс беру кезiнде әрбiр акционер бiр дауысқа ие болады, ал шешiм қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
      Қоғамның атқарушы органының және оның тексеру комиссиясының мүшелерi (тексерушi) жиналысқа қатысып отырған акционерлер атқарушы органның құрамына кiретiн не қоғамның тексеру комиссиясының мүшесi (тексерушiсi) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысында төрағалық ете алмайды.
      5. Акционерлердiң жалпы жиналысының хатшысы қоғам акционерлерi жалпы жиналысының хаттамасында көрсетiлген мәлiметтердiң толықтығы және дұрыстығы үшiн жауап бередi.

      56-бап. Өкiлдiк

      1. Акционердiң жеке өзi немесе өкiлi арқылы жалпы жиналысқа қатысуға және дауыс беруге құқығы бар.
      Қоғамның лауазымды адамдарының жалпы жиналыста акционерлердiң өкiлдерi ретiнде болуға құқықтары жоқ.
      Акционердiң өкiлi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде iс-әрекет жасайды.
      Заңды тұлғалардың өкiлдерiне арналған жалпы жиналысқа қатысуға және дауыс беруге құқығына сенiмхатты нотариалдық куәландыру талап етiлмейдi.
      2. Акционердiң акцияларын сенiмдi басқару жөнiнде шарт жасалған жағдайда, егер акционер мен сенiм бiлдiрiлген басқарушы арасындағы шартта өзгеше көрсетiлмесе, сенiмдi басқарушы жалпы жиналыста оның өкiлi ретiнде болуға хақылы.
      3. Кепiлдегi акциялар бойынша дауыс беру кепiлдiк шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      57-бап. Акционерлердiң сырттай дауыс беру арқылы
              қабылдайтын шешiмдерi

      1. Қоғамның акционерлерi жалпы жиналысының шешiмдерi сырттай дауыс беру арқылы қабылдануы мүмкiн. Сырттай дауыс беру жиналысқа қатысқан акционерлердiң қатысып дауыс беруiмен (аралас дауыс беру) бiрге не жалпы жиналыстың отырысын өткiзбестен қолданылуы мүмкiн.
      2. Сырттай дауыс беру жүргiзiлген кезде дауыс беру бюллетеньдерi осы Заңның 51-бабының 1-тармағына сәйкес жасалған акционерлер тiзiлiмiне енгiзiлген адамдарға жiберiледi (таратылады). Қоғамның акцияларын ұстаушылар тiзiлiмiнде тiркелген тұлға акциялардың атаулы ұстаушысы болып табылған жағдайда, бұл атаулы ұстаушылардың клиенттерiнiң дауыс беруi үшiн бюллетеньдер жiберу бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда немесе тiзiлiм ұстаушылар мен оны атаулы ұстаушылар арасындағы шартта белгiленген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.
      Дауыс беруге арналған бюллетень алушыға акционерлердiң жалпы жиналысының отырысы өткiзiлген күнге дейiн не акционерлердiң жалпы жиналысының отырысын өткiзбей сырттай дауыс беру үшiн дауыстарды санау күнiне дейiн кемiнде қырық бес күн бұрын жiберiлуi тиiс. Қоғамның жалпы жиналыста дауыс беру нәтижелерiне ықпал ету мақсатымен дауыс беру бюллетеньдерiн жекелеген акционерлерге талғап жiберуге құқығы жоқ. Сырттай дауыс беру арқылы қабылдауға жол берiлмейтiн мәселелердi шешу қоғамының жарғысында айқындалады.
      2-1. Он мыңнан астам акционерлерi бар қоғамдар, сондай-ақ инвестициялық жекешелендiру қорлары және инвестициялық жекешелендiру қорлары қайта ұйымдастыру жолымен құрылған қоғамдар осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімде кемінде қырық мың дана таралыммен шығарылатын республикалық баспа басылымдарында сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді таратуға құқылы.
      3. Сырттай дауыс беру кезiнде мынадай талаптар сақталуы тиiс.
      1) күн тәртiбiндегi мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау үшiн бiрыңғай нысандағы бюллетень пайдаланылуға тиiс;
      2) дауыс беруге арналған бюллетеньде:
      а) қоғамның атауы;
      б) сырттай беруге арналған бюллетеньдердi табыс етудiң түпкiлiктi күнi;
      в) шақырылған жағдайда, жиналыс өткiзiлетiн күн не жалпы жиналыстың отырысы өткiзiлмеген жағдайда дауыстарды санау күнi;
      г) талқылауға енгiзiлген мәселелердiң тұжырымдамасы;
      д) "Иә", "Қарсы", "Қалыс қалды" деген сөздермен бiлдiрiлген, дауысқа қойылған әрбiр мәселе бойынша дауыс берудiң нұсқаулары көрсетiлуге тиiс.
      3) қоғам органдарының мүшелерiн сайлау мәселелерi бойынша дауыс беру кезiнде бюллетеньде үмiткерлердiң аты-жөнi көрсетiлуi тиiс.
      Дауыс беру бюллетенiнде дауыс беру тәртiбiнiң түсiндiрмесi болу тиiс.
      Дауыс берген кезде дауыс берушiлерге дауыс берудiң ықтимал бiр ғана нұсқасы қалдырылған мәселелер бойынша дауыстар ескерiледi.
      Дауыс берушiнiң немесе дауыс берушi заңды тұлға басшысының немесе оның орнындағы адамның қолы қойылмаған, сондай-ақ заңды тұлға - акционердiң мөрi басылмаған бюллетень жарамсыз деп саналады.
      4. Сырттай дауыс берудiң тәртiбi қоғамның жарғысында осы Заңның талаптарына сәйкес көрсетiлуi тиiс.
      5. Жалпы жиналысқа қатысушыларды тiркеу кезiнде не жалпы жиналыс отырысы өткiзiлмей шешiм қабылданғанда дауыстарды санау күнiне қарай қоғам алған бюллетеньдер дауыс беруге қатыстырылады.
      6. Сырттай дауыс беру нысанында қабылданған шешiмдер акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу үшiн қажеттi кворум сақталғанда заңды болып табылады.
      7. Акционерлерiнiң саны бес жүз және одан да көп қоғамдағы сырттай дауыс берудiң нәтижелерi баспасөз басылымында отыз күннен кешiктiрiлмей жариялануға тиiс.
      ЕСКЕРТУ. 57-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      58-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беру

      Акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс беру, қоғамның директорлар кеңесiнiң, атқарушы органның (басқарманың) және тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау бойынша өткiзiлетiн кумулятивтi дауыс берудi қоспағанда, "қоғамның бiр акциясы - бiр дауыс" принципi бойынша жүзеге асырылады.
      Жалпы дауыс беру ашық тәсiлмен және бюллетень бойынша жабық дауыс беру арқылы өткiзiлуi мүмкiн.

      59-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама

      1. Дауыс беру қорытындылары бойынша есеп комиссиясы немесе акционерлердiң жалпы жиналысындағы дауыстарды есептеудi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген адам дауыс берудiң қорытындылары туралы хаттама жасайды және оған қол қояды.
      2. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасалғаннан және акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасына қол қойылғаннан кейiн дауыс беруге арналған бюллетеньдер сүргiленедi және қоғамның архивiне сақтауға тапсырылады.
      3. Дауыс беру қорытындылары туралы хаттама акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасына қоса тiркелуге тиiс.
      4. Өтуi барысында дауыс беру жүргiзiлген акционерлердiң жалпы жиналысында дауыс берудiң қорытындылары жария етiледi және акционерлердiң жиналысы жабылғаннан кейiн баспасөз басылымында дауыс беру қорытындылары туралы есептi жариялау арқылы акционерлердiң назарына жеткiзiледi.

      60-бап. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасы

      1. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасы акционерлердiң жалпы жиналысы жабылғаннан кейiн үш күннен кешiктiрiлмей ресiмделедi.
      2. Акционерлердiң жалпы жиналысының хаттамасында:
      1) қоғамның толық атауы мен орналасқан жерi;
      2) акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу орны мен уақыты;
      3) жалпы жиналыстың күн тәртiбi;
      4) жалпы жиналыстың кворумы;
      5) жалпы жиналыста дауыс беру тәртiбi;
      6) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбiндегi дауысқа қойылған әрбiр мәселе бойынша дауыстың жалпы саны;
      7) жалпы жиналыстың төрағасы (төралқасы) және хатшысы;
      8) жалпы жиналысқа қатысқан адамдардың сөйлеген сөздерi;
      9) дауыс беруге қойылған мәселелер, олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
      10) акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдаған шешiмдер көрсетiлуi керек.
      3. Хаттама жалпы жиналыстың төрағасы, хатшысы, жалпы жиналысқа қатысқан және дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн иеленген акционерлер, есеп комиссиясының мүшелерi немесе жалпы жиналыста дауыстарды есептеудi жүзеге асыруға уәкiлеттi адам қол қояды. Хаттамаға қол қоюға мiндеттi адамның қол қоюға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, хаттамаға өзiне берiлген сенiмхат негiзiнде оның өкiлi қол қояды.
      4. Барлық жалпы жиналыстың хаттамалары қоғамның атқарушы органында сақталатын хаттамалар кiтабына тiгiледi және кез келген уақытта кез келген акционерге танысу үшiн берiлуге тиiс. Акционерлердiң талап етуi бойынша оларға хаттамалар кiтабынан куәландырылған көшiрмелер берiледi.

      61-бап. Қоғамның директорлар кеңесi

      1. Директорлар кеңесi - қоғамның осы Заңмен және қоғамның жарғысымен акционерлiк қоғамның жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, қоғамның қызметiне жалпы басшылық жасауды жүзеге асыратын орган. Директорлар кеңесiнiң шешiмi осы тарауда белгiленген тәртiппен қабылданады.
      2. Акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiне өздерiнiң мiндеттерiн атқарған кезеңде сыйақы төленедi және (немесе) олардың қоғамның директорлар кеңесiнiң мемлекеттiк қызметшi болып табылмайтын мүшелерi мiндеттерiн атқаруға байланысты шығындары өтеледi. Мұндай сыйақылар мен өтемақылардың мөлшерi акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiмен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 61-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      62-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң құзыретi

      1. Қоғамның жарғысында белгiленген шектерде қоғамның директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне мынадай мәселелер жатады:
      1) қоғам қызметiнiң басым бағыттарын айқындау;
      2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам акционерлерiнiң жылдық және кезектен тыс жалпы жиналыстарын шақыру туралы шешiм қабылдау;
      3) акционерлердiң жалпы жиналысының отырысын өткiзбестен сырттай дауыс берудi жүргiзу кезiнде есеп комиссиясын құру;
      4) акционерлердiң жалпы жиналысының күн тәртiбiн бекiту;
      5) жалпы жиналысқа қатысуға құқығы бар акционерлердiң тiзiмiн жасау күнiн айқындау және акционерлердiң жалпы жиналыстарын әзiрлеу мен өткiзуге байланысты басқа да мәселелер;
      6) осы Заңда көзделген мәселелердi акционерлердiң жалпы жиналысының шешуiне ұсыну;
      7) қоғамның шығарылған (төленген) капиталының мөлшерiн азайту туралы және қоғам шығарған акцияларды, облигациялар мен өзге де бағалы қағаздарды осы Заңда және өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сатып алу туралы шешiм қабылдау;
      8) егер қоғамның жарғысында бұл мәселелер акционерлердiң жалпы жиналысының құзыретiне жатқызылмаған болса, қоғамның атқарушы органын сайлау және оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, оған төленетiн сыйақылар мен өтемақылардың мөлшерiн белгiлеу;
      9) қоғамның тексеру комиссиясының мүшелерiне (тексерушiге) төленетiн сыйақылардың мөлшерiн белгiлеу және тәуелсiз аудитордың қызметiне ақы төлеудiң мөлшерiн белгiлеу;
      10) тоқсандық және жартыжылдық қорытындылар бойынша дивидендтер төлеудiң мөлшерi, көздерi мен тәртiбi туралы шешiм қабылдау;
      11) таза табысты, резервтiк капитал мен қоғамның өзге қорларының қаражатын пайдаланудың тәртiбiн айқындау;
      12) қоғам қызметiнiң тәртiбiн айқындайтын қоғамның iшкi құжаттарын бекiту;
      13) қоғамның филиалдары мен өкiлдiктерiн құру туралы шешiм қабылдау;
      14) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның басқа ұйымдар құруға және олардың қызметтерiне қатысуы туралы шешiмдер қабылдау;
      15) осы Заңда белгiленген тәртiппен iрi мәмiлелер жасау туралы шешiмдер қабылдау;
      16) тәуелсiз тiркеушiмен жасалған шартты бекiту;
      17) құпия сипаттағы және қоғамның коммерциялық құпиясын құрайтын ақпаратты белгiлейдi;
      18) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген, оның акционерлерiнiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатпайтын өзге де мәселелер.
      2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
      3. Директорлар кеңесі өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің құрамындағы кемінде үштен бір бөлігін құрайтын мүшелерiнiң талап етуiмен қоғамның қаражаты есебінен тәуелсіз сарапшылар, консультанттар тартуға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 62-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен .

      63-бап. Қоғамның директорлар кеңесiн сайлау

      1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi акционерлердiң жылдық жиналысында сайланады осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамның директорлар кеңесiнiң бұрынғы сайланған мүшелерiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда жалпы жиналыста қайта сайланады.
      Қоғамның акционері болып табылмайтын және акционердің - заңды тұлғаның мүдделерін білдіруші ретінде директорлар кеңесіне сайлануға ұсынылмаған (ұсыным жасалмаған) жеке тұлға (бұдан әрі - сыртқы тұлға) директорлар кеңесінің мүшесі болып сайлануы мүмкін. Сыртқы тұлғалардың саны директорлар кеңесі құрамының отыз процентінен аспауға тиіс.
      Заңды тұлға қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшесi бола алмайды.
      2. Ашық қоғам басқармасының төрағасынан басқа оның мүшелерi қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi бола алмайды. Атқарушы органның функциясын жалғыз өзi жүзеге асыратын тұлға және басқарманың төрағасы бiр мезгiлде ашық қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы бола алмайды.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң құрамына сайланған тұлғаларға қойылатын талаптар қоғамның жарғысымен немесе акционерлердiң жалпы жиналысында бекiтiлген iшкi құжатпен белгiленуi мүмкiн.
      Халықтық қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң кемiнде елу процентi тәуелсiз директорлар болуы тиiс.
      4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң сандық құрамы қоғамның жарғысымен немесе акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiмен осы Заңның талаптарына сәйкес айқындалады.
      Ашық қоғам үшiн қоғамның директорлар кеңесiнiң сандық құрамы үш мүшеден кем, ал халықтық қоғам үшiн - бес мүшеден кем болмайды.
      5. Қоғамның барлық дауыс беретiн акцияларын иеленетін жалғыз акционерi бар қоғамдарды қоспағанда, ашық қоғам директорлар кеңесiнiң мүшелерiн сайлау кумулятивтi дауыс берумен жүзеге асырылады. Акционер өзiне тиесiлi акциялар бойынша дауыстарын қоғамның директорлар кеңесiне мүшелiкке бiр кандидат үшiн толық беруге немесе бiрнеше кандидат арасында бөлуге хақылы. Неғұрлым көп дауыс санын алған кандидаттар қоғамның директорлар кеңесiне сайланған болып саналады.
      Жабық қоғамның жарғысында сонымен қатар қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiн сайлау кезiнде кумулятивтi дауыс берудi жүргiзу мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 63-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.12.15. N 497 Заңымен.
      ЕСКЕРТУ. 63-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен .

      64-бап. Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң
              өкiлеттiк мерзiмi

      1. Егер қолданылып жүрген заңға қайшы болмаса және қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесiнiң құрамына сайланған тұлғалар шектеусiз сан мәрте қайтадан сайлана алады.
      2. Акционерлер жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғамның директорлар кеңесiнiң кез келген мүшесiнiң (барлық мүшесiнiң) өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын кез келген негiзде тоқтатылуы мүмкiн. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi кумулятивтi дауыс берумен сайланған жағдайда акционерлердiң жалпы жиналысының өкiлеттiктi мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмi тек қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерiне қатысты ғана қабылдануы мүмкiн.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң бұрынғы мүшесiнiң өкiлеттiк мерзiмi қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа мүшесiн сайлау жүргiзiлетiн акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзу кезiнде аяқталады.
      Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанына қарамастан ол қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа мүшесi қызметке нақты кiрiскенге дейiн немесе қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң санын қысқарту жүргiзiлген кезге дейiн өзiнiң мiндеттерiн атқаруды жалғастыра бередi.
      4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң бос тұрған қызметтi атқару үшiн сайланған мүшесi өзiнiң алдында болған мүшенiң қалған өкiлеттiк мерзiмiне сайланады.

      65-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшесi
              өкiлеттiгiнiң тоқтатылуы

      1. Қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгi оның бастамасы бойынша кез келген уақытта қоғамның директорлар кеңесiнiң жазбаша хабарламасы арқылы жүзеге асырылады.
      2. Егер хабарламада алты айдан аспайтын неғұрлым кеш мерзiм көрсетiлмесе, қоғамның директорлар кеңесi мүшесiнiң өкiлеттiгi қоғамның директорлар кеңесi жазбаша хабарлама алынған кезден бастап тоқтатылады және бұл мерзiм қоғамның директорлар кеңесiнiң қалған мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.

      66-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы

      1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы, егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң арасынан қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен сайланады.
      Қоғамның директорлар кеңесi өзiнiң төрағасын, егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен кез келген уақытта қайтадан сайлауға хақылы.
      2. Төраға қоғамның директорлар кеңесiнiң жұмысын ұйымдастырады, қоғамның директорлар кеңесiнiң отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi, осы Заңмен және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен отырыстарда хаттама жүргiзiлуiн ұйымдастырады.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы болмаған жағдайда, оның функциясын қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша директорлар кеңесi мүшелерiнiң бiрi жүзеге асырады.

      67-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысы
              туралы хабарлама жасау

      1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерiне және алтын акцияның иесіне, егер жарғыда өзгеше көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесiнiң алдағы болатын отырысының күнi, уақыты, орны және отырыстың күн тәртiбi көрсетiлiп, жазбаша хабарлама жiберiледi.
      2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын өткiзу туралы хабарлама, егер жарғыда өзге мерзiм көзделмесе, отырыс шақырылғанға дейiн үш күннен кешiктiрiлмей жiберiледi.
      3. Директорлар кеңесiнiң мүшесi кеңестiң отырысына қатысуға келе алмауы туралы қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасын немесе оны ауыстыратын директорлар кеңесiнiң мүшесiн алдын ал хабардар етуге мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 67-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      68-бап. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысы

      1. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын директорлар кеңесiнiң төрағасы өзiнiң бастамасы бойынша, директорлар кеңесi кез келген мүшесiнiң, қоғамның тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) немесе қоғамның тәуелсiз аудиторының, қоғамның атқарушы органының, сондай-ақ қоғамның дауыс беретiн акцияларының жиынтығында он проценттен көбiн жеке өзi немесе басқа акционерлермен бiрге иеленген қоғам акционерлерiнiң талап етуi бойынша шақырады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын шақыру мен өткiзу тәртiбi қоғамның жарғысымен немесе қоғамның iшкi құжатымен айқындалады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмiн сырттай дауыс беру арқылы қабылдау мүмкiндiгi қоғамның жарғысында көзделуi мүмкiн.
      2. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысын өткiзуге арналған кворум қоғамның жарғысымен айқындалады, бiрақ қоғамның директорлар кеңесiне сайланған мүшелер санының жартысынан кем болмауға тиiс. Қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң саны қоғамның жарғысында көзделген санның жартысынан аз болған жағдайда, қоғамның директорлар кеңесiнiң жаңа құрамын сайлау үшiн қоғам акционерлердiң кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруға мiндеттi. Қоғамның директорлар кеңесiнiң қалған мүшелерi тек қана қоғам акционерлерiнiң осындай кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы шешiм қабылдауға хақылы.
      Аталған кезеңде қоғамның директорлар кеңесi қоғам қызметiнiң қоғамның жарғысымен айқындалған төтенше мәселелер бойынша шешiмдердi, оларды кейiннен қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiте отырып қабылдауға хақылы. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы директорлар кеңесiнiң төтенше мәселелер жөнiндегi шешiмiмен келiспеген жағдайда, директорлар кеңесiнiң мұндай шешiмiнiң күшi жоқ болып саналады.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысында шешiмдер, егер осы Заңда және жарғыда өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесiнiң қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысындағы мәселелердi шешуде қоғамның директорлар кеңесiнiң әрбiр мүшесiнiң бiр дауысы болады.
      Қоғамның директорлар кеңесiнiң бiр мүшесiнiң дауысын қоғамның директорлар кеңесiнiң екiншi мүшесiне беруге тыйым салынады.
      Шешiм қабылдаған ретте қоғамның директорлар кеңесi мүшелерiнiң дауыстары тең болатын жағдайда, қоғамның жарғысымен қоғамның директорлар кеңесi төрағасының шешушi дауыс құқығы көзделуi мүмкiн.
      4. Қоғамның директорлар кеңесiнiң отырысында хаттама жүргiзiледi. Қоғамның директорлар кеңесi отырысының хаттамасы оны өткiзгеннен кейiн үш күннен кешiктiрiлмей жасалады және оған төрағалық етушi мен хатшы қол қояды.
      Отырыстың хаттамасында:
      1) акционерлiк қоғамның толық атауы және орналасқан жерi;
      2) отырысты өткiзген орын және уақыт;
      3) отырысқа қатысқан адамдар;
      4) отырыстың күн тәртiбi;
      5) дауысқа салынған мәселелер және олар бойынша дауыс беру қорытындылары;
      6) қабылданған шешiмдер көрсетiледi.

      69-бап. Қоғамның атқарушы органы

      1. Ағымдағы қызметке басшылық жасауды қоғамның атқарушы органы жүзеге асырады. Қоғамның атқарушы органы алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкiн.
      2. Қоғамның атқарушы органы қоғам акционерлерi жалпы жиналысының және директорлар кеңесiнiң шешiмдерiн орындайды.
      Қоғамның атқарушы органы қоғамның атынан iс-қимыл жасайды, оның iшiнде оның мүддесiн бiлдiредi, қоғамның атынан осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген тәртiппен мәмiлелер жасайды, штатты бекiтедi, шешiмдер (қаулылар) (атқарушы органның қызметiн жеке өзi атқаратын адам - бұйрықтар және өкiмдер) шығарады және қоғамның барлық қызметкерлерiнiң орындалуы үшiн мiндеттi нұсқаулар бередi.
      3. Қоғамның атқарушы органын құру, оның өкiлеттiгi, сондай-ақ оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      Қоғамның акционерлерi және оның акционерлерi болып табылмайтын қызметкерлерi алқалы атқарушы органның мүшелерi бола алады.
      Атқарушы орган мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Заңмен, өзге де заң актiлерiмен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ олардың әрқайсысының қоғаммен жасасқан еңбек келiсiм-шартымен айқындалады. Келiсiм-шартқа қоғамның атынан қоғамның директорлар кеңесiнiң төрағасы немесе қоғамның директорлар кеңесi уәкiлеттiк берген тұлға қол қояды.
      Қоғам мен қоғамның атқарушы органының мүшелерi арасындағы қатынастарға еңбек туралы заңдардың осы Заңның ережелерiмен реттелмеген бөлiгi қолданылады.
      4. Қоғамның атқарушы органының мүшесiне басқа ұйымдарда немесе басқа ұйымдардың органдарында лауазым атқаруға тек қоғамның директорлар кеңесiнiң келiсiмiмен рұқсат етiледi.

      70-бап. Қоғамның атқарушы органының құзыретi

      1. Қоғамның атқарушы органының құзыретiне осы Заңмен, қоғамның жарғысымен немесе ережелерiмен және жалпы жиналысы мен қоғамның директорлар кеңесi қабылдаған өзге де құжаттармен айқындалған жалпы жиналыстың немесе директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатпайтын, қоғам қызметiн қамтамасыз етудiң барлық мәселелерi жатады.
      2. Қоғам, оның атқарушы органы қоғам белгiленген шектеулердi бұзып жасаған мәмiленiң жарамдылығын, егер мәмiленi жасау кезiнде тараптардың мұндай шектеулер туралы бiлгендiгiн дәлелдесе, даулауға хақылы.

      71-бап. Алқалы атқарушы орган

      1. Алқалы атқарушы органды директорлар кеңесi қоғамның жарғысында айқындалған санда және мерзiмге сайлайды.
      2. Қоғамның алқалы атқарушы органының төрағасын, егер қоғамның жарғысында оны алқалы атқарушы органның өзi сайлайтындығы көзделмесе, қоғамның директорлар кеңесi сайлайды.
      3. Қоғамның алқалы органы қызметiнiң және оның шешiмдер қабылдау тәртiбi қоғамның жарғысымен айқындалады.

      72-бап. Қоғамның атқарушы органы басшысының өкiлеттiгi

      1. Қоғамның атқарушы органының басшысы (басқарма төрағасы немесе атқарушы органның қызметiн жеке-дара атқарушы тұлға):
      1) үшiншi тұлғалармен қатынаста қоғамның атынан сенiмхатсыз iс-қимыл жасайды;
      2) қоғамның мүддесiн бiлдiру құқығына сенiмхат бередi;
      3) қоғамның қызметкерлерiн қызметке тағайындау туралы, оларды қызметтен ауыстыру және босату туралы бұйрықтар шығарады, еңбекке ақы төлеу жүйесiн айқындайды, лауазымдық жалақылардың және жеке үстемеақылардың мөлшерiн белгiлейдi, сыйлықақылар беру мәселелерiн шешедi, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртiптiк жазалар қолданады;
      4) осы Заңға және қоғамның Жарғысына сәйкес осы органдардың айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, акционерлердiң жалпы жиналысы немесе директорлар кеңесi берген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Қоғамның атқарушы органының басшысы қызметiнiң және оның шешiмдер қабылдауының тәртiбi қоғамның жарғысымен айқындалады.
      Атқарушы органның басшысы немесе оның атынан және оның тапсыруымен әрекет ететiн адам, қоғамның атқарушы органы қабылдайтын шешiмдердi өздерiне қатысты вето құқығы белгiленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесiмен келiсуге мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 72-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      73-бап. Қоғамның тексеру комиссиясы (тексерушi)

      1. Қоғамның атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыру үшiн тексеру комиссиясы құрылуы немесе акционерлердiң немесе кәсiпқой аудиторлардың (бухгалтерлердiң) қатарынан қоғамның тексерушiсi сайлануы мүмкiн.
      Тексеру комиссиясы кемiнде үш мүше құрамында құрылады.
      2. Қоғамның тексеру комиссиясы немесе тексерушi жалпы жиналыста қоғамның жарғысымен айқындалған, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмге сайланады. Тексеру комиссиясы мүшесiнiң немесе тексерушiнiң өкiлеттiк мерзiмiн мерзiмiнен бұрын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы тоқтатуы мүмкiн.
      3. Қоғамның директорлар кеңесiнiң және атқарушы органының мүшелерi, сондай-ақ атқарушы органның қызметтерiн жеке-дара жүзеге асырушы адам тексеру комиссиясының мүшесi (тексерушi) болып сайлана алмайды.
      4. Тексеру комиссиясы (тексерушi) кез келген уақытта өзiнiң бастамасы бойынша, акционерлер жалпы жиналысының, қоғамның директорлар кеңесiнiң тапсырмасы бойынша немесе жиынтығында акциялардың он процентiнен астамын иеленетiн акционерлерiнiң талап етуi бойынша қоғамның атқарушы органының қызметiне тексерiс жүргiзуге хақылы. Тексеру комиссиясы (тексерушi) осы мақсат үшiн қоғамның барлық құжаттарына сөзсiз қол жеткiзу құқығына ие. Тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) талап етуi бойынша атқарушы органның мүшелерi қажеттi түсiнiктердi ауызша немесе жазбаша нысанда беруге мiндеттi.
      5. Тексеру комиссиясы (тексерушi) қоғамның жылдық қаржы есептiлiгiне акционерлердiң жалпы жиналысында бекiтiлгенге дейiн мiндеттi түрде тексерiс жүргiзедi. Акционерлердiң жалпы жиналысы жылдық есептiлiктi тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) қорытындысынсыз, ал халықтық қоғам үшiн аудитордың да қорытындысынсыз бекiтуге хақылы емес.
      6. Қоғамның тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) жұмыс тәртiбi оның жарғысымен айқындалады.

      74-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметiнiң
              жалпы принциптерi

      1. Қоғамның лауазымды адамдары (қоғамның директорлар кеңесiнiң мүшелерi, қоғам басқармасының мүшелерi немесе қоғамның атқарушы органының функциясын жеке-дара атқарушы адам, қоғамның тексеру комиссиясының мүшелерi немесе тексерушiсi) өздерiне жүктелген мiндеттердi адал және қоғамның мүддесiн неғұрлым жоғары дәрежеде көрсетедi деп негiздi санайтын тәсiлдердi қолдана орындайды.
      2. Қоғамның лауазымды адамдары жарғыға немесе акционерлердiң жалпы жиналысының не қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмдерiне сәйкессiз қоғамның мүлкi мен мүлiктiк құқықтарын пайдалануға немесе пайдалануға жол беруге тиiс емес.

      75-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершiлiгi

      1. Қоғамның лауазымды адамдары қоғамға өздерiнiң кiнәлi iс-әрекеттерiмен келтiрген зияндары үшiн қоғамның алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Бұл ретте қоғамға зиян келтiруге әкеп соққан шешiмге қарсы дауыс берген немесе дауыс беруге қатыспаған лауазымды адамдар жауапты болмайды.
      2. Осы баптың ережелерiне сәйкес жауапкершiлiк бiрнеше лауазымды адамға жүктелген жағдайда олардың қоғамның алдындағы жауапкершiлiктерi бiрлескен болып табылады.
      3. Қоғам акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде лауазымды адамның қоғам шеккен залалды өтеуi туралы талаппен сотқа жүгiнуге хақылы.
      4. Қоғам мәжбүрлеп таратылған жағдайда оның лауазымды адамдары оның мүлкi жеткiлiксiз болған ретте қоғамның мiндеттемелерi бойынша несие берушiлердiң алдында күшiне енгiзiлген сот шешiмiне сәйкес осы баптың 1-тармағының ережелерi ескерiле отырып, мүлiктiк жауапты болады.

7-тарау. IРI МӘМIЛЕЛЕРДI ЖАСАСУ

      76-бап. Iрi мәмiлелер

      1. Осы Заң үшiн:
      1) қоғамның жарғысына сәйкес әдеттегi шаруашылық қызметiн жүзеге асыру процесiнде жүргiзiлетiн мәмiлелердi қоспағанда, сатып алуға немесе иелiктен айыруға не жалпы баланстық құны халықтық болып табылмайтын қоғам активтерiнiң жиырма бес немесе одан да көп процентiн немесе халықтық қоғамдар үшiн - активтердiң он және одан да көп процентiн құрайтын қоғамның мүлкiн тiкелей немесе жанама түрде қоғамның сатып алу немесе иелiктен айыру мүмкiндiгiне байланысты мәмiле және (немесе) бiрнеше бiр-бiрiне өзара байланысты мәмiлелер;
      2) халықтық болып табылмайтын қоғамның бағалы қағаздарын төлеуге немесе сатуға, оның iшiнде шығаруға және орналастыруға байланысты жалпы санының жиырма бес және одан да көп процентiн және халықтық қоғам үшiн - он және одан да көп процентiн құрайтын мәмiле және (немесе) бiрнеше өзара байланысты мәмiлелер iрi мәмiле болып танылады.
      2. Қоғамның жарғысында немесе акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiнде iрi мәмiлелерге осы баптың 1-тармағында аталғандарға қоса өзге де мәмiлелер, сондай-ақ қоғамның қаржылық тұрақтылығын сақтау үшiн маңызы бар басқа мәмiлелердiң белгiлi бiр санаттары жатқызылуы мүмкiн, оларды жасасу iрi мәмiлелер үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      77-бап. Iрi мәмiленiң мәнi болып табылатын
              мүлiктiң құны

      1. Қоғамның iрi мәмiленiң мәнi болып табылатын иелiктен айырылған мүлкiнiң құны iрi мәмiле жасалған жердегi және күнгi сол тәрiздес мүлiктiң нарықтық бағасынан төмен бола алмайды.
      Iрi мәмiлелердi басқа бағалар бойынша жасау экономикалық тұрғыда орынды болған жағдайда қоғамның лауазымды тұлғалары адал және қоғамның мүддесi үшiн iс-қимыл жасай отырып, нарықтық бағадан өзгеше бағалар бойынша мәмiле жасауға хақылы. Бұл жағдайда мәмiле туралы есеп акционерлердiң кезектi жалпы жиналысында қаралуы тиiс.
      2. Iрi мәмiленiң мәнi болып табылатын сатып алынған немесе иелiктен айырылған мүлiктiң нарықтық құнын айқындауды аудитор немесе тәуелсiз бағалаушы жүзеге асырады.

      78-бап. Iрi мәмiленiң мәнi болып табылатын мүлiктiң
              нарықтық құнын айқындау

      1. Мүлiктiң құны туралы және оның бағасына әсер етуi мүмкiн оның басқа сипаттамалары туралы толық ақпарат қолында бар сатушы оны сатуға келiскен, ал мүлiктiң құны туралы және оның бағасына әсер етуi мүмкiн оның басқа сипаттамалары туралы толық ақпарат қолында бар сатып алушы осы мүлiктi сатып алуға келiскен баға мүлiктiң нарықтық құны болып табылады.
      2. Рыноктық бағасын айқындау - талап етiлетiн мүлiк ұйымдастырылған рынокта айналыста жүрген акциялар немесе өзге де бағалы қағаздар болып табылған жағдайда аталған мүлiктiң бағасын айқындаған кезде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногындағы сатып алу бағасы немесе сұраныс пен ұсыныс бағалары назарға алынуға тиiс.
      3. Егер рыноктық бағасын айқындау талап етiлетiн мүлiк қоғамның акциялары болып табылған жағдайда, аталған мүлiктiң нарықтық құнын айқындау үшiн, сондай-ақ қоғамның өз капиталының мөлшерi, қоғам акцияларының жиынтық құны туралы толық ақпарат қолында бар сатып алушы қоғамның акциялары үшiн төлеуге келiскен баға және мүлiктiң рыноктық бағасын айқындаушы тұлға маңызды деп санаған басқа да факторлар назарға алынуға тиiс.

      79-бап. Iрi мәмiле жасасу туралы шешiмдер
              қабылдау тәртiбi

      1. Қоғамның iрi мәмiле жасасу туралы шешiмi акционерлердiң жалпы жиналысында бекiтiледi.
      Қоғамның директорлар кеңесi акционерлердiң жалпы жиналысына дәйектi шешiм қабылдау үшiн қажет, iрi мәмiлеге қатысты барлық ақпаратты ұсынуға мiндеттi.
      2. Қоғам қоғамның барлық кредиторларын қоғамның кез келген iрi мәмiле жасасуы туралы оны жасаудан кемiнде он күн бұрын қоғамның жарғысымен айқындалған баспасөз басылымында тиiстi мәлiметтер жариялау жолымен жазбаша хабардар етуге тиiс.
      3. Iрi мәмiле жасасу туралы шешiмге дауыс беруге қатыспаған немесе қарсы дауыс берген акционер қоғамның өзiне тиесiлi акцияларды осы Заңда белгiленген тәртiппен сатып алуын талап етуге хақылы.

      80-бап. Iрi мәмiле жасасуға қойылатын талаптарды
              сақтамаудың салдары

      1. Iрi мәмiле жасасуда осы Заңда көзделген талаптарды сақтамау қоғаммен мәмiле жасасушы тұлға адал iс-әрекет жасаған және аталған талаптарды қоғамның сақтамағандығы туралы бiлмеген немесе мүлде бiлуге тиiс болмаған жағдайларды қоспағанда, осы мәмiленiң жарамсыздығына әкеп соғады.
      2. Iрi мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талапты кез келген мүдделi тұлғалар қоя алады.
      3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгiленген талаптарды бұза отырып қасақана iрi мәмiле жасасқан адамның мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге, егер мұндай талап бас пайдасын көздеу себебiмен немесе жауапкершiлiктен жалтару ниетiнен туындаса, хақы жоқ.

8-тарау. ҚОҒАМНЫҢ МӘМIЛЕЛЕР ЖАСАСУЫНА МҮДДЕЛIЛIК

      81-бап. Қоғамның мәмiлелер жасауына мүдделiлiк

      1. Қоғамның лауазымды тұлғалары, өзiнiң аффилиирленген тұлғасымен (тұлғаларымен) бiрлесiп халықтық болып табылмайтын қоғамның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн және халықтық қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес және одан да көп процентiн иеленген акционер, егер аталған тұлға, оның жұбайы, ата-анасы, балалары, аға-iнiлерi, апа-қарындастары және оның аффилиирленген тұлғалары:
      1) осындай мәмiленiң бiр тарапы болып табылса немесе онда өкiл не делдал ретiнде қатысса;
      2) мәмiленiң бiр тарапы болып табылатын заңды тұлғаның аффилиирленген тұлға болып табылса немесе оған өкiл не делдал ретiнде қатысатын болса, соның iшiнде осындай заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының (үлестерiнiң, пайларының) он және одан да көп процентiн немесе егер ол халықтық қоғам болып табылса, осындай заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының бес және одан да көп процентiн иеленсе, қоғамның мәмiлелер жасасуына мүдделi тұлғалар болып танылады.
      2. Осы тараудың ережелерi:
      1) акционерлердiң осы Заңға сәйкес акциялар сатып алудың артықшылықты құқықтарын жүзеге асыруға;
      2) барлық акционерлер - акциялар иелерiнiң өздерiне тиесiлi акцияларды өздерiне тиесiлi акциялардың санына бара-бар түрде сатуға тең құқықтары болған жағдайда қоғамның акцияларды сатып алуына;
      3) осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын қоғамды қайта ұйымдастыруға қолданылмайды.

      82-бап. Қоғамның мәмiле жасасуына мүдделiлiк
              туралы ақпарат

      Осы Заңның 81-бабының 1-тармағында аталған тұлғалар қоғамның директорлар кеңесiнiң, қоғамның тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) және қоғамның аудиторының назарына:
      1) олардың мәмiленiң талаптары болып табылатындығы немесе оған өкiл не делдал ретiнде қатысатындығы туралы;
      2) өздерi аффилиирленген заңды тұлғалар туралы, соның iшiнде дербес немесе өздерiнiң аффилиирленген тұлғаларымен бiрлесiп немесе дауыс беретiн акциялардың (үлестердiң, пайларының) он және одан да көп процентiн иеленген немесе халықтық қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес және одан да көп процентiн иеленген заңды тұлғалар туралы және органдарында өздерi қызмет атқаратын заңды тұлғалар туралы;
      3) өздерi мүдделi тұлғалар болып танылуы мүмкiн өздерiне белгiлi жасалған немесе ықтимал мәмiлелер туралы ақпаратты жеткiзуге мiндеттi.

      83-бап. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi жасау
              тәртiбiне қойылатын талаптар

      1. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi ашық қоғамның жасасуы туралы шешiмдi қоғамның директорлар кеңесi оны жасасуға мүдделi емес мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылдайды.
      2. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi халықтық қоғамның жасасуы туралы шешiмдi қоғамның директорлар кеңесi оны жасасуға мүдделi емес тәуелсiз директорлардың көпшiлiк дауысымен қабылдайды.
      3. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiле жасасу туралы шешiм қабылдау үшiн директорлар кеңесi қоғамның иелiктен айырылған немесе көрсетiлген қызмет үшiн алатын түсiмi осы мүлiктiң немесе қызметтiң осы Заңда белгiленген нарықтық бағасынан төмен еместiгiн, ал қоғамның сатып алған мүлкi мен алған қызметi үшiн жасайтын шығындары осы мүлiк немесе қызметтiң нарықтық бағасынан жоғары еместiгiн белгiлеуi тиiс.
      4. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi қоғамның жасасуы туралы шешiм акционерлердiң жалпы жиналысында:
      1) егер мәмiленiң сомасы акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiн қабылдау күнiне қоғам активтерiнiң баланстық құнының бес процентiнен асқан;
      2) егер мәмiле және (немесе) бiр-бiрiмен өзара байланысты бiрнеше мәмiлелер қоғамның дауыс беретiн акцияларын немесе дауыс беретiн акцияларға айырбасталатын өзге де бағалы қағаздарды қоғамның бұрын шығарылған дауыс беретiн акцияларының бес процентiнен асатын мөлшерде орналастыру болып табылған жағдайларда қабылданады.
      5. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiле жасасу, егер:
      1) мәмiле мүдделi тұлғаның қоғамға беретiн заемы болып табылған;
      2) мәмiле мүдделi тұлға Заңның 81-бабына екiншi тарап деп танылған сәтке дейiн орын алған әдеттегi шаруашылық қызметтi жүзеге асыру процесiнде қоғамның және басқа тараптың арасында жасалған жағдайларда, осы баптың 4-тармағында көзделген акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiн талап етпейдi.
      6. Жасалуына болашақта мүдделiлiк туындауы мүмкiн мәмiлелердi акционерлердiң жалпы жиналысының өткiзiлу күнiне айқындау мүмкiн болмаған жағдайда, жасалуы мүмкiн мәмiлелердiң сипаттарын және олардың шектi сомаларын көрсетiп, қоғамның және өзге тұлғаның арасындағы шарттық қатынастарды белгiлеу туралы акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмiн қабылдаған жағдайда осы баптың 4-тармағының талаптары орындалды деп саналады.
      7. Егер қоғамның директорлар кеңесiнiң барлық мүшелерi мүдделi тұлғалар болып танылған жағдайда, мәмiле акционерлердiң жалпы жиналысының мәмiлеге мүдделi емес акционерлердiң көпшiлiк даусымен қабылданған шешiмi бойынша жасалуы мүмкiн.
      8. Егер жасалуына мүдделiлiк бар мәмiле бiр мезгiлде iрi мәмiле болып табылса, оны жасасу тәртiбiне осы Заңның 7-тарауының ережелерi қолданылады.

      84-бап. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi жасасу
             тәртiбiне қойылатын талаптарды сақтамаудың
             салдары

      Жасалуына мүдделiлiк бар, мәмiленi жасасу тәртiбiне қойылатын осы Заңда көзделген талаптарды бұза отырып жасалған мәмiле сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
      Осы Заңда көзделген жасасу тәртiбiнiң талаптары бұзыла отырып қоғамның мәмiле жасасуына мүдделi тұлға қоғамның алдында қоғамға өзi келтiрген зиянның мөлшерiнде жауап бередi. Мәмiленi бiрнеше адам жасасқан жағдайда олар қоғам алдында бiрлесiп жауап бередi.

9-тарау. ҚОҒАМДАҒЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ ЕСЕП
БЕРУ, АҚПАРАТ БЕРУ

      85-бап. Қоғамның қаржылық есеп беруi

      Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiн бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу және қаржылық есеп беруiнiң тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

      86-бап. Қоғамның жылдық қаржылық есеп беруi

      1. Қоғамның атқарушы органы акционерлердiң жалпы жиналысына талқылау және бекiту үшiн жыл сайын қоғамның жылдық қаржылық есебiн табыс етедi.
      2. Жылдық қаржылық есептiлiк бухгалтерлiк балансты, қаржы-шаруашылық қызметтің нәтижелерi туралы есептi, сондай-ақ қоғам ақшасының қозғалысы туралы есептi қамтиды.
      Қоғамның жылдық қаржылық есебiндегi мәлiметтердiң дұрыстығын қоғамның тексеру комиссиясы (тексерушi), ал халықтық қоғамның қаржылық есебiнiң дұрыстығын аудитор растауы тиiс.
      Қоғамның жылдық қаржылық есебi акционерлердiң жылдық жалпы жиналысы өтетiн күннен кемiнде отыз күн бұрын қоғамның директорлар кеңесiнде алдын ала бекiтiлуге тиiс.
      3. Қоғамның жылдық қаржылық есебiн түпкiлiктi бекiту акционерлердiң жылдық жалпы жиналысында жүргiзiледi.
      4. Халықтық қоғам қаржылық жылдық есептi қаржы жылы аяқталғаннан кейiн үш ай iшiнде уәкiлеттi органға бередi. Халықтық қоғамның жылдық қаржылық есебiнiң мазмұны мен беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 86-бап өзгерді - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен .

      87-бап. Қоғамның аудитi

      1. Қоғамның қаржылық жылдық есебiн, сондай-ақ оның ағымдағы жай-күйiн тексеру және дұрыстығын растау үшiн қоғам аудиторлық тексеру өткiзедi.
      2. Қаржы жылының қорытындылары бойынша аудиторлық тексеру өткiзу халықтық қоғамдар үшiн мiндеттi.
      3. Қоғамды аудиторлық тексеру қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталындағы жиынтық үлесi он және одан көп процент болатын акционерлердiң талабы бойынша кез келген уақытта жүргiзiлуi тиiс.
      Кез келген акционер өз есебiнен қоғамның жылдық қаржылық есебiне, сондай-ақ оның iстерiнiң ағымдағы жай-күйiне аудиторлық тексерiс жүргiзiлуiн талап етуге хақылы.
      4. Егер қоғамның атқарушы органы қоғамның жылдық қаржылық есебiне, сондай-ақ оның ағымдағы жай-күйiне аудиторлық тексерiс жүргiзуiнен жалтарса, тексерiс кез келген мүдделi адамның өтiнiшi бойынша қабылданған сот шешiмiмен тағайындалуы мүмкiн.
      5. Қоғамның атқарушы органы қызметiнiң нәтижелерiне тексерiстi тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) жүзеге асыруы қоғамды аудит жүргiзу мiндетiнен босатпайды.

      88-бап. Қоғамның акционерлерге ақпарат беруi

      1. Қоғамның өз акционерлерiне осы Заңның 91-бабының 1-тармағында аталған құжаттарға қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi, бұл ретте құпия сипаты бар және қоғамның коммерциялық құпиясын құрайтын ақпаратты беруге шектеулер енгiзуге жол берiледi.
      2. Акционердiң талап етуi бойынша қоғам оған осы Заңда көзделген құжаттардың көшiрмелерiн қоғамның жарғысымен белгiленген тәртiпте беруге мiндеттi. Құжаттардың көшiрмелерiн бергенi үшiн ақының мөлшерiн қоғам белгiлейдi және ол құжаттардың көшiрмелерiн дайындауға кеткен шығындардың құнынан және құжаттарды акционерге жеткiзуге байланысты төленген шығындардан аспауы тиiс.

      88-1-бап. Директорлар кеңесiнiң мүшелерiне қоғамның
                 ақпарат беруi

      Қоғамның атқарушы органы, директорлар кеңесiнiң мүшелерiне, өзіне жүктелген міндеттерді орындау кезiнде сауал салуды алған кезiнен бастап он күн мерзімнен кешiктiрмей, қоғамның қызметi туралы, оның iшiнде құпия сипаты бар ақпаратты уақтылы берудi қамтамасыз етедi.
      ЕСКЕРТУ. 88-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасы 2002.05.21. N 323 Заңымен.

      89-бап. Қоғамның мiндеттi түрде ақпарат жариялауы
              және беруi

      1. Ашық және халықтық қоғам жыл сайын баспасөз басылымында қоғамның жылдық балансын және қоғамның кiрiстерi мен шығындары туралы есебiн жариялауға мiндеттi.
      2. Халықтық қоғам тоқсан сайын аяқталғаннан кейiн жиырма күн iшiнде балансы және табысы мен зияны туралы есептердi баспасөз басылымында жариялауға және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпте уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.
      3. Қоғам облигациялар шығарған және орналастырған жағдайда баспасөз басылымында өзiнiң қызметi туралы ақпаратты баспасөз басылымында жариялауға мiндеттi.

      90-бап. Халықтық қоғамның қызметiндегi өзгерiстер
              туралы ақпарат

      Халықтық қоғам бес жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға:
      қоғамның шоттарына және мүлкiне тыйым салынған;
      қоғамды тарату не оның қызметiн тоқтата тұру жөнiнде шешiм қабылдаған;
      қоғамды қайта ұйымдастырған;
      лицензияның күшiн тоқтата тұрған немесе лицензияның тоқтатылған немесе лицензияны қайтып алған;
      төтенше жағдайлар салдарынан мүлiктiң кемiнде он процентi жойылған;
      қоғамның шығарылған төленген капиталының жиырма бес процентiнен асатын мөлшерде несие алған;
      қоғам iрi мәмiлелер жасасқан;
      қоғамның лауазымды адамдары әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапқа тартылған;
      акционерлердiң материалдық мүдделерiне елеулi әсер ететiн өзге де жағдайларда ақпарат жiберуге мiндеттi.

      91-бап. Қоғамның құжаттарын сақтау

      1. Қоғам мынадай құжаттарды:
      1) қоғамның жарғысын, қоғамның жарғысына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларды;
      2) қоғамды құру туралы шешiмдi, қоғамды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi;
      3) қоғамның балансындағы мүлiкке қоғамның құқықтарын растайтын құжаттарды;
      4) қоғамның акционерлердiң жалпы жиналысы мен өзге де басқару органы бекiткен қоғамның iшкi құжаттарын;
      5) қоғамның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ереженi;
      6) қоғамның бағалы қағаздары эмиссиясының проспектiн (шығарылу шарттары);
      7) тиiстi органдарға берiлген қаржылық есептердiң құжаттарын;
      8) қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналыстарының, қоғамның директорлар кеңесiнiң, тексеру комиссиясының (тексерушiнiң), қоғамның есеп комиссиясының және қоғам басқармасының отырыстары хаттамаларын, сондай-ақ дауыс беру бюллетеньдерiн;
      9) қоғамның тексеру комиссиясының (тексерушiнiң), аудитордың, мемлекеттiк қаржы бақылау органдарының қорытындыларын, сондай-ақ осы Заңда, қоғамның жарғысында, қоғамның iшкi құжаттарында, қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының немесе директорлар кеңесiнiң шешiмдерiне көзделген өзге де құжаттарды сақтауға қабылдауға мiндеттi.
      2. Қоғам осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды оның атқарушы органының орналасқан жерiнде немесе қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмiмен айқындалған қоғамның акционерлерiне, несие берушiлерiне және заң актiлерiмен осыған өкiлеттiк берiлген өзге де мүдделi тұлғаларға (соның iшiнде баспасөз басылымында жариялау арқылы) белгiлi болатын өзге де орында сақтайды.

10-тарау. ҚОҒАМНЫҢ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ
ЖӘНЕ ТАРАТУ

      92-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру

      Қоғамды қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес, осы Заңда белгiленген ерекшелiктердi есепке ала отырып жүзеге асырылады.
      Жаңа қоғамның жарғысын бекiтудi және органдарын сайлауды жаңадан пайда болған қоғам органдарының ұсынысы бойынша, қайта ұйымдастыру туралы шартта белгiленген мерзiмде өткiзiлетiн акционерлердiң жалпы жиналысы жүзеге асырады.

      93-бап. Қоғамдардың бiрiгуi

      1. Екi немесе бiрнеше қоғамның соңғысының қызметiн тоқтатқан, санында барлық мүлiктерiн, құқықтарын және мiндеттерiн өткiзу актiсiне сәйкес беру жолымен жаңа қоғамның пайда болуы қоғамдардың бiрiгуi болып танылады.
      2. Бiрiгуге қатысқан әрбiр қоғамның директорлар кеңесi бiрiгу нысанында қайта ұйымдастыру туралы өткiзу актiсiн және бiрiгу туралы шартты бекiту туралы мәселенi акционерлердiң жалпы жиналысының шешуiне ұсынады. Қоғамдардың бiрiгуi туралы шартта бiрiгуге қатысқандардың әрқайсының атаулары, орналасқан жерi туралы, олардың баланстарының негiзгi деректерi болуы тиiс, сондай-ақ бiрiгу тәртiбi мен шарттары, атап айтқанда, бiрiгуге тартылған қоғамдардың акцияларын құрылған қоғамның акцияларына айырбастау тәртiбi көзделуi тиiс. Барлық аталған ақпарат қоғамның акционерлерiне баспасөз басылымдарында жариялау арқылы берiлуi тиiс.
      Уәкiлеттi орган халықтық қоғам бірiгуге қатысқан жағдайда оның акционерлерiне беру үшiн қажеттi қосымша ақпараттың тiзбесiн көздеуге хақылы.
      3. Бiрiгуге қатысатын әрбiр қоғамның акционерлерiнiң жалпы жиналысы осы Заңда белгiленген тәртiппен бiрiгу нысанында қайта ұйымдастыру, өткiзу актiсiн және бiрiгу жөнiндегi шартты бекiту туралы шешiм қабылдайды.
      4. Жаңа қоғамның жарғысын бекiту және органдарын сайлау бiрiгу туралы шартпен айқындалатын мерзiмде өткiзiлетiн жаңадан пайда болған қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында жүзеге асырылады. Жаңадан пайда болған қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысын шақырудың және өткiзудiң тәртiбiне байланысты ерекшелiктер бiрiгу туралы шартпен айқындалады.
      5. Бiрiгуге қатысатын қоғамдардың әрқайсысы өзiнiң барлық несие берушiлерiне бiрiгу туралы жазбаша хабарлама жiберуге және баспасөз басылымдарында тиiстi хабарландыру беруге мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) осы баптың 2-тармағында көрсетiлген бiрiгуге қатысатын басқа да қоғамдар туралы мәлiметтер қоса берiледi.
      6. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның несие берушiлерi хабарламаны алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екi ай мерзiмде қоғамнан қосымша кепiлдiктердi не қоғамның тиiстi мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуды немесе орындауды және залалдарды өтеудi талап етуге хақылы.

      94-бап. Қоғамның қосылуы

      1. Қосылатын қоғамның мүлiктерiн, құқықтарын және мiндеттерiн тиiстi өткiзу актiсiне сәйкес басқа қоғамға өткiзу мен оның қызметiнiң тоқтатылуы қоғамның қосылуы деп танылады.
      2. Қосылатын қоғамның директорлар кеңесi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына қосылу нысанында қайта ұйымдастыру туралы мәселенi, өткiзу актiсiн және қосылу туралы шартты бекiтуге ұсынады.
      Қосылу туралы шарттың мазмұны осы Заңның 93-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес болуы тиiс.
      Қосылатын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қосылу нысанында қайта ұйымдастыру туралы, өткiзу актiсiн және осы Заңда белгiленген тәртiпте қосылу туралы шартты бекiту туралы шешiм қабылдайды.
      3. Оған қосылу жүзеге асырылатын қоғамның директорлар кеңесi акционерлерiнiң жалпы жиналысының қарауына оған басқа қоғамның қосылу нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру туралы, өткiзу актiсiн және қосылу туралы шартты бекiту туралы мәселенi енгiзедi.
      Оған қосылу жүзеге асырылатын қоғам акционерлердiң жалпы жиналысы оған басқа қоғамның қосылуы нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру туралы, өткiзу актiсiн және осы Заңда айқындалған тәртiпте қосылу туралы шартты бекiту туралы шешiм қабылдайды.
      4. Оған қосылу жүзеге асырылатын қоғамның жарғысына өзгерiстер және толықтырулар енгiзу туралы шешiмнiң қажеттiлiгi туындаған жағдайда, оған қосылу жүзеге асырылатын қоғам акционерлерiнiң және қосылатын қоғам акционерлерiнiң бiрлескен жалпы жиналысында қабылданады.
      5. Қоғамның директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша, егер қосылатын қоғамның активтерiнiң және мiндеттемелерiнiң сомасы оған қосылу жүзеге асырылатын қоғамның өз капиталының бес процентiнен аспаса, бiр қоғамның екiншi қоғамға қосылуына жол берiледi.
      Мұндай жағдайда қосылу нысанында қайта ұйымдастыру туралы шешiмдi, бұл қосылу осы Заңға сәйкес iрi мәмiле болып табылған жағдайды қоспағанда, оған қосылу жүзеге асырылатын қоғамның директорлар кеңесi қабылдайды.
      6. Қосылуға қатысатын қоғамдардың несие берушiлерiне хабарлау мiндетi, сондай-ақ осындай қоғамдарға қатысты несие берушiлердiң құқықтары осы Заңның 93-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес айқындалады.

      95-бап. Қоғамның бөлiнуi

      1. Қайтадан ұйымдастырылатын қоғамның акцияларын кейiннен жаңадан құрылатын қоғамдардың акцияларына айырбастаумен осы қоғамның барлық мүлiктерiн жаңадан пайда болған қоғамдар арасында бөлу арқылы қоғамның барлық мүлкiн, құқықтарын және мiндеттерiн өткiзу мен қоғамның қызметiн тоқтатуды жүзеге асыру қоғамды бөлу болып танылады. Бұл ретте бөлiнетiн қоғамның құқықтары мен мiндеттерi бөлiнiс балансына сәйкес жаңадан пайда болған қоғамдарға өтедi.
      2. Бөлiну нысанында қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына бөлiну нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру, жаңа қоғамдарды құру, қайтадан ұйымдастырылатын қоғамдардың бағалы қағаздарын құрылатын қоғамдардың бағалы қағаздарына айырбастау және бөлiнiс балансын бекiту туралы мәселелердi енгiзедi.
      Акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдаған қоғамның бөлiнуi туралы шешiм қайтадан ұйымдастырылатын қоғамның акцияларын жаңадан құрылған қоғамдардың акцияларына айырбастау тәртiбiн, сондай-ақ қайтадан ұйымдастырылатын қоғамның бұрынғы шығарылған акцияларының әрбiр түрiне арналған, аталған акциялардың түрлерi мен атаулы құнының айырбастау кезiнде қолданылатын арақатынасын айқындауы тиiс. Бұл ретте акцияның бiр түрiн иеленгендерге берiлетiн құқықтар (оның iшiнде айырбастауға арналған акцияларды таңдау) бiрдей болуы тиiс. Қайтадан ұйымдастырылған қоғамның кез келген акционерiне оған тиесiлi акцияларды жаңадан құрылған қоғамның акцияларына айырбастау нәтижесiнде берiлетiн құқықтар оған қайтадан ұйымдастырылатын қоғамның жарғысымен берiлген құқықтармен салыстырғанда кемiтiлмейдi немесе шектелiнбейдi.
      3. Егер қоғамның жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу кезiнде әрбiр акционер қайтадан ұйымдастырылған қоғамдардың шығарған акцияларының жалпы санына оның акцияларының проценттiк арақатысына тең болатын жаңадан пайда болған қоғамның шығарған акцияларының жалпы санына өзiнiң акцияларының проценттiк арақатысын сақтайды.
      4. Қоғам оның акционерлерiнiң жалпы жиналысында бөлiну туралы шешiм қабылданған сәттен бастап бұл шешiм туралы шешiм қабылданғаннан кейiн туындаған мiндеттемелер бойынша несие берушiлерге хабарлауға мiндеттi.
      5. Қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы бөлiну туралы шешiм қабылданған күннен бастап екi ай мерзiмде өзiнiң барлық кредиторларына бөлiну туралы жазбаша хабарлама жiберуге және баспасөз басылымында тиiстi хабарландыру жариялауға мiндеттi. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлiну балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болған қоғамның әрқайсының атауы, орналасқан жерi туралы мәлiметтер қоса берiледi.
      6. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның несие берушiлерi хабарламаны алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екi ай мерзiмде қоғамнан қоғамның тиiстi мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын атқаруды және залалдарды өтеудi талап етуге хақылы.
      7. Қоғамнан бөлiну нәтижесiнде пайда болған қоғамдар қайта ұйымдастырылған қоғамның мiндеттемелерi бойынша бiрлескен жауапкершiлiкте болады.

      96-бап. Қоғамның бөлiнiп шығуы

      1. Қызметiн тоқтатпастан қайта ұйымдастырылатын қоғамның мүлiктерiнiң, құқықтарының және мiндеттерiнiң бiр бөлiгiн өткiзумен бiр немесе бiрнеше қоғамды құру қоғамның бөлiнiп шығуы болып танылады.
      2. Қайта ұйымдастырылатын қоғамның директорлар кеңесi акционерлердiң жалпы жиналысының қарауына бөлiнiп шығу нысанында қоғамды қайта ұйымдастыру туралы, бөлiнiп шығудың тәртiбi мен шарттары, бөлiнiс балансы туралы және жаңа қоғам құру туралы мәселелердi енгiзедi.
      3. Қайта ұйымдастырылатын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастыру, жаңа қоғамдар құру және қайта ұйымдастырылатын қоғамның бағалы қағаздарын құрылатын қоғамдардың бағалы қағаздарына айырбастау тәртiбi және бөлiнiс балансын бекiту туралы осы Заңда белгiленген тәртiпте шешiм қабылдайды.
      4. Қоғамның бөлiнiп шығуы кезiнде қайта ұйымдастырылатын қоғамның құқықтары және мiндеттерi бөлiнiс балансына сәйкес оған өтедi.

      97-бап. Қоғамды қайта құру

      1. Қоғам оған қайта құрылатын қоғамның барлық құқықтары мен мiндеттерi өткiзу актiсiне сәйкес өтетiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
      2. Қайта құрылатын қоғамның директорлар кеңесi акционерлердiң жалпы жиналысында қарауға қоғамды қайта құру, қайта құруды жүзеге асырудың тәртiбi мен шарттары, қоғамның акцияларын шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың салымдарына немесе өндiрiстiк кооперативтiң жарналарына айырбастау тәртiбi туралы мәселелерi ұсынады.
      3. Қайта құрылатын қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды қайта құру, қайта құруды жүзеге асырудың тәртiбi мен шарттары, қоғамның акцияларын шаруашылық серiктестiгiне қатысушылардың салымдарына немесе өндiрiстiк кооперативтiң жарналарына айырбастау тәртiбi туралы шешiм қабылдайды.
      4. Қайта құру кезiнде құрылған жаңа заңды тұлғаның қатысушылары өздерiнiң бiрлескен отырыстарында оның құрылтай құжаттарын бекiту және органдарын сайлау (тағайындау) туралы шешiмдi заң актiлерiне сәйкес қабылдайды.
      5. Қоғамды қайта құру кезiнде қатысушының шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталындағы үлесi (өндiрiстiк кооперативтегi пай) оған тиесiлi акциялардың қоғамның шығарған акцияларының жалпы санына проценттiк арақатысы негiзiнде айқындалады.
      6. Коммерциялық емес ұйым ретiнде құрылған қоғам, коммерциялық ұйым ретiнде құрылған ұйымның коммерциялық емес ұйым ретiнде қайта құрыла алмайтын сияқты, коммерциялық ұйым ретiнде қайта құрыла алмайды.

      98-бап. Қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы
              талаптарды орындамаудың салдары

      1. Егер қоғамның мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруды соттың шешiмi бойынша бөлу немесе бөлiп шығару нысанында жүргiзуге өкiлеттiк берiлген органдары осындай шешiмде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот қоғамның сенiм бiлдiрген басқарушысын тағайындайды және оған бөлiп немесе бөлiп шығару нысанында қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруды тапсырады.
      2. Сенiм бiлдiрiлген басқарушыны тағайындаған кезден бастап оған директорлар кеңесiнiң және қоғамның атқарушы органының өкiлеттiктерi, сондай-ақ осы Заңның 95-бабы 2-тармағымен және 96-бабы 3-тармағымен бекiтiлген акционерлердiң жалпы жиналысының өкiлеттiктерi көшедi.
      3. Қоғамның атынан iс-әрекет жасайтын сенiм бiлдiрiлген басқарушы бөлiну баланстарын жасайды және оны қоғамды бөлу немесе бөлiнiп шығу нәтижесiнде туындаған құрылтай құжаттарымен бiрге соттың қарауына бередi. Жаңадан пайда болған қоғамдарды мемлекеттiк тiркеу сот шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

      99-бап. Қоғамды тарату

      1. Қоғамды ерiктi түрде тарату туралы шешiм несие берушiлердiң келiсiмдерi бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсiмiн белгiлейтiн акционерлердiң жалпы жиналысында заң актiлерiне сәйкес қабылданады. Жиынтығы қоғамның шығарған акцияларының бес және одан да көбiн иеленушi акционерлер қоғамның тарату комиссиясында өкiлiн ұстауға хақылы.
      2. Сот қоғамды мәжбүрлеп тарату туралы шешiмдi:
      1) банкроттық туралы мәлiмдеген;
      2) қоғамды құру кезiнде жоюға келмейтiн сипатта заңдарды бұзуға жол берiлуге байланысты қоғамды тiркеу жарамсыз деп танылған;
      3) жабық қоғамның акционерлерiнiң саны белгiленген мөлшерден асып кеткен және осы Заңның 4-бабы 3-тармағының талаптарын орындамаған;
      4) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайларда шығара алады.
      3. Қоғам осы Заңда көзделмеген, басқа заң актiлерiнде белгiленген өзге де негiздер бойынша таратылуы мүмкiн.
      4. Осы баптың 2-бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша қоғамды тарату туралы талаптарды мүдделi тұлғалар, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сотқа беруi мүмкiн.
      5. Қоғамды тарату туралы осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында және 3-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша соттың шешiмiмен немесе осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша жалпы жиналыстың шешiмiмен қоғамды таратуды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер жүктелген тарату комиссиясы (таратушы) тағайындалады. Аталған құқықтар қоғамға, қоғам өкiлеттiк берген органға не сот тағайындаған өзге де органға (тұлғаға) жүктелуi мүмкiн.

      100-бап. Қоғамды тарату кезiнде несие берушiлердiң
               талаптарын қанағаттандыру

      Қоғамды тарату рәсiмi және оның несие берушiлерiнiң талаптарын қанағаттандыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.

      101-бап. Таратылатын қоғамның мүлкiн акционерлердiң
               арасында бөлу

      1. Несие берушiлермен есеп айырысу аяқталғаннан кейiн таратылатын қоғамның қалған мүлкiн акционерлердiң арасында тарату комиссиясы (таратушы) мынадай кезектiлiкпен бөледi:
      1) бiрiншi кезекте осы Заңға сәйкес өтелуге тиiстi акциялар бойынша төлемдер жүзеге асырылады;
      2) екiншi кезекте артықшылықты акциялар бойынша есептелген, бiрақ төленбеген дивидендтер төлеу жүзеге асырылады;
      3) үшiншi кезектi артықшылықты акциялардың иелерiне оларға тиесiлi акциялардың атаулы құнын өтеу жүргiзiледi;
      4) қалған мүлiк барлық акционерлер арасында оларға тиесiлi актiлердiң атаулы құнына бара-бар түрде бөлiнедi.
      2. Әрбiр кезектiң мүлiктерiн бөлу алдыңғы кезектiң мүлiктерiн бөлу толық аяқталғаннан кейiн жүзеге асырылады.
      Егер таратылатын қоғамның мүлкi есептелген, бiрақ төленбеген дивидендтердi төлеу артықшылықты акцияларды иеленушiлерге атаулы құнын өтеу үшiн жеткiлiксiз болса, онда мүлiк артықшылықты акцияларды иеленушi акционерлердiң арасында оларға тиесiлi акциялардың атаулы құнына бара-бар толық бөлiнедi.

11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      102-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн құрылған қоғамдар осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептi заңдарда белгiленген мерзiмде табыс етпеген қоғамдардың бағалы қағаздарының осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн тiркелген эмиссиялары болмаған деп танылады және бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда белгiленген тәртiппен, осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде жаңадан тiркелуге тиiс.
      Уәкiлеттi органға бағалы қағаздарының осындай эмиссияларын мемлекеттiк тiркеуге ұсынбаған аталған қоғамдар осы Заң күшiне енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде қоғамды қайта ұйымдастыруды немесе оны таратуды жүргiзуге мiндеттi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті