Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1998 жылғы 10 шiлдедегi N 279

Қолданыстағы
      Осы Заң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық негiздерiн реттейдi және наркологиялық жәрдем көрсету мен азаматтардың денсаулығын, қоғамдық және мемлекет қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шараларын белгiлейдi.

                       1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) есiрткi заттар - Қазақстан Республикасының заңдарына, 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияға түзетулер жөнiндегi 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгiзiлген түзетулерiмен қоса 1961 жылғы Есiрткi заттар туралы бiрыңғай конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген синтетикалық немесе табиғи тектес заттар;
      2) психотроптық заттар - Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның iшiнде 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияға сәйкес бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген синтетикалық немесе табиғи тектес заттар;
      3) прекурсорлар - есiрткi заттарды және психотроптық заттарды өндiру, дайындау, ұқсату кезiнде пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, соның iшiнде БҰҰ-ның Есiрткi заттардың және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы 1998 жылғы Конвенциясына сәйкес бақылануға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiне енгiзiлген заттар;
      4) есiрткi заттар мен психотроптық зат тектестер - химиялық құрылымдары мен қасиеттерi бар, құрылымы мен қасиеттерi жағынан елiртетiн, күйзелтетiн немесе жалған елес күйiне түсiретiн, I, II, III кестелерге енгiзiлген заттарға ұқсас, оларды шектен тыс пайдаланған кезде халықтың денсаулығы үшiн қауiптi, Үкiмет қаулыларымен және БҰҰ-ның халықаралық Конвенцияларымен есiрткi заттар мен психотроптық заттар ретiнде бекiтiлмеген шығу тегi синтетикалық немесе табиғи болып табылатын заттар;
      5) есiрткiлер - есiрткi немесе психотроптық заттар деп жiктелген, оларды шектен тыс пайдаланғанда туындауы мүмкiн зардаптарына байланысты халықтың денсаулығы үшiн ықтимал қаупi бар, Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiлген, Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiс өсiмдiктер, заттар немесе препараттар;
      6) Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiстi Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмi (бұдан былай - Тiзiм) - халықаралық Конвенциялар негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен, нөмiрленiп, тиiстi кестелерде бiрiктiрiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзбесi. Тiзiмге заңсыз сақталуда жатқаны немесе айналымда жүргені анықталған есiрткi, психотроптық заттарды шағын, iрi және өте iрi мөлшерге жатқызу туралы Жиынтық кесте енедi. <*>
      7) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы - құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi егуге, жинауға және дайындауға, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеуге, өндiруге, өңдеуге, әкелуге, әкетуге, транзиттеуге, тасымалдауға, жөнелтуге, сатып алуға, сақтауға, бөлуге, сатуға, пайдалануға, жоюға байланысты, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рұқсат етiлген және бақылау жасалатын қызмет түрлерi;
      8) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы - Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып жүзеге асырылатын есiрткi немесе психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы;
      9) есiрткi, психотроптық заттарды шектен тыс пайдалану (есiрткi немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтыну) - есiрткi немесе психотроптық заттарды дәрiгердiң тағайындауынсыз қасақана заңсыз тұтыну;
      10) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу мен әкету - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке немесе сол мемлекеттiң бiр аумағы шегiнен басқа бiр аумағы шегiне өткiзiлуi;
      11) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар транзитi - есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке үшiншi мемлекеттiң аумағы арқылы өткiзiлуi;
      12) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау мен жөнелту - тасымалдау тәсiлiне және Қазақстан Республикасы шегiнде заңсыз орналастырылатын құралдар мен заттардың сақталатын орнына қарамастан есiрткi, психотроптық заттардың немесе прекурсорлардың орнын ауыстыру жөнiндегi кез келген қасақана жасалатын әрекеттер;
      13) құрамында есiрткi заттары бар өсiмдiктердi өсiру - апиын көкнәрi мен сораны (каннабистi), халықаралық Конвенцияларға сәйкес Қазақстан Республикасында бақылануға тиiс Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiлген, құрамында есiрткi бар басқа да өсiмдiктердi егу және өсiру;
      14) құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар өсiмдiктердi жинау - халықаралық Конвенцияларға сәйкес Тiзiмге енгiзiлген, құрамында есiрткi бар жабайы өсетiн немесе егiлетiн өсiмдiктердi жинау;
      15) нашақорлық - организмнiң физикалық және психикалық функцияларының қатты бұзылуына әкеп соғатын есiрткi немесе психотроптық заттарға не сол тектестерге әуес болуға байланысты ауру;
      16) уытқұмарлық - есiрткi және психотроптық заттардың әсерiне ұқсас психикалық елерме әсер туғызатын, республикалық заң актiлерi мен халықаралық Конвенциялардың Тiзiмдерiне енбейтiн дәрi-дәрмек препараттары мен табиғаты әртүрлi дәрi-дәрмек емес заттарды шектен тыс пайдалану;
      17) нашақорлықпен ауыратын адам (нашақор) - қандай да болсын есiрткi, психотроптық заттарға немесе сол тектестерге физикалық және (немесе) психикалық тәуелдi, белгiленген тәртiппен медициналық мекеме "нашақорлық" деген диагноз қойған адам;
      18) мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi - заңда белгiленген тәртiппен наркологиялық көмек көрсететiн мекемелер (орталықтар, ауруханалар, диспансерлер, бөлiмшелер немесе кабинеттер);
      19) медициналық куәландыру - нашадан елiрiп мастану күйiн анықтау мақсатында кiсiнi амбулаториялық тексеру;
      20) медициналық тексеру - "нашақорлық" диагнозын қою немесе оны терiске шығару мақсатында адамды стационар жағдайында тексеру;
      21) өз еркiмен емделу - нашақорлықтан, уытқұмарлықтан немесе есiрткiге шектен тыс салынудан науқастың өзiнiң немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiмен емдеу;
      22) мәжбүрлеп емдеу - ерiктi түрде емделуден жалтарған не есiрткi немесе психотроптық заттарды заңсыз тұтынуын жалғастырған жағдайда нашақорлықпен ауыратын адамды сот шешiмi негiзiнде стационарда емдеу;
      23) медициналық куәландырудан, медициналық тексеруден немесе емдеуден жалтару - есiрткi немесе психотроптық заттарды шектен тыс пайдаланушы адамның құқық қорғау органдары қызметкерiнiң медициналық куәландыруға немесе тексеруге қатысты өкiмiн қасақана

орындамау, сондай-ақ оның дәрiгердiң нұсқаулары мен ұсынымдарын
орындамау;
     24) бөлшек сауда - есiрткi, психотроптық заттар мен
прекурсорларды дәрiгердiң рецептi бойынша жеке тұтыну үшiн даралап
немесе шағын көлемде сату;
     25) көтерме сауда - есiрткi, психотроптық заттар мен
прекурсорларды iрi топтармен сату.
     Ескерту. 1-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47
              заңымен. 

Z000047_

  

     2-бап. Бақылауға жататын есiрткi, психотроптық заттар
                     мен прекурсорларды жiктеу



      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiне енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмi төрт кестеден тұрады.
      I Кестеге осы Заңның 18, 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес Қазақстан Республикасында айналымына тыйым салынған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
      II Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы шектеулi және қатаң бақылауда тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
      III Кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1961, 1971 жылдардағы халықаралық Конвенцияларына сәйкес айналымы бақылауды тұрған есiрткi және психотроптық заттар енгiзiледi.
      IV кестеге Қазақстан Республикасының заңдарына және БҰҰ-ның 1988 жылғы халықаралық Конвенциясына сәйкес айналымы бақылауда тұрған прекурсорлар енгiзiледi.
      2. Қазақстан Республикасында бақылауға жататын заңсыз сақталуда жатқаны немесе айналымда жүргенi анықталған есiрткi, психотроптық заттарды шағын, iрi және өте iрi мөлшерге жатқызу туралы Жиынтық кестенi қамтитын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiн уәкiлеттi органдардың және Есiрткiге бақылау жасау жөнiндегi Мемлекеттiк комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi және ол заңдарда белгiленген тәртiппен ресми жариялануға тиiс. <*>
      3. Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiзiмiн жасау, өзгерту мен толықтыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      Ескерту. 2-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.05.05.
               N 47 заңымен. Z000047_

      3-бап. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық
             заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың
             заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға
             қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделiп, осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардан тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер,
             прекурсорлар айналымын мемлекеттiк реттеудiң
             және олардың заңсыз айналымы мен терiс
             пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларының
             негiзгi принциптерi

      Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясат және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл;
      1) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметке мемлекеттiк бақылау жасау;
      2) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер прекурсорлар айналымын және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды мемлекеттiк реттеу;
      3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау;
      4) мемлекеттiк және өзге де органдардың қызметiн ведомствоаралық және ведомствоiшiлiк үйлестiру;
      5) есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымын оларды шектен тыс пайдалануды тыюға бағытталған жұмысты ұйымдастыру мен жүргiзу мiндеттерiн кешендi түрде шешу;
      6) нашақорлықтың және сонымен байланысты құқық бұзушылықтардың етек алып кетуiн көздейтiн алдын алу шараларын қамтамасыз ету;
      7) нашақорлықтың және оған байланысты құқық бұзушылықтардың етек алуына қарсы күресте әлеуметтiк базаны кеңейту, оның iшiнде қоғамдық, дiни, халықаралық және басқа ұйымдар мен азаматтарды ерiктi негiзде тарту арқылы кеңейту;
      8) есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау, олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту принциптерiнде жүзеге асырылады.

        2-тарау. Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер,
                 прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi
                 мемлекеттiк реттеу мен ұйымдастыру және
                 олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс
                 пайдаланылуына қарсы iс-қимыл

      5-бап. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы
             мемлекеттiк реттеу және олардың заңсыз айналымы мен
             шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары

      1. Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымын мемлекеттiк реттеудi және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасының Есiрткiнi бақылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Есiрткiнi бақылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыратын және жүзеге асыратын ведомствоаралық орган болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Есiрткiнi бақылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы мынадай негiзгi мiндеттердi атқарады:
      1) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтi реттеу және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимылды ұйымдастыру жөнiндегi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласына қатысушы заңды тұлғалар қызметiнiң тәртiбiн реттейтiн заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
      3) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына мемлекеттiк бақылау жасауды және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      4) денсаулық сақтау органдарына, есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың шектен тыс пайдаланылуы саласындағы қызметтi реттеу жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар шеңберiнде нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастыруға және көмек көрсету кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк берiлуiн қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      5) уәкiлеттi органдардың ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасында бақылауға жататын Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тiзiмiн, сондай-ақ заңсыз сақтауда немесе айналымнан табылған есiрткi, психотроптық заттарды шағын, iрi және аса iрi мөлшерге жатқызу туралы қорытындылардың жиынтық кестесiн әзiрлейдi және оны белгiленген тәртiппен жариялайды;
      6) Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарымен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымының барлық түрлерiнiң ауқымына болжам жасайды;
      7) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, мемлекеттiң есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын анықтайды;
      8) қолданыстағылармен салыстырғанда есiрткiлiк әсерi кемiрек, неғұрлым тиiмдi, қаупi төменiрек есiрткi және психотроптық заттар мен прекурсорлар әзiрлеу және енгiзу процесiн бақылайды;
      9) Қазақстан Республикасына арналған халықаралық квоталарды БҰҰ-ның Есiрткiнi бақылау жөнiндегi халықаралық комитетi бекiту үшiн Республиканың есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттiлiк нормаларын Үкiметке ұсынады.
      10) уәкiлеттi органдармен бiрлесе отырып, есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы ғылыми зерттеулердi және олардың заңсыз айналымы мен оларды шектен тыс пайдалануға қарсы iс-қимылды үйлестiрiп отырады;
      11) уәкiлеттi және өзге де органдармен бiрлесе отырып, қызметi есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласымен байланысты мамандар оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды, тағлымдамадан өткiзудi және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      12) қызметi нашақорлық проблемаларымен байланысты қоғамдық ұйымдардың, қауымдастықтардың жұмысын үйлестiрiп отырады;
      13) есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      6-бап. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың
             айналымын мемлекеттiк бақылау және олардың заңсыз
             айналымы мен шектен тыс пайдаланылуына қарсы
             iс-қимыл шаралары

      Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарының:
      1) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға;
      2) меншiк нысанына қарамастан, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы үшiн пайдаланылатын кез келген үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексерудi жүзеге асыруға;
      3) құрамында Тiзiмге енгiзiлген есiрткi заттары бар өсiмдiктер өсiрiлетiн жер учаскелерiне тексеру жүргiзуге;
      4) құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктердi жою мақсатында арнайы құрылған бөлiмшелермен iс-шаралар жүргiзуге;
      5) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалардан есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сапасын сипаттайтын техникалық құжаттаманы, сондай-ақ оларға сараптама жүргiзу үшiн аталған өнiмнiң техникалық негiзделген мөлшердегi үлгiлерiн алуға;
      6) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында анықталған кемшiлiктердi жою туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нұсқамалар беруге;
      7) бекiтiлген стандарттар мен нормативтiк құжаттама, сондай-ақ лицензиялау шарттары болмаған немесе бұзылған жағдайда заңды тұлғалар мен құрылымдық бөлiмшелердiң өндiрiстiк қызметiн тоқтата тұруға;
      8) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын реттейтiн заңдар мен өзге де нормативтiк актiлердi бұзғандығы үшiн заңды және жеке тұлғаларды жауапқа тарту жөнiнде тиiстi органдарға ұсыныс енгiзуге;
      9) осы Заңда көзделген өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқығы бар.

      7-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар
             айналымы саласындағы қызметтi лицензиялау

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы қызметтiң барлық түрлерiн, осы Заңның 16, 17, 18, 19, 20-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бес жылға дейiнгi мерзiмге қызметтiң нақты түрiне лицензия алғаннан кейiн заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Тiзiмге енгiзiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында объектiлер мен үй-жайларды пайдалануға рұқсатты, қойма қорларының ұрлануын немесе басқадай жоғалуын болдырмау мақсатында қауiпсiздiк шаралары қамтамасыз етiлген жағдайда, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асыратын уәкiлеттi iшкi iстер органы бередi.
      3. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты қызмет түрiне лицензия берген кезде өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлердiң тиiсiнше тексерiлгенi туралы iшкi iстер органдарының қорытындысы ескерiледi.
      Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң арқасында тiкелей есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар тiкелей қолында болатын қызметкерлерге нашақорлықпен, уытқұмарлықпен, созылмалы маскүнемдiкпен айырмайтыны туралы, сондай-ақ аталған тұлғалар арасында кәсiби қызметтiң жекелеген түрлерiн және қауiптiлiгi жоғары көздермен байланысты қызметтi атқаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылғандар жоқ екендiгi туралы психиатр және нарколог дәрiгерлердiң қорытындылары қажет.

      8-бап. Мемлекеттiк квоталар

      Тiзiмге енгiзiлген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларға мемлекеттiк квота - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген қажеттiлiк есебi, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес лицензиясы бар заңды тұлғалар аталған заттардың айналымын соның шегiнде жүзеге асырады.

      9-бап. Жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен
                  прекурсорларды әзiрлеу

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзiрлеу қолда бар есiрткiлермен салыстырғанда неғұрлым тиiмдi, неғұрлым қауiпсiз және оңай бақыланылатын жаңа есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар жасауды мақсат етедi.
      2. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды әзiрлеудi қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар мемлекеттiк ғылыми-зерттеу мекемелерi жүзеге асырады. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдалануға арналған жаңа ықтимал есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды клиникаға дейiн және клиникада сынақтан өткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерi (ұйымдары) мен ғылыми-зерттеу институттарында жүзеге асырылады.
      3. Медициналық және ғылыми мақсаттарда пайдаланылатын есiрткi, психотроптық заттарды, прекурсорларды тiркеу барлық дәрiлiк заттарға қолданылатын және нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

      10-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                             өндiру (дайындау)

      1. Қазақстан Республикасының аумағында медициналық қолдануға рұқсат етiлген есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттарды өндiрудi сол қызмет түрiне лицензиясы бар, азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен тiркелген заңды тұлғалар белгiленген мемлекеттiк квоталар шегiнде жүргiзедi.
      2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар өндiретiн заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мiндеттi түрде тiркелуге тиiс.

      11-бап. Дайындалған есiрткi және психотроптық заттарды
                              буып-түю

      1. Медициналық мақсаттарда пайдаланылатын есiрткi және психотроптық заттардың буып-түйiлуi мен сыртқы әспеттелуi сәйкес келуге тиiстi шарттар Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi. Дайындалған есiрткi және психотроптық заттардың бумасы есiрткi немесе психотроптық заттарды бүлдiрмей ашып алу мүмкiндiгiн болғызбауға тиiс.
      2. Тiзiмде аталған заттар құрамында бар дәрiлiк заттарды таңбалау кезiнде осы заттардың атаулары және олардың салмақ бiрлiгiмен немесе процентпен алынған құрамы көрсетiледi.
      3. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттардың буып-түйiлуi мен жазбалары сәйкес келуге тиiстi шарттар қажет болуына қарай Қазақстан Республикасының Есiрткiге бақылау жасау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясының шешiмдерiмен толықтырылып отырады.
      4. Есiрткi және психотроптық дәрiлiк заттардың буып-түйiлуi мен жазбалары сәйкес келуге тиiстi шарттар бұзылған жағдайда есiрткi және психотроптық заттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынып қойылады.

      12-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
              Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан
              Республикасының аумағынан әкету және олардың
              Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитi

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудi осы қызмет түрiне лицензиясы бар заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу және әкету мемлекеттiк шекара мен кеден шекарасынан өткен кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия мен сертификат көрсетiлген жағдайда жүзеге асырылады.
      Басқа заңды тұлғаның есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы аталған қызметке лицензиясы болуына қарамастан, оған әкелу мен әкетуге берiлген лицензияны беруге болмайды.
      3. Жүктiң әрбiр тобына есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкетуге арналған лицензияның куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi, ол да жүк апарылатын елдiң үкiметiне жiберiледi.
      4. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды импорттаушылар мен экспорттаушылардың арасында әкелу және әкету сертификаттарын алмасу арқылы экспорт сертификатына нақты тобының түскенi туралы және әкелу немесе әкету операциясының аяқталғаны туралы белгi қойыла отырып, жүзеге асырылады.
      5. Егер есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың әкелiнiп (әкетiлiп) отырған нақты мөлшерi лицензияда көрсетiлген мөлшерге сәйкес келмесе, бұл туралы мәлiметтер әкелiнген (әкетiлген) елдiң тиiстi құзыреттi органына хабарланады.
      6. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелудi (әкетудi) жүзеге асыратын кәсiпорындардың атаулары мен мекен-жайлары, осы заттардың тiзбесi мен мөлшерi дәл көрсетiлмейiнше, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салынады.
      7. Осы Заңның 28-бабында көзделген жағдайлардан басқа, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитiне тыйым салынады.
      8. Осы бапта белгiленген талаптар бұзылған жағдайда есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркiленуге тиiс. Тәркiленген есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды одан әрi пайдаланудың немесе жоюдың тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

      13-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                           тасымалдау, жөнелту

      1. Халықаралық тасымалдауды қоса алғанда, есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды тасымалдау, сондай-ақ осы үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдеу тәртiбi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
      2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар жүктi тасымалдауды iшкi iстер органдарымен келiсе отырып, әскерилендiрiлген күзет немесе басқа күзет қызметтерi жүзеге асырады.
      3. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды жүзеге асыру құқығы заңды тұлғаларға есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы осы қызмет түрiне тиiстi лицензиялар алғаннан кейiн берiледi.
      4. Емделу кезiнде құрамында есiрткi немесе психотроптық заттар бар дәрi-дәрмектердi пайдаланатын азаматтардың мұндай дәрiлердi сатып алудың және пайдаланудың заңдылығын растайтын құжаты болуға тиiс. Мұндай құжаттың нысанын соған уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлейдi.
      5. Есiрткi және психотроптық заттарды почта, соның iшiнде халықаралық почта жөнелтiлiмдерiмен жiберуге тыйым салынады.

      14-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                             сақтау

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрiне берiлген лицензияның негiзiнде арнайы жабдықталған үй-жайларда жүзеге асырылады.
      2. Осы Заңда белгiленген шектеулер заңсыз айналымнан алынған және Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары белгiлеген тәртiппен сақтаулы тұрған есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестер мен прекурсорларға қолданылмайды.

      15-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                            сату және бөлу

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуды және бөлудi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы қызмет түрлерiне берiлген лицензиясы болған кезде заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
      2. Азаматтарға құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттарды босату тәртiбiн азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
      3. Азаматтарға құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттар осындай қызмет түрiне лицензиясы бар дәрiхана және емдеу-профилактикалық ұйымдарында ғана босатылады. Азаматтарға құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттарды босату құқығы берiлген лауазымдар мен ұйымдар тiзбесiн Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi орталық атқарушы органдары белгiлейдi.
      4. Құрамында Есiрткi және психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттар азаматтарға рецепт бойынша ғана тек медициналық мақсатта пайдалану үшiн, оларды осы мақсаттарға пайдалануға лайықты нысандар мен мөлшерде тағайындалады және босатылады.
      5. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы Тiзiмге енгiзiлген, медициналық мақсаттарда пайдаланылып жүрген құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттарды ең ұзақ тағайындалу мерзiмiн, сондай-ақ олардың бiр рецепт бойынша жазып беру мен босатуға болатын мөлшерiн белгiлейдi.
      6. Тiзiмге енгiзiлген есiрткi және психотроптық заттар құрамында бар дәрiлiк препараттарды тағайындаған кезде емдеушi дәрiгер азаматтан бұдан бұрын тағайындалған құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар дәрiлiк препараттар туралы сұрастырып, медициналық құжаттамаға тиiстi жазба түсiруге тиiс.

      16-бап. Есiрткi және психотроптық заттарды
                медициналық мақсатта пайдалану

      1. Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиiстi есiрткi және психотроптық заттар азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен медициналық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн.
      2. Тiзiмге енгiзiлген, медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етiлген дәрiлiк заттарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген барлық дәрiлiк заттарға қолданылатын ережелер, егер бұл ережелер осы Заңға қайшы келмесе, таралады.
      3. Тiзiмге енгiзiлген есiрткi және психотроптық заттарды медициналық мақсатта қолдану Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Денсаулық сақтау ұйымдары мен дәрiхана ұйымдарында есiрткi және психотроптық заттардың айналымына бақылау жасау Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi орталық атқарушы органдары белгiлеген тәртiпке сәйкес олардың арасындағы келiсу бойынша жүзеге асырылады.
      5. Тiзiмге енгiзiлген құрамында есiрткi заттар бар дәрiлiк препараттарды қолдану құқығы азаматтық мақсаттағы санитариялық көлiкке қолданылады. Аталған құқықты азаматтық мақсаттағы көлiктiң басқа түрлерiнде заңсыз iске асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкеп соғады.
      6. Тiзiмге енгiзiлген құрамында есiрткi заттар бар дәрiлiк препараттар оқыс оқиғаларда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған азаматтық мақсаттағы көлiкте ғана болуы мүмкiн. Бұған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және iшкi iстер органдары рұқсат бередi.
      7. Осы баптың 6-тармағында аталған рұқсатта бұл дәрiлiк заттарды орынсыз пайдалануға және олардың заңсыз жолдармен таралып кетуiне жол бермеу мақсатында қолданылуы тиiс шаралар белгiленедi. Рұқсатта экипаж құрамынан осы дәрiлiк заттар сенiп тапсырылатын адамдар, олардың сақталу шарттары, оларды босатудың, алмастырудың тiркелуi, сондай-ақ оларды пайдалану туралы есеп берудiң кезеңдерi көрсетiледi.
      8. Дәрiлiк препараттарды осы баптың 7-тармағына сәйкес оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайларда пайдалану осы Заңның азаматтарға есiрткi және психотроптық заттарды босатудың тәртiбi туралы ережелерiн бұзу деп қаралмайды.

      17-бап. Есiрткi және психотроптық заттарды мал
                   дәрiгерлiгiнде пайдалану

      1. Мал дәрiгерлiгiнде, сондай-ақ жануарларды аулау үшiн пайдаланатын есiрткi және психотроптық заттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Есiрткi және психотроптық заттарды мал дәрiгерлiгiнде пайдалану шарты мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдары белгiлейдi.

      18-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                   ғылым және оқу мақсаттарында пайдалану

      Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды ғылым және оқу мақсаттарында пайдалану есiрткi және психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалануға байланысты қызметке лицензия алған заңды тұлғаларға осы лицензияда дәл көрсетiлген мөлшерде рұқсат етiледi.

      19-бап. Есiрткi және психотроптық заттарды, прекурсорларды
              сараптама және криминалистика қызметiнде пайдалану <*>
      Осы Заңның 18-бабында көрсетiлген лицензиясы бар заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сот-сараптама қызметiн жүзеге асырудың өзге де талаптары сақталған жағдайда есiрткi заттар мен прекурсорларды пайдалана отырып не соңғысын анықтау үшiн сараптама жүргiзуге рұқсат етiледi. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдалана отырып не соңғыларын анықтау үшiн сот сараптамасы мемлекеттiк органының сараптама жүргiзуі, сондай-ақ iшкі iстер және ұлттық қауіпсiздік органдарының жедел-криминалистiк бөлiмшелерiнiң криминалистiк зерттеулер жүргiзуi лицензиялаусыз жүзеге асырылады
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
               2000.05.05. N 47 заңымен. Z000047_

      20-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                жедел-iздестiру қызметiнде пайдалану

      Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатып алу мен жұмсаудың тәртiбiн көздейтiн Қазақстан Республикасы заңдарына және заңға орай шығарылатын нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жедел-iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде, сондай-ақ олардың заңсыз айналымына қарсы күрестi жүзеге асырушы қызметкерлер мен адам құрамының арнайы даярлығы және қызмет иттерiн үйрету үшiн пайдалануға рұқсат етiледi.

      21-бап. Есiрткiнi, психотроптық заттар мен прекурсорларды
                                 жою

      1. Айналымда одан әрi пайдалану орынсыз деп танылған есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар мен құрамында есiрткi бар өсiмдiк тектес заттар, сондай-ақ аспаптар мен жабдықтар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жойылуға тиiс.
      2. Есiрткiнi, психотроптық заттар мен прекурсорларды жою:
      1) есірткiнiң, психотроптық заттар мен прекурсорлардың жарамдылық мерзiмi өткен;
      2) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлар химиялық немесе физикалық әсерге ұшырап, соның салдарынан қайта қалпына келтiру немесе қайта өңдеу мүмкiндiгiнен айрылып, жарамсыз болған;
      3) тәркiленген, табылып заңсыз айналымнан шығарылып тасталған есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың медициналық, ғылыми немесе өзге де құндылығы болмаған және қайта өңделмейтiн жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
      3. Құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi өсiруге және жинауға лицензиясы жоқ кез келген заңды тұлға, осы өсiмдiктер өсетiн жер учаскелерiнiң иелерi немесе пайдаланушылары болып табылатын азаматтар оларды жоюға мiндеттi.
      4. Осы баптың 3-тармағының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      22-бап. Құрамында есiрткi, психотроптық заттар бар
                   өсiмдiктердi өсiру мен жинау

      1. Құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi өсiру мен жинауға қызметтiң осындай түрiне лицензиясы бар заңды тұлғаларға белгiленген мемлекеттiк квоталардан аспайтын көлемде рұқсат берiледi.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында есiрткiлiк дәрiлiк заттар дайындау мақсатында апиын көкнәрiн, кокаин бұтасы мен каннабис (сора) өсiруге және жинауға осы Заңның 18-бабында көзделгеннен басқа жағдайларда тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында құрамында есiрткi және психотроптық заттары бар басқа да өсiмдiктердi өсiру мен жинауға тыйым салу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
      4. Құрамында есiрткi және психотроптық заттар бар өсiмдiктердi өсiру мен жинауға лицензия берудiң және оларды тек қана өнеркәсiптiк және медициналық мақсатта пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      23-бап. Прекурсорлар айналымының тәртiбi

      1. Тiзiмге енгiзiлген прекурсорларды әзiрлеу, өндiру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, жөнелту, сату, бөлу, сатып алу, пайдалану, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету, олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткелi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының соған сәйкес қабылданатын прекурсорлар, сондай-ақ есiрткi және психотроптық заттарды өндiру үшiн пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтар туралы нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi.
      2. Заңды тұлғаларға өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждарынан артық мөлшердегi прекурсорларды сақтауға тыйым салынады.
      3. Бөлшек сауда жасайтын заңды тұлғаларға прекурсорларды көтерме сатуға тыйым салынады.
      4. Тiзiмге енгiзiлген заттардың бiрi заңсыз түрде есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды дайындау мақсатында пайдалануға арналғандығына дәлелдер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны одан әрi пайдалану туралы сот шешiм қабылдағанға дейiн оған дереу тыйым салынады.

      24-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың
               айналымы саласындағы насихатқа тыйым салу және
                           жарнаманы шектеу

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттауға, яғни заңды және жеке тұлғалардың есiрткi, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын әзiрлеу, дайындау және пайдалану әдiстерi мен тәсiлдерi туралы, оларды сатып алатын орындар туралы мәлiметтердi таратуға бағытталған қызметiне, сондай-ақ кiтап өнiмдерiн, бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн шығару мен таратуға, компьютер желiлерiнде аталған мәлiметтердi таратуға немесе осы мақсатта басқа да әрекеттер жасауға тыйым салынады.
      2. Тiзiмге (II, III кестелер) енгiзiлген есiрткi мен психотроптық заттарды жарнамалау медицина және фармацевтика қызметкерлерiне арналған арнайы баспасөз басылымдарында ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. Есiрткi немесе психотроптық заттары бар дәрi-дәрмек препараттары үлгiлерiн жарнамалау мақсатында таратуға тыйым салынады.
      3. Осы бапта белгiленген нормаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа соқтырады.

      25-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың
              заңсыз айналымына және терiс пайдаланылуына қарсы
                            iс-қимыл шаралары

      1. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн тиiстi мемлекеттiк бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестi өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi органдары жүзеге асырады.
      3. Есiрткi, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың терiс пайдаланылуына қарсы күрестi үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Есiрткiнi бақылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы жүзеге асырады.

      26-бап. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың
              заңсыз айналымынан түскен табысты заңдастыру үшін
                      жауаптылық және пайдалану <*>

      Табысты заңдастыру: есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң және прекурсорлардың заңсыз айналымынан алынған ақшалай қаражаттың немесе өзге мүлiктiң не мүлiкке құқықтың көздерi мен шығу тегiн, тұрған, орналасқан, қозғалыстағы жерiн немесе шын мәнiнде кiмдiкi екенiн жасыру немесе бұрмалау, сондай-ақ осындай ақшалай қаражатты немесе өзге мүлiктi кәсiпкерлiк немесе өзге экономикалық қызметпен шұғылдану үшiн пайдалану; есiрткi психотроптық заттардың, сол тектестердiң немесе прекурсорлардың заңсыз айналымынан түскен ақша қаражатын меншiк нысандарына қарамастан, банкiлерде, кәсiпорындарда және басқа құрылымдарда орналастыру немесе осындай қаражатқа өндiру және басқа да қажеттер үшiн жабдықтар сатып алу, немесе мұндай қаражат пен мүлiктi, есiрткiнiң, психотроптық заттардың, сол тектестердiң немесе прекурсорлардың заңсыз айналымын жалғастыру мақсатымен пайдалану заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына апарып соғады.
      Ескерту. 26-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47
               заңымен. Z000047_

      27-бап. Көлiк құралдарын, жүктердi және азаматтардың
                       жеке заттарын тексеру

      1. Көлiк құралын, ондағы жүктi, жүргiзушi мен жолаушылардың жеке заттарын тексерудi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардың (мемлекеттiк органдардың бөлiмшелерiнiң) осыған уәкiлеттi лауазымды адамдары жүзеге асырады.
      2. Есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге немесе прекурсорларға жатады деген күдiк тудыратын заттар табылған кезде және одан әрi тексеру қажет болса, сондай-ақ жүргiзушiде немесе жолаушыларда есiрткiге мас болу белгiлерi байқалса, көлiк пен аталған адамдар қажеттi мән-жайларды анықтау үшiн құқық қорғау органдарына жеткiзiлуi мүмкiн.
      3. Көлiктi, ондағы жүктi, жүргiзушi мен жолаушыларды негiзсiз тексерген, сондай-ақ аталған адамдар мен көлiктi құқық қорғау органдарына негiзсiз алып барған жағдайда, мұндай адамдар өзiне келтiрiлген материалдық және моральдық залалды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық өтеттiрiп алуға құқылы.

      28-бап. Бақыланатын жеткiзу

      1. Қазақстан Республикасының жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру құқығы берiлген уәкiлеттi органдары есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң, прекурсорлардың заңсыз айналымының көздерi мен жолдарын, сондай-ақ оған қатысушы адамдарды анықтау мақсатында, әрбiр жекелеген жағдайда шет мемлекеттерiнiң тиiстi органдарымен уағдаластық бойынша немесе халықаралық шарттар негiзiнде бақыланатын жеткiзу әдiсiн пайдалануы, яғни осы органдардың бақылауымен есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды мемлекет аумағына әкелуге немесе шетелге әкетуге, бiр мемлекет арқылы өткiзуге жол беруi мүмкiн.
      2. Бақыланатын жеткiзу мемлекет аумағы шегiнде жүзеге асырылатын есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорларды заңсыз тасымалдауға және жөнелтуге қатысты да пайдаланылуы мүмкiн.
      3. Бақыланатын жеткiзу iсiн жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен және халықаралық шарттармен белгiленедi.

      29-бап. Жедел сатып алу

      Есiрткiнiң, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекетке дәлелдер алу үшiн жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру құқығы берiлген уәкiлеттi органдардың қызметкерлерiне есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды жедел сатып алу жүргiзуге рұқсат етiледi.
      Жедел сатып алу iсiн жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      30-бап. Заңды тұлғаны тарату

      1. Азаматтар жаппай болатын жерлерде қызмет көрсететiн ұйымдарда есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың заңсыз айналымы фактiлерi туралы мәлiметтер анықталған жағдайда мұндай ұйым соттың шешiмi бойынша тартылуға тиiс, ал кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
      2. Есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы нәтижесiнде алынған кiрiстердi заңдастыру (iзiн жасыру) мақсатында заңды тұлғаның қаржы операциясын жүзеге асыру фактiсi анықталған жағдайда аталған заңды тұлға сот шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн, ал оның басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. <*>
      3. Есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердiң және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимылды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа заңды тұлғаны тарату туралы талап-арыз қоюға құқылы. <*>
      Ескерту. 30-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының
               2000.05.05. N 47 заңымен. Z000047_

      31-бап. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестердi,
                       прекурсорларды тәркiлеу

      1. Заңсыз айналымдағы есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар, оларды заңсыз әзiрлеуге пайдаланылатын заттар, аспаптар мен жабдықтар, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлардың заңсыз айналымына пайдаланылатын мүлiк пен ақша қаражатын не олардың заңсыз айналымы нәтижесiнде алынған табыс тәркiленуге және заңда белгiленген тәртiппен мемлекет кiрiсiне алынуға тиiс.
      2. Заңсыз айналымда пайдаланылған, тәркiлеуге жататын, заңды айналымда әрi қарай қолдану соттың шешiмi бойынша жөнсiз деп танылған есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар, сондай-ақ оларды әзiрлеуге арналған заттар, аспаптар мен жабдықтар заңда белгiленген тәртiппен жойылуға тиiс.

         3-тарау. Нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын
                  адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету

      32-бап. Есiрткi, психотроптық заттарды және сол
              тектестердi тұтынатын адамдарды анықтау

      1. Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдарына немесе денсаулық сақтау органдарына ұйымдардан немесе жекелеген азаматтардан, есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтынады не есiрткiге етiлген күйде деген хабарлама түскен адам медициналық куәландырылуға тиiс.
      2. Есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтыну фактiсi куәлардың айғақтары негiзiнде, сондай-ақ есiрткiге елту белгiлерi және медициналық куәландыру нәтижелерi болған жағдайда, сондай-ақ тексерiлетiн адам организмiнде есiрткi немесе психотроптық заттардың немесе сол тектестердiң бар-жоғына сынақ жүргiзу негiзiнде анықталады.
      3. Есiрткi немесе психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтыну салдарынан есiрткiге елту фактiсiн анықтау медициналық куәландыру (тексеру) жүргiзу жөнiндегi мiндет жүктелген дәрiгердiң ғана құзыретi болып табылады, ал "нашақорлық" диагнозын дәрiгерлiк-консультациялық комиссия анықтайды.
      4. Есiрткi, психотроптық заттарды немесе сол тектестердi заңсыз тұтынатын адамдарды анықтау мен есепке алу тәртiбi денсаулық сақтау, iшкi iстер мәселелерiн реттейтiн органдардың, Қазақстан Республикасының өзге де уәкiлеттi органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      33-бап. Есiрткiнi, психотроптық заттарды немесе сол
              тектестердi шектен тыс пайдаланатын адамдарды
              медициналық куәландыру және медициналық тексеру

      1. Медициналық куәландыру - құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң жолдамасы бойынша, ал медициналық тексеру нарколог-дәрiгердiң жолдамасы бойынша жүргiзiледi. Медициналық куәландырудан немесе медициналық тексеруден жалтаратын адам наркологиялық мекемеге әкелiнуге тиiс.
      2. Медициналық куәландыру мен медициналық тексеру жүргiзу

тәртiбi Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарының нормативтiк
құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

     34-бап. Нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын
                     адамдарды мәжбүрлеп емдеу

     Ерiктi түрде емделуден жалтаратын нашақорлықпен, уытқұмарлықпен
ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелерi, адамды нашақорлықпен
немесе уытқұмарлықпен ауру деп тану тәртiбi және оны
мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесiне емдеуге жiберудiң
негiздерi, мәжбүрлеп емдеудi тоқтатудың негiзi мен тәртiбi,
нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарды есепке алу және
демеп емдеудi жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен
реттеледi.

     35-бап. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға
                наркологиялық көмек көрсету принциптерi



      1. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық-санитариялық көмек наркологиялық кеселдердiң алдын алуды, азаматтарды тексеруден өткiзудi, ауытқуларға диагноз қоюды, наркологиялық кеселдерден зардап шегетiн адамдарды емдеудi, күтудi, медициналық-әлеуметтiк оңалтуды қамтиды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      2. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға мемлекет медициналық-санитариялық көмек көрсетуге кепiлдiк бередi және ол заңдылық, адамгершiлiк және адам мен азаматтың құқықтарын сақтау принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Адам наркологиялық мекемеге медициналық көмек сұрап, ерiктi түрде өтiнiш бiлдiрген кезде нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамға медициналық-санитариялық көмек көрсетiледi. Кәмелетке толмаған, сондай-ақ заңдар белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамға наркологиялық көмек олардың ата-аналарының, асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен көрсетiледi.
      4. Өз еркiмен емделуден жалтаратын нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен денсаулық сақтау жүйесiнiң мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемелерiнде мәжбүрлеп емделуге тиiс.
      5. Қылмыс жасаған, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша көрсетiледi.
      6. Ерiктi стационарлық емдеу кезеңiнде ауру адамға - жұмысқа жарамсыздық қағазы, ал емделу аяқталғаннан кейiн оның өтiнiшi бойынша емдеу мақсаты көрсетiлген анықтама берiледi.
      7. Емдеу курсынан өту үшiн наркологиялық мекемеге өз еркiмен келген адамға оның өтiнiшi бойынша жасырын емдеу қамтамасыз етiледi. Ондай емдеу туралы мәлiмет ол адам қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тартылған жағдайда, тек iшкi iстер органдары мен өзге де арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға ғана берiлуi мүмкiн.
      8. Нашақорлықпен ауыратын адамдарға көмек көрсететiн жеке адамдардың (наркологтардың, адвокаттардың және т.б.) қызметтерiне ақы азаматтардың өз қаражаты немесе қайырымдылық есебiнен төленедi.

      36-бап. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға
               медициналық-санитариялық көмек көрсетуге құқығы
                       бар заңды және жеке тұлғалар

      1. Қазақстан Республикасында нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсетуге осы қызметпен айналысуға тиiстi лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың ғана құқығы бар.
      2. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға медициналық-санитариялық көмек көрсету жөнiндегi қызметке лицензия беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      3. Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға

наркологиялық ұйымдар немесе нарколог-дәрiгерлер көрсететiн
медициналық-санитариялық көмектiң түрлерi жарғылық құжаттар мен
лицензияларда көрсетiледi. Олар туралы ақпарат тiлек бiлдiрушiлердiң
бәрiне берiледi.

     37-бап. Наркологиялық көмектi қаржыландыру

     Нашақорлықпен, уытқұмарлықпен ауыратын адамдарға
медициналық-санитариялық көмек көрсететiн мемлекеттiк ұйымдарды
қаржыландыру бюджет қаражатының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздердiң есебiнен жүзеге
асырылады.

     4-тарау. Қорытынды ережелер

     38-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық

     Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген
жауаптылыққа әкеп соғады.


     Қазақстан Республикасының
           Президентi
     
     
     
     
     оқығандар:
     
     Багарова Ж.
     Икебаева А.